Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты балық аулағаны үшін сотталған азаматтардың жазасын жеңілдетуді сұрады

Мәжіліс депутаты балық аулағаны үшін сотталған азаматтардың жазасын жеңілдетуді сұрады
Фото: egemen.kz 15.06.2022 17:41 1271

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Серік Ерубаев ҚР Бас прокуроры және Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке Мәжіліс отырысында сауал жолдады, - деп хабарлайды El.kz.

– Каспий теңізінің жағалауындағы Атырау және Маңғыстау облысының сайлаушыларымен кездескен кезде сол өңірдің балықшы қауымдастығының миллондаған айыппұл төлеп, тіпті кейбіреулері сотталып түрмеге қамалған азаматтар мен олардың отбасыларының жан-айқайын көрдім. Оған себеп Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 335 және 339 баптарының өте қатаңдығы. Мысалы, Қарақия ауданының тұрғыны өзінің жеке көлігімен балықшылардың балығын апарып беруге жалданғаны үшін 339 баппен 5 жылға сотталып, мүлкі тәркіленіп, 145 млн 290 мың теңге айыппұл салынған, - деді Серік Ерубаев.

Оның айтуынша, Қылмыстық Кодекстегі заңның қаталдығы соншалық, тіпті кісі өлтіріп қылмыс жасаған адамдарға дәл осындай қатал жаза шаралары қарастырылмайды.

– Өкілетті органдардың әрекетсіздігінен балық аулаумен күн көріп отырған жергілікті халық Қылмыстық Кодекстің қармағына түсуде. Атыраудың өзінде 2021 жылы 89 іс қозғалып, 50 адам жауапкершілікке тартылып, соның ішінде 335 баппен 21 адам, 339 баппен 29 адам сотталған. 2022 жылдың 5 айының ішінде 15 адам сотталып кеткен. Маңғыстаудағы көрсеткіштер де мәз емес, - деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға