Жаңалықтар

Нұр-Сұлтандық полицейлер өзенге батып бара жатқан әйелді құтқарды

Нұр-Сұлтандық полицейлер өзенге батып бара жатқан әйелді құтқарды
18.06.2022 16:26 1340

Елордалық полицейлер өзенге батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды El.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Таңғы сағат 05:14-те «102» арнасына елорда тұрғыны Бейсеков көшесінің бойындағы көпірдің маңында құрбысының өзенге батып бара жатқаны туралы қоңырау шалды. Оқиға орнына дереу Нұр-Сұлтан қалалық ІІБ патрульдік полиция полкінің екі бөлімшесі жөнелтілді. Оқиға орнына жеткен полицейлер суда жатқан әйелді көреді. Жағдайды әп-сәтте бағалап, уақытты босқа өткізбеген тәртіп сақшылары суға секіреді. Бірнеше секундтың ішінде олар суға батып бара жатқан әйелге жүзіп барып, оны құтқарды. Бұл ретте әйел көмек көрсетуден бас тартты. Полиция полкінің қызметкерлері Нұржан Жантаев, Ермек Жәкен және Ерсұлтан Сарыбаев оны жағадан қауіпсіз жерге шығарып үлгерді.

Анықталғандай, 30 жастағы келіншек көп ішімдік ішкен күйеуімен жанжалдасып, мұндай асығыс қадамға барған. Оған психологиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар профилактикалық әңгіме жүргізілді. 

Бұл полицияның белгілі бір жағдайларда адамдардың өмірін сақтап қалуы бірінші рет емес. Былтыр өрттен 70 жастағы ата мен үш айлық сәбиі бар әйелді құтқарғаны үшін полиция аға лейтенанттары Нұржан Жантаев пен Ерсұлтан Сарыбаев «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға