Жаңалықтар

Гагауз деген ұлт бар Қазақстанда

Қазақстан ұлттары 
Гагауз деген ұлт бар Қазақстанда
30.09.2020 20:00 12523

Түрлі ұлттар мен ұлыстардың мекеніне айналған Қазақстанда гагауз деп аталатын ұлт өкілдері де тұрады. Бұл 18 ғасырдың бірінші жартысында орыс-түрік шайқасы кезінде Ресейге қашуға мәжбүр болған этникалық топ. Олар Қазақстанға кейін Болгариядан көшірілген.

Столыпиннің аграрлы реформасы кезінде 1912-1914 жылдары гагауздар жаңа жерлерге - Қазақстанға жіберіледі. Ұжымдастыру кезеңінде гагауздардың шоғырланған тобы Қазақстанның оңтүстігіне қоныстанады.

Қазіргі уақытта статистикалық деректерде Қазақстанда гагауз этносының 500-ге жуық өкілі тұрады деп көрсетілген.

Негізі гагауздар Молдава құрамындағы Автономды аумақтық құрылымның негізгі тұрғындары болып саналады (жалпы саны – 127,8 мың адам). Зерттеушілердің айтуынша, гагауз бұл христиан дініндегі түркі халқы. Молдова мен Украина арасындағы бөлініске түскен түркілердің тарихи мекені Буджак облысында тұрады. Молдовада гагауз қауымдастығына Гагауз Ери территориялық құрылымы түрінде автономия берілген. Оның орталығы Комрат қаласы болып табылады.

Олардың бір бөлігі Украинада, Ресейде, Өзбекстанда, Солтүстік Кавказда, Болгарияда, Румынияда, Грецияда, Түркияда тұрады. Жалпы әр елде тарыдай шашылған бұл этностың саны аз, бары-жоғы 250-мыңнан сәл асады.

Гагауз деген ұлт бар Қазақстанда

Гагауздар православтар. Олар христиандықты 13 ғасырда қабылдаған. Бұл кезеңде гагауздар түрлі шайқастардан кейін қаңырап қалған Оңтүстік Бессарабты мекендеген. 1861-1862 жылдары гагауздардың бір тобы Украинаға қоныс аударады.   

Гагауз халқы жеке дара этнос ретінде Балқан жартылай құрлығында қалыптасып дамыған.  

Алғашқы уақытта гагауздар бөлек топ ретінде қазіргі Болгария, Греция, Румыния, Македония, Түркияның еуропалық бөлігінде қоныс тепті. Орта ғасырларда бұл жерлер Византия империясының құрамына енген болатын.  

Гагауз халқының тарихы бүгінге дейін аз зерттелген. Олардың алғашқы этникалық қалыптасуы туралы да ақпарат жеткіліксіз. Олардың шығу тегіне байланысты тарихшылар мен зертетушілер арасында даулы мәселе туындап келеді. 20 ғасырдың басында болгар тарихшысы Г. Димитров бұл халықтың шығу тегіне байланысты 19 түрлі пікір келтіреді, ал кейін гагауз этнографиясын зерттеуші М.Губогло гагауздардың шығу тегіне байланысты 22 нұсқа айтады.  

Гагауздардың шығу тегіне байланысты болжамдар да әртүрлі. Біреулер оларды түркіленген христиандар десе, енді біреулер христиандықты қабылдаған түркілер дейді. Енді бір зерттеушілердің дерегінде түркі тілінде сөйлейтін болгарлар деп келтіріледі.

Қазіргі орыс, молдаван, гагауз зерттеушілері оларды солтүстік-түрік тайпаларының негізінде қалыптасқан дербес ұлт деп есептейді.

Христиандық гагауздардың мәдениеті мен этникалық сана-сезіміне өз белгілерін енгізді. Тарихшылар қанша дәлелдеуге тырысқандарымен, бір қызығы, гагауздар өздерін не болгар не түрік этностарына жатқызбайды.  

Олар өздерін тілі, мәдениеті, этникалық территориясы бар дербес ұлт деп біледі. Гагауздар тарихын зерттеудегі қиыншылықтар сол кездегі жазбаша деректердің аздығымен байланысты болған. Өзге ұлттардың тарихында гагауздар туралы жазбалар тек қысқаша фрагменттермен ғана берілген. Олардың шығу тегіне байланысты түрлі пікірлердің қалыптасуы да сондықтан.  

19 ғасырдағы орыс және болгар әдебиеті гагауздарды түркі тілінде сөйлейтін болгарлар ретінде қарастырған.

Гагауздардың арғы тегі оғыз, қыпшақ түркі тайпаларынан тарайды деген дерек те шындыққа жанасады. Бұл орта ғасырларда Қара теңіз маңынан Балқанға қарай  ойыса көшкен тайпалардың ұрпақтары.

Гагауз деген ұлт бар Қазақстанда

Тарихшылар мен этнографтар гагауздарды түркі әлемінің өзіндік бірегей халқы деп көреді. Олардың шығу тегінің оғыздармен байланыстырылатыны да сондықтан.

Оғыз, құман тайпалары б.э. алғашқы мыңжылдығының екінші жартысында Арал және Каспий теңіздерінің аралығындағы даланы мекендеген және Хазар қағанатына тәуелді болып саналған.

965 жылы Хазария орыс кнәзі Святославтан жеңіліс тапқаннан кейін, оғыз, құман тайпалары батысқа қарай Қара теңіз жағалауларына ығысады.

11 ғасырда олар Дунай асып, Балқанға табан тірейді. Міне осы аймақтарда олар отырықшылыққа көшіп, православты христиандықты қабылдайды. Оғыздардың өзге тайпалармен – печенегтермен, құмандармен этникалық араласуы бүгінгі гагауздарды өмірге әкелді.  

Гагауздардың Ресейге қоныс аударуы ілгеріде айтып өткеніміздей, орыс-түрік соғысымен байланысты болды. Гагауздар өз еншілеріне берілген Буджак даласын аз уақыт ішінде ауылшаруашылығы алқабына айналдырды.

1906 жылғы бес күндік тәуелсіздікті айтпағанда (шаруалардың көтерілісі нәтжесінде Комрат республикасы жарияланған болатын) гагауз халқы үнемі Ресей империясының, Румыния, Германия мемлекеттерінің қоластында болып келді.

Гагауз интеллигенциясының ұлттық еркіндік алу жөніндегі ұмтылысы Кеңес Одағында 80-шы жылдары демократиялық өзгерістер орын алған уақытта жарыққа шықты. Гагауздар өздерінің ұлттық, мәдени, экономикалық мәселелерін көтеруге мүмкіндік алды.  

Гагауз интеллигенциясының белсенділері өзге де азшылық ұлттармен бірлесіп «Гагауз халқы» қозғалысын құрды. Бұл 1988 жыл болатын. Ал 1989 жылы «Гагауз Халқы» қозғалысы өзінің алғашқы съездін өткізді. Бұл съезде Молдованың оңтүстігінен Комрат қаласын астанасы етіп Гагауз автономиясын құру туралы шешім қабылданды.

1990 жылдың тамыз айында Комрат қаласында Гагауз республикасын құру туралы декларация қабылданды, алайда Молдова үкіметі бұл декларацияның күшін жойды. Гагауздардың ұлттық қозғалысы Молдовада мемлкеттік тіл румын тілі болып қабылданғанда, қарсылық көрсетуге тырысты.

Тек 1994 жылы 23 желтоқсанда Молдова республикасының парламенті Гагаузияның (Гагауз Ери) ерекше құқықтық статусы туралы заңды қабылдап, азшылық ұлттар арасында қалыптасқан кикілжіңді бейбіт жолмен шешуге мәжбүр болды.

Бұл күн Гагузияның құрылған күні ретінде ұлттық мереке ретінде аталып өтіледі. Көптеген еуропалық құқық қорғау ұйымдары Гагаузия мысалын өзге де мемлекеттер арасындағы ұлттық қақтығысты шешудің жолы ретінде мысалға келтіреді.

Референдум нәтижесінде Гагаузия өз шекарасын белгілеп алды. Тұрғындардың өз тілегі бойынша оның құрамына 3 қала, 27 ауыл енді. 1995 жылы демократиялық сайлау нәтижесінде Гагаузияның Бірінші басшысы (Башкан), Халықтық жиын депутаттары сайланды.  

20 ғасырдың басында гагауздардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы (негізінен қой өсіру) және егін салу болған. Олар тек дәнді дақылдар ғана емес, көкөніс, жеміс-жидек еккен, жүзім шаруашылығымен айналысқан.

Әйелдер жүн және жібектен киім, кілем тоқыған. Үйлерін өздері тоқыған кілемдермен безендірген, әдетте жерге жаятын төсеніштері қара фонда жасыл жапырақты қызыл раушангүлдермен көмкерілген болады.  

Әйелдің зергерлік неше түрлі бұйымдарды көп етіп тағуы оның сән-салтанатын білдіреді. Моншағындағы алтын тиындардың көптігі оның немесе күйеу жігіттің әке-шешесінің байлығынан хабар береді.

Негізгі сусындары – қызыл шарап. Күнтізбелік ғұрыптары гагауздарды түрік көшпенділерімен де, балқан дәстүрлерімен де байланысытырады.

Олардың ішінде қыстың басталғандығын білдіретін Қасқыр мейрамы (Джанавар Йортулары) бар. Бұл аңшылықты кәсіп еткен түркі халықтарына тән. Ал Әулие Трифон күнінде жүзім өсірушілер меркесі аталып өтіледі. Лазарев сенбілігі, мифологиялық Пеперудпен бірге жаңбыр шақыру секілді көпшілік мейрамдары да бар.  

Үйлену тойларында қалыңдық туған үйімен қоштасып сыңсу айтады, сондай-ақ, туылғанда шілдехана жыры, қаралы күнде жоқтау айтылады.

Гагауздар православтар болғанымен, өзге мұсылмандар сеілді Құрбан байрамды, Ораза байрамды тойлайды.  

Қазақстанда тұратын гагауздар өздерінің ұлттық мейрамдары «Касын», «Дмитрий күнін» атап өтеді. «Дмитрий күні» мейрамы этникалық мереке. Бұл күні отбасылар дастархан басында жиналады. Бір-бірін қонаққа шақырады.

Гагауздар өте қонақжай және еңбекқор халық. Олар қалай еңбек етсе, солай демалғанды ұнатады. Апта бойы адал еңбек етіп, ал сенбі күндері өздерінің тарихи отандарына деген сағынышын өлеңмен жеткізіп, отырыстар ұйымдастыратын болған.

Олар өз дәстүрлерін, ғұрыптарын сақтауға тырысады. «Додола», «Герман» деп аталатын ғұрыптары,  жаңа туылған балаға, табалдырық аттаған келінге қатысты түрлі салт-дәстүрлері бар. Құда түсіп келгендерге арнап қалыңдық кофе әзірлейді, ал күйеу жігітке кофеге тұз қосып ұсынады. Егер күйеу жігіт кофені міз бақпай ішіп қоятын болса, бұл оның кез-келген қиындыққа шыдас беретін қайраттылығын білдіреді.  

Гагауздардың бала тууға қатысты да неше түрлі ырым-жоралғылары бар. Жақын-жуықтары жаңа туылған балаға сый-сияпат алып келеді, оның ішінде ерекше пісірілген нан болуы керек. Баланың сүйегі қатайған уақытта анасы туыстарының барлығын үлкен шілдехана жасап, тойға шақырады.

Гагауздар негізінен мал шаруашылығымен айналысқан, сондай-ақ, жүзім өсіріп, жерге дақыл сепкен.

Гагауздардың ас үй мәзірінде көшпелі тұрмыс белгілері көп көрініс береді. Әсіресе, ет қақтау, сүтті сақтау, тері өңдеу істерінде мұны анық аңғаруға болады. Дастарханда нанның мол болуы ләзім, сондай-ақ, ащы тұздық (манжа), қатырылған ет сорпасы үнемі үзілмейді. Гагауздарда да құрбан шалу дәстүрі бар, олар құрбандыққа шалынған қой етін қоысып астық ботқасын әзірлейді.

Гагауз тілінде араб, парсы, грек, славян, румын тілдерінен кірме сөздер өте көп. Әліпбиі кириллицамен жазылады, көбінесе румын жазуы қолданылған. Бүгінде әліпбиінде латын графикасы қолданылады. Гагауз тілі жойылып бара жатқан тілдер қатарына жатады.

Зерттеушілердің айтуынша, 20 ғасырдың алпысыншы жылдарында Қазақстан территориясында гагауздар топтасып өмір сүрген. Негізінен Семей өңірінде (Көкпекті, Романовка, Прохладное, Ивановка, Букон, Георгиевка,  Шар, Ақсуат, Аягөз ауылдары), сондай-ақ, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында тұрады.

Қазақстан жерінде гагауздардың басым бөлігі 20 ғасыр басындағы көші-қон кезінде келді. Олар үшін қазақ жеріндегі алғашқы сынақ қыстың қаттылығы болды. Алайда, олардың жаңа қоныстың климаттық жағдайына бейімделуіне жергілікті халықтар көмек колын созды. Жергілікті халық сол уақытта келгендердің өздерін болгармыз деп айтқанымен, қазақ тіліне жақын түркі тілінде сөйлегенін айтады. Сондықтан болар, олар жегілікті халықпен тез ұғынысты.

Гагауздар қазақтармен бірге барлық сол кезеңдердегі қиыншылықтарды бірге көрді. Ұжымдастыру, ашаршылық, соғыс, соғыстан кейінгі қайта құру, даму...  Олар өз тарихи отандарынан алып келген жемістердің тұқымдары мен тал көшеттеін отырғызып, қазақтарға бағбандықтың сырын ұқтырды. Бүгінде олар біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлігіне айналды.  

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға