Жаңалықтар

Қазақстаннан бір аптада 27 елге ұшақ қатынайды

Жыл басынан бері Қазақстан әуежайы 6,84 миллион жолаушы тасымалдаған
Қазақстаннан бір аптада  27 елге ұшақ қатынайды
Фото: ort.com 30.06.2022 16:22 2451

Қазақстанда ішкі тасымалдау нарығында 5 авиакомпанияның 57 авиамаршруты бар. Олар аптасына 600-ден астам рейс орындайды. Бұл туралы «Жолаушылар ТЖ және әуе тасымалы: кешігулер, бағалар және қызмет көрсету» атты брифингте ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева айтты, деп хабарлайды El.kz

22 авиамаршрут республикалық бюджеттен субсидияланады. Бұл авиамаршруттар әлеуметтік маңызы бар авиамаршруттарды көліктік қолжетімділікпен қамтамасыз ету үшін субсидияланады.

Ағымдағы жылдың алғашқы 5 айында Қазақстан Республикасының әуежайлары 6,84 миллион жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 13% - ға артық, - деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева.

Спикердің сөзінше, биыл Италия мен Грекияға қатынайтын рейстер ашылған. Авиакомпаниялар Қытайға, Гонконгқа және Малайзияға тасымалдайтын рейстерді қалпына келтіріп, Пәкістанға рейс ашылмақ. Сондай-ақ Ресей, Германия, Сауд Арабиясы және Өзбекстанға қатынайтын рейстер санын ұлғайту көзделген.

Халықаралық бағыттар бойынша ұшу географиясын кеңейту жалғасады. Қазақстан аптасына 465 рейс жиілігімен 106 маршрут бойынша 27 елмен әуе қатынасына ие. Халықаралық әуе қатынасы пандемияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда, 24 елмен аптасына 442 рейс жиілігімен 99 маршрут бойынша рейстер орындалған, - деді Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Салтанат Томпиева.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева авиакомпанияның кінәсінен рейс кешіккен жағдайда жеңілдіктер қарастырылатынын айтты.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тасымалдаушы кідіріс ұзақтығына байланысты тегін негізде: екі телефон қоңырауын шалу, салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақ үйде тұру, сондай-ақ қонақ үйге дейін және әуежайға кері қайту көлігін ұсыну тиіс. Сонымен қатар, кешіккен әр сағаты үшін тасымалдаушы билет құнының 3% мөлшерінде айыппұл төлейді, – деді Салтанат Томпиева.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға