Жаңалықтар

Қостанайда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы атап өтіледі

Фото: ortcom.kz
Қостанайда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы атап өтіледі
10.06.2022 11:28 3518

Қостанай облысының әкімдігі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мерекелеу бойынша облыстық іс-шаралар жоспарын бекітті. Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген Жангелдин ауданы тұрғындарының өмірі мен әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асып жатыр. Ол жайында брифингте облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов айтты, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

«Облыс әкімдігі жоспар аясында Торғай ауылында «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейіне» реэкспозиция және жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр. Ол үшін бюджеттен 170,5 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Аудан орталығынан А. Байтұрсынұлы ауылына дейінгі 41,4 км тасжолға және Торғай өзеніндегі көпір жөнделе бастады. Ол үшін республикалық және облыстық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді», - деді Е. Қалмақов.

Осы жерде, Сарытүбек қонысы аумағында орналасқан А.Байтұрсынұлы ауылында жаңа медициналық пункт салынып, Ақкөл ауылдық амбулаториясы жөнделіп, сондай-ақ медициналық жабдықтар жаңартылып жатыр. Оған облыстық бюджеттен 62 млн теңге бағытталды.

«Сондай-ақ, А. Байтұрсынұлы дүниеге келген Сарытүбек қонысы Ақкөл ауылында «Ахмет Байтұрсынұлының музей үйі» құрылысы жоспарланған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Облыстық бюджеттен қосымша қаражат берілді», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, қазір басқарма демеушілік қаражат есебінен Торғай ауылында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың құрметіне ескерткіш орнату мәселесін қарастырып жатыр. Таяу уақытта аудандағы шалғай ауылдарды интернетке қосу жоспарда бар. Инфрақұрылым жобаларын іске асырумен қатар, облыста ұлы тұлғаның рухани мұрасын насихаттауға бағытталған мәдени-бұқаралық шаралар өткізіледі: халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, экспедициялар, байқаулар мен челлендждер және тағы басқалар. Алаш көшбасшысына арналған жаңа спектакльдер мен театрландырылған қойылымдар қойылады.

«Барлық шара қаржылай қамтылып отыр. Жергілікті бюджет есебінен 2022-2023 оқу жылының түлектеріне педагогикалық және инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы грант беріледі. Осы жылы бір жылда 750 мың теңгеден 10 грант», - деп түйіндеді Е. Қалмақов.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға