Жаңалықтар

Алматының экологиялық жай-күйі жақсартылмақ

Алматының экологиялық жай-күйі жақсартылмақ
09.06.2022 12:33 1969

Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға қатысты тың қадамдар жасалады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды El.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Атап айтқанда, бүгін Сенат «Кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат аясында Алматыға қатысты тиісті шешімдер ескерілген.

«Алматының тағы бір өзекті мәселесі – ол қаланың экологиялық жай-күйі. Бүгінде ластанудың негізгі көздері ретінде көлік секторы және екінші жылу энергия орталығы болып отыр. Оларға газ шығарындыларының 60% және 31% тиесілі. Нормативтен тыс шығарындылары бар (экологиялық бекеттерде) автокөлік құралдарына қатысты өлшемді жүзеге асыру және анықтау тәртібін регламенттеу ескерілген. Осы орайда көлік құралдарына тиісті өлшемді жүзеге асыру жөніндегі қағидаларды бекіту көзделген», - деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, көмір станцияларынан парниктік газ шығарындыларын төмендету бойынша республикалық маңызы бар қалалар мен астана үшін отынның балама түрі ретінде газды пайдалана отырып, генерациялайтын қондырғыларды салу арқылы жаңғырту, реконструкциялау және кеңейту жөніндегі жобаларға инвестицияларды қайтару тетігін заңнамалық түрде енгізу ұсынылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Алматыда келісілген қала құрылысы саясатын жүргізу үшін шаһардың дизайн-коды бекітіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға