Жаңалықтар

Қазақ хандарының заманауи бейнелерін кімдер жасайды?

Қазақ батырларының бейнесін түрлі бағытта салып, көпке танытып жүргендер өнерпаздармен сұқбат
Қазақ хандарының заманауи бейнелерін кімдер жасайды?
Фото: e-history.kz 05.08.2022 15:22 4370

Қазақстан тарихын біз тек қана кітаптан оқып, мұражайлардағы жәдігерлер мен естеліктер арқылы таныстық. Уақыт өте келе тарихты кино арқылы жеткізіп, түрлі туындылар мен шығармалар өмірге келді. Қазір ақпарат пен технологияның дамыған заманында тарихтағы ұлы тұлғаларымыз бен хандарымыздың және батырларымыздың бейнесін түрлі бағытта салып, көпке танытып жүргендер бар. Бірі татуировка, бірі анимация, енді бірі газоннан мүсін жасау арқылы ерекше тарихи туындыларымен көпшілікті тамсандырып жүр.

Қазіргі кезде татуировка сурет өнерінің бірі түрі болып саналады. Татуировка жастар арасында сәнге айналған. Түрлі бағыттағы суреттер мен жазуларды адам денесіне таңбалап салудың бір түрі қалыптасты. Салтанат Қуанова осы бағытты пайдалана отырып, қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің заманауи түрін салып, жаңа дизайнын құрастырған. Сонымен қатар, қазақтың хандарының да бейнесін таңба ретінде салып қалыптастырған. Осыдан кейін ұлттық нақышта ою-өрнектермен көмкерілген суреттер мен қазақтың ұлы тұлғаларының бейнесіне сұраныс артқан.

Тарихқа үңілсек, таңбалы сурет өнері ерте заманнан бастап пайда болған. Біз оны тасқа қашалып салынған суреттер мен белгілерден байқай аламыз.

Қазақ хандарының заманауи бейнелерін кімдер жасайды?

«Біздің елімізде татуировка салу енді ғана дамып келеді. Татуировка салу бағытында әлі күнге дейін ою-өрнекпен ешкім таңба жасамаған. Менің жұмысым алғашқы оюлы татулардың қатарына жатады. Сондай-ақ, ұлы тұлғалардың суретін салған мамандарды да осы уақытқа дейін кездестірмеппін», – дейді Салтанат Қуанова.

Қазақстандық жас суретшілер қазақ хандарының коллабын жасап, әлеуметтік желіде көпшіліктің назарына іліккен болатын. Олар Абылай хан, Қасым хан, Бөкей хан, Жәнібек хан, Кенесары хан мен Хақназар ханның анимациялық бейнесін салды. Осылайша, жастардың патриоттық сезімдерін оятып, тарихқа баулып, ірі тұлғаларымызды заманауи жастардың анимациялық үлгісінде таныстыруды көздейді.

Анимация жанры қазіргі кезде сурет саласындағы танымал жанрлардың бірі. Сондықтан анимациялық суреттерге деген қызығушылық жоғары. Әлеуметтік желілерден қазақтың ұлттық киімдерін, ыдыс-аяқтары мен бұрыңғы заманда қолданған заттарының анимациялық үлгісін жасайтын жас суретшілерімізді жиі байқауға болады. Бұны қазіргі жастар арасындағы жаңа тренд деп айтуға болады.

Қазақ хандарының заманауи бейнелерін кімдер жасайды?

Коллаб жұмысымен айналысқан жас суретшінің бірі – Айжан Жомартқызы. Ол Хақназар ханның анимациялық үлгісін салған.

«Қазақ хандарының коллабрациясын жасау біздің алғашқы ортақ жұмысымыз. Сурет салу бағыты бір-біріне ұқсас суретшілер жиналып осындай жұмысты ұйымдастыруды ойладық. Коллаб жұмысына көп уақытымыз кетпеді. Керісінше, сурет сала отырып, керемет сезімге бөлендік. Осындай ұжым тапқаныма қуаныштымын. Болашақтада қатарымызға тағы жас суретшілерді қосып, жұмысымызды жалғастырамыз», – дейді суретші.

Қазақтың белгілі тұлғаларын ерекше үлгіде жасайтын тағы бір кейіпкеріміз – Алтынбек Байтенов. Ол жасанды газон арқылы және түрлі материалдарды пайдалана отырып, мүсіндер жасайды. Қолөнер саласымен 7 жылдан бері айналысып келеді. Адамнан бұрын бастапқыда құстар мен жан-жануарлардың макетін жасап бастаған. 

Қазақ хандарының заманауи бейнелерін кімдер жасайды?

«Менің қолөнермен айналысатын 3 адамнан тұратын командам бар. Біз қазіргі таңда қала көркінің сәнін келтіру үшін түрлі мүсіндер мен макеттерді жасап жүрміз. Қандай материалдан болса да, мүсін жасауға көп уақыт кетеді. Командаммен бірге бір мүсінді 17-20 күн ішінде жасаймыз. Тіпті, менің жұмыстарыма көптеген тапсырыстар да келіп түседі. Мүсінді жасау қымбат емес, орташа есеппен 470 мың теңгеге жасаймын. Оның материалдарына да қаражатты өз қалтамнан шығарамын. Сондықтан жұмысымды жоғары бағалаймын», – дейді Алтынбек Байтенов.

Қазақ хандарының заманауи бейнелерін кімдер жасайды?

Суреттер кейіпкерлеріміздің жеке мұрағатынан


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға