Қандастар Ассамблея

Қазақ ғылымының дамуына үлес қосқан халық

Қазақстанға поляк этносы қалай қоныстанды?

Қазақстан халқының қазіргі көпұлтты, күрделі этнодемографиялық құрамы XX ғасырда адамзат тарихында болған тарихи оқиғалардың әсерімен қалыптасты. Тарихта адамзат санасына орны толмас жара салған екі бірдей дүниежүзілік соғыстардың салдарынан, бұрынғы патшалық Ресей отаршылдығының, кейінгі кеңестік науқандардың ықпалымен құт мекенге айнлаған Ұлы Даламыз – Қазақстан миллиондаған өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Біз бүгін сол ұлттардың арасынан поляк халқы туралы мәлімет береміз.

Тарихи деректерге көз жүгіртсек, поляк этносының қалыптасуы X ғасырдан басталады, яғни сол дәуірде «поляк» этнонимі пайда болды. Біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта қазіргі Польша аумағында славяндардың ата-бабасы саналған лусатия мәдениетінің тайпалары қоныстанған. Сонымен қатар біздің дәуіріміздің басында бұл жерге батыс славян тайпалары – венедалар көшіп келе бастады. Ал оның этникалық негізі полян, гоплан, вислян, слензан, мазовшан, ленчан және поморян тайпаларынан құралады.

Көптеген ғалымдардың зерттеуінде поляктардың великополяп, куявян, ленчицан, серадзян, мазовшан, курпи, малополян, силезиан, мазур, вармяк, кашуба сияқты бірнеше этникалық топтары XIX ғасырға дейін диалектілермен және мәдениет пен өмірдің кейбір артықшылықтарымен ерекшеленетіні көрсетілген. Поляк тілі славян тілдер тобының батыс тармағына жатады. Ал дінге сенуші поляктардың басым бөлігі католиктер.

83b8ff5c-c064-4856-b3a8-90e07f80ac4c.jpg

Поляктардың Қазақстанға қоныстануы

Поляктар Қазақстан аумағына тұңғыш рет XVIII-XIX ғасырларда келе бастады. Олар өз еліндегі ұлт-азаттық қозғалысына белсене араласқан, әртүрлі себеппен арнайы жер аударылған, 1830 жылғы және 1863 көтерілістерге қатысқан болатын. Олардың жас мөлшері де, әлеуметтік жағдайлары, мамандықтары да әртүрлі еді, осыған қарамастан, жергілікті халықтың ықыласына бөленді. Ақын-жазушы, суретші, дәрігер, инженер, заңгер сияқты кәсіп игерген адамдар болатын.

Ал Қазақстан жеріне XIII ғасырда ең алғаш поляк ұлтынан шыққан францискалық монах Бенедикт Полонустың келгені айтылады. Ол әлемде шығыс жерлері туралы алғашқы деректерді қалдырды, сол кезеңде Еуропа үшін Қазақстан жері беймәлім еді.

Патшалық Ресей өкіметі 1897 жылы жүргізген алғашқы жалпы халық санағы бойынша Орта Азияда 11 597 поляк өмір сүрген. Поляктардың 90%-ы негізінен қалаларға қоныстанды. Ресей империясының 1897 жылғы бірінші жалпы халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстанда поляктардан 1253 адам болған.

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Ресей империясының бақылауындағы Польша Корольдігі аумағынан жерсіз поляк шаруаларының экономикалық эмиграциясы Сібір мен Қазақстанға жер аударылғаны белгілі. Бірақ Келецк және Люблин губернияларынан келген бірнеше поляк шаруалары 1906-1910 жылдары Орынбор губерниясына, Омбы губерниясына және Есіл облысына көшті. Бұған Столыпин реформасы маңызды рөл атқарды.

Батыс Украина мен Батыс Беларусьтің байырғы тұрғындарымен бірге жергілікті және 1939-1940 жылдары Гитлер әскерлерінің Польшаға басып кіруі нәтижесінде көшіп келген поляктар өмір сүрді. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1940 жылғы 18 қазандағы қаулысымен Қазақстанға Украинаның батыс облыстарынан 6478, Батыс Беларусьтен 203 поляк қоныс аударушы отбасы келді.

КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 1940 жылғы 10 сәуірдегі № 497-17 қаулысына сәйкес Қазақ КСР-не: Украинаның батыс облыстарынан және Беларусь КСР-нен қуғын-сүргінге ұшыраған бүлікші ұйымдардың қатысушыларының отбасы мүшелері, бұрынғы поляк армиясының офицерлері, полицейлер, түрмедегілер, жандармдар, ірі жер иелері, фабриканттар және бұрынғы поляк мемлекеттік аппаратының шенеуніктері – барлығы 60 667 адам көшірілді.

Олар Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Семей облыстарына орналастырылған. Оның ішінде 36729 адам колхозға, 17923 адам кеңшарларға және 8000 адам – әртүрлі өндірістік кәсіпорындардың жұмысшылар ауылына қоныстанды.

1940-1941 жылдары жер аударылған поляктардың саяси мәртебесі әкімшілік-депортацияланған және арнайы қоныстанушылар ретінде анықталды. Сонымен қатар, қуғын-сүргінге ұшыраған офицерлердің және Польшаның басқа шенеуніктерінің 66 мыңға жуық отбасы мүшелері Қазақстанда айдауда болды. Ал 1942 жылы Саратов облысында тұратын поляк азаматтары жер аударылып, Алматы облысына жіберілді.

1945 жылдың 6 шілдесінде Кеңес-Поляк келісіміне қол қойылып, оған сәйкес 1939 жылдың 17 қыркүйегіне дейін поляк азаматтығы бар барлық поляк азаматы Польшаға оралу құқығын алды. Осылайша КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1945 жылғы 29 қарашадағы №791-121 қаулысына сәйкес ҚазКСР-да бұрынғы поляк азаматтарын Отанына көшіру жөніндегі комиссия ұйымдастырылды.

Қорытынды деректер бойынша, 1946 жылғы маусымға Қазақстанның он алты облысында есепке алынған 55177 поляктың 52292-сі Польшаға жіберілген.

1947 жылдың қазан айында ҚазССР Білім беру министрлігі балалар үйі мен елдімекендерде қалған поляк балаларын жіберу туралы шешім қабылдады. Жіберуге арналған құрама пункт Щелковский ауданының Мәскеу облысы Чкаловская станциясында орналасқан Чкаловский мамандандырылған балалар үйі болып бекітілді. 1951 жылы қаңтарда 18 жасқа толған жасөспірімдер Отанына оралу туралы өтініштерімен Польшаға жіберілді. Ал 1951 жылы қарашада балалардың соңғы бесеуі кетті.

Қазақстандағы поляк халқының жағдайы 1956 жылға дейін ХКК-нің 1945 жылғы 8 қаңтардағы «Арнайы қоныс аударушылардың құқықтық жағдайы туралы» қаулысымен анықталды.

Ал 2017 жылғы бірінші қаңтарда республикадағы поляктар саны 31516 адамды құрады. Сонымен бірге, зерттеушілер кеңес жылдарында украин немесе орыс ұлты ретінде жазылған қазақстандық поляктар саны жүз мыңға жуық деп санайды. Тағдыр оларды бүкіл елге таратып жіберді. Поляктардың ірі қоныстары Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарында орналасқан. Олар қазақ халқымен бірге қуғын-сүргін мен ұлттық езгіні бастан өткерген. Өмірдің ауыр сынақтарына қарамастан, поляктардың көпшілігі өздерінің ұлттық дәстүрлерін сақтап қалды, жаңа ұрпаққа өздерінің туған әндеріне, билері мен мәдениетіне деген сүйіспеншіліктерін жеткізе алды.

Поляктар қазақ халқының тарихын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеді. Тіпті, қазақ жеріндегі жануарлар әлемі, өсімдіктер дүниесі, ауа-райы, пайдалы қазбалары да олардың зерттеу назарынан тыс қалмады. Еуропаның шығысынан келген поляктар кітапхана мен мұрағаттар ұйымдастырып, дәріхана, мектептер мен шіркеулер ашты. Осылайша поляктар Қазақстанның этнографиясына, мәдениетіне, география, геология және басқа да ғылымдарының дамуына зор үлес қосты.

Сонымен қатар поляк ғалымдары қазақтың зиялы қауым өкілдерімен достық қарым-қатынаста болса, поляк диаспорасы жергілікті тұрғындармен етене жақын араласып кетті. Бұған Карл Гутковскийдің Шоқан Уәлихановпен достығы, Абай Құнанбайұлымен Гросс арасындағы ақпейілді қатынастары, поляк зиялысының Шыңғыстауда қоныстанған Абай ауылында бір ай мейман болуы жер аударып келген поляктардың қазақ халқычмен ниеттес, сыйлас болғанының айқын дәлелі.

Алғаш жер аударылған поляктарды шаруалар мен шен-шекпенді адамдар болып екі әлеуметтік топқа бөлінді. Шаруаларды мемлекет қазыналық жерлерге қоныстандырып, жер шаруашылығымен айналысуға жұмылдырды. Бұрынғы шаруалар ауылды жерлерге жіберіліп, оларға азын-аулақ жер телімдері берілді. Сөйтіп шаруа поляктар ауылды жерлерге қоныстанып, орнығып алды. Бастапқы кезде табиғаты қатаң аймақта егіншілікпен айналысу оларға ауыр тиді. Қиыншылықтарды тізіп, басшылыққа шағымданған күндер де кездескен. Дегенмен ауылды жерлерге қоныс аударған поляктардың жағдайы қалаға кеткен поляктардан жақсырақ болған. Алайда жер берілген поляктардың барлығы дерлік егіншілікпен айналыспаған. Бірқатары өкімет тарапынан бөлінген субсидияны басқа мақсатқа пайдалануға тырысып, жер шаруашылығымен айналыса алмағандары бақташылыққа көшкен.

Ал екінші әлеуметтік топқа жататын шенді-шекпенді поляктар жергілікті тұрғындар сияқты теңдікте өмір сүрген. Бұл топ ішінде кейіннен өкіметтен рақымшылық алып, өз отандарына аман-есен қайтқандары да болды. Осы аймақта тұруға бел буып, қалып қойғандары да жетерлік.

Қазақ даласында өз қызметімен және мәртебесімен еңбек сіңірген поляктардың бірі Цезарь Иосифович Тераевич еді. Ол Мәскеу университетінің медицина факультетін тәмамдаған білікті маман болатын. Зиялы поляк азаматы 1863 жылы көтеріліске қатысып, Сібірге жер аударылады. Сөйтіп 1873 жылы Семейге уездік дәрігер болып келген. Ал 1879 жылы ішкі Ресейге көшіп, 1889 жылы Өскеменге қайтып келеді. Одан кейін де дәрігерлік қызметін жалғастырып, халыққа жердем береді.

Әдет-ғұрыптары мен мерекелері

Поляктардың дәстүрлі үйлену рәсімі жұп болу, құда түсу, некелесу және үйлену тойынан тұрды. Үйлену тойында күйеу мен қалыңдық, сондай-ақ олардың туыстарынан құралған екі топ бөлініп жарысқа түседі. Қазіргі үйлену тойында көптеген ескі ғұрыптар орындалып жатса, тек көңіл көтеру сипатында ғана жүзеге асады. Ал діни мерекелер мен халықтық мейрамдарға байланысты көптеген дәстүрлер сақталды.

Жаңа жыл кезінде театрландырылған шеру өтіп, онда балалар мен жасөспірімдер библиялық сюжеттерге негізделген көріністерді сахналайды. Аталған көріністі кез келген адам тамашалауға болады. Алайда балаларға еңбегі үшін тәттілер немесе ақша беруге тура келеді.

Елде, сондай-ақ, жаңа жыл қарсаңында сильвестр маскарады ұйымдастырылады. Бұл сәтте жалпыхалықтық мереке ретінде тойланып, тіпті шетелдіктер де шақырылады. Егер оларға іс-шараға белсене атсалыса алмайтын болса, ең болмағанда тәттілерден дәм татып, шанамен жүріп өтуі керек.

Поляктардың ұлы Оразасы алдындағы мейрам – майлы бейсенбі деп аталады. Бұл күні мерекелік шаралар ұйымдастырып, әртүрлі салмасы бар бәліштер пісіріп таратады. Осылайша поляктар қысқы демалыспен қоштасады.

Жұмыртқаларды безендіру – бұл поляктардың Пасхамен байланысты ғасырлық дәстүрі. Острув қаласындағы қазба жұмыстары кезінде табылған ең көне Пасха жұмыртқасы X ғасырға жатады. Бір қызығы, «Пасха жұмыртқаларын» бояу техникасы дәл қазіргі әдіспен бірдей болған екен.

Поляк мәдениетінде түрлі-түсті Пасха жұмыртқалары елдің белгілі бір аймақтарын сипаттайтын халық шығармашылығының түріне айналды. Дәстүрлі «Пасха жұмыртқаларын» жіңішке құйғыш тәрізді құралдың көмегімен жасап, онда балқытылған балауыздың ою-өрнегін қолданған.

Бұрын Пасха жұмыртқаларын безендіруге тек әйелдер ғана қатысқан. Безендірілген және боялған жұмыртқаларды алдымен отбасы мүшелері мен балаларына, ал кейінірек Пасха аптасында достары мен таныстарына сыйлаған. Егер жас жігіт немесе қыз бір-біріне сыйласа, бұл ұнату сезімін білдірді.

Дәстүр бойынша, қасиетті Пасха тағамын жексенбі күні таңғы ас кезінде жейді. Барлығы шұжықтар мен тәттілерге, орама мен бәліштерге және ет өнімдеріне толы дастархан басына отырып, «пасха жұмыртқасымен» бөліседі.

Сонымен қатар поляктар мүсін жасау, ою, әйнекке сурет салу, кесте тоқу, керамикалық бұйымдар дайындау сияқты халық шығармашылығы дәстүрлерін дамытты. Поляктар ауыз әдебиетіне де өте бай халық саналады.

Поляк этномәдени орталығы

Қазақстанда поляктардың ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтайтын «Венжь» қоғамы және Қазақстанның поляктар одағы ашылған. Сонымен қатар Жамбыл облысында жиырма жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Полонез» этномәдени бірлестігі бар. 2001 жылы қаңтарда Польша мемлекеті репатрияция жариялап, өз қандастарын шақырғанымен, елімізден поляктар жаппай кетіп қалған жоқ. Мұның өзі этникалық поляктардың еліміздегі жай-күйінен хабардар етеді. Бүгінде кең-байтақ Қазақстан жеріне қоныс аударған поляктардың мыңдаған ұрпағы тұрып жатыр. Олар Қазақстан халықтарымен достық қарым-қатынаста өмір сүріп, өз тілі мен мәдениетін сақтауға мүмкіндік алды.

Сонымен бірге елордамыз Нұр-Сұлтанда «Polacy» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Қауымдастықтың негізгі қызметі – поляктардың ана тілін, мәдениеті мен тарихын зерттеу. Поляктар алғаш рет 1989 жылы Анатолий Дячинскийдің бастамасымен Көкшетауда бас қосқан. Кейіннен мұндай жиындар Ф.Богуславскийдің бастамасымен Қарағандыда, А.Левковскийдің бастамасымен Алматыда және тағы өзге қалаларда ұйымдастырылды. Ұйымдық жағынан Одақ он үш аймақтық бірлестіктерден тұрады, оларға поляктар одағының аймақтық кеңестерінен сайланған ұйым өкілі төрағалық етеді. Поляк орталықтары Польша мемлекетінің елшілігімен еш кедергісіз қарым-қатынас жасап отыр, сондай-ақ тарихи отандарымен тығыз мәдени-рухани байланыста.

Ұқсас материалдар