Жаңалықтар

Із-түссіз жоғалған адамды қалай іздеу керек?

Іздестіру бөлімінің мамандары жауап берді
Із-түссіз жоғалған адамды қалай іздеу керек?
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 09.02.2022 11:54 5713

Үйден шығып кетіп еді, қайта оралған жоқ. Бүгінде қаншама ата-ана мен бауыр-туыстан осы сөзді естиміз. Адамдар неге жоғалады? Із-түссіз жоғалғандар неге жиілеп барады? Жақын адамыңыз хабар-ошарсыз кетсе, не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Нұр-Сұлтан қаласы Полиция Департаменті Криминалдық Полиция басқармасы Із-түссіз жоғалғандар бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Асылханов Нұрғали Рүстемұлымен сұқбаттасқан болатынбыз.

Із-түссіз жоғалған адамды қалай іздеу керек?

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция Департаменті Криминалдық Полиция басқармасы Із-түссіз жоғалғандар бөлімінің берген статистикалық мәліметтеріне сүйенсек 2021 жылы 102 қызметіне із-түссіз жоғалғандар бойынша 4336 арыз түскен. Оның ішінде 2618 адам ізін суытпай табылған. 1718 (кәмелетке толмаған балалар – 825) арыз бойынша іздестіру ісі қозғалған. Іздестіру ісін қозғамай 435 адам табылған.

Із-түссіз жоғалған адамды қалай іздеу керек?

– Нұрғали Рүстемұлы, адам жоғалған жағдайда не істеу керек? Қайда хабарласу қажет? Ауруханалар мен мәйітханаларға қоңырау шалған дұрыс па?

– Жақын адамыңыз жоғалып кеткеніне сенімді болсаңыз, тұрғылықты жердегі Полиция бөлімшесіне барып, арыз беріңіз. Іздестіру бөлімінің қызметкерлеріне жоғалған адамға қатысты барлық мән-жайды айтасыз. Немесе «102» қызметіне хабарласыңыз. Ауруханалар мен мәйітханаларға қоңырау шалып, уайымға салынудың қажеті жоқ. Іздестіру қызметінің қызметкерлері арыз түскеннен кейін қажетті орындарға хабарласып, жоғалған тұлғаны іздеу жұмыстарын жүргізеді. Криминалдық Полиция басқармасы Қылмыскерлерді іздестіру, Із-түссіз жоғалғандарды іздеу бөлімі және Анықталмаған мәйіттерді анықтау бөлімі бірлесіп жоғалған тұлғаларды анықтаймыз.

– Іздестіру шаралары кезінде жоғалған тұлғалар туралы қандай ақпараттар маңызды?

– Іздестіру кезінде жоғалған тұлға туралы барлық ақпараттар маңызды. Ол азаматтың телефоны мен құжатының нөмірі, таныстары мен достарының мекенжайлары сұралады. Сонымен қатар ерекше белгілері (тұлғаның тыртықтары, меңдері, дене әшекейлері, дене ақаулықтары және олардың орналасу жерлері, есте сақтау қабілетінен айырылуды тудыра алатын жарақаттары), созылмалы аурулары туралы ақпарат маңызды. Және де шашы, бойы, жоғалғанға дейінгі киген киімдеріне де ерекше назар аударылады. Біз қажетті мәліметтерді арнайы жүйеде тексереміз.

Із-түссіз жоғалған адамды қалай іздеу керек?

– Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы бойынша із-түссіз кеткендердің ішінде табылмағандары бар ма?

– Жыл басталғалы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша табылмаған 3 адам бар. Олардың біреуі кәмелетке толмаған бала. Жасөспірім кеше жоғалып кетті. Қазір полиция қызметкері сол арыз бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Тергеу ісі барысында жасөспірімді ата-анасы дұрыс қадағаламағаны анықталды. Бала өз бетімен кеткен. Жасы он алтыда. Қалған 2 азамат бұрын үйінен кетіп жүрген кісілер. Үнемі спирттік ішімдіктер ішеді. Бір-екі апта ішімдікке салынып, қайта табылып жататын кездері болады. Ол екі азаматтың жоғалғаны туралы осы жыл басынан бері 2-3 рет арыз түсті.

– Балаларды іздеудің ересектерді іздеуден айырмашылығы бар ма?

– Біз кез келген жоғалған тұлғаны дер кезінде іздеп табуға тырысамыз. Егер балалар жоғалды деген хабарлама түссе патрульдік полиция, жеке құрам, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар және еріктілермен бірігіп іздейміз.

Із-түссіз жоғалған адамды қалай іздеу керек?

– Күніне адам жоғалғаны туралы орта есеппен қанша арыз түседі?

– Күніне шамамен 5-6 арыз түседі. Олар тәулік бойында табылып жатады. Өздері табылғандары болады. Бала сабақтан шықты. Содан кейін телефондары сөніп қалатын жағдайлар кездеседі. Оқушы сыныптастарымен көшеде ойнап, үйіне әдеттегі уақыттан кеш келуі мүмкін. «Балам жоғалып кетті», «мектептен уақытында келмеді», «ұялы телефоны сөніп тұр, хабарласа алмай отырмыз» деген арыздар жиі түседі.

– Хабар ошарсыз кеткендерді қанша уақыт бойы іздейсіздер? Іс қанша уақыттан кейін тоқтатылады?

– Жоғалғандарды табылғанға дейін іздеуді тоқтатпаймыз. Егер тұлға 10 жыл ішінде табылмаса іс тоқтатылады. Хабар-ошарсыз кеткен адамның атында жеке мүлкі немесе үйі болса, 10 жылдан кейін өлгендер санатына жатқызып, іс сотқа жіберіледі.

Із-түссіз жоғалған адамды қалай іздеу керек?

– Жоғалғандар неге оралмайды? Оларды қаншалықты іздейді?

–Тәжірибеге сәйкес әйел адамдарға қарағанда ер адамдар жиі жоғалады. Олар көбінесе спирттік ішімдік ішетіндер және отбасындағы жиі болатын жанжалға шыдамай үйінен кетеді. Кейбіреулері қайда кеткендерін айтпайды. Туыстарын паналайды, уақытша маусымдық жұмыстарға, автокөлік немесе жүк тасымалына байланысты алыс жолға кетуі мүмкін.

Із-түссіз жоғалған адамды қалай іздеу керек?

– Іздестіруге қанша уақыт кетеді?

–Іздестіруге нақты осыншама уақыт кетеді деп айта алмаймыз. Біреулері тәулік ішінде, екіншілері бір жұмадан кейін табылатын кездер болады. Кейбір тұлғалар жылдар бойы іздеуде болады. Адам жоғалған күннен бастап арыз түскеннен кейін бүкіл республика бойынша бағдар береміз. Сол бағдар арқылы іздеу жұмыстары жүргізіледі. Жылына бірнеше рет «Қаңғыбас» жедел алдын алу шарасын жүргізіп отырамыз. Шара барысында тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғаларды анықтап, тексеріп жүйеге енгіземіз. Бағыттамалар күнделікті жаңартылып отырады. Сергек және Жедел басқару орталығының камералары арқылы іздейміз. Ұлттық ұланның сарбаздары, патрульдік полиция патрульге түседі. Егер жоғалған тұлға тәулік ішінде табылмаса қылмыстық іс қозғалады.

   Мектепке кеткеннен қайтып оралмады

Оқиға осыдан үш жыл бұрын Ақмола облысына қарасты ауылдардың бірінде болған. Санжар әдеттегідей ауыл мен мектепті байланыстыратын жалғызаяқ жолмен мектепке барып-келіп жүріпті.

– Қыс мезгілі болатын. Жасөспірім бала жоғалып кеткені туралы хабар келіп түсті. Тергеу тобы баланы үйінен мектепке барар жолға дейін іздеді. Өкінішке қарай, ертесіне баланың өлі денесі кәріз құдығынан табылды, – дейді Іздестіру бөлімінің басшысы.

Кейінірек белгілі болғандай бала мектептен шығып, үйіне тезірек жету үшін қысқа жолмен жүрген. Жолдың екінші бетінде сырғанақ болған екен. Ойын баласы соған барар жолда кәріз құдыққа түсіп кеткен.

– Іздестіру бөліміне келіп түсетін арыздардың басым бөлігі жасөспірімдер мен балаларға қатысты. Сондықтан ата-аналарға, мектептегі ұстаздарға балаларыңызға мұқият болыңыздар деп ескертеміз. Балаларды қадағалаусыз қалдыруға болмайды, – дейді полиция подполковнигі.

Өкінішке қарай, мұндай жағдайлардың соңы қайғылы оқиғаларға ұласып жатады. Әсіресе, шомылу маусымында суға батып, бақилық болып кеткен балалар ата-ананың бақылауынсыз қалғандар қатарынан екені анықталып жатады. Шалғайдағы ауылдарда да қадағалаусыз қалған балалар жиі жоғалып кетеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған

Өзбекстан азаматшасы Нұр-Сұлтан қаласында жолдасымен және балаларымен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жатқан. Күйеуі "келіншегім мен балаларым айдың күннің аманында үйге оралмады" деп арызданды. Тергеушілер мән-жайды анықтады. Әйелді бірнеше күн республика бойынша іздеп, Түркістан облысынан таптық. Өзбекстанға балаларымен бірге шекара асып өтпек болғаны анықталды. Тергеу барысында әйел жолдасының қол көтеретіндігін, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын, бірге шыдап өмір сүре алмайтындықтан ескертусіз кеткенін айтты.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға