Жаңалықтар

Мейірімділік әлемді құтқарады

Мейірімділік әлемді құтқарады
11.02.2022 16:38 4025

Еліміздің батыс аймағынан бастау алған бейбіт шеру Алматы қаласында жалғасын тауып, арты өкінішке қарай қаңтар қасіретіне ұласқанын ешкім де ұмыта қойған жоқ. Саяси толқу, наразылық бастапқыда тек бейбіт түрде басталғанын ешкім жоққа шығармас. Алайда қаңтардың 5-6 күндері еліміздің оңтүстік шаһарларында жалғасқан бейбіт шерудің арты жаппай тәртіпсіздікке ұласып, қайғылы жағдай болды. Алматы қаласындағы маңызды стратегиялық нысандарды басып алуға тырысқан бүлікшілердің тәртіпсіздігі кезінде жазықсыз жапа шеккен қарапайым халыққа дер кезінде қол ұшын созып, көмегін аямаған мейірімді жандардың «көзсіз ерлігі» туралы аз-кем баяндағанды жөн көрдік.

Дамир Аманжолов

Дамир Аманжолов – 7 жылдық әскери стажы бар, бүгінде бірнеше кәсіп ашқан отандасымыз. 6 қаңтар күні жаппай тәртіпсіздік жасаған қарулы топ шаһардың әкімшілік ғимараты мен Президенттік Резиденцияны басып алмақ ниетте шабуыл жасағанын ести сала, Дамир бірнеше досымен бірге дәл осы маңызды нысандарды күзететін қарулас достарына жәрдем беру мақсатында аттанады. Өкінішке қарай бұл мезетте қалалық әкімшілік отқа оранған еді. Дамир достарымен бірге дер кезінде жетсе керек. Қалалық әкімшіліктің жертөлесінде әскери училище курсанттары қамауда отырған. Әкімшілікке шабуыл жасаған топты әскерилер ішке кіргізбегендіктен, олар есіктің айналасына өрт қойған.

Мейірімділік әлемді құтқарады

Ғимаратқа оқ жаудырған шабуылдаушылардың қатарында жүргендей кейіпке еніп, іштегі азаматтарға көмектесуге барын салады. Амалын тауып, жалынға оранған ғимараттан 40 курсанттың сыртқа шығуына жәрдемдеседі. Көп шуылдың ішінде жүріп, аяғы жаралғанын сезбесае керек. Бағына қарай резинадан жасалған оқ болып шығады. Дамир артынша Президент сарайына аттанып, онда бірнеше әскери жауынгерге көмектеседі. Әскери формадағы жігіттердің киімін ауыстыруға жәрдемдесіп, сыртқа шығарады. Айнала көк түтін, жер-жерден атылған оқ пен қолына түрлі құрал ұстап, жүгірген адамдардың ашу-ызасы оған еш кедергі болған жоқ.

Қаңғырған оқтың қаупі жоғары болса да, Дамир тәртіпсіз топ талқандап жатқан төмендегі дүкендердің қасына барып, мародёрлерге басу айтуға тырысады. Мүлікті талқандап, сындыруға болмайтынын айтып, қазақтың жігіттерін сабырға шақырады. Тіпті кейбір жалын шарпыған дүкендердегі отты өшіруге көмектеседі.

Әмір Сағындықов

Әмір – елордадағы Медицина университетінің студенті. Жасы 21-де. Шымкент қаласына каникулға келген болатын. 5 қаңтар күні Әмір нан алу үшін жақын маңдағы дүкенге шығып кетеді. Алайда дүкеннің жабық екенін көріп, кері оралады. Жолай 16 жас шамасындағы жаралы баланың жерде жатқанын көреді. Маңынан өтіп бара жатқан адамдар қоршауға алып, абдырап тұрғанын аңғарады. Ол оқ тиіп, жарақаттанған екен.

Мейірімділік әлемді құтқарады

Болашақ дәрігер жаралы адамда пульс жоқ екенін анықтап, бірден жүрегіне массаж жасайды. Алғашқы көмектен кейін оның жүрегі соға бастайды. Алайда дәл сол сәтте атыс басталып, Әмірдің оң бүйіріне оқ тиеді. Жараланғанына қарамастан, қасындағы ересек адамдарға алғашқы көмек көрсеткен баланы ауруханаға апаруын өтінеді. Өзі бірден әкесіне хабарласып, үйіне оралады. Кейінірек медициналық көмекке жүгінеді. Қазіргі таңда Әмірдің жағдайы жақсы, денсаулығы оңалып келеді. Оқтың ортасында қалса да, қансырап жатқан азаматқа медициналық көмек көрсетіп, үлкен адамгершілік танытқан Әмірдің бұл ісі көпке үлгі.   

Бибігүл Дәндіқaрaқызы

5 қaңтaр күні Aлмaтыдaғы Қaзaқстaнның Мемлекеттік Oртaлық музейіне де шaбуыл жaсaлды. Музей директорының орынбaсaры Бибігүл Дәндіқaрaқызы әдеттегідей алаңсыз қызмет орнындa болатын. Ортaлық aлaңдa жaппaй тәртіпсіздіктер болып жaтқaнын білген қызметкерлер музейге кіретін негізгі есікті жaуып алыпты. Бибігүл хaным жағдайды бейнекaмерa aрқылы монитордaн бaқылaп отырғaн. Сaғaт 15.30 шaмaсындa бүлікшілер aрaсынaн бір топ aдaм Нaзaрбaев көшесін өрлей, музейге қaрaй бет алғанын бaйқaйды. Сaғaт 16.00 шaмaсындa бір топ бүлікші мекеменің aртқы есігін сындырып, ішке кірген. Бибігүл aпaйдың aйтуыншa, шaмaмен екі жүздей aдaм болсa керек.

Мейірімділік әлемді құтқарады

Ішке енген бұзaқылaр «Aлтын aдaмды» және өзге де музейдегі aлтын жәдігер зaттaрдың қaйдa тұрғaнын көрсетулерін талап еткен. Бибігүл aпaй оларды барынша сабырға шақырып, ештеңеге тиіспеуін өтінген. Музей қызметкерінің сөзіне құлaқ аспаған олaр ғимaрaттaғы электронды құрылғылaрды қирaтa бaстaғaн.

Бибігүл хaным музейде тұрған жәдігерлер қазақ халқының өшпес мұрасы екенін алға тартып, бұлар жоғалса тарихымыз бірге жоғалатынын айтып жалынған. Қарулы топтың екпініне қарамастан, Бибігүл апай оларға музейдің халық мұрасы үшін өте керек екенін, оның қызметінің артықшылығын, құндылығын түсіндіруге тырысқан.

Бүлікшілердің бірқатары намаз уақыты кіргенде құлшылықтарын жасап, сәл тынышталғандай болыпты. Арада бірнеше сағат өткеннен кейін сырттан бұларға тағы екі адам келіп қосылған. Музей қызметкерлері олардың сөзінен әуежайға бет алатынын, ал музей ғимаратын штаб қылатындарын түсінген. Музейде бірнеше сағатқан бөгелген бүлікшілер сағат кешкй 9 шамасында бір aдaмның бұйрығымен сыртқa шығыпты.

Музей қызметкерлері бүлікшілерге сездірмей дәл осы уaқыттa жaрaлaнғaн 15 сaрбaзды жертөледе тығып отырғaн. Ғимарат орталық aлaңғa тым жaқын орнaлaсқaндықтaн, түрлі дәрежеде жарақат алған 15 шақты сaрбaз музей мaңaйындa сұлап жaтқaн. Зіңгіттей жігіттерді дәрменсіз күйін көрген олар еш әрекетсіз қалғанды жөн көрмейді. Жaрaлылaрды ішке кіргізіп, қолдарынан келгенше медицинaлық көмек көрсеткен. Бүлікшілер сезіктеніп қалмас үшін оларды жертөледе тығып ұстап, үйлеріне аман оралуларына жрдемдескен.

Мария Чечина

Мария Чечина Алматы тұрғыны. Халықаралық дәрежедегі заңгер. Бір жаралы сарбазды бүлікшілер қаңтар дүрбелеңі кезінде Мария тұратын үйдің кіреберісіне сүйреп әкеліп тастайды. Қабырғасы сынған жаралы жауынгерді көрген Мария ханым әрекетсіз қала алмады. Ол бірден көмек көрсету үшін сарбазды үйіне кіргізбек болған. Алайда әскери заңды аттап, тәртіпке бағынбаса қылмыс ретінде жауапкершілікке тартылатынын білетін жауынгер үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, үйге кіруден бас тартады. Егер ол үйге кіріп кетсе, қызметтік орынын өз еркімен тастап кеткенге саналды. Ал, ондай тәртіп бұзушылық үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мінекей әскери антына адал жауынгер қалай да қаруластары өздері оны іздеп таппайынша, орнынан еш қозғалмайтынын айтады. Осылайша ол үстінде тек гимнастеркасы ғана қалған, бет-ауыздары күйе басқан қарулас достары оны іздеп келгенше кіреберісте жатады. Үстіндегі күртешелері мен каскаларын бүлікші топ сыпырып алса керек. Жастары небәрі 19-20 жастағы жеткіншектер әскери антқа берік жауынгер ретінде маңызды стратегиялық нысандарды қорғауға тырысты.

Мейірімділік әлемді құтқарады

Мария сөзге келместен, жаралы сарбаздарды көлігіне салып алып, әскери бөлімнің өзіне жол тартты. Қара түтінге оранған шаһардағы жағдай қауіпті екеніне қарамастан, жауынгерлерді әскери бөлімге жеткізуге асықты. 

Мейірімділік әлемді құтқарады

Осылайша жарақат алған үш сарбаздың өмірін құтқарып қалды. Мария тек үйіне кері оралған да ғана қаншалықты өз басын қауіпке тіккенін сезінгендей болды. Осындай нағыз азаматтық әрекет, жүректегі мейірім көпке шуақ сыйлары анық.

Сегіз сері

Ал, мына азаматтың есімі – Тимур Цой. 5 қаңтар күні Алматы әуежайына келіп қонған «Asiana Airlines» авиакомпаниясының рейсінен түскен бірнеше жолаушыға көмектескен. Сеул-Алматы бағытында ұшып келген ұшақ әуежайға 19:50 шамасында қонады. Бұл уақытта бүлікшілер әуежайды басып алып, қиратуға көшкен сәт болатын.

Мейірімділік әлемді құтқарады

Әуежайдың ішіндегі алай-дүлей жағдай басталып кеткенде, абдырап қалған жолаушылар жан-жаққа қашып, бас сауғалауға тырысып жатты. Перронға басып кірген тәртіпсіз топ ғимаратты қиратып, қызметтік сондай-ақ жолаушылардың көліктеріне өрт қоя бастаған еді. Диспечерлер отыратын ғимаратты да басып алды деген сыбыс тарап үлгерді. Бейресми деректерге сенсек, сол сәтте әуежайды басып алуға келген бүлікшілердің саны 800 жуық болған. Ғимаратты астаң-кестең етіп жатқан хаос жағдай болса да, көптеген аэропорт қызметкерлерін эвакуациялауға тырысты. Тек қана бір перрон автобусы мен жалғыз көлік басқаруға мүмкіншіліктері барын пайдаланып, рейстен түскен жолаушыларды білдіртпей алыста орналасқан порттың техникалық ғимаратына жеткізеді. Эвакуацияланған жолаушылар сол жерде 12 сағат бойы тығылып, әуежайды бүлікшілерден босатып алғанша күткен. Осы уақыт аралығында бірнеше қызметкер жолаушыларға ауыз су мен тамақ сондай-ақ жылы жамылғы тасып, мейілінше қамқор болады. Ертеңінде тек таңғы сағат 9:00 шамасында ғана жолаушылар әуежайдан шығатын мүмкіндік алыпты.

Жолаушыларға көмектескен қызметкерлердің есімдері:

Фархат Сабитов – аэропорттың ауысым бастығы.

Қанат Берікұлы Супиянов – маңызды ұшулар жөніндегі вице-президент.

Аркен Нуранбеков – терминалдың ауысым бастығы.

Мун Су Ким – «Asiana Airlines» компаниясының әуежайдағы қызмет көрсету менеджері.

Тимур Цой – сапа бөлімінің менеджері.

Илья Макаров – жүк тасымалына жауапты машинист.

Тимур Ильясов – перрон агенті

Амангелді Аманкетаев – перрон автобусының жүргізушісі

Дәурен Тәліпов

Дәурен Тәліпов – Алматы облысына танымал ресторатор, қоғам қайраткері. 4 қаңтар күні Талдықорғанда да саяси толқу болды. Арты тәртіпсіздікке ұласып, қалада хаос жағдай орнады. Қалалық полиция ғимараты қиратылып, әкімшілік өртенді. 101,102 қызметтері істен шығып, қалада интернет жұмыс істемей тұрды. Мейрамханалар мен тамақтану орындары жабылды. Өрт сөндіру қызметі мен әскери мамандар сондай-ақ полиция қызметкерлері өз қызмет орындарында түнеп жұмыс істеуге тур келді. Осы бір қысылтаяң уақытта олар ас-ауқатсыз қалды, себебі қалада қозғалыс түгелдей тоқтады.

Міне осы сәтте жерлестеріне қол ұшын созған кәсіпкер Дәуренге ешкім өтініш айтқан жоқ.

Мейірімділік әлемді құтқарады

«Маған ешкім өтініш айтқан жоқ. Адамдар екінші тәулік тамақсыз қалса да, қызметтерін тоқтатқан жоқ. Елдегі жағдай ушығып тұрды. Сол себепті қол астымда жұмыс істейтін аспаздарға қоңырау шалып, жиналуымыз керегін, ас-ауқат пісіріп, керекті жерлерге жеткізу керегін айттым. Қалада қоғамдық көліктердің тоқтағанына байланысты аспаздар бастарын қауіпке тіксе де, таксимен межелі орынға жетті. Тіпті жаяу келгендер де бар. Бірнеше күн бойы үздіксіз тамақ пісіріп, 400-500 порциядан үлестіріп, бүкіл қала бойынша жеткізумен айналыстық»,- дейді Дәурен сол күндерді есіне алып.

Дәуреннің командасы әскери қызметшілермен алдын-ала телефон арқылы тілдесіп, келісіп алған. Себебі, олар қарудан оқ атуы мүмкін еді. Қандай белгі беретіндерін келісіп, тамақ жеткізген адамдарды еш кедергісіз өткізетіндей еткен. Осылайша оларға ыстық тамақ жеткізіп, қолдарынан келгенше көмектескен. Ал, қаладағы толқудың үшінші күнінде Талдықорған қаласындағы Тергеу изоляторына шабуыл жасалғанда да бұлар тамақ жеткізуді доғармапты. Тіпті Абай көшесі бойында болған атысқа тап келген екен.

«Жан-жақтан оқ жаудырды. Біз тіпті қатты жылдамдықпен қашуға тырыссақ та, БТР көлігі қоршауға алды. Шамасы олар бізді бүлікшілер деп ойлап қалса керек. Менің көлігімде аспаз әйел отырған болатын. Тіпті сұмдық соққыдан кейін есімізден танып қалдық. Ауруханада ес жидық. Жедел жәрдемді ешкім шақырмапты. Қайта жолымыз болғыш екен, атыс кезінде сол жерден табылған адамдар бізді өз көліктеріне салып алып, ауруханаға жеткізіпті»,- дейді Дәурен.

Дәурен мен аспаз апайға бірнеше ота жасалып, енді-енді оңалып келе жатыр екен. Денсаулықтары жақсы.

Қос құрбы – Елена Сомова мен Елена Вылегжанина

Қаңтар қасіреті атанған сол бір күндері қос құрбы 4 адамнан тұратын бір отбасыға көмектесті. 5 қаңтар күні әсем Алматынының төбесіне қара бұлт үйіріліп, аумалы-төкпелі сәт орнағанда қос құрбы бір жерде қонақта болған. Шаһардағы жағдайды ескеріп, сонда түнеуге қалыпты. Алайда түнде Елена Сомованың телефонына ескі танысы қоңырау шалып, Алматы әуежайында қамалып қалған туысын алып кетуін өтінеді. Әуежайды астаң-кестең еткен бүлікшілердің дауысы, жылаған әйел мен бала-шағаның қорғансыз үнін естіген қос құрбы «еш әрекетсіз үйде жатқанымыз жарамас» деп тәуекел етіп, әуежайға қарай жол тартады.

Мейірімділік әлемді құтқарады

Анықталғандай қиын жағдайға түскен отбасы бала-шағасымен Алматыға Шри-Ланкадан ұшып келген екен. Аэропортты дәл бүлікшілер басып алған сәтке тап болып, қолайсыз жағдайға түскен. Ертеңінде Көкшетауға ұшуы тиіс болса керек, бір күн ару Алматыны аралаймыз деп шешкен. Алайда жоспарлары тас-талқан болған отбасының Германияда тұратын апайы Еленаға қоңырау шалып, құтқаруын өтінген.

Қос құрбы әуежайға жақындай бергенде нөмірі жоқ көптеген көліктің солай қарай ағылып жатқанын аңғарады. Әуежай әлдеқашан бүлікшілердің қоршауында болыпты. Олар тұрақта тұрған көліктерді аяусыз төңкеріп, өртей бастаған кезі болса керек. Бірқатар жолаушылар сол төңіректегі «Экипаж» қонақ үйінің холлында бас сауғалаған екен. Ішке енген қос Еленаға көз жастарын көл қылып, жүгірген әйелдер көп болыпты. Бәрінің де тілегі тек біреу – осы жерден тезірек кету. Жалынып, жалбыранғанмен екі есікті «Паджеро» көлігіне олар алып кетуге келген отбасы мүшелерінен басқа ешкімді сыйғызу мүмкін емес еді. Өздерін күтіп отырған отбасын алып, «Айнабұлақтағы» Еленаның үйіне барған. Қонақтар сол күні Еленаның үйінде түнеп, келесі күні оларды үй иесі теміржол бекетіне жеткізіп, Көкшетауға қатынайтын поезға отырғызып жіберген.

Көп балалы Бибінұр Шералиева

Бибінұр ханым Президент сарайын басып алған сәтте 8 жаралы сарбаз бен бірнеше азаматты құтқарып қалған. 5 қаңтар күні ол өз жүргізушісі сондай-ақ бірнеше еріктілермен бірге орталыққа жақын орналасқан жерде болады. Бүлікшілер резиденцияны қалай басып алғанын көздерімен көріп, өртке куә болады. Аталмыш ғимаратта жауынгерлерді еркінен тыс ұстап отыр деген ақпаратты ести сала, айналадағы қауіпке қарамастан, бүлікшілермен сөйлесіп, оларды сыртқа шығаруға көмектесуге көндірген.

Мейірімділік әлемді құтқарады

«Қулыққа басуға тура келді. Бар күшіммен айқайлап, баламды іздеп жүрген адамдай ішке кіруге тырыстым. Мен дәрігермін, баламды құтқаруым тиіс, мұндағы адамдарға көмек керек, балам қайда деп айқайға бастым»,- дейді Бибінұр апай.

Осылайша ол жүргізушісі екеуі бірнеше жаралы сарбазды іштен шығарып, қалалық №12 ауруханаға жеткізген. Тіпті бірнеше рейс жасап, 40-қа жуық азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіпті.

   Евгений – Алматы тұрғыны

Қаңтар дүрбелеңі кезінде қақтығыс аймағында болған жігіт жарақат алған жігіттерге көмектескен. Дәл сол күндері жедел жәрдем қызметкерлері оқиға болған ыстық нүктелерге жете алмай қалды. Қаладағы жағдай күрделеніп, көшеде қатынау мұңға айналған еді. Қарапайым таксист әрі курьер Евгений жедел жәрдем жете алмаған көшелерде көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созды.

Мейірімділік әлемді құтқарады

Евгений өз көлігімен ауруханаға 8 рет қатынап, бес жаралы сарбаз бен шеруге шыққан 6 жарақат алған азаматты сондай-ақ ішіне оқ тиген бір әйел азаматшаны құтқарған.

«Кімнің кім екеніне қараған жоқпын, бәріміз де адамбыз, олардың өмірін құтқару – менің басты ұстанымым болды. Шеру кезінде шеткері жалғаз тұрған бір жігітке оқ тигенін өз көзіммен көрдім. Оған қарай бірнеше адам жүгіріп барды. Мен бірден көлігімді тоқтатып, оны ішке көтеріп кіргіздік. Өкінішке қарай, оқ маңдайына тиген екен, қан сорғалап тұрды. Тірі қалмады. Жаңа ғана тірі болған адам, бір сәтте жоқ болды. Бұл жағдай маған қатты әсер етті. Кейін үйге жеткеннен кейін көлігіме оқ атылғанын байқадым. Бағыма қарай қаңғырған оқ қиғаш тесіп өткен»,- дейді Евгени сол дүрбелең сәтті есіне алып.

13 қаңтар күні Евгенийдің үйіне полиция қызметкерлері барған. Ол полиция бөлімшесіне барып, болған оқиғаны баяндап берген. «Мені босататындарына сенімді болдым, себебі мен ұрлық жасаған жоқпын, тәртіп бұзбадым. Керісінше қансырап жатқан адамдарға көмектесіп, өмірлерін құтқаруға барынша қол ұшын создым. Белгілі бір уақыттан кейін, полиция қызметкерлері мені үйге босатты»,- дейді ол.

Александр Щербаков

5 қаңтар күні Алматы әуежайындағы бардың администраторы Александр Щербаков еш алаңсыз күнделікті жұмысын атқарып тұрған болатын. Кенет аэропортта дүрбелең басталып кетеді. Бұл бәріне де күтпеген жағдай болды, олар абдырап, не істерлерін білмей сасқалақтап қалды. Залға жүгіріп кірген жолаушылар «Әуежайға шабуыл жасалды» деп үрейлене айқайлаған. Терезеден сыртқа көз тастаған Александр аэропортқа қарай бет алған үлкен топты байқайды. Көбінің қолында таяқ болған.

Мейірімділік әлемді құтқарады

(Солдан оңға қарай қызғылтсары күртешедегі Александр Щербьаков)

Дәл осы сәтте бардың ішінде Александрмен бірге екі бармен сондай-ақ Ресейден ұшып келген 9 жолаушы болыпты. Олар Алматы арқылы басқа қалаға ұшу үшін рейстерін күтіп отырған. Әрине алаңсыз отырған жолаушылар абдырап қалғаны сөзсіз. Әуежай маңында тұрған көліктер отқа оранып, қиратылып жатқанын көрген Александр жолаушыларды ұшу жолағы арқылы ғана сыртқа шығаруға болатынын меңзейді. Себебі, бұл уақытта аэропорттың орталық есіктері түгелдей жабылған еді. Ұшу жолағына да жеткен бүлікшілер алдарынан шығыпты. Біреуі Александрды жағадан алып, жылдам әуежай басшылығына апаруын талап еткен. «Мен ештеңе білмеймін, мен жолаушымын» деп құтылған ол шет елдік жолаушыларды қауіпсіз аймаққа шығаруды көздейді. Бүлікшілер Александрды жібере салған соң, порт қызметкерлерінің бірі сыртқа шығатын есікті ашып, жолаушыларды эвакуациялауға жәрдемдеседі. 12 адамнан құралған жолаушы ұшу жолағына шығып, трассаға қарай қашады. Дәл осы кезде қызметтік бусикті тізгіндеген Юрий есімді қызметкер жолаушыларды көлігіне отырғызып, Қарабұлақ кентіне алып кеткен. Қиын жағдайға тап болған жолаушылар мен бар қызметкерлері хостелге тоқталып, түнеген. Жолаушылар 4 тәуліктен кейін әскери борттың көмегімен Ресейге ұшыпты. Ал, Юрий қызметтік бусигімен әуежайға 5 рет оралып, жолаушыларды құтқаруға көмектескен.

Дана Сүлейменова

Дана Сүлейменова Алматы әуежайына өте жақын тұрады. 5 қаңтар күні Дана көз алдында бүлікшілер әуежайды басып алғанын көреді. Кешкі сағат 8 шамасында ол қауіпсіздік үшін үйдегі анасы мен баласын туысқандарының үйіне апарып тастайды. Баспанасын қараусыз қалдырғысы келмеген ол кері оралады.

Мейірімділік әлемді құтқарады

Қайтар жолда әуежайға баратын жолдың бәрі жабылғанына байланысты төте жол арқылы келеді. Көлігін қауіпсіз жерге бір қуысқа қояды. Сол сәтте қолдарында чемодандары мен сөмкесі бар бес адамды көреді. Олардың түрінен қорқып қалғандарын аңғарады. Дана: «Жігіттер бәрі жақсы ма? Көмек керек пе?»,- дейді. Жастар Астана тұрғындары екен. Жаңа жыл мерекесін қарсы алуға келген болып шығады. Сол күні елордаға ұшуы тиіс екен. Әуежайда дүрбелең басталып кеткенде олар бір қызметкердің көмегімен ұшу жолағы арқылы складқа шыққан. Склад маңындағы Дана тұратын үйдің ауласына келген екен. Сол сәтте Данаға ұшырасыпты. Дана сөзге келместен жас қыз-жігіттерді үйіне шақырып, өз-өздеріне келуіне көмектеседі. Олар телефондарын қуаттап, тамақ ішіп, үй иесіне алғыстарын білдірген.

Жолаушылар таксистке хабарласып, алып кетуін өтінеді. Алайда жүргізуші жолдың жабық екенін алға тартып, оларды тек ГРЭС-тің маңынан күтіп алатынын айтады. Дана бірден оларды межелі орынға дейін жеткізіп, таксистке табыстайды. Жақындарының үйіне түнеген астаналық жолаушылар келесі күні поезбен жолға шығыпты.

Халық арасындағы «Мейірімділік әлемді құтқарады» деген тамаша тәмсіл дәл осы жүрегі ізгілікке толы, жақсылық жасауға құштар жандарға арналып айтылса керек. Олардың азаматтық ұстанымы мен мейірімге толы әрекеті – көпке үлгі.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға