Экология – Қазақстанның ұлттық идеясына айналуға тиіс

27.07.2020 824
«Экологиялық білім: қазақстандық қоғамда экологиялық мәдениетті тәрбиелеу және қалыптастыру» атты дөңгелек үстел өтті

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен онлайн форматта өткен «Экологиялық білім: қазақстандық қоғамда экологиялық мәдениетті тәрбиелеу және қалыптастыру» атты дөңгелек үстел барысында еліміздің маңызды экологиялық мәселелері талқыланды.

c2642826-adca-41f9-a39b-bdba2cc613bf.jpg

Онлайн жиынға биология ғылымдарының докторы, профессор, «Эко – Көкше» ҚҚ жетекшісі А. Т. Хусаинов, экотренер, экология саласындағы PhD кандидаты В.Дашкова(Қазақстан), Назарбаев Университетінің «National Conservation Initiative» корпоративтік қоры директорының міндетін атқарушы А.Байбакшиева, азаматтық белсенді, ECO Network жобасының негізін қалаушы Е. Мұхамеджанов, экотренер, танымал экоблогер Р.Саблин (Ресей) және тағы басқа экологтар, сарапшылар мен журналистер қатысты.

Маңызды шараны ашқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықты экологиялық сауаттандырудың аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

7f94de1a-835c-4f77-8e9d-cfe4597a0386.jpg

Қоршаған ортаны, жануарлар әлемін қорғау – жас ұрпақты өсірудегі маңызды элементтердің бірі ғана емес, жалпы адами фактор болып саналмақ. Бүгінде дүниежүзінде бұл экологиялық мәселелер трендке айналып, әлеуметтік желілерде коронавирус пандемиясынан кейінгі орында талқыланын жатыр. Расында да қоршаған ортаның қазіргі таңда халықтың денсаулығына әсері туралы айтпаса да түсінікті. Адам ауруларының көптеген түрі қоршаған ортадағы келеңсіз өзгерістермен тікелей немесе жанама түрде байланысты екені анықталған. Бірақ халықтың науқастануының экологиялық факторлар мен себеп-салдарларына байланысына әзірге елімізде жергілікті деңгейде назар аударылмай отыр. Экологиялық сауатсыздықты жою біздің халық арасында жүргізетін маңызды мәселеге айналуға тиіс. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғаудың жолдары ұғындыру, жалпыхалықтық экологиялық сауатын арттыру, жастарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі.

Өкінішке қарай, біз соңғы аптада табиғат байлықтарына қатысты жабайы іс-әрекеттердің кішігірім апаттарға әкелетіндігінің куәгері болдық. Атап айтсақ, Бурабайдағы таудай болып үйіліп жатқан қоқыстар, Көбейтұз күлгін түсті көлінің сазы мен тұзын жою, Алматы өңіріндегі Первомай тоғанында өсетін лотос гүлдерін жұлу, мұның бәрі кейінгі уақыттағы кей азаматтардың халықты ашуландырған бассыздығының толық тізімі емес. Сол себепті бүгін аталған мәселелік сұрақтарды талқылап қана қоймай, жаңа буынға экологиялық білім беруге қатысты толық кеңес берілсе екен деймін. Қазақстан табиғатының бірегей байлығы адамдардың ықпалымен жыл өткен сайын сарқылып, тіпті көбі мүлде қалпына келмей жатыр. Осы орайда табиғи байлық болашақ ұрпаққа қалуы үшін мемлекет қолдан келген шараның бәрін жасауы керек. Сонымен бірге келер буынға қоршаған ортаны дұрыс қорғауды, сақтауды үйреткеніміз жөн. Сонда ғана бұл үрдіс өз мәнін жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын таппақ.

Ендігі кезекте тағы да баршаңызға сәлем жолдай отырып, осынау шара аясында экологиялық сауаттандыру тақырыбы толығымен ашылып, нақты ұсыныстар айтылады деп сенемін, - деді министр.

Дөңгелек үстел барысында өзекті пікірталастар болып, тұщымды ұсыныстар да ортаға тасталды. Қоғам қайраткері Арман Хайруллиннің 2021 жылды «Экология жылы» деп жариялау туралы бастамасы қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды.

58238ab0-60e5-49f2-a8d9-77fc76138fd7.jpg

Экология – бүгінгі таңда Қазақстанның ұлттық идеясына айналуға тиіс. Себебі 2018 жылы ел университеттерінің зерттеулеріне сүйенсек, еліміз экологиялық тазалық бойынша бүкіл шартарапта 101-орынға орналасқан екен. Алдымызда Нигерия, артымызда Самоа – үшінші әлем елдері. Ал шынайы картина бұдан да нашар. Көрсеткіштер өкінішке қарай, күннен-кұнге төмендеп барады. Репрессия мен ашаршылықтан кейін қазақтың басына түсіп отырған нәубет – осы қиын экологиялық жағдайымыз. Алысқа барудың қажеті жоқ, салыстырмалы түрде-ақ көрсек болады. Көрші Өзбекстанда 1959 жылғы санақ бойынша халықтың саны 8,1 миллионды құраса, Қазақстанда 9,2 миллион адам тұрған. Яғни, біз олардан көп болғанбыз. Қазіргі таңда олар 32,9 миллион, біз 18,8 миллионға әрең жетіп отырмыз. Неге өсім бойынша өзбектерден үш есе артта қалдық? Міне, үлкен сұрақ. Туу көрсеткішіміз бірдей, иммиграция да бір деңгейде. Жауап – экологиямыз еш сын көтермейді. Елімізде Семейді қоспағанда, 7 ядролық полигон кеудесінде «жара» болып тұр. Аралдың кебуі, тұздардың ұшуы, одан кейін Батыс өңірдегі алпауыт зауыттардың жұмысы біздегі ауа бассейнінің Өскеменнен Атырауға дейін шығындыларға толы екенін көрсетуде. Атырауда бүгінге экологиялық апокалипсис жағдайы орын алып отыр. 1990 жылдан бері қарай осы уақытқа дейін ауа бассейніне 4 миллион тонна уытты қалдықтар шығарылған екен. Мұның барлығы денсаулығымызға үлкен зиян келтіріп отыр. Шақалақтардың шетінеуі, түрлі патологиялық аурулар бойынша алдыңғы орындамыз.

Елге Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін құрып берген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды «Экология жылы» деп жарияласа екен деген ұсынысым бар. Жиырма жылда бірде-бір экология жылы жарияланған жоқ. Мен қазақстандықтарды осы ұсынысты қолдауға шақырамын, - деді Арман Хайруллин.

Жиын соңында сөз алған Аида Балаева: «Табиғат ресурстарын тиімді пайдалануды, оны қорғауды ұйымдастыру бағытында кешенді тәсіл қажет. Жердің сұлулығы мен байлығын қорғауды жан-тәнімен жақтайтын адамдар мен табиғатты кешенді пайдалану идеясын өмірге енгізу мен айналысатын мамандардың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Өзіміз күнде көріп жүрген салақтық пен немқұрайдылық та табиғатты барынша бүлдіреді. Серуенге шыққанда немесе көкке шығып, демалып отырған жерге қалдыра салатын әр түрлі қалдықтарға көз сүрінетін болды. Сөйтіп, табиғатты бүлдіретін өзіміз. Сондықтан, тек мектепте ғана емес, әрбір отбасыда экотәрбие болу керек. Адам баласы табиғат-Анасыз өмір сүре алмайды. Елді мекен маңындағы ағаштардың кесілуі, бұлақ көздері мен өзендердің ластануы, кейбір аңдар мен құстардың жойылуы, бұл - экологиялық мәселе. Бүкіл адамзат баласы болып қоршаған ортаның экологиялық тазалығына бір мезгіл көңіл бөлсе, өзіміздің Жер – Анамыздың алдындағы үлкен парыздың орындалғаны болар еді» - дей келе, бүгінгі көтерілген ортақ мәселелерді шешуге ведомстволар мен қоғамдық ұйымдардың атсалысуын үйлестіруге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің әзір екенін мәлімдеді.


Ұқсас материалдар