Жаңалықтар

«Өмірімді әскери формасыз елестете алмаймын»

Кез-келген оқыс жағдайға дайын болуды қажет ететін мамандық
«Өмірімді әскери формасыз елестете алмаймын»
04.03.2020 19:19 6031

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 28 жыл толады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылғы 7 мамырда «ҚР Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылған еді. Содан бері мінеки, ширек ғасыр уақыт көзді-ашып жұмғанша өте шықты. Сол Қарулы Күштеріміз бүгінде Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы және Әскери-теңіз күштері сынды үш түрлі құрылымға айналып, ел тыныштығын күзетуде. Әскери салаға өмірін арнаған ерлердің бірі ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің құрамындағы 68665 Десанттық шабуылдау әскери бөлімі барлау ротасы взводының сержанты Ертілек Бекболатовты әңгімеге тартқан болатынбыз.

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында туып-өскен сарбаз бала кезінен спортқа әуес болып өскен. Қазіргі қызмет атқарып жүрген әскери бөлімде осыдан сегіз жыл бұрын яғни, Отан алдындағы борышын өтеген. Кейін әскер қатарындағы мерзімі аяқталған кезде болашағын міндетті түрде осы саламен байланыстырамын деп шешеді.

– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген аталы сөз бар емес пе? Сол сияқты мен де әскери адам болуды бала кезімнен армандадым. Мектеп қабырғасында оқып жүрген сәттен бастап десанттық шабуылдарға қатысты түрлі фильмдерді көріп, қызығушылығым күн өткен сайын арта бастады. Арманымды іс жүзіне айналдыра алдым деп ойлаймын. Қазір өмірімді әскери формасыз мүлдем елестете алмаймын. Жалпы, әскери сала кез-келген адамды тәртіп пен төзімділікке әрі спортқа жақын болуға үйретеді, – дейді Ертілек Кәкенұлы.

TEMA8660.jpg

2013 жылы ол келісімшартпен осы бөлімде қатардағы барлаушы ретінде қызметін бастаған. Жұмыс барысында өзін жақсы қырынан көрсете білген әскери қызметші тура бір жылдан кейін барлау ротасының взвод сержанты қызметіне ауыстырылады. Мұнда ол 18-30 жас аралығындағы 16 адамнан құралған взводты басқарады. Оның тобына барлаушы, мерген сынды өз маманының хас шеберлері жиналған.

– Әсіресе таңғы саптық даярлық кезінде барлық рота мүшелерімен бірге түрлі патриоттық әндерді шырқаймыз. Бұл көбінесе топ мүшелерінің көңіл-күйін көтеруге әсерін тигізеді. Қазақ және орыс тілдеріндегі шырқайтын репертуарымыздағы әндерді барынша жаңартып отыруға тырысамыз.

TEMA8702.jpg

27 жастағы сержанттың әр жұмыс күні белгіленген жоспар бойынша өтеді.

– Жұмыс уақытым таңғы сағат 8:00-де басталады. 8:20-8:30-ға дейін топта таңғы тексеріс жүргіземін. 8:30-дан 8:50-ге дейін қоян-қолтық ұрыс, саптық даярлық. 9:00-12:50 аралығында күнделікті белгіленген кесте бойынша әскери сабақтар өткіземін. 12:50-ден 13:00-ге дейін топты таралымға сапқа тұрғызу. 13:00-ден 14:50-ге дейін түскі үзіліс. 14:50-ден 15:00-ге дейін сапқа тұрғызу. 15:00-ден 16:50-ге дейін сабақтар әрі қарай жалғасады. 16:50-ден 17:50-ге дейін бір күндік уақытты қорытындылау жұмысын өткіземіз, соңғы жаңалықтармен бөлісеміз. 17:50-де кешкі сапқа тұрғызылып, 18:00-де жұмыс уақытымыз аяқталады.

Әскери өмір әлемде болып жатқан түрлі жағдайларға сақадай сай болуды талап етеді. Сондықтан олар әскери даярлықтарын шыңдап отыру үшін үнемі түрлі дене жаттығуларын жасауға көп көңіл бөледі. Жаудың күшін басуға бағытталған бұл десанттық шабуылдау бригадасы кез келген тапсырманы орындауға әрқашан дайын болуы тиіс.

– Біз, ҚР Қарулы Күштерінің сарбаздары қоян-қолтық ұрыстарда шеберліктерімізді арттырып, қарсыласты жеңудің түрлі әдістерін пайдаланамыз. Сонымен қоса, қару-жарақтармен қатар көптеген жарылғыш заттарды да қолданып, оның қыр-сырын меңгереміз.

