Жаңалықтар

ArtSport жобасының мәселесі қашан шешіледі?

ArtSport жобасының мәселесі қашан шешіледі?
Фото: gov.kz 21.06.2022 17:38 2630

Балаларға арналған спорт пен шығармашылықты қаржыландыруды мәселесі бойынша ArtSport бағдарламасы тығырыққа тірелді. Осы жағдайға байланысты ата-аналар мен кәсіпкерлер Мәдениет және спорт министрлігі ғимаратының алдына жиналып, бұл жүйенің ары қарай не болатыны туралы жауап алды.

Жиналғандардың бірі Раиса Арестанова. Осы жобаның арқасында оның немересі би сабақтары мен қолөнер үйірмесіне тегін қатысқан.

– Менің немерем би үйірмесіне тегін барып жүрді, кейін 1 маусымнан бастап олардың жұмысы тоқтап қалды. Әрине, балалардың көңілі қалды. Бізге қаржының көп бөлігі үлкен спортқа аударылатынын айтып, секциялар мен үйірмелерге қаржы жоқ деді. Пекиндегі олимпиадада еліміз өзін көрсете алмады. Шетелден спортшыларды миллиардтарға сатып алғанша балаларымызды қазірден бастап спортқа баулуымыз керек, - деді Раиса Арестанова.

Сондай-ақ ол өзінің қызының мүгедек екендігін әрі үйірмеге ақша тауып бере алмайтынын айтты.

– Бала – біздің болашағымыз. Сол үшін мен балаларымызды қолдауға келдім. Тіпті, кеңес одағы кезінде балаларға өзін дамытуға мүмкіндік болды, ал қазір не болды? Билік біздің қалауымызды естісе деймін, - деді Раиса Арестанова.

Министрлік алдында жиналған халықтың саны арта түсті. Кейін министрліктің өкілі жиналған қауымды ішке шақырып, жағдайды талқылады. Наразылық танытқандардың арасында қаржыландырудың тоқтауына байланысты қарызға батқан кәсіпкерлер де болды.

Олардың көпшілігі осы бағдарлама үшін арнайы бөлмелер мен залдарды жөндеуге қаржы құйып, ережеге сай бейнекамералар орнатып, үздік жаттықтырушыларды жұмысқа тартып, мекемелерді жалға алған. Қазір тіпті жұмысшыларына жалақы бере алмай отыр.

Жекпе-жек мектебінің иесі Серік Сағымбаев ArtSport бағдарламасына әу бастан сенбеген еді. Оған қатысуға құлқы болмады. Бірақ, балалардың көбі бәсекелестеріне кете бастады, өйткені ата-аналарға балаларын тегін үйірмелерге беру тиімдірек болды.

– Балалар тегін үйірмелерге кете бастағандықтан біз де осы бағдарламаға кіруге мәжбүр болдық. Біз 200 адамды тіркеуге өтініш бердік, бірақ 150 адамды ғана тіркеуге рұқсат берді, себебі бюджетте ақша болмады. Мен бұл жобадан әлі күнге дейін толық қаржы алмадым, олар тек жарты айдың қаражатын өтей алды. Соңғы 3 айда ешқандай төлем төлемеді. Мен – инвестормын, ақшасы бар, маңдай термен тапқан ақшасына зал ашқан қайыршы адамға айналдым! Тренерлер күнде менен ақшасын сұрап жатыр. Менің арендаға бір жарым миллион қарызым бар. Менімен жұмыс істейтін жаттықтырушылар спорттың хас шеберлері. Мен оларға көбірек ақша төлеймін деп жұмысқа алдым. Оларда жетісіп жүрген жоқ, - деп ашуланды Серік Сағымбаев.

Тағы бір кәсіпкер өз мекемесінін ақысын төлей алмай жүр.

– Менің спорт секцияма 200 адам келе алады деп тіркеген еді, алайда тек 100 адам ғана келіп жүрді. Жоба тоқтап қалғаннан бері аренданың ақысын қалта көтермей қалды. Бұған қоса жаттықтырушылардың жалақысын беру мұңға айналды. Егер осындай жағдайға әкеп соқтыратын болса несіне бағдарлама өз жұмысын бастады. Мені кәсіпкер ретінде мемлекет қолдамады. Келесі жылы жоба өз жұмысын жалғастырса мен олармен бірге жұмыс істемес едім,- деді кәсіпкер.

Наразылық танытқандардың сауалына Спорт Комитеті басшысының орынбасары Бекболат Байжанов жауап беруге тырысты.

– Осы мәселе бойынша бірнеше облыстарға бардық. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде де болдық. Қазір бұл жобаның жұмысы мәслихатта қаралып жатыр. Келесі аптада әкімдіктермен тағы да кеңейтілген отырыс өткіземіз. Жалғыз мәселе – қаржының жетіспеушілігі. Балалар спортпен шұғылданып, шығармашылық үйірмелерге қатысуы үшін платформаның жұмысы тоқтамайды. Қазір қаражат мәселесі шешіліп жатыр, - деді ол.

Аты шулы ArtSport жобасы бірнеше рет талқыланды

– Жағдай осынша ушығуы үшін үйірмелердің жұмысын тоқтатып, ата-аналардың осылай наразылыққа шығуын күтуіміз керек пе еді? Мысалы, еліміздегі баскетбол командасының мүшесі Джерри Джонсонға үкімет жеті мың доллар жалақы төлейді, оның қасында біздің шашбауымызды көтеру қиын ба? Сонда Нигериядан келген спортшының қасында біздің балаларымыздың құны жоқ па, - деді наразылық танытқан Серік Сағымбаев.

Министрлік қабырғасында министр Дәурен Абаев кәсіпкерлермен жоба аясындағы олқылықтарды талқылау үшін кездесу өткізді. Сол кездесуге қатысқандардың бірі Қуат Ерғалиев.

– Министрдің өзі бұл мәселені қалай шешу керектігін білмейді, себебі жобаны қаржыландыру мәселесін билік шешетіндігін айтты. Мен бұл мәселе аясында жұмыс тобын құруды ұсындым, бірақ министр бұл ұсынысыма кейін жауап беретінін айтты. Енді министрден осы мәселенің оңтайлы шешімін күту ғана қалды, - деді кәсіпкер.

2020 жылдың соңына қарай президент Қасым-Жомарт Тоқаев 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар тұрғылықты өкілдің қаражатынан тегін секциялар мен үйірмелерге қатыса алады деген заңға қол қойды. Бағдарлама өз жұмысын бастау үшін ата-аналар мен балалар геолокациясын ескере отырып, өздерінің сүйікті бөлімін таңдай алатын портал қажет болды. Ол ArtSport платформасына айналды. Порталды «SoftDeCo» ЖШС әзірледі. Компанияның жалғыз құрылтайшысы және директоры – Сергей лабугин. Ол жобаны Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның өтінішімен бастап, өз қаражатына жүзеге асырды.

Сәуірде Сергей Алабугиннің өзі түсіндіргендей, ArtSport платформасы бірден 12 серверде орналасқан, байланыс орталығында 6 адам жұмыс істейді және 6 бағдарламашы бар. Сондай-ақ бір жүйе бойынша администраторлар мен аналитиктер жұмыс істейді. Платформаны 700 мыңға жуық ата-ана, 8,5 мыңнан астам жеткізуші, 25,5 мыңнан астам жаттықтырушы пайдаланады, 14 мыңнан астам секция тіркелген, секцияға жазылу үшін 600 мыңнан астам белсендірілген ваучер бар. Бір балаға бірден екі секцияға қатысуға рұқсат етілген.

Сонымен қатар, барлық шығындарды «SoftDeCo» ЖШС көтереді. Заңға сәйкес, платформа ата-аналар мен жеткізушілер үшін тегін. 2022 жылдың қаңтарынан бастап операторлардың ақылы «жеке шоттарын» қолдауға маманданған ақылы техникалық қолдау туралы келісімді әзірледі. Оларға арналған платформаның да тегін бөлігі бар. Бірақ тегін бөлімде операторлардың жұмысы екі есе артады, есеп шығару және ақпарат жинау қосымша уақытты алады. Ал, ақылы опция, керісінше, оператордың жұмыс уақытын шама бойынша қысқартады, өйткені оның автоматты бюджетті есептеуге арналған құралдары қарапайым операторларда жоқ мүлдем басқа жиынтық статистикасы бар. Сонымен қатар, олар байланыс орталығына хабарласып, әзірлеушілерге сұраныс жібере алады. Ақылы нұсқаның қосылған құнына салынатын салық айына 250 мың теңгені құрайды.

Ағымдағы жылдың наурыз айында платформа барлық мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстар операторлары үшін бюджет шығыстарын есептеудің автоматты режиміне ауыстырылды.

– Бұл шараға Алматы облысындағы жағдайлар себеп болды. Операторлар арасында бюджет қаражатын шамадан тыс жұмсау және қарыздар туындау жағдайын туғызбау үшін операторлардың бюджетті дербес басқару функциясын алып тастадық. Қазіргі уақытта барлық өңірлерде бюджеттің шамадан тыс жұмсалуы байқалады, сондықтан әкімдіктер қосымша бюджеттер бөлгенше платформада жаңа ваучерлер беруді уақытша тоқтатады, - делінген портал әкімшілігінің хабарламасында.

ArtSport қалай қаржыландырылады?

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі берген ресми дерекке назар салсақ, мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Қазақстан жаңа бағытта: қозғалыс уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Ұлттық іс-шаралар жоспарының 75-тармағын іске асыру шеңберінде 1 мамырдан бастап және 2021 жылдан бастап мемлекеттік спорт пен шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі іске қосылды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды орындау бойынша жұмыс істеп жатыр. Әкімдіктің мәліметінше, бүгінгі таңда бағдарлама аясында 45 түрлі 537 шығармашылық үйірме, 25 түрлі 577 спорт секция бар. Шығарылған ваучерлердің жалпы саны 80 мың, оның ішінде 70 мыңға жуық ваучер іске қосылған. Жоғарыда аталған бағдарламаны жүзеге асыруға былтыр 1,2 млрд теңге бөлінген.

2022 жылдың бірінші тоқсанында 3,3 млрд теңге, екінші тоқсанында қосымша 3,2 млрд теңге бөлінген. 2022 жылдың басынан бері ваучерлермен қамтамасыз етуге барлығы 6,5 млрд теңге бөлінді. Берілген және іске қосылған жолдама бойынша балалар спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге бара алады. Кейін, жеткізушілер қызмет көрсету туралы актіге отырады және ата-аналар табельге қол қояды.

Қазіргі уақытта бюджет қаражатының шектеулігіне байланысты жаңа ваучерлер беру тоқтатылды. Төлем тек тіркелген ваучерлер үшін жүзеге асырылады.

Жолдамаларды беру тек ArtSport порталы арқылы жүзеге асырылатынын айта кеткеніміз жөн. Алайда, портал «Мемлекеттік спорт тапсырысын орналастыру қағидаларының» 3-тармағын бұзып отыр. Олар бөлінген бюджет қаражатынан асып түсіп, екі есе көп жолдама берген. Бұл порталдың ережеге сәйкес келмейтінін көрсетіп отыр. Десе де, бағдарлама өз жұмысын тоқтатады деген сөз емес. Әкімшілік мамандары жалғасын табатынын алға тартты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға