Жаңалықтар

Ақтөбелік оқушы Еуропалық географиялық олимпиаданың жеңімпазы атанды

Ақтөбелік оқушы Еуропалық географиялық олимпиаданың жеңімпазы атанды
03.07.2022 03:56 1527

Ақтөбедегі NIS оқушысы Санжар Хамитов Қазақстан тарихында тұңғыш рет ЕGeO-2022 Еуропалық географиялық олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды EL.KZ.

Ол 16-19 жас аралығындағы жоғары лига қатысушылары ішінде абсолютті жеңімпаз атанды.

Бастапқыда Балқан олимпиадасы деп аталған Еуропалық географиялық олимпиада – 12 мен 19 жас аралығындағы мектеп оқушыларының жыл сайынғы жарысы. VIII Еуропалық географиялық олимпиада 2022 жылдың 24-29 маусымы аралығында қашықтан өтіп, Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Литва, Латвия, Эстония, Сербия, Словения, Қазақстан, Румыния, Чехия, Болгария, Босния және Герцеговина елдерінен 111 талапкер қатысты.

Санжар Хамитовтың жетістіктерінің қатарында география пәнінен республикалық, желілік олимпиадалардың алтын медальдары бар.

Мен географияның көмегімен бізді және планетамызды біріктіретін күрделі кеңістік және уақыттық байланыстар туралы біле аламын. Күн сайын жеңіске жету жолында мен кешегіден гөрі жақсы болу үшін бәрін жасаймын, – дейді Санжар.

Санжардың жаттықтырушысы – Ақтөбедегі Зияткерлік мектептің түлегі, ІGeO-2021 халықаралық географиялық олимпиадасының жеңімпазы Рустам Валеев.

Олимпиада үш турдан тұрды – жазбаша, мультимедиялық, далалық. Барлық турда Санжар жақсы нәтиже көрсетті, себебі соңғы жылда ол олимпиадаға дайындық барысында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ол тәжірибелік және теориялық білімін үнемі жетілдіріп отырудың арқасында алтын медальға қол жеткізді. Сондай-ақ барлық қатысушы арасынан ол ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгергендігімен ерекшеленді, – деп атап өтті Рустам Валеев.

Енді Санжар Хамитов ІGeO және IESO халықаралық олимпиадаларына қатысады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға