Қандастар Ассамблея

Ауаның ластануы сан ауруға себеп

Лас ауаның кесірінен әлемде жыл сайын 4,2 миллион адам ажал құшады

Соңғы жылдары ауаның ластануы дүниежүзі бас қатырып отырған үлкен мәселеге айналды. Оның қатарында Қазақстан да бар. Елімізде өнеркәсіп пен өңдеуші кәсіпорындардан, жылу-энергия орталықтарынан, жылдан-жылға саны артып келе жатқан көліктерден ауа қабатына тарайтын зиянды газдар тоқтаған емес.


Ауасы лас өңірде өмір сүру ешқашан шылым шекпеген өкпені де «құртады». «Америка медицина ассоциациясының журналы» жариялаған деректерге сүйенсек, жоғары деңгейлі озон қабаты ластанған қалада он жыл өмір сүру отыз жыл бойы күніне бір қорап темекі тартқанмен тең екен. Айта кету керек бұл ластанған ауаның адамның өкпесіне әсерін толық әрі терең зерттеген алғашқы жұмыс болып отыр. Ғалымдар ауасы ластанған әлемнің ірі алты қаласында (Нью-Йорк, Лос-Анджелес және т.б.) тұратын 18 жастан асқан жеті мыңға жуық адамды сынақтан өткізген. Өкпе эмфиземасының пайда болуына ауадағы ауыр заттар, қара көміртек, азот оксиді әсер еткен. Әсіресе, күн энергиясы автомобильдер мен басқа да көздер шығаратын зиянды химиялық заттармен әрекеттескенде өте зиянды қабат түзіледі. Қыс мезгілін есепке алмағанда, күн жылынған уақыттағы оның зияны шаш етектен. Бұл мәселені шешу үшін зерттеушілер электрлік тарнспорт пен велосипедке көшудің маңызы зор дейді. Көліктер жүретін отынды пайдалану ауаны ластап қана қоймай, климаттың тезірек өзгеруіне алып келеді. Ал Чикаго университетінің ғалымдары АҚШ пен Дания елдерін ұзақ зерттеп, ауа ластануы мен психикалық денсаулық арасындағы байланыстың бар екенін дәлелдеген. Екі елдің де ауасы ластанған қалаларында депрессия мен биполярлық бұзылыс көбірек тіркелген. Данияда бұл көрсеткіш тіпті екі еселенген. Ауасы лас қалаларда тұратын 0 мен 10 жастағы балалар арасында шизофрения мен жеке тұлғаның бұзылуы көп тіркеліпті. Ғалымдар АҚШ-тағы соңғы он жылда келген 151 миллион адамның медициналық орталықтарға келген шағымын қарап шықса, Данияда он жыл тұрған 1,4 миллион адамның диагнозына мән беріпті.

Корнель университеті дүние жүзіндегі өлім-жітімнің 40%-ы ауаның, топырақтың, судың ластануынан болып отыр деген ақпарат таратты. Ал атмосфералық ауаның ластануы қатерлі ісік, туа біткен патология мен адам ағзасының иммундық жүйесі жұмысының бұзылуына алып келеді.


Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экологиялық мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Елдос Абақанов Қазақстанда 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауаға шығарылған зиянды заттардың көлемі 2,4 миллионға жеткенмен, 2020 жылмен салыстырғанда алты пайызға төмен деп отыр.

«Қазгидромет» РМК экологиялық мониторинг басқарма басшысы Айнұр Өртбаева өткен жылы ірі қалаларда жоғары ластану мен қауіпті ластанудың төрт экстремалды жоғары ластану (ЭЖЛ) және 555 жоғары ластану (ЖЛ) тіркелді дейді.

– 4 ЭЖЛ және 245 ЖЛ Атырау қаласында (күкірт сутегі), 292 ЖЛ Қарағанды қаласында (қалқыма бөлшектер РМ2,5 және РМ10), 8 ЖЛ Ақтөбе қаласында (күкірт сутегі), 7 ЖЛ Петропавл қаласында (күкірт сутегі), 3 ЖЛ Өскемен қаласында (күкірт сутегі) тіркелді. Ластанудың жоғары деңгейі Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары бағаланды.


Эколог Елдос Нұрболұлы еліміздегі ауа ластануының негізгі себептері көмірмен жағылатын жылу электр станциялары, одан кейін транспорт, жеке сектор, өндірістік қалалардағы (Теміртау, Өскемен секілді) ауаға таралатын зиянды заттар, Ақтөбе мен Атырау қалалаларында жұмыс істемейтін кәрізді тазалайтын құрылғылардың жоқтығының кесірі дегенді алға тартады.

– Бүгінгі күнде экология саласында қалалардың ішіндегі ең өзекті мәселе – ауаның ластану мәселесі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне сәйкес жыл сайын әлем бойынша 4,2 миллион адамның өлімі атмосфералық ауаның ластануынан екен. Әрине, бұл мәселені шешу бойынша елімізде көптеген реформалар қабылданды. Оның ішінде экология заңнамасында экологиялық реформа жүргізіліп, 2018-2021 жылдар арасында жаңа экологиялық кодекс өмірге келді. 2021 жылы бұл құжатқа қол қойылды, - дейді Е.Абақанов.

Қазақстанда ауа сапасы «жасыл» болашаққа қарай жүйелі жұмысын бастады деп айтуға толық негіз бар. 2020 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізуге ниетті екенін айтқан еді. Соның негізінде парниктік газдың төмен шығарындыларына көшу мен экономиканың барлық саласында қайта құруды дамытудың ұзақ мерзімді көрінісін қамтамасыз ету міндетін жүктеген болатын. Ал 2021 жылдың 2 қаңтарында Президент жоғарыда айтылған экологиялық кодекстің жаңа редакциясына қол қойды. Жаңа құжатта атмосфералық ауаның ластануы, қалдықтарды басқару және өңірлердегі экологиялық мәселелерді тұрақты және үздіксіз шешу қажеттігі нақтыланды.

- Бұл құжаттың негізгі өзгешелігі - ірі кәсіпорындарды модернизациялау және олардың қоршаған ортаға тиіп жатқан зиянын төмендету. Оны төмендету үшін қолжетімді жаңа технологиялар алынып, ірі кәсіпорындарға автоматтандырылған экологиялық арнайы бақылау жүйелері енгізіледі. Бұған дейін мониторинг тек қана санитарлық аймақтың төңірегінде ғана жүргізілсе, енді кәдімгі құбырдың басына арнайы белгілегіштер қойылып, сол ақпарат тікелей өкілетті органдарға жіберілетін болады, - дейді Елдос Абақанов.

Жаңа Экологиялық кодекстегі оң үрдістің бірі – өндіріс секторлары мен кәсіпорындардан ауа ластанғаны үшін бюджетке түсетін төлемдерді реттеу. Бұған дейін ол төлемдер жергілікті қала, өңірлердің басқалай қажеттілігіне пайдаланылып келген, тек қырық бес пайызы ғана ауа ластануының күрес жұмыстарына жұмылдырылған. Кодекстегі өзгерістерге байланысты енді ол төлемнің барлығы жергілікті экологиялық жағдайға, оның ішінде ауа сапасын жақсарту бағытына жұмсалмақ. Бұл дегеніміз – табиғатты қорғау жөніндегі қызметті қаржыландырудың қосымша көздері ашылады деген сөз.


- Қазіргі уақытта кез келген ел азаматы «Казгидромет» РМК-ның телефонға орнатуға болатын арнайы қосымшасын пайдалана алады. Осы қосымшаны көшіру арқылы өзіміз тұратын жердегі экологияға қатысты ақпаратты ала аламыз, - дейді эколог Елдос Нұрболұлы.

Алайда ондағы ақпараттар көпшілікке түсінікті болмауы мүмкін. Берілген мәліметтер шекті көрсеткіш деңгейін ғана көрсетеді, яғни нормадан жоғары төмендігін ғана білуге болады. Одан бөлек ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі сайтта әр қала бойынша экологиялық ақпараттар, әртүрлі көрсеткіштердің консентрациясы туралы мағлұматтар жариялап отырады. Сайт арқылы алдағы 24, 48 сағаттағы болжамдар көрсетіледі.

- Өткен жылы министрлікке арнайы депуттатық сауал жібердім. АҚШ, Канада, Қытай елдерінде деректерді халыққа ұсыну уақыты бір сағаттан, бір тәулікке дейін максимум болып есептеледі, сонымен қатар PM 2,5, PM10 қатты бөлшектері азот диоксиді, күкірт диоксиді, озон көміртегі оксиді секілді көрсеткіштер туралы көруге болады. Бұл ақпараттың халыққа пайдалылығы қызыл, жасыл, сары түсті боп шкала негізінде көрінеді. Осыған орай ауа сапасының индексін енгізіп, ілгеріде аталған елдердегі тәжірибені жүзеге асыруды ұсындым. Одан бөлек менің ұсынысымның ішінде ДДҰ ауа сапасының параметрлеріне сәйкес келмейтін PM2, РМ 10 зиянды заттардың шекті рұқсат етілген консентрациясын қайта қарастыру мәселесі де бар. Себебі, біздің нормативтегі көрсеткіштер Денсаулық сақтау ұйымы ұсынғаннан 28,5 пайыз жоғары болып отыр. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл ұсынысымды қарастырып жатыр. Алдағы уақытта өзгертеді деген үмітім бар, - дейді Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экологиялық мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Елдос Абақанов.


Экология – ел болашағы үшін өте маңызды. Осы ретте Қазақстан қабылдап отырған Экологиялық кодекс республикадағы ауа сапасын айтарлықтай жоғарлатады деп сенеміз.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Ұқсас материалдар