Жаңалықтар

Рухани сананы көтерудің бірден-бір жолы – сапалы кітап шығару

Мәтінді редакциялаудың ерекшеліктері
Рухани сананы көтерудің бірден-бір жолы – сапалы кітап шығару
21.11.2020 17:48 6113

Кітап – автор ойының жемісі, еңбегінің нәтижесі, мәдени, рухани өмірдің қайнары, қатынас құралы, қоғамдық құбылыс. Сондықтан, өмірді кітапсыз елестету мүмкін емес. Кітаптың осындай әмбебап сипаты сәйкесінше күрделі үдерістер жиынтығынан құралады. Барлық саланың білім бастауы саналып, адамның ішкі дүниесі мен санасын рухани тұрғыдан азықтандыруы оның сан қырлы екенін көрсетеді. Белгілі бір ақпаратты жеткізу қызметін атқаратын кітаптың өз оқырманымен табысқаны оны шығарушы баспаның мақсатының орындалғаны болып табылады. Ал оған дейінгі ұзақ жұмыс баспада өтеді. Кітаптың оқырман көңілінен шығуы мен кең таралуына сапасы, баспа жұмысы мен редактор шеберлігі де тікелей әсер етеді. Бұрындары кітаптың таралымы да мол, оған деген сұраныс та зор болды.

 

Бүгінгі таңда қандай да бір ғылым саласын, өмірді баспа өнімдерінсіз елестету мүмкін емес. Заман мен уақыттың талабы да күн өткен сайын артып, баспа ісі мен өнімдерінің дамуына, қоғамдағы кең қолданысына әкелуде. Осы ретте баспа ісінің негізгі құраушылары болып табылатын баспа, оның қызметкерлері мен өнімдері, дамыту арналарының дұрыс бағытта жолға қойылып, оқырманға сапалы әрі әсерлі шығарма мен басылым, кітапты ұсына білуі тиіс.

«Көрнекті орыс кітаптанушы ғалымы А. М. Ловягин кітапқа деген сұранысты басты-басты бес категорияға бөледі. Біріншісіне білім таратуға байланысты әдебиетті яки оқулықтарды жатқызады. Ізденгіш ойға ғылыми әдебиет керек. Бұл – екінші қатардағы категория. Үшіншісі – әсерлену қажеттілігінен туындайды. Оған көркем әдебиет, тарихи кітаптар жатады. Төртінші категорияны бүгінгі толғақты мәселелерге уақытында қанық болу қажеттілігі құрайды. Бұл журналистикаға байланысты басылымдар. Бесінші – тұрмысты түзеуге қатысты тілек. Оны тұрмыс-салт кітаптары өтемек».

Рухани сананы көтерудің бірден-бір жолы – сапалы кітап шығару

Сондықтан, кітаптың әлеуметтік қатынас құралы ретіндегі қоғамдағы орны оны дайындауда аса мұқияттылықты қажет ететіндігінің айғағы іспеттес. Сондықтан да қолжазба кезінен бастап, оқырман қолына дайын өнім болып тигенге дейін оны үлкен үдеріс күтеді. Редакция тезінен дұрыс өткенде ғана қолжазба кітап болып басылып шығады. Күнделікті өмірде осынша мәнге ие кітаптың сапалы әрі тартымды болуының өзі тұтастай баспада орындалатын жұмысқа байланысты. Оған бүтін бір ұжым қатысады, кітаптың сапасы осы ұжым қызметінің нәтижесіне де тәуелді.

Егемен ел атанып, еңсемізді енді тіктей бергенде мемлекетімізде тоқырау болып, жас тәуелсіз елдің рухани мұрасын түгендеуге мұршасы келмей, азаттықтың алғашқы жылдары кітап ісінің құлдырағаны бар. Бұрынғыдай одақтың қаржыландыруымен кітап шығаратын баспалар қалған жоқ, кейбірі жеке меншікке өтіп, көпшілігі жабылды. Нарық заманына бейімделу еліміздің экономикасына қалай әсер етсе, рухани дүниеміз – кітаптың жағдайына да солай әсер еткен болатын. Күнін әзер көріп отырған халық кітап сатып ала алмағандықтан, бұл жылдары кітап шығару, оны тарату мен сату деңгейі де күрт төмендеп кетті. Алайда, баспалар мен полиграфиялық кәсіпорындардың бәрі бірдей жабылған жоқ, үкімет аздаған тиражбен болса да кітап шығарып тұрды. Қиын кезеңге қарамастан, нарықтың талаптарын тез меңгеріп, кітап ісін аяғынан тұрғызып, алға бастырған іскер азаматтар да болды. «Атамұра», «Алматыкітап», «Фолиант», «Қазақпарат», «Қазығұрт» сияқты баспалардың дүниеге келуі жас Қазақстанның кітап ісі мен баспа саласына тың серпін сыйлады.

Осылайша, кітап нарығында баспалар саны арта түсті. Кеңес үкіметі кезінде елімізде 14 баспа ғана болса, тәуелсіздік алғаннан бүгінгі күнге дейін 200-ге жуық баспа бар. Осы орайда баспаның шығармашылық күші саналатын тұлғаның яғни редактордың баспа жұмысында алатын орны мен рөлін, оның жеке міндеттері мен қызметін бөліп көрсетіп, айқындап алу қажет. Кітап бетінде өріп жүрген қатеге жауапты бірден-бір маман ретіндегі редактордың баспаның негізі мен келбеті, имиджін қалыптастырушы болғандықтан, оған артылатын міндет пен үміттің зор екені белгілі. Сондай-ақ, жауапкершілік жүгін арқалап, баспаны ілгерілетуге, қызметкерлерді ұйыстыра білуге, ең алдымен, қолжазбаны сауатты редакциялап, автор мен баспа, автор мен оқырман арасындағы көпір бола жүріп, баспа беделін ескеріп, оқырманның мүддесіне сай кітап басып шығару жүктелген редактордың жұмысы аса ауыр, мұқияттылық пен білімділікті талап етеді. Қолжазбаның баспаға түскеннен оның оқырман қолына тиген кезіне дейінгі кезеңдерде жүзеге асатын баспадағы үдерістер мен баспаның басты жоспары, мақсаты өте маңызды. Бұл үдерістердегі әр қызметкердің атқаратын өз міндеті де баспа жоспарына сай белгіленеді. Қолжазба оқу, түзеу мен безендіруден өтеді. Ал осылардың ішіндегі ең күрделі жұмыс – редакциялау. Мұнда да редактордан зор еңбек, терең талдау мен мұқият зерттеу талап етіледі. Басқа да мамандардың қызметін ұйымдастыруда, яғни баспадағы өзге қызметкерлердің де жұмысын жоспардағыдай орындауына да редактордың нұсқауы қажет. Себебі, редактор – баспадағы басты тұлға.

Баспа ісі үдерістерінің қиын да ұзақ жұмыс екені анық. Бұл міндеттерді шешу үшін жан-жақты, білімді, қолжазбаға қойылатын талаптарды, редакциялаудың негіздері мен принциптерін, автормен қарым-қатынастың маңызын ұғатын маман болу қажет. Қазіргі таңда елімізде баспа ісінде орын алып отырған осы мәселелердің бәрі болашақ баспа мамандарын толғандырмай қоймайды. Баспа ісінің заманға сай техникалық жағынан жетіліп, бұрынғы баспа машиналарының орнын түрлі техникалық құралдардың басқаны да баршаға аян. Ал, ол үшін баспаның жалпы құрылымын, мақсаты мен міндетін, оның қызметкерлерін, ондағы үдерістерді нақты білу керек. Ал кітаптың іші-сырты өте сауатты, кәсіби мамандармен дайындалған, еш қатесіз, әдемі безендірілген болса, бұл баспа жұмысының жарқын болашағының кепілі болмақ. Себебі, өз кітаптары, авторлары мен редакторлары арқылы баспаның нарықтағы, оқырмандар арасындағы, жалпы елдің мәдени, рухани саласындағы орны қалыптасады. Баспаның табыстылығы мен танымал авторлары, бестселлерлері көбейген сайын оның бәсекелестікке қабілеттілігі де арта түседі. Басқа баспалар да оған ұқсағысы келіп, өз жұмыстарының сапасын арттырады. Осылайша, бәсекеге қабілетті мықты баспалар пайда болады. Заманауи техниканың, ғылымның дамуымен баспаның мүмкіндіктері де кеңейе түседі. Осылардың барлығын тиімді қарастырып, дер кезінде қолға алған баспа ғана зор жетістікке жетеді. Баспа кітап нарығының алыптарымен бақталаса жүріп, баспа жұмысын ұйымдастырудың ең жақсы әрі жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруі қажет. Дұрыс ұйымдастырылып, жоспарланған жұмыс қана өз нәтижесін тез береді, сонымен қатар өнімді болады. Нарық заманында баспа жан-жақтылығымен, жаңа технологиялар мен ғылым жаңалықтарын жұмысқа енгізе алуымен әрі түрлі экономикалық жағдайларға бейімделе алу қабілетімен ғана ерекшелене алады. Себебі, бүгінде кез келген қарапайым техника мен дәстүрлі жұмыс үдерістерін барлығы дерлік біледі. Ал жаңа нәрсеге ұмтылудың үнемі пайда әкелетіні анық. Баспа ісін ұйымдастырудағы кемшіліктердің, проблемалардың алғышарттарын жойып, бәрін дұрыс жолға қойған кезде баспа жұмысы алға басады.

Редакциялау теориясында «мәтін» термині арнайы түсіндірілмеген және ұзақ уақыт бойы толық мағынасында қолданылмай келген. Оған «авторлық қолжазба» немесе «мәтіндік түпнұсқа» деген атаулар берілген. Редакциялық үдерістің ерекшеліктеріне байланысты редактор жұмыс істейтін автормен ұсынылған кез келген қолжазба да, қолжазбаның дайын бөлігі, тіпті оның бөліктері немесе абзацтарына дейін мәтін деп түсініледі. Бұл анықтама «мәтін» феноменінің күрделі табиғатын көрсетуді міндет етіп қоймады және ғылыми тұрғыда тәжірибелік шешімдерді жасауға негіз болып қызмет ете алмады.

Редакциялаудың ғылыми негіздерін құру мәтін туралы бастапқы білім мен оның теориясына сүйенеді. «Мәтін» терминінің көп мағыналы екенін де ескерген жөн. Мәтін дұрыс сөйлеу қызметінің нәтижесі, жазбаша дереккөз, сөйлеу шығармасы ретінде түсініледі. Біріншісі – өте кең түсінік. Ол мәтінді сөйлеу үдерісінің саналы ұйымдастырылған нәтижесі, белгілі бір мағынаны білдіру үшін белгілі бір формаға түскен ой ретінде көрсетеді.

Коммуникация теориясының құрылуы, тілдің қызмет етуінің шынайы жағдайларын зерттеу: «мәтін – сөйлеу шығармасы» деген анықтаманы растады. Мәтін екі қатысушысы – автор мен адресат (жіберуші мен қабылдаушы) ой білдіретін өзара қарым-қастынастың жүйесі ретінде қарастырылады.

Редакциялау мәтін теориясында шығарылған міндеттерді шешеді. Маңыздыларын атап өтсек: туу, қабылдау мен түсіну үдерісі кезінде мәтіннің мағыналық жағын зерттеу; мәтінді коммуникациялық бірлік ретінде бақылау; мәтіннің ақпараттылық мәселелерін зерттеу, кодтау әдістерін құру мен ондағы ақпаратты қайта кодтау.

Автордың әдеби шығарма формасымен жұмыстануы мәтін қағазға түскенге дейін басталады. Болашақ шығарманың ойын құру және деректерді ойластыру үдерісінде оның жанрлық ерекшеліктері, мазмұндау әдістері қалыптасады. Ал мәтінде автордың ойы нақты формаға келтіріліп, тілдік құралдармен білдіріліп, жазу белгілерімен бекітілген. Автор үшін мәтін әдеби шығарма, жұмысты құру кезеңінің қорытынды материалы, орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкин атап көрсеткендей: «жөндеу мен есеп берушіліктің сирек байқалатын еңбегі» болып табылады. Редактор үшін авторлық мәтінмен жұмыс істеу – әдеби еңбектің негізгі кезеңі. Редакторды автордың көмекшісі деп атауға болады, оның міндеттерінің кең түсінігінде де авторлық шығарманың мәтінін түзеу, талдау мен бағалау оның басты міндеті болып қала бермек. Қызмет пәнін жете ұғыну кез келген пәнге, салаға тән. Осының арқасында оған қажетті білімді белгілеп, басқа пәндерге енген әдістерді таңдауда кездейсоқтықтан аулақ болу, бұл әдістерді мақсатты және бірізділікпен қолдану, тәжірибелік пәннің әдістемесіне жүйенің ерекшелігін беру мүмкін болады.

Қолжазбаны редакциялаудың ерекшеліктері белгілі: редактор мәтіннің сипатын, оның ақпараттылығын, авторлық позиция көрінісін, спецификасын, автордың оқиға мен оқырманға жақындығын, редакциядағы жұмыстың шарттарын, оның оперативтілігін ескермеуі мүмкін емес. Редактордың әдеби формадағы материалдармен жұмыс істеуінің де маңызы зор.

Мәтін теориясы арқылы редакциялауда, алдымен, тұтастық, байланыстылық, белгілі бір белгілер жүйесіне бекітілуі, ақпараттылық мәнге ие оның негізгі сипаттамалары шығады. Редактор үшін бұл сипаттамалардың мағынасын түсіну тек теориялық тұрғыда ғана емес, тәжірибелік тұрғыда да маңызды. Редактор мәтінді тұтастай бағалай білуі шарт.

Мәтін бұл – адамның сөйлеу қызметінің нәтижесі болып табылатын тілдік шығарма, сөйлеу қызметі барысында қолданылатын негізгі коммуникативтік бірлік. Мәтін тақырыптың бірлігімен, негізгі ойымен және мағыналық аяқталуымен сипатталады.

Мәтіннің ақпараттылығы – оның аяқталған мәліметтерді тарату, ақпарат жеткізу қабілеті. Ол мәтіннің маңызды белгісі саналады және онда қамтылған ақпараттың жаңалығы мен маңызын сипаттайды. Мәтіннің ақапараттылығын бағалауда екі маңызды аспектіні ескерген жөн. Оның біріншісі – мәтін ақпаратының оқырман аудиториясының ақпараттық қызығушылығы мен біліміне қатысы. Мәтінде неғұрлым қызық әрі тың ақпараттар қамтылған болса, ол соғұрлым ақпаратты болады. Мәтіннің ақпараттылығын редактор алғаш таныса оқу кезінде бағалайды. Ал екінші аспектісі – баяндаудың семантикалық және синтаксистік ерекшеліктері. Ол тілдік белгілер көмегімен әртүрлі ақпаратты жеткізуге мүмкіндік береді.

Зерттеушілер мен тәжірибелі редакторлар ақпаратты бірнеше түрге бөледі. Шартты түрде фактілі және концептуалды ақпарат деп бөлінгенімен, оның басқа да түрлері бар.

Фактілі ақпарат сөздікте берілген тура мағынасында қолданылған сөздермен беріледі. Ол мәтіннің пәндік-логикалық негізін құрайды. Редакциялау үдерісі кезінде фактілі ақпарат фактпен тығыз байланыста қарастырылады.

Концептуалды ақпарат құбылыс пен тақырыптың авторлық түсіндірілуін, бағалануын қамтиды. Ақпараттың бұл түрінің айрықша белгісі – автордың өзінің ұстанымы туралы ақпаратты сипатталған жағдайда қамтуы. Мұнда мәтін контекстіндегі фактілердің мағынасы мен олардың арақатынасына негізделген бағалау жүреді. Мәтіндегі фактілерді жинақтау мен оларды іріктеу – концептуалды ақпарат берудің негізгі белгілері.

Сонымен қатар журналистер мен редакторлар бұларға қосымша жанама ақпаратты бөліп көрсетеді. Негізгі мазмұнға жанама ақпарат беретін, хабарлау мақсатына енбейтін мәліметтер болып табылады.

Мәтіннің тақырыбы, мағыналық және синтаксистік құрылымдағы орнының маңыздылығына қарай ақпараттарды былайша жіктей аламыз:

Негізгі ақпарат – тақырып бойынша ең маңыздысы, контекст арқылы берілетін ақпарат.

Қосымша айқындаушы ақпарат – негізгі ақпаратты дамыта түсіп, нақтылайды, негізгі ақпаратқа негізделеді.

Қайталама ақпарат – мәтіндегі ақпаратты екі немесе одан да көп рет қайталау. Сондай-ақ, мәтінде ешқандай ақпараты жоқ бөліктер де болады.

Бұл атап көрсеткен ақпараттар кез келген мәтінде ұшырасады.

Мағыналық тұтастық – мәтін идеясы, мағыналық аяқталуына бағынатын мазмұндық, тақырыптық бірлік. Толыққанды шығармада әрқашан тақырыбын жан-жақты ашатын, толықтырып тұратын мағыналық желі болады. Редактордың алғашқы міндеті – осы мағыналық желінің үзілмей, басқа қырына аумай, авторлық тұжырыммен сәйкестігін бақылау.

Мәтінді талдау әдістемесі оның бөлшектерін талдаудың әдістемесіне еш ұқсамайды. Мәтіннің тұтастығын бағалау жеке кемшіліктерді қарастырумен, авторлық қателіктерді іздеумен, жиі сәтсіздіктер тізімімен ауыстырылуымен редакторлық болжамсыздыққа, дәлсіздікке әкеледі. Бұл кезде мәтіннің «тұрақты мағыналық бірлік сипатына ие байланысқан тілдік сөйлеу» екендігі ескерілмейді. Әдеби редакциялаудың мақсаты баспаға дайындалып жатқан шығарманың тілі мен стилін өңдеу түсінігі тәжірибеде қате болып саналады. Редактордың міндеттерінің ауқымы өте кең әрі оның мәні терең. Мәтіннің компоненттерін талдай отырып, редактор пәнді жан-жақты әрі өте жақсы білуі тиіс, бұл үдерісте оның лингвистикалық білімі көрінуі қажет. Мәтінді редакциялай отырып, оның бөліктерінің арасындағы мағыналық үйлесімділікті сақтау да редактордың міндеті. Мәтін тұтастығы психолингвисткалық құрылымға ие. Бұл құрылымды мәтіндегі ойдың бірлігі мен мәтін құрудың дәлдігі, образдық ұғынықтылығы, логикалық анықтығы, стилистикалық тұтастығы арқылы құрады.

Редактор мәтіндегі түсінікті болып көрінген елеусіз фразаларға баса назар аударуы керек. Мәтінге өзгерту енгізбес бұрын кемшіліктерін анықтап, негізгі мағынасын түсініп алу қажет.

Ақпаратты мәтінді оқу кезінде кез келген оқырманға түсінікті болуы керек. Мәтін мазмұнының мағынасы мен грамматикалық сөйлемдер арқылы байланысқан сызықтық тізбекпен жалғасады, негізгі мағыналық құрылымы болады. Мәтінде негізгі ой – тақырып, мұнда тақырыптың мазмұнын ашатын шағын ойлар – тақырыпшалар, содан соң тақырыпшаларды нақтылап отыратын ойлар – субтақырыпшалар. Мәтіннің мағыналық құрылымының күрделі болуы стиль, тақырып, жанр, көлемінің ерекшелігіне байланысты.

Мәтіннің синтаксистік байланыстылығы – мәтін тұтастығының басты шарты. Байланыс – мәтіннің синтаксистік қасиеті, ол мәтінді мағыналық тұтастықпен қамтамасыз етеді.

Ресми материалдар мен дипломатиялық құжаттар мәтінінде мағыналық байланыс көп жағдайда анық логикалық байланыспен беріледі. Ал көркем, публицистикалық шығармаларда байланыс образдық жүйе арқылы беріледі. Газет беттеріндегі хабарлама ретінде берілетін сөйлемдерде мағыналық байланыс олардың орын тәртібімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар ақпараттық материалдарда мәтін элементтері қайталау тәсілі арқылы байланысады. Мұнда ол мәтіннің мазмұндық желісін сақтауға көмектеседі. Бұл жерде қайталаулар стилистикалық қате емес, басқа сөзбен ауыстырғанда мағыналық дәлдік жоғалатындықтан, терминдер, жетекші сөздер қайталанады.

Кез келген мәтін жүйелі, өзара байланысқан сөйлемдер тізбегінен тұрады. Әр сөйлем мәтін мағынасының белгілі бір бөлігін бере алады. Сол себепті де, логикалық тұрғыда мәтінішілік байланысты жүзеге асыратын түрлі құралдар бар: шылау, демеулік, қыстырма сөз. «Мәтіннің синтаксистік байланысын қамтамасыз ететін лексикалық, грамматикалық, композициялық сияқты басқа құралдар да қолданылады. Олар мәтіндегі сөйлемдерді, тақырыптарды бір-бірімен байланыстырып тұрады. Бұл тілдік құралдардың дұрыс қолданылмауы мәтіннің ішкі байланысын қиындатып, оның логикалық жүйелілігін бұзады» .

Егер мәтіннің мағыналық жағынан өзара байланысты екі элементі бір-бірінен алшақ тұрса, оқырманның мәтінді қабылдауын, түсінуін қиындатады. Мәтін ішінде мағыналық байланысқан бөлшектері қатар немесе бір-біріне жақын тұрғаны жөн.

Әртүрлі стиль мен жанрдағы мәтінде байланыстың да түрлі құралдары пайдаланылады. Мәселен, аналитикалық мәтінде логикалық және композициялық байланыс болса, сипаттамалы, ақпараттық мәтінде лексикалық, композициялық, грамматикалық байланыстар жетекші рөл атқарады.

Мәтіннің әдеби өңделгендігі мен бекітілуі – бұқаралық ақпарат құралдары мәтініндерінің мақсаты, стилі мен жанрына қатысты міндетті сапа. Бұқаралық коммуникациядағы кез келген мәтін әдеби өңделеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында өңделмеген мәтін коммуникация ережелеріне сай келмейтін элемент ретінде бағаланады.

Мәтіннің бекітілуі – жазба тілінің маңызды белгісі. Ауызша және жазбаша сөйлеу түрі адресаттың ойды түсіне алуы үшін түрлі құралдарды қолданады. Жазба тілде автордың эмоциясы, интонациясы, дене қимылдары көрінбейді. Сондықтан оқырманның автордың кідірісін көріп, әлеуметтік-психологиялық құбылуларды салыстыра алатын мүмкіндігі жоқ. Бірақ, тыңдағанда сөздің мәнін айтылу өлшемдеріне қарай түсінеді, ал оқу кезінде мәтінді немесе оның бөлігін қабыдап, көз алдына елестете алады. Оқылған мәтінді шетке ысырып қоя тұрып, кейін оны жалғастыруға болады. Ал ауызша сөйлеу барысында айтылған ойға оралу үшін айтылғандарды қайталауға мәжбүрміз. Жазба тілдің құрылымы ауызша сөйлеуге қарағанда күрделірек. Онда таңбалық жүйе элементтері, яғни суреттер, формулалар, сандар, сызбалар, кестелер, т.б. қолданылады және автордан дербес әрі аналитикалық ойлауды талап етеді.

Мәтінде белгілі бір құрылыс (ішкі құрылым) бар. Ол кіріспе, негізгі, қорытынды бөлімнен тұрады. Негізгі бөлімі міндетті түрде болуы тиіс, ал кіріспе мен қорытынды бөлім қосымша жүреді. Барлық бөлімдерінде мәтіннің мазмұны ашылады.

Функционалды-мағыналық ерекшеліктері бойынша сөйлеудің коммуникативті типтері:

1)    хабарлау (уақыты бойынша әрекеттің дамуын көрсетеді),

2)    суреттеу (статикалық суреттерді сипаттап, оның детальдарын береді),

3)    талдау (ойдың тілдік пәнге қатысты дамуын көрсетеді) деп бөлінеді.

Сөйлеудің бір ғана коммуникативті типіне жататын мәтіндер сирек кездеседі. Көбінесе, үш типі де араласып, бір-бірін толықтырып отырады.

Мәтіндер табиғатынан қандай да бір тіл стиліне жатады. Осыған байланысты мәтіндер:

– ауызекі (ауызекі сөйлеуде қолданылады, көбінесе ауызша формада болады; құрамы бойынша жай сөйлемдермен, ерекше ауызекі лексикамен сипатталады);

– ресми іс-қағаздар (ресми іс-қағаздар стилінде қолданылады, көбінесе жазбаша түрде болады; құрамы бойынша күрделі сөйлемдермен, атаулы сөз таптарының болуымен және спецификалық лексикасымен сипатталады);

– публицистикалық (бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылады және оның басты мақсаты – оқырмандар немесе тыңдармандарды қызықтыру, сондай-ақ оларды ақпараттандыру; жазбаша түрде де, ауызша түрде де болады; жандылығымен,түрлілігімен сипатталады; лексикалық құралдарды қолдану мәтіннің мақсаты мен мазмұнына байланысты);

– ғылыми (ғылымның түрлі саласында қолданылады, негізінен жазбаша түрде болады (ауызша ғылыми баянамалар да аз емес); күрделі, синтаксистік ұйымдастырылуымен, терминдерінің көптігімен сипатталады);

– көкем әдебиет (автордың мақсатына байланысты мәтіннің әр түрлі түрін біріктіре алады) мәтіні деп бөлінеді.

Жалпы, мәтін сапасы, қолжазбаның оқырманға тартымды әрі тұшымды күйінде жетуі редакторға тікелей байланысты. «Редактор мәтінмен жұмыс кезінде тілдің лексикалық құралдарын қолдану тәсілдерін жетік білгені абзал. Ол автор мәтінін оқығанда ең алдымен: сөздің дұрыс әрі дәл қолданылуына; омонимдер, антонимдер, синонимдердің стилистикалық қолданылуына; архаизмдер мен неологизмдердің, балама сөздердің стилистикалық қолданылуына; шет тілінен енген сөздердің қолданысына; диалектілерге; терминдер мен кәсіби сөздердің, техникалық атаулардың қолданылуына; кеңсе тілі мен канондық сөздер мен тіркестердің қолданылуына; тұрақты тіркестер мен фразеологизмдердің қолданылуына; сөз қуатын арттыратын көркемдеуіш құралдардың қолданылуына баса назар аударады».

Сонымен қатар, ол мәтінді оқу кезінде тілдің грамматикалық-стилистикалық құралдарына да мән беруі тиіс: редактор сөз таптары мен сөйлем мүшелерінің, жай және күрделі сөйлемдер мен салалас, сабақтас, аралас құрмалас сөйлемдердің құрылысын, нақты ережесін білсе, бұл редакциялау үдерісін оңайлатады. Осы орайда, ол мәтінде кездесетін қателерді сұрыптай білуі керек: логикалық қателер, деректік қателер, тілдік-нормативтік қателер, орфографиялық, тыныс белгілік, грамматикалық, лексикалық-семантикалық, тілдік-әдептік және фразеологиялық қателер. Редактор осы қателерді анықтайды, оны жөндеп, өңдейді, қысқартады немесе ауыстырады және мұның бәрін автордың рұқсатымен ғана жүзеге асырады.

Автор үшін қажетті сапа болып табылатын кітап мәдениетінің жоғары деңгейін де қамтамасыз ететін – редактор. Қолжазба мәтінін бастан-аяқ өңдеп, түзейтіндіктен, көп нәрсе соған байланысты. «Тілі тартымды, ойға қонымды, сапалы солғанда ғана оқырманның мәдениетіне дұрыс қызмет ете алады». Адамның пайым, көзқарасына, ойына, ғылымды түсінуіне, өнерді ұғынуына, ақ пен қараны ажыратуға көмектесетін ұлы күш – кітаптың мәдени күші.

Жоғарыда атап көрсеткен редактор жұмысы мен оның міндеттерін ескерсек, жауапкершіліктің, баспа беделі мен жақсы кітаптың кепілі де – редактор. Ол өзіне жүктелген міндеттер мен қойылған талаптарды бұлжытпай, кәсіби шеберлік танытып орындаған жағдайда ғана баспаның ұзақ әрі тынымсыз еңбегінің нәтижесі оң болмақ. Сонымен қатар кітаптың кімге арналғанына байланысты, өз аудиториясына бағыталып жасалуы тиіс. «Кітап қолға түскенде өте ыңғалы, сапалы, өлшемдері мен безендірілуі оқырман жасының ерекшелігіне сай жасалған болса, онда ол оқырманды сыйлау, оның мәдени талабын ескеру болып есептеледі».

Кеңестік заманды ешкімнің көксемейтіні рас. Алайда, дәл сол кезеңде баспа ісінің қалыптасқан жүйесі, тәртібі болды. Ол кезде кітап қолжазба күйінде түскеннен бастап аса мұқият оқу, тексеру мен саралаудан өтетін. Алдымен қолжазбаға танымал жазушылар, ғалымдар пікір, рецензия жазып, сапасын саралап, ой білдіретін. Кеңестік жылдарда қолжазбалар редакциялық кеңесте талданып, оның жарайтыны немесе жарамайтыны анықталып, көркемдік деңгейі анықталатын. Баспа тек редакциялық кеңесте барлығының пікірін білгеннен соң ғана сүзгіден өткен қолжазбаларды өз жоспарына енгізген. Ал бүгінгі жағдай қандай? Ол заман мен осы шақты салыстырсақ, қандай айырмашылықтарды көруге болады?

Баспа жұмысының барлық кезеңдерінде редактордың кәсіби шеберлігі мен біліктілігінің, сонымен қоса адами қасиеттерінің маңызы зор. Ақшасы жеткілікті, алайда баспа саласынан хабарсыз адамның баспа жұмысына араласып кете алуы екіталай. Себебі, бұл салаға тек пайда әкелетін кәсіп түрінде қарау дұрыс емес, автор мен оқырманды жалғаушы, оқырмандарға рухани азық беруші ретінде өз позициясы мен мақсатын нақты қоя білу қажет. Осыларды терең ұғынғанда ғана баспа өнімі сапалы, оқырманның да, автордың да көңілінен шығатын болады. Халықты рухани байытатын бірден бір сала ретінде баспаның дәл осы мақсатты орындауы – оның халыққа тигізген пайдасы мен оқырман үдесінен шыға білуінің белгісі.

«Кітап – білім бұлағы болса, сол бұлақтың тазалығы үшін, ұлттық мұрат-мүдде үшін күресетін уақыт жетті». Рухани азықтың жағдайына алаңдап, оның проблемаларын шешуді қарастырған жөн. Ақшаның жолында мұндай байлықты құрбан етуге болмайды. Ол – тәрбие құралы, өткен мен бүгінді, болашақты жасайтын құбылыс. Оның әлеуметтік рөлінің маңызын айтып түгесу мүмкін емес.

Жалпы, кітап ісінде оның басты өнімі – кітап сауатты әрі мінсіз басылып шығуы керек. Себебі, кітап елдің өркендеуінде алатын орны, руханиятымызды көтеруге тигізетін шарапатын молайту қажет. Ал бұл қажеттілік әр түрлі міндеттерді алға тартады. Олардың ең негізгісі бұл – кітап ісін жүргізетін мамандарды дайындау. Бұрын Кеңес Одағы кезінде Ресей мен Украинада жоғары білімді мамандар даярланды.

«Оқырмандар редактордың материалды өңдеп-түзету үстіндегі қиналысын көріп-білмейді. Ендеше ол редактордың шығармашылығын, оның әдеби еңбегінің ерекшелігін жарияланған дүниесіне қарап бағалайды. Редактордың ескіше ойлауға, ескіше қолтаңба қалыптастыруына хақы жоқ. Кешегі шығармашылық табыс бүгінгі өлшем емес. Ендеше редактор әркез жаңа қырынан танылып отыруы тиіс. Ол заманнан артта қалмайды. Ол әркез алғы шептегі тұлға». Осы себепті де редактордың жауапкершілігі ауыр. Мәтіннің мазмұны мен әдеби, көркемдік сапасына жауап беретіндіктен, ол үнемі ізденіс үстінде болуы қажет.

«Әр кітаптың өзіне лайық оқырманы болады. Егер жарыққа шыққан жаңа кітап оқырманның жүрегіне жол тапса – мақсаттың жүзеге асқаны» .

Сондықтан, баспа ісінің өркендеуі баспагерлердің қолында. Сауатты редактор болған баспада ғана сапалы кітап шығады. Баспаның беделі оның қызметкерлерінің жұмыс сапасына байланысты екені рас. Кітап оқырман қолына түскенде өте ыңғайлы, сапалы, өлшемі мен параметрлері оның көзделген аудиториясының жасын ескерген болуы қажет. Бұл оқырманның мәдени талабын ескеріп, оқырманға құрмет көрсету болып табылады. Кітап мәдениетінен хабардар, жазуды, оқуды сүйетін болашақ мамандарды даярлау ел мәдениеті мен руханиятымызға қосылған зор үлес болмақ.

Елбасымыздың өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын: «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» деп бастаған болатын. Осыдан-ақ, кітаптың ел мәдениетінің көрсеткіші екені көрінеді.

Себебі, рухани сананы көтерудің бірден-бір жолы – сапалы кітап шығару, халыққа кітап арқылы ұлттық, ғылыми тәрбие беру. Мектеп оқулықтарынан бастап, көркем шығармаға дейін сауатты орындалған болса ғана баспаның кітап нарығындағы бәсекелестікке қабілеттілігі артады және еліміздің баспа ісі саласы өркендей түседі. Руханияттың бастауы, білімнің қайнар көзі – кітаптың жағдайы мүшкіл болса, ол елдің руханиятының деңгейін төмендетеді. Ұлттық мұра да, мәдениет пен тәрбие де кітап арқылы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жететіні белгілі. Сондықтан, кітап мәтінінің сапасы тек баспа деңгейінде ғана емес, ұлт, мемлекет деңгейінде маңызды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға