Қандастар Ассамблея

Барыс жылы несімен қуантады?

Сандардың сиқыры туралы мамандар не дейді?

Санаулы сәттерден кейін Барыс жылы төрімізге енеді. «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп әрбір адам жаңа жылдан жаңа үміт күтеді. Биылғы жылы консервативті жыл болып, ұмыт қалған салт-дәстүрлеріміз жаңғырды және қазақи нақыштағы көйлектер сәнге кірді. Сондай-ақ туысқандармен ара қатынас та жақсара түсті дейді мамандар. Ал келер жыл қандай жаңалық әкеледі? Несімен қуантады? Кімдерге сәтті жыл болады? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға қазақстандық астролог пен нумеролог жауап берді.

Нумеролог Құралай Бақытқызының айтуынша, алдағы жылы адамдар жайлы өмірге, жаңашылдыққа, сәнге ұмтылады және заман ағымына ілесіп жүруге тырысады.


«2022 жылдың саны – алты. Ал бұл жайлылық, үйлесімділік, еңбекқорлықтың белгісі. Яғни келер жылдың берері мол» - дейді Құралай Бақытқызы.

- Келер жыл - еліміз үшін тұрақты. Билікте ауқымды өзгеріс болмайды. Азық-түлік бағасы, тауар, көлік, жылжымайтын мүлік бағалары шарықтай береді. Десе де жақсы жаңалық бар. Жылдың шамамен екінші жартысында баспана бағасы арзандауы мүмкін. Экспорт ұлғаяды, шетелдік инвесторлар саны артады және елімізге инвестиция құйылады. Оған қоса, елде жол картасы секілді түрлі бағдарламалар қабылданады. Осылайша, халық жұмыспен қамтылмақ, - дейді нумеролог.


Құралай Бақытқызының айтуынша, 6 саны – Венера. Ал бұл махаббатты меңзейді. Сондықтан келер жылы қыз-жігіттер өз теңін табады. Осылайша ел демографиясы жақсара түседі.


Сонымен қоса, 2022 жылы қимыл-қозғалысқа көбірек мән берген жөн. Адамдар күнделікті өмірде белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстанғаны жөн. «Сол арқылы олар энергия және күш-қуат жинайды. Бастысы жаңа тың идеялар келеді» дейді ол.

Тағы бір ерекше атап өтерлігі, туған жылы 2 санына аяқталатын қазақстандықтар үшін келер жыл табысты болғалы тұр. Олар 92, 2002, 2012 жылы дүниеге келгендер. Әсіресе олардың қаражат жағдайы жақсаруы мүмкін деген болжам жасады нумеролог.


- Ал туған жылы 6 не 7 санына аяқталатын жандарға әсіресе денсаулығына баса назар аударған жөн. Егер де алдын-ала сақтық шараларын жасаса, аса қауіп жоқ, - дейді маман.

Сондай-ақ нумеролог Құралай Бақытқызы күллі әлемге таралған жұқпалы індетке қатысты да болжам жасап көрді.

- Пандемия тоқтай ма жоқ па, оны ешкім айта алмайды. Бірақ елімізді жеке қарастырғанымда, келесі жыл жақсы болып шықты. Өлім-жітім байқалмайды. Бірақ бұл індет толық жоғалып кетпейді. Тек тұмау сияқты жеңіл түрге айналады, - дейді маман.

2022 жылдың ең берік стихиясы металл мен жер. Ал табиғи белгісі су. Осы жылы дүние есігін ашқандар сабырлы әрі тұрақты, сондай-ақ көшбасшылық қабілетке ие болып келеді.


- Келесі жылы қазақстандықтар денсаулық пен сыртқы келбетін күтуге көбірек мән бере бастайды. Кез-келген іске қатысты шешім шығарарда алдымен біраз ойланып, анализ жасап барып қана нақты бір шешім жасауға бейімделеді, - дейді астролог Нұрбек Исмурзинов.

Барыс жылы көптеген жұлдыз белгілері үшін жағымды жаңалықтар мен сәттілік ала келетін жыл болады дейді астролог мамандар. Әсіресе жұмыс пен жеке өмірде оң өзгерістер күтілуде.


- Тоқтылар мен торпақтарда   жұмыс бабында өсу байқалады. Нәтижесінде қаржылық жағдайлары жақсарады. Егіздер қиялға ерік бермей, керісінше мәселелерді саналы түрде шешкен дұрыс. Шаяндарға қысқа мерзімді емес, ұзақ мерзімді қарым-қатынастар жасауға ұмтылғаны жөн. Арыстандар үздіксіз ізденісте, дамуда жүргені абзал. Өйткені заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын естен шығармаған жөн. Бикештер күнделікті өмірде тәртіп пен нақтылықтың болуына назар аударғаны абзал. Белгіленген нормалар мен ережелерді білген сайын тұлға ретінде одан сайын қалыптаса бастайды. Таразылар жетістіктерге жету үшін әуелі көп күш салу керек. Олар өзгелермен қарым-қатынас жасауға яғни коммуникацияға ашық. Сарышаяндарда жеке өмірде мәселелер болуы мүмкін. Мәселен, қызғаныш және т.б. Мергендер өзгелердің өміріне білім мен жарық сәуле сыйлайды. Тауешкілер қомақты қаржыға кенелу үшін тұлға ретінде өз қабілеттерін одан сайын шыңдай түскені абзал. Сондай-ақ жұмыста еңбекақысының көлемі артады. Суқұйғыштардың басты ұраны – 100 теңгең болғанша, 100 досың болсын. Жинақы, тиянақты суқұйғыштар күнделікті өмірде адамдармен жақсы қарым-қатынас құра алады. Келесі жылы оларға бастысы өз-өзің дамыту өте маңызды. Балықтарға алдынан кездесетін түрлі сынақтардан қорқудың қажеті жоқ, - деп сөзін түйіндеді астролог Нұрбек Исмурзинов.