Қызмет бабында өзін жақсы жағынан көрсете білген сержант Бекболатов түрлі жарыстарға да белсенді қатысуға уақыт табады. Ол «Әр әскери қызметші өз саласының нағыз шебері болу үшін ұдайы шындалып отыру қажет» деген пікірді ұстанады. Ертілек 2018 жылы IV Армиялық халықаралық ойындар жарысында Қазақстан атынан қатысуға ұсыныс түскенде бірден қабылдағанын айтады.

TEMA8745.jpg

– Сол кезде мен халықаралық ареналарда бақ сынайтын әскери жарыстарға бірінші рет қатыстым. Бұл маған өзімнің қабілетімді анықтауға, өзге елдердегі әріптестеріммен тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік берді. Жалпы өзім көптеген дүниелерді көріп, үйреніп қайттым, - дейді сержант.

Армения мемлекетінде өткен «Достастық жауынгері» әскери-кәсіби шеберлігінің жарысында олар кәсіби біліктіліктерімен жауынгерлік мықтылығын көрсеткен. Оған қоса, ән айту, басқа да өнерін ортаға салу сияқты талаптар да болған. Осындай сайыстардан мүдірмей өткен ҚР Қарулы Күштерінің командасы бірінші орынды иеленген. Ал жеке есепте Ертілек Кәкенұлы «Атлет» байқауының жеңімпазы атанған еді. Жалпы бұл сайысқа өткен жылы да қатысып, 2 орын иеленеді.

– Кейбір кезеңдерді еңсеру қиын болғанына қарамастан біздің құраманың мықты екендігін барынша көрсетуге тырыстық. Мәселен, жарыстың «Атлет» кезеңінде бізге тау шеберліктерін көрсету керек болды. Бұл үйлесімділік пен ептілікті талап етеді. Соған қарамастан біз бұл сынақты шарт бойынша тиісті деңгейде орындап шыққан болатынбыз.

Осы сайыста жүлделі орынға ие болған Ертілекке елден тағы бір қуанышты жаңалық жеткен болатын. Жары Айым Бақытжанқызы босанып, өмірге сарбаздың қамшы ұстары келеді.

– Қазіргі кезде жолдасым үйде бала тәрбиесімен айналысады. Болашақта ұлымның менің жолымды қуып, әскери адам болғанын қалаймын. Болмаса спорт саласында үлкен асуларды бағындыратын спортшы болса екен деген тілек бар. Барлығы да уақыттың еншісінде...

Ертуғанның жетістігі сонымен тоқтап қалған жоқ. Ол елімізде өткен республикалық «Қазақстанның үздік сержанты» сайысында үздік сержант атанады.

– Әлбетте, әр жарыстың өз қиындықтары болады. Бірақ та оларды еңсеру үшін адамның бойында қайтпас-қайсарлық пен ерік-жігер болуы қажет. Сонымен қоса, әр жарысқа қатысқан сайын отбасым үлкен қолдау көрсетіп, демеу болып келеді. Бұл да зор көмек. Республикалық, халықаралық ареналардағы жарыстарға қатысқан кезде мойнымда жауапкершілік барын сезінесің. Сондықтан әр сайыста жеңіс тұғырынан көрініп, жүлдемен оралуды мақсат етемін. Жалпы өзім елімнің, отбасымның маған артқан сенімдерін әрқашан ақтап жүруді қалаймын.

TEMA8736.jpg

Әскери қызмет адамды тұлға ретінде жан-жақты қалыптасуына ықпал етеді. Өмірін осы салаға арнаған қазақстандықтар қызметтерінің алғашқы жылдарында қайсар мінез бен жауынгерлік рухты қалыптастырады. Сонымен қатар, әскер саласы жоғары спорттық даярлықты талап етеді.

– Мамандығымды болашақта өз Отанына мүлтіксіз қызмет етуді қалап, өмірін осы әскери саламен байланыстыруды мақсат еткен жастарға ұсынар едім. Бастысы бір сәттік өтпелі қиындықтардан қорықпайтын және өзінің діттеген мақсатына жете алатындар болуы қажет.

Жарыстарға қатысып, қарім-қабілетін шындап тұруды әдетке айналдырған Ертілектің келесі мақсаты –АҚШ-та өтетін «Үздік жауынгер» сайысында жеңіспен оралу. Әлемнің кіл мықтылары жиналатын сайыста қашықтыққа жүгіру, белтемірден тартылу, салмағы 4 келіден жоғары допты қашықтыққа лақтыру сынды өзге де сынақтардан жоғары нәтиже көрсету қажет.«Артқа шегінбе, ешқашан берілме» деген ұстанымды ұстанатын Ертілектің бұл сайыста да жеңіс тұғырынан көрінетініне сенеміз.

(Суреттер авторы Артем Чурсинов)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға