Жаңалықтар

Балалар үшін үздік 8 спорт секциясы

Спорт секцияларының пайдасы мен зияны
Балалар үшін үздік 8 спорт секциясы
13.10.2017 16:33 16332

Командалық спорт түрлері (футбол, волейбол, баскетбол, хоккей және т.б)

Жас мөлшері: 5-6 жастан бастап

Пайдасы: төзімділік пен жылдамдыққа үйретеді; өкпе, жүрек жұмысын жақсартады; көру мен тірек-қимыл жүйесін нығайтады; агрессия мен эмоцияны берік ұстауға көмектеседі; командалық жұмыс істеуге, жанжалдарды бейбіт түрде шешуге бағыттайды; сондай-ақ, хоккейден басқа секциялардың бағасы арзан.

Зияны: жарақаттанудың жоғары деңгейі; мойын омыртқасының орнықпауы; жалпақ табан, асқазан-жара ауруының пайда болуы; бронх демікпесіне ұшырауы мүмкін.

Бұл секцияға ашық, тіл тапқыш, пысық, сондай-ақ, холерик типтегі командалық ойынды сүйетін балаларды жіберген дұрыс.

Жекпе-жек өнері (каратэ, айкидо, бокс, таэквондо, самбо, дзюдо және т.б)

Жас мөлшері: 5-6 жастан бастап

Пайдасы: төзімді, икемді болуға бағыттайды; өзін-өзі қорғауға, эмоциясы мен агрессиясын басқаруға үйретеді; денсаулыққа пайдасы орасан; сондай-ақ, үйрімелердің бағасы да айтарлықтай қымбат емес.

Зияны: жарақат алу қаупі жоғары; көптеген аурулардың өршуі ықтимал; омыртканың, жүрек-қан тамырларының созылмалы аурулары пайда болуы мүмкін.

Бұл секцияларға кез келген баланы қатыстыруға болады. Себебі, бұл спортта жетістікке жету үшін жеке құлшыныс пен қажыр жеткілікті. Яғни чемпион болуға бәрінің мүмкіндігі бар. 

Гимнастика (спорттық және көркем), спорттық би

Жас мөлшері: 3-4 жастан бастап

Пайдасы: икемділік пен төзімділік қабілетін арттырады; қозғалыс дәлдігін үйретеді; баланың дене мүсіні тік әрі сымбатты болып қалыптасады; шығармашылық әлеуетін көрсетуге тамаша мүмкіндіктер бар.

Зияны: жарақат алу қаупі жоғары (спорттық биде жарақаттар аз); сколиоз бен жүрек-қан тамыр ауруларын тудыратын қаупі жоғары.

Бұл үйірмелерге темпераменті мен мінез-құлықтары әртүрлі балалар жазыла алады, тек әртістік қабілеті болса жеткілікті. 

Жүзу

Жас мөлшері: 3-4 жастан бастап

Пайдасы: сүйек-бұлшықет жүйесін нығайтады; қан айналым мен жүйке жүйе жұмысын жақсартады; сол секілді алыстан нашар көретіндерге пайдасы көп; қант диабетінің, скалиоз бен семіздіктің алдын алады.

Зияны: көздің кей ауруларына, отитке, тері ауруларына соқтыруы мүмкін

Жүзу спортына суға түсуге құмар кез келген бала барса болады. Сондай-ақ, әлжуаз балаларға жүзу дәл келетін спорт.

Жеңіл атлетика (жүгіру, спорттық жүріс, ұзындыққа секіру және т.б)

Жас мөлшері: 5-6 жастан бастап

Пайдасы: сүйек-бұлшықет жүйесін нығайтып, ептілікке үйретеді; жеңіске деген жігері артып, жылдамдық қосып, күштірек болуға итермелейді.

Зияны: жүрек-қан тамыры мен бүйректің кей ауруларына, қант диабеті секілді дертке шалдықтыруы мүмкін.

Жеңіл атлетикаға жүгіру мен секіруге құмар, белсенді балаларды жіберген жөн. 

Мәнерлеп сырғанау мен шаңғы спорты

Жас мөлшері: 4-5 жастан және 7-8 жастан бастап қатысуға болады

Пайдасы: жүрек-қан тамыры мен қимыл-тірек жүйесін жақсартады; ептілік пен икемділікке, әртістікке баулиды; остеохнондрозға шалдыққан балаларға пайдалы; организмдегі заттар алмасуын жақсартып, сколиозға қарсы таптырмас спорт түрлері.

Зияны: жарақат алу қаупі тым жоғары; өкпе мен астма ауруларына әкеп соқтыруы мүмкін.

Бұл спорт түрлеріне еті тірі, ширақ, әртістік қабілеті бар, суыққа төзімді, қыс мезгілін, әсіресе сырғанауды ұнататын балалар барса құба-құп.

Үлкен теннис

Жас мөлшері: 5 жастан жоғары

Пайдасы: жеңіске деген күш-жігері арытады; жылдамдық пен ептілікке үйретеді; сондай-ақ тыныс алу жолдарын жақсартады; зат алмасуы нашар және остеохондрозбен ауыратын балаларға көмегі зор.

Зияны: астма мен мойын омыртқасының кей ауруларына алып келеді, жалпақ табанға ұшыраудың қаупі бар.

Үлкен тенниске амбициясы мықты, епті балалар барғаны жөн.

Ат спорты

Жас мөлшері: 10 жастан жоғары

Пайдасы: физикалық күш түсірмейді; аяқ пен арқа бұлшықеттерінің жақсы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді; сол секілді сал ауруына шалдыққан балаларға өте пайдалы.

Зияны: жарақат алу қаупі жоғары, астма, сколиоз, мойын омыртқасының тұрақсыздығына алып келуі ықтимал.

Бұл спортқа ашушаң, күйгелек балаларды апарса, мінезі түзелуі мүмкін.  Ат спортына түрлі темпераментті балалар қатыса алады.

Балаңызды қандай секцияға жіберсеңіз де, оның өз қызығушылығына мән беріңіз. Қалауынан тыс күштеп апарудың қажеті жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға