Қандастар Ассамблея

«ҚазАқпарат» және «ИРНА» агенттігі онлайн бейнеконференция өткізді

Конференция барысында мәдени қатынастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі талқыланды

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі және «ИРНА» ирандық агенттігі 2017 жылы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «ИРНА» агенттігі – Иран Исламдық Республикасының мемлекеттік ақпарат агенттігі болып табылады.

«БАҚ-тың мәдениаралық диалогы: ҚазАқпарат және ИРНА» деп аталатын онлайн-конференцияға екі агенттіктің халықаралық қатынастар бөлімінің басшылары, сондай-ақ «ҚазАқпарат» агенттігі мен «El.kz» интернет жобасының тілшілері, «ИРНА» агенттігінің редакторлары қатысты. Конференция барысында қатысушылар бұқаралық ақпарат құралдарында мәдени іс-шараларды жариялау туралы пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

«Бұл біздің тақырыптық конференциялар өткізудегі алғашқы тәжірибеміз, бірақ мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да ұйымдастырып, жақсы нәтижелерін көреміз деп ойлаймын. Біз «ИРНА» мен «ҚазАқпарат» екі халықтың мәдени байланыстарын дамытуды жан-жақты қарап,туындаған идеяларымызбен бөлісеміз», - деді «ИРНА» ақпараттық агенттігінің халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы, Заман Резахани.

Онлайн-конференция барысында қатысушылар ақпараттық агенттіктер арасындағы ынтымақтастыққа назар аудара отырып, мәдени байланыстар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлін талқылады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде мемлекеттік баспасөздердің рөлі әлемдегі және еліміздегі объективті оқиғалар мен жаңалықтарды жариялауда маңызды орынға шығады. Ынтымақтастық орнаған кезден бастап, «ИРНА» және «ҚазАқпарат» агенттіктері екі елге қатысты жаңалықтарды дайындап, түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, бірлескен жобалармен белсенді түрде жұмыс істеп келеді.

Іс-шарада Ұлы Абайдың 175 жылдығы мен ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы туралы айтылып,  парсы әдебиетінің классигі Фирдоусидің шығармашылығы да сөз болды. Заман Резахани осы жылы «ИРНА» ақпарат агенттігінің парақшасында Абай ақынға арналған екі мақала жарияланғанын жеткізді.

Өз кезегінде, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы, Тоғжан Есенбаева Ираннан келген әріптестеріне ризашылығын білдіре отырып, ынтымақтастықты бірнеше бағытта кеңейтуді ұсынды.

«ИРНА» мен «ҚазАқпарат» халықаралық агенттіктері «Азия және Тынық мұхиты жаңалықтар агенттігі ұйымы» шеңберінде, сондай-ақ меморандумға қол қойылғаннан бастап ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Жалпы, агенттіктер Иран мен Қазақстанға екі елдің мәдениеті туралы көбірек ақпарат тарата алады, мұндай ақпараттар алмасу қос тараптың осындай бірлескен жұмыстарының нәтижесі», - деді Тоғжан Есенбаева.

Сонымен бірге, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы өз идеяларын ортаға салды.

«2020 жылдың наурыз айынан бастап «ҚазАқпарат» тоғыз негізгі порталды біріктірді, оның үшеуі мәдени жобаларға арналған. Біз «ҚазАқпарат» және «ИРНА» веб-сайттарында онлайн түрде фотокөрме ұйымдастыруды, желіде және оффлайн форматта әр түрлі пікірталас кездесулерін өткізуді ұсынамыз. Сондай-ақ, мәдени подкасттар сериясын бастауды жоспарлап отырмыз. Иран мен Қазақстан тілшілерінің арасында ағылшын тілінде мақала жазудан байқау ұйымдастыруды ұсынамыз», - деді «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы, Тоғжан Есенбаева. 

 


Ұқсас материалдар