Жаңалықтар

Елордада 64 адам тамақтан уланды

Бүкіл науқастар өз ауруларын елорданың қоғамдық тамақтану орындарының бірінде тамақ өнімдерін тұтынумен байланыстырған
Елордада 64 адам тамақтан уланды
13.06.2022 15:16 1772

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім етті, – деп хабарлайды El.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 9 және 10 маусымда департаменттің аудандық басқармаларына қаланың емдеу ұйымдарынан тағамнан улану тіркелгені туралы шұғыл хабарлама түскен.

Бүкіл науқастар өз ауруларын елорданың қоғамдық тамақтану орындарының бірінде тамақ өнімдерін тұтынумен байланыстырған.

«Жаппай тамақтан улануды тіркеу жағдайы бойынша Байқоңыр ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Байқоңыр ауданының полиция басқармасына ақпарат жіберді. Келіп түскен ақпарат негізінде полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастады және ҚР ҚК 304-бабының қылмыстық ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуге қабылданды. Байқоңыр ауданының басқармасы 10 маусымда қылмыстық іс аясында қоғамдық тамақтану нысанын жоспардан тыс тексеруді бастады», - деп атап өтеді департаменттен.

Қазірдің өзінде тексеру барысында мынадай бұзушылықтар анықталды: нысанның мәлімделген жобалық қуатының нақты сәйкес келмейді, бүкіл технологиялық процесс ас үйдің бір бөлмесінде жүргізіледі, цехты бөлу (учаскелерге бөлу) қарастырылмаған, технологиялық процестердің ағымы, таңбалауға қойылатын талаптар, дайын тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатын сақтау кезінде бөлшектеу мүкәммалын пайдалану және сақтау тауарлық көршілестік қағидаты сақталмайды, қызметкерлерді іріңді және жұқпалы аурулардың бар-жоғын тексеру журналы жүргізілмейді.

Тексеру барысында зертханалық зерттеуге шайындылар, шикізат пен дайын өнімнің сынамасы алынды.

Патогендік микрофлораның тасымалдауына кәсіпорынның 15 қызметкері тексерілді. Нәтижесі тексеріліп жатыр.

«Бүгінгі таңда 64 науқас медициналық көмекке жүгінді. Оның 52-сі ауруханаға жатқызылды, 12-сі амбулаториялық ем алып жатыр. Айта кетейік, жоспардан тыс тексеру және эпидемияға қарсы іс-шаралар әлі де жалғасуда. Тамақтан улануды және жұқпалы емес ауруларды болдырмау үшін Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халыққа жосықсыз кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардан азық-түлік өнімдері мен жарнамалық буклеттер бойынша дайын тағамдарды жеткізу қызметтерінен сатып алмауды және тиісінше оны пайдаланбауды ұсынады», - деп атап өтеді ведомстводан.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға