Қандастар Ассамблея

Қазақстандағы киберспорт қалай дамып келеді?

Киберспорт әлемнің барлық елінде қарқынды дамып келе жатқан спорттың бір түрі. Қазақстандықтардың әлемдік аренадағы жетістіктерінің нәтижесінде 2018 жылдың 25 маусымынан бастап киберспорт ресми түрде спорт түрлерінің тізіміне енгізілді. Еліміз де жаһандық үрдістен қалыс қалмай, осы салада айтарлықтай алға басулар байқалады. Бұл спорттың ерекшелігі неде? Киберспортшы болу үшін не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтарға қазақ киберспорт федерациясының PR-директоры Батырхан Тоғайбаев жауап берді.


– Батырхан Сағымбекұлы, киберспорт дегеніміз не? Оның шығу тарихы қайдан бастау алады?

– Киберспорт – бұл бейне ойындарды қолдана отырып, бәсекеге қабілетті қызметке негізделген спорт түрі. Қарапайым тілмен айтсақ, компьютерлік немесе электронды спорт деп те атасақ болады. Ең алғаш рет киберспорттан жарыс 1972 жылы Стэнфорд университетінде өткен. Аталмыш турнирге 24 ойыншы қатысқан. Ал, 1990 жылдардың басында бұл спорт түрі қарқынды түрде дами бастады. Бүгінгі таңда киберспорт компьютер ойындарынан жарыстар өткізуді көздейтін ресми спорт түрі болып табылады. 2018 жылдың маусым айынан бастап Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің ұйғарымымен басқа да спорт түрі секілді дәстүрлі спорт болып бекітілді. Сарапшылардың пайымдауынша, киберспорт өз мәртебесін көрермендердің және жанкүйерлердің көптігімен және ауқымды жарыстар мен турнирлердің өткізілуі сондай-ақ ірі спорттық іс-шаралардың онлайн трансляциясы арқылы өз алдына жеке спорт түрі болып танылды.

– Батырхан мырза, бұл спорт түрімен кәсіби түрде айналысқысы келетін жандар не істеуі керек? Киберспортқа қалай кіруге болады?

– Киберспортта әдеттегі спорт түрлері сияқты басқаларынан еш айырмашылығы жоқ. Әрине қандай да бір жетістікке жету үшін талаптану керек. Иә, адам мақсатына жету үшін 1% талант, 99% еңбектену қажет сол кезде кәсіпқой атана алады. Ал, әлемдік аренаға ең жігерлі, таланттылар ғана шығады. Киберспортшыға қуатты компьютер, ақыл мен саусақтардың автоматтандырылған реакциясы сияқты дағдыларды үнемі жетілдіріп отыру қажет. Спорттағы сәтті болашақтың кілті – күнделікті жаттығулар мен әртүрлі деңгейдегі жүздеген турнирлерге қатысу. Яғни, қандай да бір нәтиже көрсету үшін шыдамдылық пен сабырлықты қатар ұстаған жөн. Ал, Қазақстанда бұл салада кәсіби маман болу үшін, үнемі өзіңізді көрсетіп, киберспорт федерациясының демеушілігімен өтетін турнирлерге қатысу керек.


– Киберспорттың басқа спорт түрінен ерекшелігі неде?

– Киберспорт ойынын екі топқа бөліп қарастыруға болады.

Біріншісі командалық ойын. Психологияда мұндай адамдарды экстраверттер деп атайды. Осы тұста олар өздерін топтың бір бөлігі ретінде сезіну арқылы бойында рух пен сенімділік пайда болады. Мысалы: DOTA 2, CS:GO, LEAGUE OF LEGENDS және т.б. ойындарда команданың бірігуі арқылы жүзеге асырылады.

Екінші киберспорттың түрі бір адамның қатысуымен ғана ойналады. Ойынның бұл түрін әдетте интроверттер таңдайды. Жеңістері мен сәтсіздіктері үшін өздері жауапты болуға дайын адамдар. Олар үшін жеке жеңіс сезімінен артық ештеңе жоқ. Мысалы: FIFA 2022 СПОРТ СИМУЛЯТОРЛАРЫ, PES ESPORTS, BATTLE ROYAL және т.б ойындар.

Ал, басқа спорт түрінен ерекшелігі осы саламен айналысатындар жоғары табыс табуға мүмкіндігі бар.

– Киберспорттағы ең үлкен жүлде қоры қанша?

– Ойыншы мықтылығын дәлелдеп жеңіске жететін болса, сыйақы алады. Ал егер, ойыншы белгілі бір ұйымнан атынан шыққан жағдайда жалақы тағайындалады. Жүлде қоры турнирдің тәртібіне байланысты өзгеріп тұрады. Кейбір ойындарда миллиондаған долларға дейін жетіп жатады. Мысалы, өткен жылы ресейлік Team Spirit командасы Dota 2 ойынында әлем чемпионатында – The International 2021 финалында жеңіске жетті. Жеңімпаздар жүлдесі 18,2 миллион долларды құрады.

– Батырхан Сағымбекұлы, елімізде киберспорттың қай түрі дамыған?

– Қазіргі кезде ең танымал киберспорт ойындары: Counter-Strike: Global Offensive және dota 2, бұл екі ойын негізісі болып саналады, содан кейін Hearthstone, Overwatch, FIFA, StarCraft 2, PUBG және Fortnite. Бұл ойындардың әрқайсысы өзінің ережесімен ерекшеленеді. Жоғарыда аталған ойындардың бір-екеуіне тоқталып өтейін:

Dota 2 - ойыны 2011 жылы шыққанымен, қазіргі таңда ең танымал киберспорт ойындарының бірі. Турнирдегі жүлде қоры да күн санап өсіп келеді. Сонымен қатар ойынға қатысушы ойыншылар мен жарыс өткізетін ұйымдар саны көбейген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Dota 2 ойының кәсіби командалардың матчтарын көбінесе футболдан қарағанда көрермендері көбірек. Жыл сайын бұл ойынға шамамен 28 миллион доллар қаржы бөлінеді.

Counter-Strike – соңғы 20 жылда әлемде көп таралған бейне ойындардың бірі. Әсіресе жасөспірімдер мен студенттер арасында кең танымал. Ойынның негізгі идеясы – екі команда террористер мен арнайы күштердің қақтығысы. Ойынның мақсаты – картада берілген тапсырманы орындау және қарсыластарды жою. Аяқталған тапсырмалар мен жойылған қарсыластар үшін ойыншы қару сатып алуға жұмсай алатын ақшаны алады. Контор страйк ойындарының турнирлеріне жыл сайын шамамен 4 миллион доллар ойнатылады.


– Киберспортқа әйелдер қауымы қаншалықты қызығады?

– DFC Intelligence жүргізген зерттеулерге сәйкес, әлем бойынша 3,1 миллиард адам онлайн ойындарды ойнайды. Яғни, әлем халқының 40 пайызын құрайды дегенді білдіреді. Ал, елімізде 3,5 миллионнан астам адам киберспорт пен онлайн ойындарға қызығушылық танытады. Оның 62,1 пайызы ерлер болса, 37,9 пайызын әйелдер құрайды. Бұл дегеніміз киберспорт жарыстарын тек көрермен ретінде тамашалайтындар ғана емес, сонымен қатар тұрақты түрде компьютер немесе консоль ойындарын ойнайтындар да есепке алғандағы көрсеткіш. Жалпы киберспортты ер адамдар ойнайды деген қатып қалған қағида жоқ, себебі қазіргі таңда бұл салада қыздарды да көптеп кездестіреміз. Бұрын жалпы Қазақстан бойынша бір-екі әйелдер командасы ғана жиналатын болса, ал соңғы жылдары олардың саны әлдеқайда көп.

– Айтыңызшы, Қазақстандық командалардың киберспорт аренасындағы жетістіктері қандай?

– Қазақ киберспорт федерациясының және оның серіктестерінің қолдауымен осы уақытқа дейін әртүрлі көлемдегі 140-тан астам турнир өткізілді. Аталмыш спорт түрі бойынша ойыншылар арасында ғана емес, көрермендер арасында да қызығушылық артқан. Кейінгі жылдары халықаралық аренада Қазақстандық спортшылар айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ең үлкен жетістік 2017 жылы өткен «На мажоре» жарысында (Counter-Strike: Global Offensive әлем чемпионаты) болды. Бұл жарыста Абай «Hobbit» Хасенов, Рүстем «mou» Телепов және Дәурен «Adren» Қыстаубаев есімді жігіттер Gambit Esports ресейлік ұйымының құрамындағы әлемнің үздік командаларын жеңіп шықты. Мысалы былтырғы жылдың қаңтар айында Қазақстан ұжымы PUBG Mobile бойынша әлем чемпионатында Топ-6 командалардың қатарына кірді. Ал, Даниял «XsVamp1re» Әлібаев болса, Dota- 2 бойынша әлемдік ойыншылардың Топ-100-дігінің қатарына енген. Бұл көрсеткіштер біздің еліміздегі киберспорттың алға басуын көрсетеді. Командалар жарысқа қатысып қана қоймай, нәтиже де көрсетуде. Әрине, болашақтан күтетін үмітіміз зор. Бәрін уақыт көрсетеді.

– Батырхан мырза, киберспорттың болашағы бар спорт түрі ме әлде ойынқұмарлардың ермегі ме?


– Киберспорт – бұл қазірдің өзінде болашағы бар спорт. Бұл спорт түрі бойынша қазақ федерациясы 2019 жылы 38 жарыс өткізсе, өткен жылы елімізде 268 турнирге онлайн қатысу мүмкіндігіне ие болған. Бұл жарыстарға қатысқан киберспортшылардың саны да пропорционалды түрде өсіп келеді. 2019 жылы 3,3 мың спортшы қатысса, 2021 жылғы қаңтар мен шілде аралығындағы кезеңде 9,6 мың қатысушыға артқан. Ұлттық турнирлерді өткізетін Pinger.Pro платформасын пайдаланушылардың жалпы саны осы уақыт ішінде он есе 13,2 мыңнан 142,5 мыңға дейін өскен. Қазақстандық турнирдегі ойынды көрудің орташа саны 1,2 мыңнан (FIFA, Clash Royale, Rainbow Six) 3 мыңға дейін (Brawl Stars) тіпті 7,2 мыңға дейін (PUBG mobile) өсті. Яғни, бұл салаға сұраныстың артқаның байқатады. Киберспорт биылғы жылғы XIX Азия ойындарының бағдарламасына байқау жарысы ретінде енгізілді. Меніңше болашақта өз қатарына одан да көп адамдарды тартатын спорт түрі деп ойлаймын.

–       Сұқбатыңызға рақмет!

 


Ұқсас материалдар