Қандастар Ассамблея

Мария Даниленко: «Тамақсыз өмір сүрсең де, ауасыз өмір сүру мүмкін емес».

Харьков педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетінде алаңсыз білім алып жатқан 3-курс студенті Мария Даниленко сталиндік озбыр саясаттың құрбаны болам деп еш ойламаған еді. Отбасында бір бала тәрбиелеп, бақытты күн кешіп жатқан болатын. Жалғыз күнде оның өмірі күл-талқан болды. Ойламаған жерден алдымен өмірлік серігі еш жазықсыз тұтқындалып, артынша ол да «Отанын сатқандар отбасының мүшелеріне» арналған лагерьге жеткізілді.

Назарларыңызға 2010 жылы жарық көрген «КарЛАГ: нәубет жылдардың жазылмас жарасы» атты естеліктер жинағына енген Мария Даниленконың тұтқындағы азапқа толы өмірін суреттеген естелігін ұсынып отырмыз.

Даниленко Мария:

Қаншама жылдар жылжып өтсе де, тар жерде босқа өткен жастық шақтың, қан жылаған аналық сезімнің тақсыреті, институттан шығарып қорлағандардың азабы, темір торда торыққан өмірдің зардабы ешқашан ұмытылмайды екен. Сол уақыттағы «Не үшін мені осының бәрінен айырды?» деген сауап көкейімде қазір де сайрап тұр.

Өмірім өтіп жатыр. Мен 27-демін. Сүйікті жарым мен ұлым бар, өзім Харьков педагогикалық институты орыс тілі мен әдебиеті факультетінің 3-курс студентімін. Болашаққа деген үмітім зор.

1937 жылы 29 қазанда күйеуім Иван Даниленконы тұтқындаған сәтте осының бәрінің күлі көкке ұшты. Большевиктердің идеалына күмәнсіз сенген Иван Отанына адал қызмет етті. Өз еңбек жолын комсомолдан бастап, Харьков университеті әдебиет факультетінің журналистика бөлімін тәмамдады. Мен лагерьден оралғанда, есейіп қалған ұлым менен: «Мама, әкем қайда?» - деп сұрады. Оған әкесінің мен кездестірген адамдардың ішіндегі ең абзалы болғанын айттым. Күйеуіммен бірге кешкен бақытты жылдарым үшін өткен өміріме, лагерьде сарп болған бүкіл жастық шағыма өкінбеймін. Ұлым: «Егер ол сондай ғажайып адам болса, оны ұстамас еді ғой»,-деп жауап берді.

Ұлымның бойын кернеген өкініш пен ызы ұзақ уақыт тарқамады. Ол өзінің өмірбаянын жасырып, ешкіммен араласпады. Мен оралғанда да, бір-бірімізге жат болып кеткен екенбіз. Балам бостандықта жүріп, өзінің «халық жауының» баласы ретінде тартқан азаптарының барлығын да мені кінәлі санайтын. Бұл трагедия өте ұзаққа созылды.

Қазан төңкерісінің 20-жылдығы, Иванмен таныстығымыздың... отбасымыздың күйреуінің, махаббатымыздың 10-жылдығы секілді түрлі мерейтойлы оқиғаларға толы 1937 жылға оралайық.

Үйді тінтуге келгенде, мен күйеуіммен «Ваня, не болып жатыр?» -деп сұрағанымда ол: «Мен ештеңені де түсініп тұрған жоқпын»,- деп жауап берді. Мен күйеуімді түнделетіп түрменің темір торлы терезелерінен, НКВД-НІҢ Харьковтегі Басқармасының ішінен іздедім. Барлық іздеген еңбегім зая кетті, істің түбіне жету мүмкін болмады.

Иванды тұтқындағаннан кейін үш күн өткен соң мені институттан шығарды, бірақ түрлі орындарға барып, көп жүгіріп, кеңестік бақылау комиссиясының көмегімен оқуға қайтадан қабылдандым. Ежелгі тарих пәнінен емтиханға дайындалып жатқанмын, 1938 жылы түнгі сағат 11-де мені әкетуге келді. Мен күйеуімді тезірек босатар деп жүргенмін, енді өзімді әкетуге келгенде, оларға не керек екенін түсіне алмадым. Ертең емтихан екендігін, соған байланысты олармен еріп бара алмайтынымды айтып, түсіндіріп жатырмын. Мен өте аңғал едім. Олар маған: «Жүресіз, біраз сұрақ қояды да, жібереді», - деді. Қойған сұрақтары үшеу: күйеуімнің кімдермен араласқаны, үйде кімдердің болғаны, олардың не жайлы айтқандары. Жалпы алғанда, ақымақ сұрақтар. 1938 жылдың наурызында лас дәлізде маған өзінің «Отан сатқыны отбасының мүшесі» ретінде 8-жылға кесілгенімді, одан кейінгі құқықтарымнан да айырылғанымды айтты.


Алдында ұлымды да балалар үйіне әкеткілері келді, бірақ жанымда анам болғандықтан, ол аман қалды. Володяның әкесі тұтқындағанда, ол енді-енді мектепке барып жүрген. Анам жақын жердегі деревнияда тұратын, мен оған телефонмен хабарласып, емтиханға дайындалуыма байланысты баламды қарай тұруымды өтіндім. Шешем біздің үйге тіркеуде жоқ болатын, сондықтан да мені қамауға алғаннан соң үйді мөрлеп, жауапты да, баланы алып, деревнияға кетіпті. Аяғымда – туфли, басымда – телпек, сол қалпымда түрмеге кете бардым. Мен сияқты түкпірде өскен тәрбиелі қыз үшін түрме деген – үш ұйықтаса, түске енбейтін нәрсе. Адамдардың соншалықты көптігінен емес, тышқандар мен егеуқұйрықтардан қорықтым.

Түрме өте қорқынышты екен: камерада 200 әйел отырды, тыныстайтын ауа жоқ, қапырық, далаға да серуенге шығармайды. Дәретке отыратын ыдыс алдыңғы жақтағы бұрышта тұр және барлығының көзінше дәретке отырасың. Осының барлығы шалғайдан келген жас қыз үшін қаншалықты азап болғанын көз алдыңызға елестете аласыз ба?! Бізге тамақты денелерін жазулар, суреттер басқан қызметкерлер әкеледі де, баланда салынған бақты кір-кір еденге қойып: «Контриктер, асаңдар!» - деп тамаққа түкіріп кететін. Мен жиіркеніп, ештеңе жемей қоятынмын. Осылайша жарты жыл өтті.


Шілдеде бізді шала-шарпы жасалған сәкілер бар жүк вагондарына артып, «Отанын сатқандар отбасының мүшелеріне» арналған лагерьге әкетті. Екі апта жол жүрдік, айдауылдар күзеткен тұтқындар бар арнайы пойыздарды үлкен қалаларда халықтың сөзі мен көзінен таса тұйықтамаларға тықты. Тек Сызрань қаласында ғана иттер мен қарулы айдауылдар күзеткен тұтқын әйелдерді қалалық моншаға апарды. Мұндай этаптарға көзі үйренбеген қала тұрғындары әбігерге түсті. Шомылып жатқан ересек әйелдерді күзетуге қойған 18 жастағы жас айдауылдардың мазақ қылып, қарқылдаған күлкілері әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Олардың күлкілерін келтірген – аштықтан, қайғысынан, қорқыныштан жаны жанышталған сорлы әйелдердің азып-тозған, ұсқынсыз жалаңаш тәндері.

АЛЖИР. Ақмоланың шексіз кең даласы, аспан, жер және Кеңестер елінің тамаша әйелдері. Бізді пойыздан алаңға түсірді. Мен толассыз аштықтан және таза ауамен бірден дем алғандықтан қатты әлсіреп қалдым. Тұтқын агроном әйел: «Қалай қыламыз? Оны қайда қояйық?» - деп сұрап еді, оған: «Қолына сыпырғыш беріп, қырман сыпыртқызу керек», - деп кеңес берді. Менің де одан артыққа шамам жоқ еді. Кейін әйелдер: «Шашың мен терің болмағанда, Мария, баяғыда шашылып қалатын едің», - деп қалжыңдайтын болды.


Бізді айдауда болған кулактар салған ескі барақтарға орналастырды. Жаз бойы әйелдер 18 құрылыс нысанын, асхана, астық қоймасын, мал фермасы мен су тартқыш салды. Жолым болғаны сол, мен тоққа жіберілдім. Ол жерде таза ауа жұтып, уыстап бидай жеуге мүмкіншілік туды. Бір айдың ішінде әлденіп, лагерь жұмыстарын атқаруға жарай бастадым. 1938 жылы арпа төмен өсті де, шалғыға ілікпей, егінді қолмен оруға тура келді.

Тоқта жұмыс істеп жүргенде астықты жаңбырдан қорғадық, қар тоқтаттық, барақтарды жылыту және себет тоқу үшін қамыс шаптық.

Бізбен бірге Энкер деген бір қария коммунист отырды. Лагерьге дейін ол Харьковтегі «Красная нить» фабрикасының директоры болыпты. Ол АЛЖИР территориясында тоқу-тігін фабрикасын ұйымдастыру қажеттігі туралы идеясын айтты.

Энкердің айтуынша, бір жағынан, өте көп санды тұтқындар жұмыспен қамтамасыз етіледі, екінші жағынан, құрылыс пен егістіктегі жұмысқа қарағанда тігін цехында жұмыс істеген жеңілірек. Күзге қарай тігін фабрикасы іске қосылды. Біз қалған қиындылардан өзімізге аяқ киім, қолғап тігеміз.


Алты ай камерада қамауда отырғанда менің үнемі тынысым тарылатын. Фабрикада өте қапырық болды, қабырғалар да тықсыратындай көрінетін. 360 адам бір уақытта сығылысып ұйықтайтын барақтың мүңкіген иісі қолқаңды ататын. Әйелдер әйтеуір өлместің күнін көріп, қоқыстарда жатқан қалдықтарды жинап әкеліп, талғажау қылатын бірдеңе пісіреді. Оның жағымсыз сасық иісі бүкіл барақты алып кететін. Айдауыл бізді орнымызға әкелгенде, сасық иістен барақтың ішіне кіруге жиіркеніп, адамдарды кезекші кемпірлердің біреуіне санататын. Біздің әйелдер қалжыңдап: «Біздерді алтындай қорып, б... сияқты бағалайды», - дейді.

Сол кезеңнен бастап менің түсінгенім – тамақсыз өмір сүрсең де, ауасыз өмір сүру мүмкін емес екен. Мен фабрикада қайтадан ауылшаруашылық жұмыстарына сұрандым. Бізді қанша күзетсе де, аузымызды тыя алмады: бірде сәбіз, бірде картоп болсын, әйтеуір бірдеңеннң талғажау етеміз.

25,30,50 градус аяздарға да, 50 градус аптап ыстықтарға да шыдап, жұмыс істедік, сөйтіп жүріп нормаларды асыра орындайтын едік. Біздің еңбегіміздің арқасында лагерьдің бастығы Дробышевтың бірде мадақталған кезі де болды.Бірде ол өзінің кезінде лагерьге жұмысқа тұруға қорыққандығын мойындап, сыр бөлісті.


Бұл туралы мәселеге ерекше тоқталған жөн. Қамаудағылардың 90% жоғары білімді мамандар болды. Арамызда ленинградтық профессура, Харьков опералық театрының барлық труппасы, инженерлер, техниктер, құрылысшылар, дәрігерлер, геологтар, мұғалімдер – 100 шақты мамандықтың иелері болған шығар. Сонымен бірге суретшілер... Лагерьде оларға қатысты әрі күлкілі, әрі көңілсіз бір оқиға есіме түсіп отыр. Қыздар асхананың қабырғаларын безендіру үшін әйелдердің іш киімдерін қайнатып, бояу жасаудың жолын ойлап тапты. Ленинградтағы Көркем академия суретшілерінің сол бояумен салған суреттері тамаша болып шықты.

Кейін арамыздағы әлділеулерін Қарағандының маңайындағы Катур бөлімшесіне жіберді. Бұл аралас лагерь екен. 1941-43 жылдар өте бір ауыр, ашаршылық жылдары болды. Бұл жерде мен басқа заңдылықты таныдым: әйелдердің көбісі кез-келген қиыншылыққа бейімделгіш келгендіктен, аман қалды да, еркектер шыбындай қырылды. Олар аштықты басу үшін тұзды суды көп ішіп, артынан ісініп-кебініп, өле берді, өле берді...

Суреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды.

Ұқсас материалдар