Жаңалықтар

Өскемен тұрғыны жол ережесін 84 рет бұзған

Фото: Polisia.kz
Өскемен тұрғыны жол ережесін 84 рет бұзған
07.06.2022 15:34 2365

Өскеменде жол ережесін 84 рет бұзған көлік жүргізушісі анықталды, – деп хабарлайды El.kz сайты Polisia.kz сілтеме жасап.

Өскемен қаласының Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының жеке құрамы жол қозғалысын қадағалаудың тиімділігін арттыру үшін «Қорғау – қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасын пайдаланады.

Жол сақшылары мобильді қосымша арқылы Сергек камерасынан видеоны бірден көре алады. Сондай-ақ жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген көлікті, техникалық тексеруден өтпеген, сақтандыру полисінсіз жүрген, іздеуде, оның ішінде айыппұлдарды қасақана төлемеген көліктерді бірден аңғарады.

– Өскемен қаласы бойынша жол қозғалысы саласында 3400-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұдан басқа, төленбеген айыппұлдары бар көлік құралдарын ұстау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен полиция қызметкерлері осы қосымшаның көмегімен Ресей Федерациясының тіркеу есебімен BMW көлігін ұстады, оның жүргізушісі жол ережесін 84 рет бұзған. Айыппұл сомасы 2,4 млн теңгені құрады, – деп түсіндірді Өскемен қаласы ПБ бастығы Андрей Мула.

Қосымшаның негізгі функцияларының бірі – қауіпті жүргізушілерді анықтау. Сергек камералары арнайы алгоритмдердің көмегімен жолдарда қауіпті жағдай туғызатын жүргізушілерді анықтайды. Бағдарлама олардың орналасқан жерін берілген радиуста көрсетеді. Полицейлер жедел-профилактикалық іс-шаралар кезінде мұндай көлікті тоқтатып, шара қолдана алады.

 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға