Жаңалықтар

Соғыс жалмаған жастық

Ауған соғысы ардагерінің жас сарбаздан майорға дейінгі жолы
Соғыс жалмаған жастық
07.05.2020 23:58 2696

Биыл ауған соғысында тоғыз жыл елу бір күн бойы Кеңес өкіметі алдындағы борышын өтеп, Ауғанстан жерін соңғы сарбаздың тастап шыққанына отыз бір жыл толып отыр. Әскерлер Отан деп таныған жоғары мемлекеттік және саяси басшылықтың бұйрығын мүлтіксіз орындап, жан аямай күрескен еді. Бұл соғыс қазіргі тарихпен қарастырылмаса да, ол өз мемлекетіне Кеңес әскерлерінің адал қызмет етуінің үлгісі болып қалатыны анық.

afghan-857784_1920.jpg

Дәл осы күн Ауғанстанда соғысқан жауынгерлер үшін ғана емес, жақын шетел аумақтарында әскери қақтығыстарды реттеуге қатысқан барлық интернационал-жауынгерлер үшін де еске алу күні болмақ. Осы орайда біз интернацион-жауынгер, медициналық қызмет қорының майоры Талғат Ниязовтың бастан кешкен тарихын баяндаймыз.

Бүгінгі күні медициналық қызмет қорының шымыр денелі, қатал әрі әділ майоры Талғат Ниязовты қызметтестері мен барлық ауданы тұрғыны біледі. Ол туған өлкесінен жас кезінде кетіп, он жыл өткеннен кейін кадр офицері болып оралды. Жалпы алғанда, Талғат Шаймұратұлының офицерлік погондарды абыроймен тағып жүргеніне 20 жылдан астам уақыт өткен.

Талғат Ниязов 1966 жылы 15 маусымда Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң 1983 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсті. Оқуына асқан қызығушылықпен ден қойған ол, жаңа білімді еш қиындықсыз бойына сіңірді. Алайда, бір «әттең» болмағанда, бәрі жақсы жалғасар еді.

«Қайнап жатқан» Ауғанстаннан жеткен үрейлі хабар жас Талғатқа тыныштық бермеді. Талғат Шаймұратұлы «шектелген құрамның» көбі бөтен елде жүрген сарбаздар, сержанттар және жас офицерлерден тұратынын, олардың бейбіт азаматтардың өмірі үшін қан төгіп жүргенін білгенде, сондағы қиын жағдайда қалған жолдастарына көмектесуге бел буған.

Сөйтіп, 1986 жылы медициналық институттың студенті Талғат Ниязов Ауғанстан Республикасындағы жедел қызметке ерікті түрде шақырылуына байланысты академиялық демалысқа өтініш жазады.

Ниязов шығарылған бұйрық бойынша мыңдаған сарбаздар мен офицерлердің қатарында ауған халқына деген достық мүддені қорғауға барады. Онда алып жатқан біліміне сәйкес Ауғанстан Республикасының Пули-Хумри аймағына №92053 п/п медициналық пунктінің санитарлық нұсқаушысы етіп жібереді. Алғашқы күннен бастап жаңа санитарлық нұсқаушы шайқаста ауыр жараланғандарды құтқаруға бар күшін салады.

a33baec2-c668-4a40-a2b1-1724c38facc4.jpg

(Суретте: Ауған соғысының ардагері Талғат Ниязов)

Соғыстың бейқамдықты кешірмейтіні белгілі емес пе?! Сақшы ұйықтап, түгел бөлімше қаза тапқан. Содан жауынгерлер шатырда, тамақ ішкенде, оқу, құрылыс жұмыстары кезінде де, барлық жерде автоматтар алып жүруге мәжбүр болған. Одан соң сарбаздардың көбі сүзек, сары безгек ауруларымен ауырып, жеке құрамды инфекциялардан қорғау үшін екпе салып, ыдыстар хлормен зарарсыздандырады.

Ауғанстанда жүрген уақытта қатардағы жауынгер Талғат Ниязов бірнеше рет көлемді шабуылдарға қатысып, бірнеше рет өліммен бетпе-бет келген. Ұрыс сапында да кейіпкеріміз жолдастарының құрметін жоғалтпады. Панжер шатқалының жанында өткен жауынгерлік операция кезеңдерінің бірінде оның ротасы Саланг-Кабул-Баграм тас жолын айналасындағы жау әскері тығылып оқ жаудыра алатын бұталардан, орман көшеттерінен, жүзімдіктер мен ғимараттардан «тазалады».

- Білесіз бе, мен өзімді қандай да бір қаһарман ретінде сезінбеймін, тылсым ештеңе жасамадым, таңдаған кәсібім талап еткендей, өз парызымды ғана орындадым. Ол кезде жас болдым, үйленбегенмін, көп нәрсені түсінбедім, ұғынбадым. Адамдардың көбі жүйке жүйесі сыр беріп, ол жерде ұзақ шыдай алмады. Соғыс тәжірибесін алу үшін екі жылдың өзі жеткілікті еді және біз оны алдық. Өз ортасында бәрі оңай емес екенін түсінді. Біздің уақытылы медициналық көмегіміз жараланғандарға аса қажет еді. Бірақ басшылықтың шешімі әскерилер арасында талқыланбайтыны белгілі. Сөйтіп, үйге қуанышпен оралдым. Алғаш Ташкентке ұшып келген сәтте, аяғымның астында құмды, тастарды емес, жайқалған көк шөпті көргенде өзімді өте бақытты сезіндім. Жақындарыммен қауышқанда да ешқандай даңғазалыққа жол берілген жоқ, бұған қоса біз де өзімізді батырмыз деп санамадық.

Әскерлер соғыс таңдамайды. Біз Ауғанстанда бұйрық бойынша соғысып, тек өзіміздің интернационалдық борышымызды атқардық, - деп ауған соғысының ардагері өзгеше мұңмен еске алады.

Талғат Шаймұратұлының өзі өмірінің осы бір «қанды» кезеңін еске түсіруді ұнатпайды, өйткені өмір мен өлім бір-біріне жақын екенін басынан өткеріп көрген еді. Ауғанстан жеріндегі екі жылдық мерзімді қызмет пен жауынгерлік іс-қимылдарға қатысу оның жадында және санасында елеулі із қалдырды. Осындай маңызды тәжірибенің арқасында ардагер өзінің бейімділігі адамдардың өмірін сақтап қалу екенін түсінді. Сондықтан, әскерден қайтарылғаннан кейін ол медициналық институтта оқуын жалғастырып, 1993 жылы оны сәтті аяқтады.

Соғысқа қатысқан Талғат Ниязов өз өмірін әскери қызметпен байланыстыруға шешім қабылдап, «отанға қызмет ету – нағыз ер адамның ісі» екенін мәңгілікке түсінді. Орал қаласында 1994 жылдан 2002 жылға дейін 5517 әскери бөлімінің медициналық пунктінің бастығы, ал кейіннен 5517 әскери бөлімінің медициналық қызметінің бастығы болып қызмет атқарды. Одан әрі 2002 жылдан 2007 жылға дейін ҚР ІІМ ІӘ батыс құрамасының медициналық қызметінің бастығы болып қызметін жалғастырып, 2007 жылы еңбек сіңірген жылдары бойынша медицина қызметінің майоры атағында запасқа шығарылды.

Көп жылғы еңбегі үшін офицер I, II, III дәрежелі «Үздік әскери қызметі үшін» медалімен, Ауғанстан Демократиялық Республикасындағы қызметіне орай «Интернационал-жауынгерге ауған халқы атынан алғыс» медалімен марапатталды.

Қазіргі уақытта әскери қызметте еңбек демалысына шыққан Талғат Шаймұратұлы, өз мамандығы бойынша қаланың медициналық мекемелерінің бірінде дерматолог-дәрігер болып жұмыс істейді. Әйелі Гүлмирамен бірге екі ұл өсірді. Әулеті мен отбасының үлгілі отағасы, сонымен қатар Отанының нағыз патриоты, өз борышын барлығымен тең орындап, әскери антқа адалдығын сақтап қалды.

Әрине, тұтас бір тұлғаның, сондай-ақ өз халқының бүгіні мен келешегі үшін кез келген адамның жауапты екенін дәлелдеген, әркімнің Отанына мүмкіндігі жеткенше пайдасын тигізуі керек екенін ғұмыр жолы арқылы көрсеткен азаматтың тағдырын екі ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дегенмен, жоғарыдағы әңгіме барысында Ауған соғысының ардагері Талғат Ниязов өмірінің бір сәттік көрінісін ғана сипаттап бердік.

soldiers-1002_1920.jpg

Анықтама

КСРО Ауғанстанға 1979 жылдың жиырма бесінші желтоқсанында әскери жасақты енгізді. Мұндай шешімге Ауғанстанның ішкі саяси басшылығының өткір қарама-қайшылығы, сонымен қатар, Кеңес әскерлерін енгізу туралы Ауғанстан Демократиялық Республикасы Үкіметінің жиырмаға жуық өтініші себеп болды. 1979 жылдың наурыз айында Гератта қарулы көтеріліс басталды. 1979 жылдың үшінші шілдесінде Америка Құрама Штаттарының президенті Джимми Картер (1977-1981 жж. АҚШ президенті) Кабул қаласындағы кеңестік режимінің қарсыластарына көмек көрсету туралы нұсқауға қол қойды.

Орталық барлау басқармасының бақылауымен үкіметке қарсы қарулы құрылымдар үшін қару жеткізу басталды. Пәкістан аумағында Ауған босқындарының лагерлерінде қарулы жасақтарды даярлау орталықтары ашылды. Елде ислам оппозициясының сөзі жүріп, әскери бүліктер орын алды. Ауғанстанның халықтық-демократиялық партиясында (АХДП) партияішілік күрес күшейе түсті. Әсіресе, 1979 жылғы қыркүйек оқиғасынан кейін АХДП басшысы Нұр Мұхаммед Тараки тұтқындалып, кейін оны биліктен босатқан Хафизулла Әминнің бұйрығы бойынша өлтірілді.

Хафизулла Әминнің кезінде елде исламшыларға қарсы ғана емес, Таракидің жақтастарына қарсы лаңкестік әрекеттер орын алды. АХДП-ның басты тірегі болып тұрған әскерге қуғын-сүргін басталып, бұл өз кезегінде жаппай бүлікке әкеп, қашуға итемелерді. Мемлекеттік қауіпсіздің комитеті тарапынан 1960 жылдары Әминнің орталық барлау қызметімен байланысты туралы және оның шабармандары Таракиді өлтіргеннен кейін америкалық ресми өкілдерімен жасырын байланыс жасағаны туралы ақпараттар келіп түсті. Кеңес басшылығы Ауғанстандағы жағдайдың одан әрі шиеленісуі АХДП режимінің құлдырауына және жау күштерінің КСРО билігіне келуіне апарады деп қауіптенді. Нәтижесінде, Хафизулла Әминнің құлауын дайындау және оны КСРО-ға адал басшы Бабрак Кармальға ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Сөйтіп, Ауғанстанда Кеңес өкіметінің кеңесшілері, соның ішінде әскери кеңесшілер саны қаңтар айында 409 адамнан 1979 жылдың маусым айының соңына қарай 4500 адамға дейін күрт өсті. Оныншы желтоқсаннан бастап КСРО Қорғаныс министрі Д.Ф.Устиновтың жеке бұйрығы бойынша Түркістан және Орта Азия әскери округтерінің бөлімдері мен құрамаларын күшейту және жұмылдыру жұмыстары жүргізілді. 103-ші Витебтік гвардиялық әуе-десанттық дивизиясы «Жинау» дабылы бойынша көтерілді. 1979 жылдың он екінші желтоқсанындағы СаясиБюро отырысында әскерлерді енгізу туралы шешім қабылданды. Жиырма жетінші желтоқсан күні кешке әуе-десанттық дивизиясының 103-ші бөлімшесі және 345-ші гвардиялық парашют-десанттық полкінің бөлімшелері Кабул гарнизонының әскери бөлімдеріне, теле-радио орталығына, қауіпсіздік және ішкі істер министрліктеріне шабуыл жасап, кеңестік арнайы бөлімшелер Әмин сарайын басып алды. Шабуыл нәтижесінде, Әмин өлтірілді.

1979 жылдың 25 желтоқсаны мен 1989 жылдың 15 ақпаны аралығында Ауғанстан аумағындағы әскерде алты жүз жиырма мыңға жуық сарбаз әскери қызметтен өтті. Сонымен қатар, кеңес әскерінде осы кезеңде жиырма бір мың адам қарапайым азамат, жұмысшы мен қызметші қатарында болған. Ресми статистика бойынша, Ауғанстан аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдар кезінде төрт жүз он жеті әскери қызметші тұтқынға түсіп, хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Кейбір дереккөздерде Ауған соғысында қаза болғандар, жараланғандар, аурулар мен қайтыс болғандар, хабар-ошарсыз кеткендер санын он бес мың отыз бір адам деп көрсетіледі.

(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан және pixabay.com сайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға