Жаңалықтар

Қаржылық сауаттылықты арттырудың тиімді жолдары қандай?

Экономист Дәулет Төлеутайұлымен сұқбат
Қаржылық сауаттылықты арттырудың тиімді жолдары қандай?
28.02.2022 18:34 23943

Қаржылық сауаттылық қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік беретін білім. Оның мақсаты жалпы қаржы саласына деген дүниетанымды кеңейту. Сол арқылы жаңа мүмкіндіктерді ашу және қаржылай зиян әрі шығын келтіретін жайттардан сақтандыру. Біздің қазақ қоғамында бұл салаға онша маңыз беріп, көңіл бөле бермейді. Қаржылық сауаттылықты қалай арттыруға болады? Азаматтар қаржы пирамидасы екенін қалай анықтай алады? Бұл жайында экономист Мықтыбаев Дәулет Төлеутайұлымен сұқбаттасқан едік.

Қаржылық сауаттылықты арттырудың тиімді жолдары қандай?

Нарықтық экономикаға бағытталған ел болғандықтан, қаржылық сауаттылықты меңгеру қажеттілік болып табылады. Қаржылық сауаттылық дегеніміз не? Қаржылық сауаттылықты арттыру стратегиялары қандай? Осы сұрақтар бойынша экономист Дәулет Төлеутайұлы былай деп жауап берді.

– Қаржылық сауаттылық дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда қаржылық тәртіп, яғни өз бюджетіңді басқара білу дегенді білдіреді. Қаржылық сауаттылықтың бастауы өз-өзіне есеп беруден басталады. Адам қарызға батпас үшін, барынша үнемдеп, қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Бұл екеуі де заман талабы. Ал, біз көп жағдайда басқа адамның ақшасын санап кетіп жатамыз. Ал, қаржылық сауаттылықты арттыру стратегияларына келетін болсақ, Абай атамыздың мынадай тамаша сөзі бар: « Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмағанда айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген екен он бесінші қара сөзінде. Яғни, адам кірісі мен шығысын санап, өзіне есеп беру керек. Екінші стратегиясы бір дүкендегі бағаны, басқа дүкенмен салыстырып қарау қажет. Қай жерде арзан, қай жерде қымбат деген секілді, адам қанша жерден бай болса да, бағаны бағамдап есептеген дұрыс. Бірден бір жерден, бір затты ала салмаған жөн. Үшінші кезекте қаржылық қор – адам тапқан табысының жоқ дегенде 10% жинап отыру керек. Жиі еститінім, ақшаның қайда кетіп қалғанын білмеймін деп жатады, оның барлығы осы қаржылық сауаттылыққа келіп тіреледі. Тағы бір айта кетерлік жайт, адам жиі садақа беретін болса, сол тапқан табысы берекелі болады. Адам өзінің тапқан ақшасының несібесін көреді. Себебі кейбір азаматтар бар, 1 миллион, немесе 500 мың табыс тауып отырса да ұқсата алмайды. Ал, кейбір адамдар бар 100 мың тапса да берекетін көріп, отбасын асырап, тіпті үйін де алып жатқан азаматтарды кездестіргенмін.

Статистикаға сәйкес, Қазақстандықтардың 3/1 отбасылық кіріс пен шығысын мұқият есептеп, жүйелі жүргізбейді. Оңды-солды несие алып, қарызданып-қауғаланып төлеуге келгенде шақшадай басы шарадай болып жүргендер жетіп артылады. Елімізде тұтынушылық несие алу рекордтық көрсеткішке жеткен. Бұл халықтың қажеттілігі ме әлде негізсіз несие алғандар көбейген бе? Бұл жайында экономист Дәулет мырза былай деп жауап берді.

Қаржылық сауаттылықты арттырудың тиімді жолдары қандай?

– Иә, шыны керек қазіргі таңда несиесі жоқ адам кемде-кем. Халықтың айлық жалақысынан қарағанда, берешек қарызы көп. Автокөлік, тұрмыстық техника, ұялы телефон, тіпті саяхаттауға несие алу үйреншікті жағдайға айналды. Экономикалық белсенді халықтың саны 10 миллионға жуықтаса, оның ішінде тұрақты жұмыс істейтіндердің саны 4-5 миллионның шамасында. Яғни, шамамен әр адамның басында екі несиеден келеді. Бұл үрдіс әрине жақсы емес. Ай сайын алатын жалақысы қажеттілігін жаппайды, соған сәйкес азаматтар өмір сүру стандартын бір деңгейде сақтап қалу үшін, несиеге жүгінеді. Мәселен, айлығыңыз 100 мың теңге болып, бірақ 500 мың теңгенің айфонын алу, немесе несиеге алу дұрыс емес. Егер, смартфон қандай да бір табыс әкелетін болса онда алуға болады. Ал, ешқандай табыс әкелмесе, несиеге алудың қажеті шамалы. Сондықтан қолда бар қаржыны ұтымды пайдалану үшін, адам өз бюджетін бақылауға алу керек. Қаржыны жоспарлы жұмсап, мақсатты түрде жинаған жөн.

Бала кез-келген еңбектің бағаланатынын білген абзал. Ата- аналар балаларды қаржылық сауаттылыққа қалай үйрету керек? Бұл жайында Дәулет Төлеутайұлы мынадай кеңестерімен бөлісті.

– Әлі оң мен солын ажыратып үлгермеген балаға ақша берерде мұқият болған дұрыс. Ұл, қызыңыз оны үнемді пайдаланып, орынды жұмсай білу үшін, қаржылық сауаттылықты кішкентайынан бастап, қалыптастырған жөн. Бүлдіршініңізге қаражатты есепсіз берсеңіз, бұл оның ақшаға құмар болып өсуіне әкелуі мүмкін. Балаға ақшаның оңай келмейтінін түсіндіріп, 1 айлық жалақаңызды қалай жұмсайтыңызды есептеп көрсету керек. Ол кез-келген кірістің өз орнымен жұмсалуын қажет екенін білгені дұрыс. Балаға ақшаны саналы түрде беру керек. Оған түскі асына, жолына деп есепсіз қаржы беру пайдасыз. Мұндай жағдайда бала ақшаны өзі есептеп үйрене алмайды. Апта сайын, немесе айына бір мәрте табыстасаңыз өзі нені, қайда жұмсайтынын пайымдайтын болады. Сол кезде бір айға берген ақшаны, үнемдеп тиімді жұмсайтын болады. Осындай әдіспен ұл, қызыңызға қаржыны үнемдеуді үйрете аласыз.

Қаржылық сауатсыздықтың салдары қандай нәтижелерге алып келетіні белгілі. Жиған тергенін қаржылық пирамидаларға салып, алданып қалып жатқан жандар аз емес. Пирамида екенін қалай анықтауға болады? Бұл жайында экономист Дәулет Төлеутайұлы халыққа мынадай кеңес береді.

– Қаржылық пирамида – бұл қалтағы түсудің түрлі жолын тапқан айлакерлердің табыс көзі, кәсібі. Пирамида екенін басында бірден аңғару қиын. Себебі, алаяқтар инвестициялық пирамиданы уақыт бедеріне қарай бейімдеп, түрлендіріп келеді. Әйтсе де, өзгермейтін бір жүйе ол көпті құрғақ уәдесіне сендіріп, қолындағы қаржысын қымқырып кету. Өзіңіз байланыс орнатқан ұйымның оңай пайданы көздеген мекеме емес екеніне былай көз жеткізуге болады. Мәселен, қатарға қосылған әр адамға ауқымды жобалар жайлы әңгімелеп, шет-шегі жоқ, сыйлықтар болатынын айтып сендіреді. Сонымен қатар, белгілі бір мөлшерде жарна салуын сұрайды. Салған қаржысын көп ұзамай бірнеше пайызбен еселеп қайтаратынына да уәде етеді. Сондай-ақ компанияға адам тартуды жүктейді. Сол арқылы пайдасының артатынын алға тартады. Кейіннен басқаларды сендіру үшін, алдынғы адамдарға белгілі бір пайызын береді. Алдындағылардың еңбексіз табыс тауып, жылдам ақшаға қол жеткізгенін көрген салымшы еріксіз компанияға адам тіркеуге кіріседі. Алдымен жақыны мен дос-жаранды төңіректейді. Оларға көзбен көргенін жеткізіп, шын мәнінде пайда табуға болады деп сендіріп бағады. Бірі үй аламын деп, енді бірі көлік мінемін деп ақшасын салса, тағы бірі несие алып береді. Ағайын-туыстың аузынан жырып берген қаржысын осылайша айлакердің қоржынына салады. Оңай ақшаға кенелемін деп жүргенде алаяққа алданып, көппен көңілі суысып, ағайынмен араға жік түседі. Осындай жағдай орын алмас үшін, біріншіден салық басқармасына барып, немесе ғаламтор арқылы мекеменің бизнес сәйкестендіру нөмірін теріп тексеру қажет. Заң алдында тіркелген не тіркелмегеніне көз жеткізіп алу керек. Байқасақ, қаржысын еселеймін деп, қалтасынан қағылған қаншама жан бар қоғамда. Осындай қаржылық әрекеттің құрбаны болмас үшін, қаржылық сауаттылықты арттыру керек.

Дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі, табысының 20% аспайды екен. Ал, қолда бар қаржыны қалай ұтымды жұмсауға болады? Бұл сұраққа экономист былай жауап берді.

Бізде азаматтар ақшасын үнемдемейді, қаржылық сауаттылығы төмен болған соң, үлкен үстемелерге қарамай, құдды бір тегін балық үлестіргендей несиеге бас ұрады. Ал, дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі, табысының 20% аспайды екен. Сондықтан да бізде халықты осыған үйретуіміз керек. Біз несиені рәсімдеу үшін, табысымызға қарамай, өтірік табыс көрсетіп жатамыз. Сондықтан, осындай құндылықтарға мән беруіміз керек. Қарызды алу бар, ертең қайтарымы бар. Ол үшін ең бірінші қаржыны жоспарлы түрде жұмсауды үйренген жөн. Дүкенге бармас бұрын, алатын заттардың тізімін жасап, кететін шығындарды есептеп шығу керек. Кеткен шығындарды есептеп жүріңіз, немесе арнайы кітпаша арнап жазып отырғаныңыз дұрыс. Сол кезде қаржыңыздың қайда кеткенін бақылай аласыз. Ай соңында жазған кітапшаңызға назар салыңыз. Артық шығындарды көріп, ақша ұстаудағы өз кемшілікті байқауға болады. Дүкеннен қалған тиындарды кез-келген жерге қалдыра бермеңіз. Есіңізде болсын, тиыннан да ақша құралады. Ұсақ тиындарды жинауды әдетке айналдыру керек. Күндердің күнінде ақшаныздың қалай көбейгенін өзіңізде байқамай қаласыз.

 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға