Жаңалықтар

Абай шығармашылығы еліміздің басқа да халықтар әдебиетінің дамуына ықпал етті

Князь Мирзоев "Абай – қазақ жерінің көрнекті ұлы және жаһандық ауқымдағы тұлғасы" дейді
Абай шығармашылығы еліміздің басқа да халықтар әдебиетінің дамуына ықпал етті
02.07.2020 15:59 6057

«Berbang» күрділер ассоциациясының президенті, Абай атындағы ҚазҰПУ Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор  Князь Мирзоев Ұлы Абайдың шығармашылығы тек қазақ әдебиетінің дамуына ғана емес, елдегі басқа да ұлттардың әбедиетінің өркендеуіне жол ашқанын айтады.

Абай шығармашылығы еліміздің басқа да халықтар әдебиетінің дамуына ықпал етті

– Ғаламның ең ірі ойшылдарының бірі – Абайдың әлемдік рухани құндылықтардың қазынасына қосқан үлесі баға жетпес. Ол қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде философ, ақын, ағартушы, жаңа ұлттық әдебиеттің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде жарқын із қалдырды. Оның өлеңдерінде, әндерінде және қара сөздерінде ұлттық нақыш сезіледі, әдет-ғұрып, тұрмыс, наным-сенім, көркем тіл көрініс береді, ұлттың рухы нәзік түрде сезіледі. Сонымен қатар, ол ағартушы либералды ислам негізінде шығыс, орыс және еуропалық мәдениетті тоқайластыру, синтез жасау рухындағы алғашқы классик-реформатор болып табылады.

Сол себепті уақыт өте келе оның шығармашылығы бірегей құбылыс ретінде бағаланып, тіпті "Абай әлемі" деген ұғым пайда болды, бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында атап өтті. Абайдың өмір жолы мен шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, бүкіл әлемге үлгі. Оның адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен өзара түсіністік туралы терең ойлары ғасырлар өтсе де өзінің өзектілігін жоғалтпайды. Өйткені, ақынның мұрасы – бүкіл адамзаттың рухани азығы.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: "Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың ішіндегі ғажайып тұлға"деп әділ айтқан. Абайдың көзі тірісінде Таяу және Орта Шығыс халықтары оның шығармашылығының ғаламдық жалпыадамзаттық маңызын түсінді, өйткені ол әдебиеттегі көркемдік ойлау бағытын өзгерте білген дара тұлға.

Ол терең және ерекше ойшыл болды, оның идеялары Еуропалық негізде пайда болған жаңғыру дәуірінің гуманизм, ізгілік, өзін-өзі тану, әділдікті орнату үшін белсенді күресу қажеттігі туралы концепцияларын сипаттады. Көптеген жылдар бойы әрбір жаңа ұрпақ Абайдың туындыларын өз заманының көркемдік құбылысы ретінде қабылдайды, оның мұрасы көркем шығармашылық пен әлеуметтік-философиялық ойдың дамуы үшін шабыт көзі болып табылады, - бұл кездейсоқ емес.

Абай адамның тұлға ретінде және адам қоғамының бір бөлігі ретінде асылдығы мен бақытымен тығыз байланысты мәселелерді поэзияға және өнерге әкелген алғашқы ойшылдардың бірі болды. Кейіннен шығыс ақындары мен философтары гуманистік бағытты дамыта отырып, осы тақырыптарды ұстанды. Түркі, парсы, араб, күрд, иран және басқа да тілдерде жазған әр түрлі халық өкілдерінің Абай тақырыптары бойынша жүзден астам шығармалары, сансыз назирелер – ертегілерге еліктеулер жарық көрді және Абай оқырмандырының келесі ұрпақтары оның талантының жаңа қырларын ашып отырды.

Абай шығармашылығы еліміздің басқа да халықтар әдебиетінің дамуына ықпал етті

Ұлы ақынның табынушыларының саны ғасырдан ғасырға көбеюде, көптеген жазушылар, суретшілер, музыканттар оның шығармашылығына жүгінеді, оның рухани мұрасынан шабыт алады. Абай – қазақ жерінің көрнекті ұлы және жаһандық ауқымдағы тұлға.

Сайып келгенде Абай шығармашылығы қазақ әдебиетінің дамуына ғана емес, еліміздің басқа да халықтарының әдебиетінің дамуына ықпал етті. Қазақстанның танымал күрд ақыны Салех Саяди былай деп жазды:

Вот Казахстан – богатый край радушный…

 Народам всем накрыт здесь достархан.

Учили жить одной семьею дружной

Его сыны – Абай, Джамбул, Чокан…

(Бұл Қазақстан-бай да байтақ өлке…

Мұнда дастархан барлығына жайылған.

Бір отбасы болып өмір сүруге үйретті

Оның ұлдары - Абай, Жамбыл, Шоқан…)

Абай шығармашылығы – тек қана маңызды көркем құбылыс емес, бұл қазақ мәдениетінің дамуының жоғары сатысының, бір халықтың жинақтаған рухани құндылықтарының өзге халықтардың қызығушылығын тудыруының куәсі деп айтуға болады. Бұның бәрі Абайдың қарапайым өмірді өнерге, шынайы поэзияға айналдыра алуында, онда әр әуен, әр ұсақ бөлшек тірі, адамның жан-тәнін толқытатын құбылыс болып қала береді.

Бұл қызығушылықтың алғашқы белгісі ретінде Абайдың "Қара сөздерінің"  шығыс халықтарының тілдеріне аударылуын атауға болады, Абай шығармашылығының шығыс халықтарының әдебиетімен өзара байланысы мен өзара ықпалдастығын дамытудың жаңа кезеңі басталды. Фирдоуси, Низами, Саади, Хафиз туралы жазған Абай, уақыт өте келе өзі ұлы классикке айналды. 

Көптеген халықтардың әдеби өміріне белгілі ақындар мен олардың шығармалары әсер етеді, кейіннен ол қоғамдық ой мен ұлттық менталитеттің дамуына әсер етеді. Қазақ халқының рухани мәдениетін алға тарта отырып, әлемдік көркем тәжірибені толықтырған Абай осындай сөз суретшісі болып табылады. Академик М. Әуезов Абай шығармашылығы халықтар тарихын, сонымен қатар жалпыадамзаттық мәдениетті жаңа және жаңа құндылықтармен байытқанын жазған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай шығармашылығының әлемдік маңыздылығын сезіне отырып, ұлы ақынның шығармаларын шет тілдерінде шығару маңызды бағыт болып қалатындығын атап өтті. Атап айтқанда, Абайдың еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне аударылатын болады.

Барие Бала, Ғасане Хаджисулейман, Маджид Сулейман, Салех Саяди сияқты қазақстандық күрд ақындарының шығармашылығында Абай шығармашылығымен тығыз байланысты детальдар мен типологиялық байланыстар аз емес. Белгілі ақын Аскияр Бойик қазақ ақынының 50-ден астам өлеңін күрд тіліне аударды. Профессор К. Мирзоевтің "Абай поэзиясы. Өз жүрегіне көз сал" деген ғылыми мақаласында  шебердің еңбектерінің философиялық мәні мен оның күрд поэзиясының дамуындағы ролі көрсетілген. Автор Абайдың "Қара сөздерін" күрд тіліне аударған, ал күрд мектептеріне арналған оқулықтарда ақынның өмірі мен шығармашылық жолын суреттеген. Осы жылы Абайдың 175 жылдығына орай оның таңдамалы еңбектері күрд тілінде басылып шығарылады.

Шығармашылық тәлімгер мен шабыттандырушыға арналған өз өлеңдерінде белгілі күрд ақыны Гасан Хаджисулейман былай деп жазады:

Ты видел нищету, раздоры,

Вражду, завистливые взоры

И для народа – видя это –

Прокладывал дорогу к свету.

(Сен кедейлікті, алауыздықты көрдің,

Дұшпандық, қызғаншақ назарды да,

Және -мұны көре тұрып –

халық үшін жарыққа жол салдың).

Иран халықтар достығы қауымдастығының вице-президенті 2019 жылы Абай күндерін мерекелеу кезінде былай деді: "Құнанбаев мысалында ирандықтар Қазақстан әдебиеті, шығармашылық интеллигенцияның мүмкіндіктері туралы білді. Абай мен оның ізбасарларының ақындық сөздері біздің халықтарымызды нығайта түседі деп сенемін. Бұл сондай маңызды!!!»

 Абай Құнанбаевтың шығармашылығы түрік мәдениеті үшін үлкен маңызға ие. Еліміздің ғалымдары Түркияның жоғары оқу орындарында қазақ данышпанының  мұрасын тарату қажеттілігін басты міндеттердің бірі деп атайды. "Абай – қазақ мәдениетінің, бүкіл түркі мәдениетінің нағыз қазынасы", - дейді Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омероглу. Белгілі абайтанушы Экрем Айан ұлы ағартушының еңбектері түркітану, әдебиет және философия саласында білім алушы студенттерге арналған дәрістер бағдарламасына енгізілуі тиіс деп жазады.

 Қазақ және ұйғыр әдеби-мәдени байланыстарының да тарихы өте бай. Мысалы, белгілі ұйғыр ақыны И. Саттаров қазақ ақыны шығармаларының жолдарын кеңінен қолдана отырып, өзінің поэзиясының мазмұнды табиғатын байытады. Басқа талантты автор  Х. Абдуллин қазақ классигіне өзінің лирикалық өлеңдерін арнады.  Х. Хамраев, М. Обулкасымов, И. Жалилов және т.б. сияқты көптеген ұйғыр ақындары үшін Абай тарихи-рухани шындықты іздеуде, қоршаған шындықты тануда үлгі болып келеді.

Қазақстан мен Түркіменстанды ортақ мәдениет, ортақ дін мен тіл туысқан ел ретінде таныталды. Екі елдің маңызды оқиғаларының бірі – Абай Құнанбаевтың түрікмен тіліндегі кітабының тұсаукесері және Махтұмкули атындағы Түркмен мемлекеттік университетінде ұлы қазақ ақынының  бұрышының ашылуын айта аламыз.

Әзірбайжан мен Қазақстанның тарихи-мәдени байланысы ғасырлардан бері өз жалғасын табуда. Бауырлас елмен  әдеби байланыстар мен гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастық Абай шығармашылығын зерттеуге қызығушылық танытуға себепкер болды. Баку мемлекеттік университетінде ұзақ жылдар бойы Абай атындағы орталық жұмыс істейді, ол түлектерді Қазақстан жазушыларының шығармашылығымен таныстырады. Ал Абай Құнанбаев шығармаларының жинағы қазақ әдебиетін әзірбайжан тілінде таныстырған алғашқы кітаптардың бірі болды, бұғанға дейін "Қыз Жібек" поэмасы мен Мұхтар Әуезовтың "Абай Жолы" роман-эпопеясы аударылып, басылып шыққан еді.

Қазақ халқының ұлы персентінің шығармашылығы армян оқырмандарына да жақсы таныс. Арменияда "Абай-175" бірегей мерейтойлық жинақ жарық көрді. Оған "Қара сөз" аудармалары енді. Жинақтың бірегейлігі оған енгізілген көптеген туындылар армян тілінде алғаш рет басылып шыққандығында.

Абай қырғыз тілінде XX ғасырдың бірінші жартысында жарық көрді. Белгілі ақын Аалы Тоқам Баев ақынның танымал өлеңдерін қырғыз тіліне аударды. Абайдың әр түрлі шығармашылық кезеңдерінде жазған "Сөз әміршісі" туындысының жинағы жарыққа шықты. Кітап авторлары Алмаз және Перизат қызы өз жұмыстары туралы:"Жинақ оқырманның рухани әлемін байытады, оған ұлы қазақ ойшылының дүниетанымдық көзқарасы қаншалықты кең болғанын түсінуге көмектеседі" деген.

 Қазіргі кезде Абай шығармалары әлемнің 100-ден астам тіліне аударылған. Бұл басылымдар әдеби – гуманитарлық ынтымақтастықтың, философиялық бағыт пен болмысқа деген ізгілік көзқарасының әлемдік символына айналды. Субконтиненталдық бірлік пен баға жетпес мәдени феномен болып табылатын шығыс мәдениетінің үлкен және ажырамас бөлігі болды. Бірақ бұның барлығы адамзаттың игілігі екендігі күмәнсіз, өйткені Абай қалыптастырған рухани құндылықтардың шекарасы мен тұтынушыларының шектеулі шеңбері жоқ, себебі ол уақыт тезіне  бағынбайтын рухани құндылықтың үздік үлгісі болып табылады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға