Жаңалықтар

Барлық адамның өмірі перзентханадан басталады

Жаңаарқа аудандық перзентхананың жұмысы туралы.
Барлық адамның өмірі перзентханадан басталады
Фото: pixabay.com 29.06.2022 16:08 4902

Биылғы жыл Мемлекет басшысының белгілеуімен «Балалар жылы» деп аталды. Болашақ ұрпағымыздың дені сау, салауатты болып өсуі үшін әсер ететін факторлар өте көп. Біз ең басынан бастауды жөн көрдік. Осы орайда Жаңаарқа аудандық перзентхана жұмысын жазудың ыңғайы келіп тұр. Себебі, адамзаттың барлық өмірі осы перзентханадан басталады. Бұл бөлімнің жұмысының сапалы болуы ана мен баланың өміріне тікелей әсер етеді.

Барлық адамның өмірі перзентханадан басталады

Аудандық перзентхананың меңгерушісі жоғары санатты дәрігер Гүлімжан Сайлауқызы. Ауданға қарасты Қараағаш ауылында 1981 жылы дүниеге келіп, осы жақта 11 жылдық мектепті тәмамдайды. 1998-2004 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясынан білім алады. Бұл академияны түлектер емдеу ісі бойынша бітіріп, интернатурадан өту арқылы өздерінің болашақ мамандықтарын бекітеді. Қалалық ауруханадан акушер-гинеколог мамандығы бойынша білімін ұштаған Гүлімжан 2005 жылы аудандық ауруханада қызмет етеді. Аудандық жерде еңбек етудің өзіндік кемшіліктерімен бірге артықшылықтары болады. Жұмыстың практикалық қырына үйрететін тәлімгердің болмауы қиындық тудырса да, бір жағынан ешкімге сенбей жауапкершілікпен қызмет етіп, үнемі ізденіс үстінде болу білікті, тәжірибелі маман болуыңа септігін тигізеді. Осыдан сегіз жыл бойы жалғасқан дәрігерлік қызметінде Гүлімжан Сайлауқызы аудан халқының ризашылығына бөленеді.

Ана денсаулығы ол – ұлттың денсаулығы. Ана атанып, дені сау баланы өмірге әкелу әр әйел затының арманы. Алдына келген әрбір қыз-келіншекке жанашырлықпен қарап, жағдайын түсініп, сауатты ем-шара жасау міндетін тыңғылықты атқарған Гүлімжан көптеген науқастың денсаулығын түзеуіне әрі ана бақытын сезініп, сәби құшуына себепкер болды. Өз саласын меңгеріп, білікті маман атанған ол енді мұнымен шектелмей, тәжірибесін шыңдап, білімін тереңдету мақсатында астанамыз Нұрсұлтанға (ол кезде Астана) кетеді. Бас қалада мүмкіндік мол. Бір жерде ғана емес, бірнеше жерде еңбек етіп, өзіңді дамытуға болады. Отбасылық дәрігерлік амбулаторияда, «Демеу» клиникасында жеке кеңес беру бөлімінің меңгерушісі, Ақмола облыстық ауруханасының перзентхана бөлімінде акушер-гинеколог қызметінде болады. Ол жерде де поталогия, оперблок, қабылдау бөлімі, босану бөлімі, босанудан соң жататын бөлім, гинекология бөлімдерінде ротация бойынша барлығында дәрігерлік міндетін атқарады. 2017 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясында капитан шенінде бас сараптаушы гинеколог-дәрігер болды.

Барлық адамның өмірі перзентханадан басталады

– Ұлттық гвардияда Отаныма қызмет ету мен үшін мақтаныш болды. Бірақ бұл қызметтегі біржақтылық менің басты дәрігерлік міндетімді атқаруыма мүмкіндік бермеді. Әрине әскери қыз-келіншектерді тексерістен өткізетінмін, дегенмен көп уақытым құжат толтыруға жұмсалатын. Менің ойымша дәрігер үнемі шыңдалып, оқу-білімін тоқтатпай, тәжірибелік жұмыс үстінде болуы қажет. Алдына келген кез келген науқасқа сауатты түрде ем-дом жасап, әрқашан сұрақтарына жауап беруге дайын болуы керек. Сондықтан ол жұмыстан бас тартып, туған жеріме оралып, халқыма қызмет етемін деп шештім. Болашақта білімімді экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКО) саласында жетілдірсем деймін. Оған басты себеп, қазіргі кезде жастардың арасындағы бедеулік мәселесінің белең алуы болып отыр. Арнайы жасалатын ота түрін үйреніп, салаға қажетті білімді меңгеріп, мұқтаж шаңырақтарда сәби күлкісі естілуіне көмегімді берсем деймін,-дейді Гүлімжан Сайлауқызы.

Бүгінде аудандық перзентханада 3 босану бөлмесі, 2 патология палатасы болса, 5 палата гинекологияға арналған. Жалпы перзентханалар үш дәрежеге бөлінеді. Бірінші дәреже – ол біздің аудандық аурухана, бұл жерде тек дені сау аналар ғана босанады. Екінші дәрежеге Пришахтинск секілді кіші қалалардағы перзентханалар жатады. Ал, үшінші дәрежеде денсаулығы нашар, босануында қиындық туындауы мүмкін аналарды қабылдайтын Михайловка перзентханасы. Ауданның перзентханасында Үсенова Зәуреш, Сүлейменова Анар, Төлеуова Балагүл, Смағұлова Раушан секілді акушерлер талай сәбидің өмірге келуіне себепкер болып, көптеген жанұяны қуанышқа бөлеген жандар. Отбасы мүшесінің бір адамға көбеюі әрине өмірдегі ең қуанышты жағдай, бұл орайда перзентхана акушерлері алғысқа кенеліп жатады. Перзентханада тазалық сақтау басты шарт. Бұл талапты жауапкершілікпен орындап жүрген тазалық сақтаушылар Балмағанбетова Жұлдыз, Скинтьян Наталья, Малгерянова Құндыз, Дүржанова Розаның еңбектері ұшан-теңіз. Бұл мамандар бөлімнің айнадай тазалығына бір бөлек жауап берсе, екінші жағынан акушерлердің көмекшілері ретінде тапсырмаларын орындайды.  

Күлмағанбетова Роза Жақанқызы нәзік жандыларды күндізгі бөлімде қабылдайтын жоғары санатты дәрігер. Бірінші рет медициналық училищені аяқтаған Роза Жақанқызы Ортау, Өспен елді мекендерінде еңбек етеді. Білімін одан әрі жетілдіруді көздеген ол 1980 жылы Қарағанды медициналық институтына (бүгінде академия) оқуға түседі. Жоғары білімді дәрігер Қарағанды қаласындағы Михайловка перзентханасында қызмет етеді. Аудандық ауруханада қызмет еткеніне осы жылдың қыркүйек айында 8 жыл толмақ. Білікті дәрігер осы уақытқа дейін перзентхана бөлімінде аналардың аман-есен сәбиді өмірге әкелуіне атсалысса, күндізгі қабылдауда әйелдерді қабылдап, ақыл-кеңесін беріп, ем-домын жасады.

– 2020 жылға дейін ауданымыздағы перзентханада айына кем дегенде 15 ананы босандыратынбыз. Тіпті айына 32 әйел ана атанған кездер болды. Болашақ аналарды көрсеткіштері бойынша қалаға жібереміз. Ол көрсеткіштер іштегі сәбидің салмағының шамадан тыс үлкен болуы, кесір тілігі, қан тамырларының кеңеюі тағы басқа болады. Соңғы кездері өкінішке қарай қатерлі ісік аурулары шығып жатыр. Оның алдын алу үшін міндетті түрде төрт жыл сайын скринингтік тексерістен өту керек. Учаскелік медбикелер хабарласқанда тұрғындар өздерін ештеме мазаламайды деп ауруханаға келуден тартқыншақтайды. Ол дұрыс емес. Әрі үлкен жастағы әйелдерде «өмірге сәби әкелетін жастан өтіп кеттім, мен не үшін тексерістен өтемін» деген ой болады. Ол қате түсінік. Бүгінгі күні әсіресе жатыр мойны ісігі көп кездесіп жатыр. Одан бөлек әйелдерде эрозия, миома, аналық без кистасы көп анықталады. Осы аурулардың көбісінде ауырсыну сезімі болмайды. Оны тек гинеколог-дәрігер ғана анықтай алады. Сондықтан тексерістен уақытында өтсеңіз, неғұрлым тезірек аурудың алдын алуға болады. Жоспарлы скринингтерге республикалық бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді. Бұл халық денсаулығын сақтау үшін мемлекет тарапынан берілген мүмкіндік. Егер жоспардан тыс тексерістен өтемін десеңіз ақылы зертханалар жұмыс істейді. Негізі әйел адамдар үшін жылына бір рет гинеколог-дәрігерге барып тұру әдетке айналғаны дұрыс. Мысалы Жапонияда әйелдер 4 айда бір рет өтеді. Сондықтан қандай ауру болса да өршіп кетпейді. Дер кезінде емдеуге болады. Қырық жастан асқан әйелдер үшін сүт безін тексерістен өткізу үшін жыл сайын мамография келеді,-дейді Роза Жақанқызы.

Жоғарғы санатты дәрігерлер сәби сүйгісі келетін болашақ аналарға алдын ала емделіп, дайындалуға кеңес береді. Мәселен, анемия болса гематологқа, қан тамыры кеңейсе (варикозное расширение вен) ангиохирургқа, пиелонефрит болса урологқа немесе терапевтке, қан қысымы жоғары болса кардиологқа баруы қажет. Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер тексерістен өтіп, алдын ала ем қабылдауы сау баланы өмірге әкелуіне көп үлес қосады. Еш жері ауырмаған күнде үш ай бұрын фолий қышқылын, йод микроэлемент препараттарын жолдасымен бірге ішу керек. Жоғарыда айтылған кеңестер тек әйелге ғана емес, ер адамдарға да қатысты. Сәбидің дені сау болуында әкесінің де рөлі орасан зор. Жыныстық жолмен жұғатын жұқпалы аурулар түрі өте көп. Инфекция түрлеріне тексерістен өтіп, анықталған түрлерінен емделу үшін инфекционист-дәрігерге бару керек. Барлығының себеп-салдарын анықтап, толық жазылу шарт. Жүктілік кезінде де дәрігердің айтқандарын бұлжытпай орындап, уақытында қабылдауға келіп, тексерістен өтіп тұрғаны абзал. Аман-есен босанған анаға ерекше күтім де қажет. Қырық күнді қазақтар бекерден бекер ерекшелемейді, бұл уақыт сәби үшін де, ана үшін де жауапты кезең. Жас ана иммунитетін көтеріп, жылы жүріп, құнарлы тамақтанып, оның психоэмоционалды жағдайы бірқалыпты болса физикалық және моральды тұрғыда тез қалпына келеді. Одан кейін организм қалпына келгенше 2-3 жыл жүктілікті жоспарламаған дұрыс.

Барлық адамдардың дені сау болуы үшін жейтін тағамына да мән берген дұрыс. Газды сусындардан, адам ағзасына зиян концерогенді заттар бөлетін тағамдардан бас тартқан дұрыс. Ол асқазанның, ішектің қатерлі ісік ауруларына әкеледі. Сондай-ақ, ВПЧ - адам папилломасы вирусының 16 және 18 штамптары өте қауіпті. Жатыр мойны ісігін туындататын дәл осы штамп. Жалпы өз-өзіне жаны ашитын әр адам салауатты өмір салтын ұстануы тиіс.

Әйелдерді тексеру кабинетінде Жақаева Манара 21 жыл бойы үзіліссіз қызмет етеді. Әйел затында болатын күрделі аурулардың алдын алуда бұл маманның сіңірген еңбегі зор. Биылғы жылға жатыр мойны қатерлі ісігі дерті бойынша тексеруден 1423 әйелді өткізу жоспарланған. Дәстүрлі әдіспен (жағындыны шыныға салып) 1000 адамды сараптамадан өткізу жоспарланса, оның 573-і (57%) тексеруден өтті. Оның арасында 2 адамнан қатерлі ісік анықталды. Екінші әдіс – сараптамаға қажетті жағындыны арнайы сұйықтығы бар құтыларға салу арқылы тексеру. Бұл жолмен 423 адамды тексерістен өткізу жоспарланса, 15,6% яғни, 66 адам тексеруден өтті. Сараптама тапсырған әйелдердің ешқайсынан ауру белгілері табылған жоқ. Міне, осы тыңғылықты жұмыстың барлығы Жақаева Манараның мойнында. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген құнды қағидаттың сақталуында бұл маманның қызметі салмақты.

Сондай-ақ, болашақ аналарды аймағы бойынша есепке алып, олардың денсаулығын қадағалайтын акушерлер Г.Телман, Бидайық ауылдық округінен Г.Кушкумбаева, Аппаз ауылдық округінен Д.Жөкенова, Р.Шерниязова, А.Маханбетова, Ақтау ауылдық округінен К.Омарбай, Г.Рысбек, С.Жолаева, Ж.Құсбекова, И.Бекежанова, Г.Ахатаева, А.Қасымоваларды атап өткен орынды. Ананың құрсағына сәби біткеннен бастап тізімге алып, қажетті сараптамалардан өткізіп, ақыл-кеңесін беріп, әр ана сәбиі аман-есен өмірге келгенше осы мамандардың қадағалауында болады. Бүгінгі күнге ауданымызда 403 жүкті әйелдер есепте тұр. Олардың ішінде қауіп тобына жататын аналар саны - 105.

Статистика мәліметіне сүйенсек жалпы Жаңаарқа ауданы бойынша 34734 адам бар. Аудандық ауруханада тіркеуде тұрғаны - 29219. Оның ішінде ересектер саны - 18661, ер адам - 14696, әйелдер - 14523, 0 мен 14 жастағы 9180 бала бар екен. Бір жасқа дейін 660 бала тіркеуде болса, оның 24 алыс елді мекендерде тұратындықтан қауіптілік тобына жатады. Жасөспірімдер саны - 1389. Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер саны - 6294 адам.

«Бірінші байлық – денсаулық» деп халқымыз бекерге айтпаған. Денсаулық сақтау саласы сауатты жұмыс атқарса халықтың басты «байлығы» сарқылмасы анық. Бұл орайда аудандық аурухана меңгерушісі Бейсембаев Еркебұлан Әбділманапұлының аймақтық денсаулық саласын дамытуда атқарған жұмыстары өте көп. Оның ішінде ана мен бала денсаулығын сақтауда, перзентхана жұмысын ілгерілетуде басшысының ықпалы зор.

Қауырт жұмыс басты болып жүрген аурухана директорымен бір-екі ауыз сөз сөйлесуге мүмкіндік туып, көкейде жүрген сұрақтарымызға жауап алдық.

– Осы өткен үш ай ішінде 40 шақты сәби аудандық перзентханада дүние есігін ашты. Перзентханамызға әйелдер тек босану үшін ғана емес, түсік қаупімен, орта және ауыр дәрежедегі токсикоз белгілерімен түседі. Ауруханамызда кесір тілігі, жатырдан тыс жүктілік, аналық без кистасы, жатыр түтікшелерінің өткізгіштік қабілетін тексеру және емдеу, бедеулікті отасыз емдеу шаралары жүргізіледі.

«Жаңаарқа ауданы енді Ұлытау облысына қарасты болады. Бұл тұрғындар үшін, әсіресе жүкті әйелдер үшін алшақтық жағынан қиындық тудыратыны сөзсіз. Бұл мәселе қалай болар екен?»-деген сұрағымызға Еркебұлан Әбділманапұлы: «Ол жағынан уайымдаудың қажеті жоқ. Біз бұл ретте жүкті әйелдердің қалауын басты назарға аламыз. Барлық көрсеткіштерді қараймыз. Қарағанды дей ме немесе Жезқазған қаласы дей ме ерік өзінде болады. Біз үшін ана мен бала денсаулығы маңызды»,-деп жауап берді.

Ана мен бала денсаулығын сақтауда қыруар еңбек сіңіріп жүрген білікті мамандардың мәртебесі биік болып, халықтың алғысын ала берсін дейміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға