Жаңалықтар

Неврологиялық ауруларға себепші факторлар қандай?

Невролог, терапевт Сәуле Бағымқызынан кеңес
Неврологиялық ауруларға себепші факторлар қандай?
18.02.2022 11:35 15566

Жүйкенің тозуына көптеген факторлар себеп болады. Соның ішінде әлеуметтік, тұрмыстық қиындықтан баз кешкен адамдар тез күйзеліске ұшырайды. Бұл жүйке ауруының бастапқы кезеңі саналады. Алайда депрессияда жүргендердің басым көпшілігі дәрігердің көмегіне жүгіне бермейді. Ал, оның соңы жүйке сырқатының асқынуына әкеп соғады. Бүгін біз неврологиялық аурулардың тууына себепші болатын бірқатар себептерді анықтайтын боламыз. Жүйке жүйесі ауруларының қалай алдын алуға болады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде терапевт, невролог Қарбозова Сәуле Бағымқызымен сұқбаттасқан едік.

Неврологиялық ауруларға себепші факторлар қандай?

Аурудың 90% жүйке жүйесінің бұзылуынан болады. Жүйкесі жұқарған адамның өмір сүруге деген құлшынысы азаяды. Жалпы неврологиялық аурулардың түрлері қандай? Жүйке ауруларының пайда болу себебі не? осы сұрақтар бойынша невролог Сәуле Бағымқызы жауап берді.

Неврологиялық ауруға кез-келген адам шалдығуы мүмкін. Яғни барлық аурулар жүйке жүйесімен тығыз байланысты. Ол талшықтардан құралған ұлпалардың шоғыры. Яғни, ми мен жүйке түйіндерін басқа органдармен байланыстырып тұрады. Демек, неврологиялық аурулар әртүрлі себептерге байланысты туындайды. Адам дүниеге келгеннен бастап, қартайғанға дейін біздің ағзаға сыртқы ортаның факторлары өз әсерін береді. Көбінесе бізге келген емделушілер бас ауруы, бастың айналуы, құлақтың шуылдауы секілді шағымдармен жиі жүгініп жатады. Сонымен қатар қазіргі таңда қимыл қозғалыстың аз болуы салдарынан омыртқа бойларында ауырсыну кездеседі. Осылайша, салауатты өмір салтын ұстанбау, стресс, және қоршаған орта бұның барлығы айналып келгенде адамға тек зиянын келтіреді. Ал, жүйке жүйесі бұған әсер етіп, жағымсыз әсердің орнын толтыруға тырысады. Осылайша адам өз-өзіне қандай да бір ауру тудырып алу мүмкін.

Бүгінде жүйке ауруларының күн санап көбейіп, күрделеніп отырғанын өмірдің өзі де, дәрігерлік деректер де дәлелдеп отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек қазақстандықтардың 7% түрлі неврологиялық ауруларға шалдыққан. «Ал жүйке жүйесі әлсіреген адамда мына белгілер пайда болады», - дейді невролог ханым.

Неврологиялық ауруларға себепші факторлар қандай?

– Жүйке ауруына ұшыраған адам әдетті ашушаң, көңіл күйі жабырқау болады. Кез-келген нәрсеге шыдамсыздық танытады. Соның салдарынан айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы бұзылады. Жүректің әдеттегіден қатты соғуы да жүйкенің бұзылуының бір себебі. Асқа деген тәбеті болмайды. Адамның ұйқысы бұзылады. Басы жиі ауырады. Ұзақ уақыт бойы жүйке жүйесі тозған науқастардың ішкі ағзаларының қорегі бұзылып, ағзаға зиянын келтіреді.

Соңғы уақытта стресс екінің бірінде кездеcетін дертке айналды. Иә, қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін күйзеліске ұшырап жатады. Күйзеліске төтеп берудің басты қаруы кез-келген қоздырушы факторға байланысты эмоцияны ауыздықтай білу. Ал стресстің адам денсаулығына әсері қандай? Ашу-ыза күйзелістің салдары неге әкеліп соғады? Бұл жөнінде Сәуле Қарбозованың айтары бар.

– Ұйқысыздық, жиі суық тию, аяқ-қолдың жансыздануы, қимыл-қозғалыстың бұзылуы, ашушаңдық, психикадағы түрлі өзгерістердің бәрі жүйке жүйесінің бұзылуынан пайда болады. Ал, адамның жүйке жүйесі парасимпатикалық және симпатикалық болып екіге бөлінеді. Бірінші ағза тыныққан кезде жұмысқа кіріседі. Осы сәтте ас қорыту, ұйқы сияқты ағзаны қалпына келтіру кезеңдері жүреді. Ал симпатикалық жүйке жүйесі ағза іс-қимылға кіріскенде әрекет етеді. Біз үнемі күйзелісте жүрген кезде симпатикалық жүйке жүйесі қоза бастайды. Яғни, күйзеліс адамдардың жұмыстағы қарым-қабылеті мен айналасындағылармен өзара өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді. Мұның салдарынан адамның жүйке жүйесі шаршайды сондықтан қандай жағдай болмасын күйзеліске берілмей уақытылы демалу қажет.

Адам ашуланғанда көп жағдайда көпшіліктен бой тасалап оңаша қалуға тырысады. Белгілі психолог Леонард Берковицтың пікірінше «адам агрессияға бой алдырғанда ең бірінші ұрсысуға және жұдырық ала көтеруге бейім тұрады», - дейді. Әлбетте екінің біріне қол жұмсай берсеңіз берекеніз кетіп, қадіріңіз қашары анық. Бойдағы ашуды қалай басқаруға болады? Осы тұста невролог маман ұсынған қарапайым қағидаларды есте ұстаған жөн.  

– Адам көп жағдайда өзінің стресске түскенін байқамай жатады. Алайда, күйзеліс созылмалы аурулардың асқынуына алып келеді. Уақытылы ем- шаралар қолданбаса әрі қарай психикалық аурулардың ауытқуына, депрессияның ауыр түріне алып келеді. Сондықтан қай кезде де күйзеліке түссеңіз, ішіңізден жиырмаға дейін санап, сабырға келуге тырысыңыз. Ол көмектеспесе терең тыныс алып, денені шынықтыру керек. Бірақ спортқа бұрыннан икеміңіз болмаса, әсерлі ән тыңдап демалған дұрыс. Өз-өзіңізбен сырласудың тағы бір тамаша жолы – таза ауада тыныстау. Жаяу жүріп, айналаның сұлулығына тамсану да ашуды қайтаруға септігін тигізеді. Сонымен қатар өзіңізге ұнайтын тәтті тағамды жеңіз. Басыңыздан өткен жағымды оқиғаларды көз алдыңызға елестетіңіз. Сол арқылы өзіңізге күш жинаңыз. Болмашы оқиғаларға ашуланбауға тырысыңыз.

Ұйықтаған секілдісіз бірақ ұйқыңыз қанбады. Бұл көпшілікке таныс жағдай. Ұйқы адам үшін су мен тамақтан кейінгі дауасыздың бірі. Ұйқысыздықтың белгілері мен себептері қандай? Қалай ұйқысыздықтан арылуға болады? Бұл жайында Сәуле Бағымқызы былай дейді.

– Орта есеппен адамның 70 жылдық өмірінің 250 мың сағаты ұйқыға кетеді екен. Сәбилер тәулігіне 18 сағат, жасөспірімдер 10 сағат, ересектер 8 сағат ұйықтау керек. Ұйқы дегеніміз – адам ағзасы мен зат алмасуды реттейтін физиологиялық үрдіс. Ол баяу және терең ұйқы болып екіге бөлінеді. Себебі ұйқыдағы адам алғашқы кезеңде баяу ұйықтап, кейін терең ұйқыға енеді. Ұйқы біріншіден адам ағзасын қалыпқа келтіреді. Ал адамның ұйқысыздыққа шалдығуы түрлі себептерден болуы мүмкін. Күн көзінің ұясына батқан сәттен бастап ағзадағы мелатонин көбейіп, адамның миы ұйқыға дайындала бастайды. Мелотанин адамды ерте қартаюдан сақтайды. Кейде адамды ұйқы қысқанда қатты дыбысқа да ояна қоймайды. Себебі сол сәтте мидың гипоталамус атты бөлігі басқарып тұрады. Әйтсе де адам ұйықтағанда оның миы қалыпты жұмыс істеп, керексіз ақпараттарды өшіріп отырады. Ал, созылмалы ұйқысыздықтың әсерінен адам диабет, белсіздік, күйзеліс, жүрек пен онкологиялық ауруларға шалдығуы мүмкін. Сонымен бірге шала ұйқы семіздікке алып келетінің ғалымдар дәлелдеген. Егер ұйқы қанбаса ағзадағы грелин деп аталатын аштық гормоны түзіледі де, адам еркінен тыс тамақты көп жейді. Егер танертең сергек оянғыңыз келсе, жатар алдында шәй, кофе, газдалған сусын, ауыр немесе ащы тағам жемеген жөн. Таза ауада серуендеңіз немесе бөлме терезесін бірнеше минутқа ашып қойыңыз. Сондай- ақ балл қосылған сүт ішіп, кітап оқыңыз, бұл жақсы ұйықтауға септігін тигізеді.

«Әдетте адам таңертең тұрған кезде ұйқысы қанып, өзін сергек сезіну керек. Бірақ жағдайыңыз олай болмай, керісінше шаршап, еш нәрсеге зауқыңыз соқпаса денсаулығыңыз жайлы алаңдауға негіз бар» дейді,- невролог Сәуле ханым.

– Шаршау адам ағзасы мен психологиясын әлсіз күйге түсіреді. Десе де шаршаудың себебін анықтасаңыз қайтадан қалыпқа келу оңай болады. Көптеген адам күнделікті күйбен тіршіліктің жетегінде жүріп, күні-бойы белгілі мөлшерде қуат жұмсайды. Алайда, сол қуаттың орнын дер кезінде толтырып тұрмаса адамда босаңсу немесе шаршау сезімі пайда болады. Шаршау кез-келген адамда кездесуі мүмкін қалыпты құбылыс. Шаршаудың тағы бір себебі үнемі күйзелісте жүретін адамның ағзасында магний тапшылығы байқалады. Мұндай жағдайда биохимиялық анализ тапсырып, қандағы магний мөлшерін анықтау қажет. Қандай да бір ем қабылдау үшін, алдымен анализ тапсырып ағзадағы өзгерістерді анықтап алған жөн. Егер әлсіреп жүргеніңізді байқасаңыз, дереу төменде көрсетілген қан талдауын жасатқаныз дұрыс.

- Қалқанша бездің гормондарын тексеру

- Гемоглабин көрсеткішін анықтау

- Қант мөлшерін тексеру

- Магний мөлшерін анықтау

Иә, себепсіз шаршауды сезінсеңіз, бірінші кезекте дәрігерге қаралу керек. Себебі әлсіздік синдромы ұзақ уақытқа созылса, түрлі қатерлі дертке апарып соғуы мүмкін.

Жүйкесі жұқарған адамның өмір сүруге құлшынысы азаяды. Ал осы тұста көбісі неврологиялық аурулармен психиатриялық ауруларды шатастырып жатады. Бұл екі аурудың айырмашылықтары қандай? Бұл сауалымызға невролог, терепевт былай деп жауап берді.

Медициналық зерттеу барысында бас миында немесе омыртқа бойында қандай да бір ауытқу анықталса, оны невропатолог мамандар емдейді. Ал егер де неврологиялық жағынан емге көнбесе, онда біз психиатр дәрігерлерге жібереміз. Мысалы депрессияның бастапқы кезеңдерін невролог емдесе, орташа немесе ауыр дәрежелерін психатерапевт емдейді. Психологиялық аурулар тұқым қуалау немесе жарақат алған уақытта туындайды.

Неврологиялық ауруларға себепші факторлар қандай?

Қазіргі қарбалас уақытта адамдар үнемі күйзеліс үстінде жүретіні белгілі. Алайда, жүректен кейін, жүйке жүйесінің қызметі маңызды екенін ескерсек, әр адам бұл аурудың алдын-ала білуі тиіс. Шамадан тыс эмоцияға берілмей, кез-келген мәселені сабырмен шешуді қолға алған дұрыс. Себебі зақым келген жүйке талшықтарын қалпына келтіру оңай емес. Әрине, ауырған жағдайда дәрігерге қаралған абзал. Десек те аурудың алдын-алып жүйке жүйесін жақсарту үшін үй жағдайында мына қағидаларды орындап жүргеніңіз жөн.

- Тыныс алу жаттығуларын жасау

- Д және В тобындағы дәрумендерін қабылдау

- Табиғат аясында жиі серуендеу

- Позитивті ойлау, уайымдамау

- Классикалық ән тыңдау

- Массаж жасату

- Спортпен шұғылдану

Түйін

Қазақ ежелден «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді айтады. Халқымыздың басты байлығы адам өмірі мен оның денсаулығы. Жоғарыда біз тоқталған неврологиялық аурулардың бірнешеуі ғана. Сондықтан денсаулықты сақтап қалу ең алдымен өз қолыңызда екенін ұмытпаған жөн. Жүйке жүйеніздің саулығы денсаулығыңыздың кепілі!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға