Жаңалықтар

Қазақстандағы этномәдени бірлестіктер: кешесі мен бүгіні (І бөлім)

ҚОСКБА ЗТБ, ұйғырлардың мәдени орталығы, украиндықтар Радасы, күрдтер ассоциациясы...
Қазақстандағы этномәдени бірлестіктер: кешесі мен бүгіні (І бөлім)
10.04.2021 19:08 5179

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Біздің елімізде түрлі этнос өкілдерінің орталықтары, қауымдастықтары мен одақтары қарқынды жұмыс істеп келеді. Жалпы, одақтар, ассосациялар, бірлестіктер қашан құрылды? Іргесі қаланған уақыттан бері қандай игі жұмыстар жасады? Қазақстанның дамуына қосып жатқан үлестері қандай? El.kz порталы осы сұрақтардың жауабын «Қазақстан халқы Ассамблеясы» еңбегін негізге ала отырып, «Қазақстандағы орыс, славян және казак бірлестіктерінің Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстандағы ұйғырлардын республикалық мәдени орталығы», «Қазақстандағы украиндықтар Радасы», Қазақстандағы татарлар мен татар-башқұрттардың қоғамдық және мәдени ассоциациясы, Қазақстан дүнгендерінің ассоциациясы, Қазақстандағы грек қоғамдарының Ассоциациясы және «Барбанг» — күрдтер қоғамдық бірлестігінің ассоциациясынан іздеп көреді.

Қазақстандағы этномәдени бірлестіктер: кешесі мен бүгіні (І бөлім)

«Қазақстандағы орыс, славян және казак бірлестіктерінің Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі (ҚОСКБА ЗТБ)

«Қазақстандағы орыс, славян және казак бірлестіктерінің Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі 1999 жылы тіркеуден өтті. Бұл Ассоциацияның құрылтайшылары 13 қоғамдық бірлестік болды. 2005 жылғы 8 сәуірдегі ҚОСКБА Кеңесінің шешімімен республиканың 11 облысы мен Алматы қаласындағы 12 бөлімінің жетекшілері бекітілді. Ассоциация мен оның бөлімдері қызметінің басты бағыты Қазақстан халқы Ассамблеясы стратегиясының мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру болып табылады. Соның ішінде еліміздегі ұлтаралық қатынастардағы келісім аясында Қазақстан славяндарын біріктіру, Ассоциацияның жергілікті жерлердегі бөлімдерінің қоғамдық қызметін жандандыру, славян қоғамдық бірлестіктерінің жұмысын үйлестеруді негізгі мақсаттары етіп алған.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» очеркiнде аталмыш ұйымның еліміздегі мемлекеттік мерекелерді ұйымдастыруға белсенді түрде атсалысып, орыс тілін дамыту мен славян халықтарының салт-дәстүрін насихаттау, тұрақты түрде славян мәдениетінің облыстық фестивальдарын өткізу жұмыстарына ұйытқы болып жүргені айтылады. Ассоциация Ресей, Украина, Беларусь және Болгариядағы қоғамдық бірлестіктер бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге маңыз береді. «Славян мәдени орталығы» атты қоғамдық бірлестік Павлодар қаласында белсенді қызмет атқарады. Ол қоғамдық бірлестік ретінде 1996 жылы 4 қаңтарда тіркелген. Облыс әкімшілігі орталыққа бұрынғы кинотеатр ғимаратын беріп, көркемөнер ұжымдарын жеке сахнамен, 350 орындық көрермен залымен, үйірмелік жұмыстар үшін арнайы бөлмелермен қамтамасыз етті.

Жастар кеңесі жанынан 2004 жылы Ресей отандастары халықаралық кеңесінің жастар бірлестігі филиалы ашылды. Орталықтағы жастар бірлестіктерінің қатарына: «Зодиак» жастар клубы, «Павлодарский городок» миниатюра театры, «Тет-а-тат» көркемөнер театры, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты – «Раздолье» хореографиялық ансамблі, «Дебют» модельдер театры, «Витязи» ауыр атлетика спорт клубы, «Святослав» спорттық туризм клубы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты «Свои» тобы және «Дельфин» клубының филиалы енеді. Орталыққа барлығы 26 бірлестік кіреді. Олардың барлығының ортақ мақсаты қызығушылығы мен мүддесі бір жандарды неғұрлым көбірек біріктіріп, олардың шығармашылық қабілеттерінің ашылуына барынша мүмкіндіктер жасау. Мәселен, фольклорлық бағытты ұнататындар үшін «Славянки» ансамблі ашылған. Оның репертуарында негізінен орыстың ескі ғұрыптық әндері орындалады. Ал кеңестік дәуірдегі ретро әндерге көңілі ауғандарға «Рябинушка» ансамблі қызмет етеді. Сондай-ак, «Соседушки» фольклорлық ансамблінің тарихы тереңде жатыр. Бұл ансамбль де Павлодар облысы мен Славян мәдени орталығының намысын республикалық фольклорлық фестивальдарда табысты корғап жүрген ұжымдардың бірі. Сонымен бірге, ұжым орыс халқының мәдени құндылықтарын насихаттауда маңызды рөл атқарады. Орыс және казак әндерінің хоры да қалалық және облыстық әкімшілік ұйымдастыратын мәдени іс-шаралардың барлығына қатысады. Бұл өнер ұжымы Ресейдің Сростки селосында өткізілетін «Шукшин оқулары» байқауында Павлодар облысы атынан бірнеше мәрте қатысып, «В гостях у Шукшина» фестивалінің лауреаты атанды. Хор облыс бойынша үнемі гастрольге шығып отырады және Нұр-Сұлтанда, Өскеменде, Алтай өлкесінде өткен концерттерде өнер көрсетті. Орталықта «За чашечкой чая» атты кездесу клубы мен «Я вас люблю» әйелдер клубы жұмыс істейді. Аталмыш клубтарда тұрақты түрде Павлодардағы зиялы қауым өкілдерімен, Ресейден келген қонақтармен кездесулер ұйымдастырылып тұрады. 2001 жылы Павлодар облысында «Далалық өлке казактары Одағының» филиалы ретінде «Ертіс шебі» (Иртышская линия) казактарының бірлестігі құрылды. Оның қызметі Ертіс бойындағы казактардың дәстүрі мен мәдени мұрасын қайта жаңғырту мақсатына сайып келеді. «Лира» саз салоны - Славян орталығының аса маңызды жобаларының бірі. Ол қала мен облыс көлемінде орыс және шетел классикалық музыкалық мұрасын насихаттауда мәдени-ағарту жұмысын жүргізіп келеді. Орталық жанындағы провослав ағарту мектебінде «Милосердие» ұйымы қызмет етеді.

Орталықтың шығармашылық тобы облыстық радио Толқынында «Славянский двор» бағдарламасын таратып, онда үнемі славян мәдени бірлестіктерінің қызметі туралы жан-жақты баяндап келген еді. Славян мәдени орталығы өздеріне мүше болған Ұлы Отан соғысының ардагерлерін бірнеше жыл қатарынан Павлодар мен Ресейдің сауықтыру орындарында демалуға жағдай жасады. Сондай-ақ, орталық жанынан Ресей Федерациясының азаматтығын алуға қатысты кеңес қызметі де жолға қойылған. Славян орталығы Қазақстандағы орыс мектептері мұғалімдері Ассоциациясының құрамына кіреді. Бұл Омбыдағы ұстаздардың білімін жетілдіру курстарынан өтуіне мүмкіндік береді. Бастауыш сынып мұғалімдері мен филолог мамандар жыл сайын ресейлік ғалымдардың педагогика және жаңа технологиялар саласындағы жетістіктерімен танысып отырады. Өзара тығыз қарым-қатынастың арқасында Ресей үкіметі Славян орталығына түрлі пәндер бойынша кең ауқымды әдістемелік әдебиеттерді сыйға тартқан болатын. Өз кезегінде ол әдебиеттер орталықпен тығыз байланыс орнатқан мектептерге таратылды. Славян орталығы мұғалімдер Ассоциациясымен бірге «Пушкин оқуларын», «Кіші Шукшин оқуларын» өткізіп, орыс жазушылары мен ақындарының мерейтойлары бойынша кештер ұйымдастырып тұрады. 2002 жылдан бері Мәскеу үкіметімен де тығыз байланыс орнатылды. Соның нәтижесінде Мәскеу үкіметінің Халықаралық байланыстар Департаменті арқылы Славян орталығы музыкалық аспаптар алуға қол жеткізді. 2003 жылдан бері Славян мәдени орталығы Ресейлік отандастар халықаралық Кеңесіне мүшесі болып келеді. Славян орталығы халық арасында орыс мәдениеті мен дәстүрін насихаттауда Екібастұз, Ақсу қалалары мен Качир, Железинка, Шарбақты сияқты аудан орталықтарындағы бөлімдеріне сүйенеді. Олардың қызметінде 5 мыңға жуық адам жұмыс істейтіндіктен қалалар мен елді мекендерде орыс халқының дәстүрі мен ғұрпына қатысты ірі мәдени шаралар ұйымдастыруға толық мүмкіндігі бар. Славян орталығы Қазақстандағы Ресей елшілігінің, ішкі саясат департаментінің және Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының қолдауымен жыл сайын славян жазуы мен мәдениеті күні мерекесінің оқиғаларын үздік насихаттаған Павлодар облысы БАҚ журналистері арасында байқау өткізіліп тұрады. Ал 2004 жылы журналистер арасындағы байқау «Қазақстандағы Ресей жылына» орай өткізілген-ді. Соғыс ардагерлеріне оқу орындарында, мұражайлар мен кітапханаларда ерекше құрмет көрсетілді. Славян орталығы Благовещенск Кафедралды Вознесенс соборымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олардың бірігіп өткізетін шараларына: діни музыка концерті, икондар көрмесі, қайырымдылық астары және т.б. кіреді. Славян мәдени орталығы А.Чехов атындағы облыстық орыс драма театрымен бірлесіп Ф.И.Тютчевтің 200 жылдығына орай оның ақын әрі дипломат ретіндегі өмірі жайлы «Как, право хорошо мне с вами!» және М.И.Глинканың 200 жылдығына арналған «Славься, Славься ты Русь моя» атты спектакльдерді көрермендер назарына ұсынды. П.Васильев атындағы кітапханамен бірлесіп, Славян орталығы мектеп оқушылары арасында А.С.Пушкин шығармалары бойынша байқау өткізіп тұрады. Мұндай мәдени іс-шаралардың барлығына оқу орындарының оқушылары мен студенттері кеңінен тартылады. Славян мәдени орталығы өзінің жан-жақты қызметі арқылы Қазақстан халқының бірлігі мен достығына өз үлесін қосып келеді.

Қазақстандағы этномәдени бірлестіктер: кешесі мен бүгіні (І бөлім)

«Қазақстандағы ұйғырлардың республикалық мәдени орталығы»

«Қазақстандағы ұйғырлардың республикалық мәдени орталығы» (ҚҰРМО) 2003 жылы құрылып, ҚР Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Республика заңдарына сәйкес бірқатар облыстарда ҚҰРМО бөлімдері ашылды. Орталықтың Жарғысына сәйкес атқарылатын жұмыстың негізіне ұйғыр халқының мәдениетін, білімін дамыту, салт- дәстүрі мен тілін сақтау, ұлтаралық татулықты одан әрі нығайту, мемлекеттік тілді үйрену сияқты мәселелер алынған. Қай қоғамда болмасын, жастар өміріндегі ең басты мәселе –білім алу мәселесі болатыны түсінікті. Сол себепті де ҚҰРМО ұйғыр жастарының білім алуы мәселелерін шешу жұмыстарына үлкен көңіл бөліп отырады. Ұйғыр тілінде білім берілетін мектептерде үнемі мониторинг жүргізіліп, оқу-әдістемелік әдебиеттермен және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуі қатаң қадағаланып келеді. Мәдени орталық пен «Тұран» университеті арасында жасалған келісімге орай 100-ден астам ұйғыр жастары университетке оқуға қабылданып, оларға 15%-дан 30%-ға дейін оқу ақысын төлеуге жеңілдік жасалды. 2008 жылы талантты 4 студентті тегін оқыту туралы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетімен келісім жасалды. Мәдени орталықтың сұрауы бойынша «Астана-Финанс» АҚ жоғары оқу орындарының 5 студентінің оқу ақысын өз мойнына алған. Қытайдағы СҰАА (СУАР) үкіметі мен ҚҰРМО арасындағы бірлескен жоба бойынша 2008 жылы Үрімшідегі Өнер институтына оқуға талантты 20 адам жіберілді. 

Бұл студенттердің де оқу ақысын СҮАА үкіметі көтеретін болып келісілген. ҚҰРМО оқушыларға патриоттық және идеологиялық тәрбие беруді күшейту жұмыстарына да ерекше көңіл бөліп келеді. Мысалы, ҚҰРМО жанында жастар комитеті құрылып, студенттер мен оқушыларды тарту жұмысы жүргізіліп келеді. Студенттер Кеңесінің нақты жұмыс жоспары жасалып, тақырыптық кештер, көңілді тапқырлар клубы, шоу-бағдарламалар өткізу жолға қойылған. Ұйғыр мәдениетінің күндерін аудандарда, кенттерде және облыс орталығы Талдықорған қаласында өткізу дәстүрге айналған. Мысалы, Панфилов және Ұйғыр ауданы мәдениетінің күні мәдени орталықтың белсенді шығармашылық күшімен өткізілді. Қазақстан ұйғырларының мәдени өміріндегі аса маңызды оқиғалардың бірі «Уйгур авази» газетінің 50 жылдығы болған еді. Газет мерейтойына мемлекеттік органдар өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Парламент депутаттары және ТМД елдерінен қонақтар қатысты. Газет ұжымына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың құттықтауы жеткізілді. «Достық – біздің байлығымыз», «Күш – бірлікте» деген айдармен Шелек ауылында конференция өткізілді. ҚҰРМО жанынан ғалымдар Кеңесі құрылған. Бұл Кеңес ғылымның әр саласында, жоғары оқу орындарында, экономика мен өндіріс салаларында еңбек ететін 50-ден астам ғалымдарды біріктіреді. Ғалымдар кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ұлтаралық қатынастар мәселелерін зерттеу орталығы» өткізіп отыратын «дөңгелек үстел» жұмысына қатысып отырады. Оның төмендегі тақырыптар бойынша отырыстары өткізілді: Қазақстан этностарының бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуі барысында атқаратын рөлі мен маңызы; Руханилық және толеранттылық – тұрақты мемлекеттің негізі; Қоғамның трансформациясы кезеңіндегі ұлттық топтар; Қазақстан этностарына діни бірлестіктердің әсері. Ғалымдар Кеңесі Қазақстан ұйғырларының мәдени- тарихи мұрасын дамыту бойынша арнайы жоба даярлап ұсынды.

ҚҰРМО-ның жоспарланған іс-шараларын жүзеге асыру да Іскер әйелдер клубының да үлесі зор. Сондай-ақ, жауапты жұмыстарды орталық жанындағы сараптау бөлімі жүзеге асырады. Ол ұйғыр этносы тығыз қоныстанған аудандардағы этномәдени және әлеуметтік-экономикалық үдерістерге талдау жасап, мәдени орталық қызметінің негізгі бағыттары бойынша өзінің қорытынды ұсыныстарын беріп отырады.

Қазақстандағы этномәдени бірлестіктер: кешесі мен бүгіні (І бөлім)

«Қазақстандағы украиндықтар Радасы»

«Қазақстандағы украиндықтар Радасы» республикалық одағы (Рада) 2005 жылы 17 қазанда құрылды. Одақ Қазақстандағы этникалық украиндарды және олардың 11 ұлттық-мәдени орталықтарын (9 облыстық және 2 қалалық) біріктіреді:

1. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Оберег» украин қоғамы» қоғамдық бірлестігі («Общество украинцев «Оберег»);
2. «Жиночка громада» қалалық қоғамдық бірлестігі;
3. «Қостанай облыстық украин қауымы» қоғамдық бірлестігі («Костанайская областная община украинцев»);
4. «Оксана» Ақтөбе облыстық украин ұлттық-мәдени орталығы;
5. «Солтүстік Қазақстан облыстық Украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі;
6. Т.Шевченко атындағы Маңғыстау облыстық украин ұлттық-мәдени орталығы;

7. «Павлодар облыстық «Мария» украин қоғамы» қоғамдық бірлестігі (Екібастұз қаласы);
8. Атырау облыстық «Довира» украин мәдени орталығы;
9. Жамбыл облыстық «Днепро» украин мәдени орталығы;
10. «Шығыс Қазақстан облыстық украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі;
11. «Ақмола облыстық «Червона рута» украин қоғамы» қоғамдық бірлестігі.

Раданың алдына қойған мақсаты – украиндардың этникалық тұтастығын сақтау, тілі мен мәдениетін, рухани құндылықтарын жаңғырту, украин халқының саяси, әлеуметтік құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық санасын, діні мен ұлттық салт-дәстүрлерін дамыту. Рада республикалық және жергілікті бағдарламаларды даярлауға, оны жүзеге асыруға атсалысады. Сонымен бірге, украиндықтардың этникалық жаңғыруына, қайырымдылық шараларын өткізуге, халықаралық байланыстарды дамытуға қызмет ете отырып, Қазақстан халқы арасындағы достық пен бірлікті нығайтуды басым бағыт деп санайды. Қоғам жанында «Оберег» ән-би ансамблі жұмыс істейді. Ансамбль өнері үшін республикалық ұйымдардың, Қазақстанның Украинадағы және Украинаның Қазақстандағы елшіліктерінің дипломдарымен марапатталған.

Орталық ішінен халықтық-қолданбалы өнер мұражайы ашылған. Оның жанында екі шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Ол ұжымдардың туындылары бірнеше мәрте халықаралық, республикалық және қалалық көрмелерге қатысқан. Қолданбалы өнер шеберлерінің кәсіби деңгейі Қазақстан мен Украина тарапынан жоғары бағаланып келеді. 2006 жылы Рада украин халық шығармашылығының І республикалық фестивалін ұйымдастырды. Рада жастар қозғалысына да ерекше мән береді. Мәселен, «Чаривни джерела» атты украин жастарының қозғалысы белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Диаспора жеткіншектері үшін «Рідне слово» деген атпен Рада орналасқан орталықта украин әдебиетінің бай кітапханасы, Украина тарихы мен мәдениетіне қатысты жәдігерлер, Қазақстанның дамуына украиндықтардың басқа да ұлт өкілдерімен бірге қосқан үлесін баяндайтын материалдар жинақталған.

Қазақстандағы Украина елшілігі және Раданың ұйытқысымен Украина білім және ғылым министрлігі бөлген гранттарға сәйкес ондағы жоғары оқу орындарына 2005-2007 жылдары 25 адам жіберілді. Тегін бөлінген жолдамамен 21 бала «Молодая гвардия» халықаралық лагерінде демалысын өткізді. Рада Қазақстан мен Украина арасындағы достықты нығайтуға бағытталған бірқатар аса маңызды мәдени іс-шараларды ұйымдастырды. Олардың қатарында республикалық украин орталығының іргетасының Украина Премьер-Министрі және 11 облыстық Украин мәдени орталықтары өкілдерінің қатысуымен қалануы тарихи оқиға болатын. Одан кейін Украин халық шығармашылығының республикалық фестивальдері өткізілді. Рада өкілдері Киевте өткен украиндықтардың IV дүниежүзілік Форумына қатысты. Шығыс Қазақстан облыстық УҰМО-ның «Чарівница» шығармашылық ұжымы Киевте өткен «Украинская икона и иконотворческие достижения диаспоры» атты халықаралық мәдени симпозиумға қатысты. 2007 жылдан бастап республикалық «Вести Украины» газеті 3 тілде (қазақ, украин, орыс) шыға бастады. Украин халқының «Веснянка», «Святой Николай», «Иван Купала», «Рождество» мейрамдары да орталықтардың күшімен кеңінен аталып өтеді. Қазіргі таңда «Қазақстандағы украиндықтар Радасы» республикалық одағы еліміздегі ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімді насихаттау ісіне барынша өз үлесін қосу бағытында аянбай еңбек етіп келеді.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға