Жаңалықтар

Жаңа жылды қалай қарсы аласыз?

Санаулы сағаттардан соң сиыр жылы кіреді
Жаңа жылды қалай қарсы аласыз?
31.12.2020 13:09 4936

Жаңа жыл — қуанышқа толы ғажайып мерекелердің бірі. Баршамыз алдағы жылдан бізге не берер деген үміт пен жақсылықтар күтетініміз рас. Бұл барлық жұрт асыға күтетін таңғажайып және ең көңілді отбасылық мейрамдардың бірі. Бірқатар елде 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні атап өтіледі. Түн ортасында сағаттар соғып, Жаңа жылдың келгені білініп, жаңа жылдық дастархан басында бір-біріне сыйлықтар табыс етілетін жаңа жылды қазақстандықтар қалай қарсы алады? Осы жайында әрбір салада қызмет ететін мамандардан пікір алған болатынбыз.

Жаңа жылды қалай қарсы аласыз?

   

Камал Әлпейісова, қазақша-орысша және орысша-қазақша тұңғыш ілеспе аудармашы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар Кеңесі жұмысының үйлестірушісі:

Жаңа жылды қалай қарсы аласыз?

Өтіп бара жатқан 2020 жыл жалпы маған ғана емес, бүкіл елге   сабырлылық керек екенін үйретті деп ойлаймын. Жаңа жылды өзімнің балаларымның қасында отбасылық кеш ретінде жылдағы дәстүр бойынша қарсы аламын. Соңғы 10 шақты жылдың ішінде   баяғы жас кездегідей бір асығып, одан бір керемет нәрсе күтіп, ерекше мереке ретінде қарау дегеннен арылдым. Жыл сайын жаңа жылда қыздарым, келіндерім, күйеубалаларым балаларын шанаға салып, қыдыратын. Ал биылғы жылдың өзгешелігі сол — үйде отырамыз. Ешқайда бармаймыз. Ал бір-бірімізді ұялы телефондағы бейнебайланыс арқылы құттықтап, жылы лебіздерімізді білдіреміз. Ал өзіміздің жаңа жылымыз яғни Наурыз келгенде жағдай жақсарады деп ойлаймын. Алдағы жылдан кім-кімде болсын жақсылық күтеді. Кім-кімде болсын жоспар құрады. Сол көп адамның бірі сияқты менде отбасым, бала-шағам аман болса екен деп тілеймін. Бастысы тұтас еліміз тыныш, жұртымыз аман болса екен деп күтемін. Сол тыныштыққа, сол бейбіт өмірге, еліміздің гүлденуіне өзім де, өзімнің ұрпағым да қолдан келгенше үлес қосамыз. Жаңа жылға әдетте бұрын әрқайсысына өздерінің қалаған нәрселерін алып беретін дәстүр болған. Ал қазіргі кезде үлкен балаларыма ондай сыйлық жасамаймын. Ал немерелерге өздерінің не күтіп жүргенін бір-екі ай бұрын біліп алып, тосынсый ретінде Жаңа жылда табыс етемін. Ең бастысы сыйлықтардың пайдалы болғанын әрі оларға танымдық тәрбие бергенін қалаймын. Ал өзім ешқандай бір ерекше сыйлық күтпеймін. Құдайға шүкір. Алланың берген денсаулығы бар. Балаларым аман. Маған одан артық қандай сыйлық керек? Сондықтан нақты бір сыйлықты сыйласа екен деп күтпеймін. Өйткені ондай армандайтын нәрсем жоқ. Құдайға шүкір арманыма қол жеткен, жақсысы киген, жақсысы таққан адаммын. Ал бірдеңе сыйлап жатса, ризашылықпен, қуанышпен қабылдаймын.

 

Азамат Есенжол, журналист, «Астана ақшамы» газетінің шолушысы:

Жаңа жылды қалай қарсы аласыз?

Биыл жалпақ әлем үшін ғана емес, еліміз үшін де сынаққа толы жыл болды. Әлі де жұқпалы індеттің беті қайтқан жоқ. Сонда да алғашқы кездегі қорқыныш ептеп басылды. Жинақы, таза жүріп, денсаулыққа мән беруді үйретті. Жаңа жылды үйде отбасыммен қарсы аламын. Бұған дейін де мерекені үйде қарсы алдым. Мен ептеп үйкүшіктеу адаммын. Анда-мында барғанды аса қатты ұната бермеймін. Сиыр жылынан тыныштық, жақсылық бастысы амандық күтемін. Жыл сайын жаңа жылда ауылдағы анама сыйлық жасап тұрамын. Сондай-ақ биыл қызым бірінші сыныпқа барды. Соған сыйлық ретінде ұялы телефон алып қойдым. Жаңа жыл күні сыйлаймын. Ал өзгелерден жаңа жылда бірінші кезекте ізгі лебіз күтемін.

 

Қазипа Мұхаметқали, этно-дизайнер:

Жаңа жылды қалай қарсы аласыз?

Биылғы пандемия кезінде жаңа жылды үйде қарсы аламыз. Жалпы, өзім «жаңа жыл» деп наурыз айындағы төл мейрамымызды айтар ем. Дегенмен, қаңтар айына тұспа-тұс келетін ертеден дәстүрімізге сіңісті болған жаңа жылды да ұмыт қалдырмаймын. Бұл күні әдеттегідей дастархан басына жиналып, қарсы аламыз. Сондай-ақ ағайын-жұртты, туыс-туғандарды телефон арқылы құттықтап, ыстық ықыластарымыз бен ізгі ниеттерімізді жолдаймыз. Келесі жылдан күтетініміз өте көп. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыздың дені сау болса екен деген үлкен үмітіміз бар. Күллі әлемге таралған жұқпалы індеттен тездетіп құтылуды тілеймін.

 

Қуандық Қыстықбаев, театр және кино актері, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі:

Биылғы жыл баршамызға пенде екенімізді, қолымыздан түк келмейтінін,Алла тағала бір есімізге салған сияқты. Өйткені қай салада болмасын тым асқақтап кетіп едік. Тым шарықтап кетіп едік. Сол баршамызды Тәубемізге келтірді. Алланың әмірі күшті екенін тағы бір еске салғандай болды. Бізге бір-бірімізді бағалауды, бір-біріміздің қадірін білуді, Отанның, ағайын-туыстың, жердің, өмірдің, денсаулықтың баршасының қадірін білуді үйретті. Әрине онсыз да білеміз ғой. Дей тұрғанмен де тым кейде пендешілікке салынып, шектен шығып жататын сәттер болады. Соңғы бірнеше жылдан бері бала-шағамызбен жаңа жылда Бурабайдағы шаңғы тебетін алаңға барамыз. Сол жақта қарсы алатынбыз. Ал биыл үйде қарсы қаламыз. Байқасаңыздар, жылда өзіміздің төл мерекеміз Тәуелсіздік мерекесі осы жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қоятын. Яғни бірінші желтоқсан күні шырша жағып, жаңа жылдың нышанын бірінші кіргізіп тастайтын. Көшелерді жаңа жылмен безендіретін. Ал биыл соның біреуін де көрген жоқпын. Сол үшін Мемлекет басшысына ризашылығымды білдіремін. Жалпы өзіміздің жаңа жыл бұл Наурыз деп есептейміз ғой. Ал 31-нен 1-не қараған түні күнтізбе ауысады. Баршамызға белгілі, биылғы жыл өте ауыр жыл болды. Санаулы сағаттардан соң кіретін сиыр аша тұяқты, молшылықты көрсететін жануар ғой. Берекелі әрі ырысты, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын, қазақ елінің мәртебесі биыл болатын, елі тоқ болатын жыл болсын деп күтемін.

Жаңа жылды қалай қарсы аласыз?

Жақындарымызбен ағайын-туысымызға міндетті түрде біз жаңа жыл қарсаңында кіріп құттықтап, сыйлықтарымызды сыйлаймыз. Өзім де отбасыма қолымнан келгенше көңілдерін көтеріп, жақсы-жақсы сыйлықтарды тарту етемін. Балаларым өзгелер секілді кішкентай кезінде Аяз атаның барына сенді. Сондықтан «Аяз ата тастап кетіпті» деп сыйлықтарын беретінбіз. Ал қазір олар ер жетті. Сондықтан оларды дүкендерге апарып, қалаған заттарын алып береміз. Ал өзім ешқандай сыйлық күтпеймін. Бір қызығы маған қандай зат керектігін айналамдағы жандар зерттеп жүретін секілді. Өйткені олардың сыйлаған сыйлары маған қажетті дүние болып шығады. Оған ризамын. Барша қазақстандықтарды келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын. Осындай күні бір-бірімізге сыйлық жасайық. Алла елшісі (с.а.с.) хадистерінде адамдардың бір-біріне сыйлық тарту етуі өзара сыйластық пен достықты нығайтатынын, қызғаныш, көреалмаушылық, сараңдық секілді жаман мінез-құлықтардан арылтатынын айтқан. Оның пайдасы жайлы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінде «Сыйлық беріңдер, бір-біріңе деген сыйластықтарың артсын» делінген. Сондықтан бір-бірімізге сыйлық жасап тұрайық.

 

Әділ Ахметов, театр және кино актері, Жастар театрының басшысы:

Өтіп бара жатқан 2020 жыл әлем жұртшылығына, бүкіл халыққа маған да көп дүниені үйретті деп білемін. Әлбетте, ең бірінші денсаулықтың қадірін үйретті. Бұрындары бабаларымыз бірінші байлық денсаулық деп айтқан ғой. Осы сөздің растығын тағы бір дәлелдеген жыл болды. Өйткені көптеген адамдар жақындарынан айырылып жатты. Көбісі төсекте кәдімгідей жатып, бір аунап тұрып жатты. Жайбарақат күніміздің өзің аңсап қалдық. Енді Алла қаласа бәрі жақсы болады деген үміттеміз. Енді тышқан жылында бәріміз бар-жиған тергенімізді жинап, інге тығылдық ғой. Алда сиыр жылы өріске шығып, кеңінен жүруді Алла нәсіп етсін. Жайбарақат кезімізге қайта оралайық. Алдағы сиыр жылынан көп береке күтеміз. Сиыр дегенде сүт елестейді ғой. Денімізге саулық, басымызға амандық тілеймін. Күллі әлемге таралған індет жойылсын деп тілеймін. Бастысы көп жақсылықтар күтеміз.

Жаңа жылды қалай қарсы аласыз?

Енді жаңа жылдық мерекені   бала кезімізден үйде қарсы алып үйренгенбіз ғой. Сол дәстүрмен өз шаңырағымызда отбасымызбен бірге қарсы аламыз.

Жақын туыс-туғанға қандай сыйлық сыйламасақ та, бірінші көңіл ғой. Бастысы көңіліміз оң болсын екен деймін. Өзім де адамдардың жылы шырайы мен ыстық ықыласынан артық ештеңе күтпеймін. Келе жатқан жаңа жыл әр шаңыраққа құт-береке ала келсін.

(Кей суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға