Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев трансұлттық компанияның басшыларын қабылдады

Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев трансұлттық компанияның басшыларын қабылдады
08.06.2022 17:54 1224

Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші отырысының қарсаңында Мемлекет басшысы Chevron корпорациясының атқарушы вице-президенті Джеймс Джонсонмен, Exxon Mobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чапманмен, сондай-ақ Қазақстанның Канададағы құрметті консулдары – канадалық Cameco уран компаниясының президенті Тимоти Гитцельмен және Condor Petroleum компаниясының президенті Дон Стрюмен жеке-жеке кездесу өткізді,- деп хабарлайды El.kz сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Джеймс Джонсонмен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа корпорацияның елімізде атқарып жатқан жұмыстарының қазіргі нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын тезірек аяқтау мәселесі сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев трансұлттық компанияның басшыларын қабылдады

Сонымен қатар Қарашығанақ кен орнының өндіріс қуатын арттыру мәселесі, Қазақстанда отандық өнімдерді қолдауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған Chevron корпорациясының тікелей инвестиция салатын қорының қызметі талқыланды.

Нил Чапман Мемлекет басшысына Қарашығанақ кен орнындағы газ өңдеу зауыты құрылысының барысы, Теңіз кен орнынан экспортталатын газ көлемін ішкі нарыққа қайта тасымалдау және балама бағыттар арқылы Қазақстан мұнайын жеткізу мүмкіндіктері жөнінде айтты.

Тимоти Гитцельмен және Дон Стрюмен әңгімелесу кезінде Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы сөз болды. Атап айтқанда, Cameco компаниясының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі уран компаниясының жұмысы мен алдағы жоспары жөнінде мәлімет берді. Condor Petroleum компаниясының президенті сұйытылған табиғи газ өндіретін модульді зауыттар салу жоспары жөнінде мәлімет берді. Сонымен қатар «Қазақстан – Канада» іскерлік кеңесінің жұмысы аясында Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективаларына назар аударылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға