Жаңалықтар

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр

Сессия ресми түрде жабылып, депутаттар қыркүйек айына дейінгі каникулға кетеді
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр
Фото: parlam.kz 30.06.2022 10:14 1136

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр. Онда жетінші сайланған Парламенттің екінші сессиясының жұмысын аяқтау қаралып жатыр,– деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атап айтқанда, сессия ресми түрде жабылып, депутаттар қыркүйек айына дейінгі каникулға кетеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 23 маусымда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы Өкімге қол қойды.

Осы аптада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев екінші сессияның жұмысын қорытындылады.

Оның сөзіне қарағанда, Парламент екінші сессияда Үкіметпен бірлесе отырып, 78 заң қабылдады.

– Олар Президентіміздің тапсырмаларын, ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға арналды. Заң шығару ісінде адам құқығын қорғау, азаматтарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету мәселесіне баса мән берілді. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді, экономикамызды одан әрі дамытуды және еліміздің қауіпсіздігін күшейтуді көздейтін заңдар қабылданды. Сессия барысында азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған кешенді іс-шаралар мен қоғамдық-саяси бастамаларды заңнамалық тұрғыдан уақтылы қамтамасыз етуге баса мән берілді. Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті жоюға, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жан-жақты қолдауға арналған нормалар қабылданды.

Осыған қарай сенаторлар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен заңға бастамашылдық ету құқығын кеңінен пайдаланды. Бірінші сессияда Сенат депутаттары 7 заңға бастамашы болса, бұл сессияда 18 заң жобасы бойынша бастамашылдық жасады. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтаймыз деп сенемін, – деді М. Әшімбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға