Жаңалықтар

Жұлдыз Әбділдә: Фейктің мақсаты – манипуляция жасау

Ақпараттың дұрыс-бұрысын қалай тексереміз?
Жұлдыз Әбділдә: Фейктің мақсаты – манипуляция жасау
28.02.2022 20:33 3987

Күнделікті өмірде көптеген жаңалық пен ақпаратты естиміз. Тіпті уақыт өткен сайын таратылатын ақпараттардың аумағы да кеңейіп жатқанын байқаймыз. Үздіксіз таратылып жатқан ақпараттардың арасында фейкньюстердің де қаптап жүретіні белгілі. Сондықтан кез келген ақпаратқа «фактчекинг» жасалынып отырғаны жөн. Әсіресе қалам мен қағазды серік еткен журналистер қауымы бұл талапты үнемі есте сақтағаны жөн. Себебі  бүгінде кез келген адам ақпаратты жеткізуші болып саналады. Ал оның дұрыс-бұрысына  фактчекинг арқылы көз жеткізуге болады. Осы мәліметтердің ақ-қарасын, рас-өтірігін қалай ажыратамыз? Ақпараттардың дұрыс-бұрысын тексеретін FactChecking туралы не білеміз? Бұл жайында журналист әрі медиатренер Жұлдыз Әбділдәмен әңгімелескен едік.

 FactChecking ағылшынның «дерек» және» тексеру» деген сөздерінен шыққан. Бұл кез келген ақпараттың болмаса деректің шындыққа қаншалықты жанасатынын тексереді. Мәдени-ғылыми ақпараттың болмаса саясаткерлердің сөзінің не шағын жаңалықтың рас-өтірігін фактчекинг арқылы анықтайды. Бір айта кетерлігі, бұл термин сөздік қолданысқа шамамен 2017 жылдары енген. Жаңа атау ТМД елдерінде 2014 жылдан бері пайдаланылып жүр.

Болашақта журналист болуды қалайтын жас талаптар қазірден бастап FactChecking  жасауға, шындық пен жалған ақпараттарды ажыратуға дағдылана бергені дұрыс.

– Фактчекинг деген – қандай да бір деректің, мәлімдеменің, ақпараттың, фотоның, видеоның рас-өтірігін тексеру. Қазір ақпараттың заманы. Әлеуметтік желіде, мессенджерлерде неше түрлі хабарлама тарап жатады. Оның бәрі бірдей шындық емес. Жалған ақпараттың жетегінде кетпеу үшін адам кез келген ақпаратты тексере білуі қажет. Ал журналистерге бұл тіптен қажет, - дейді Жұлдыз Әбділдә.

Фактчекинг бұл ақпарат кеңістігіндегі қару деуге болады. Кез келген тілшінің қызметі тек ақпаратты тарату мен жеткізу емес. Оған қоса, оның дұрыс-бұрысын анықтау да журналисттің миссиясына жатады.

Журналист қоғамдық пікір қалыптастыруға жауапты тұлға болып саналады. Ал ол өз кезегінде  таратқан әрбір ақпаратқа асқан жауапкершілікпен қарауы шарт. Сондықтан фактчекинг оның ақпарат айдынындағы басты қаруы болып есептеледі. Мәселен, біз күн сайын әлеуметтік желілер арқылы көптеген ақпарат аламыз. Солардың қаншалықты шындыққа сай келетінін не келмейтінін ажыратпай, бірден өзге қолданушыларға тарататын  азаматтар да баршылық. Нәтижесінде сіз бен біз өмір сүретін қоғамда қате пікірлер мен алуан көзқарас қалыптаса бастайды.

Фактчекингтің келесідей атқаратын миссиясы бар.

– Басты миссиясы – тараған деректің, ақпараттың немесе хабарламаның рас-өтірігін тексеріп, оны көпшілікке ұсыну арқылы медиа және ақпараттық сауат қалыптастыру, - дейді медиатренер.

Көптеген зерттеу нәтижесінде әсіресе әлеуметтік желілерде қолданушылар арасындағы жалған ақпараттар   шындыққа қарағанда әлдеқайда жылдам таралатыны анықталған еді. Бұдан желі қолданушыларының жалған жаңалықтарды таратуға құмар екенін байқауға болады.

– Тарататын ақпаратының рас-өтірігін тексеру журналистердің тікелей міндеті болса, жалпы жалған ақпараттың жетегінде кетпеу үшін кез келген адам фактчек жасай алса, артық болмайды,- дейді Жұлдыз Әбділдә.

Медиатренер фактілерді тексерудің әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

– 2017 жылы Қазақстанда, жалпы Орталық Азия аймағында алғашқы фактчекинг ресурсы дүниеге келді. Factcheck.kz жобасы сол сәттен бастап қазірге дейін үздіксіз жұмыс істеп келе жатыр. Сайттағы кез келген материалда қалай тексергені ашық көрсетілген. Өйткені фактчекингте ашықтық маңызды. Фактчек ашық дерек көздеріне сүйенеді. Мысалы, әкімдер, министрлер, басқа да мемлекеттік қызметкерлер, саясаткерлер қандай да бір мәлімдеме жасап, нақты деректер келтіруі мүмкін. Алайда ол деректердің барлығы бірдей рас деген сөз емес. Көп жағдайда шенеуніктер манипуляция жасап, өздеріне тиімді тұсын жариялап, қалғанын асырып көрсетеді немесе жасырып қалады. Фактчек соны анықтайды. Әлеуметтік желі мен мессенджерде тараған хабарламаның рас-өтірігін тексерудің қарапайым бір жолы – сын тұрғысынан қарау. Тақырыбына назар аудару. Дереккөзге мән беру. Нақты дереккөз болса, сол арқылы тексеру. Ал «өте сенімді танысым айтты» деген ақпарат көп жағдайда фейк не жартылай өтірік болып шығады, - дейді Жұлдыз Әбділдә.

Медиатренер кез келген ақпаратты оқу барысында фактілерді, мәліметтерді, деректерді ашық дерек көздері арқылы жіті тексеру керектігін мәлімдеді.

 


Жұлдыз Әбділдә: Фейктің мақсаты – манипуляция жасау

- Кез келген ақпаратқа фактчекинг жасау барысында ресми органдардың сайттары, Президенттің, Парламенттің сайттары, мемлекеттік органдардың сайты мен әлеуметтік желідегі ресми аккаунттары, Сот кабинеті, Қазақстан Қор биржасы, Ұлттық банк сайты, Ұлттық статистика бюросының мәліметтері, Ашық үкімет, Мемлекеттік сатып алу порталы. Сонымен бірге, фактчек ресурсын және елдегі  беделді ақпарат құралдарын да пайдалануға болады, - дейді Жұлдыз Әбділдә.

Жалған ақпарат тарату қазіргі кезде әсіресе ақпарат саласының негізгі ауруы деп айтсақ артық болмас. Әсіресе бұған күллі әлемге таралған пандемия уақытында нақты көзіміз жеткен болатын. Мәселен, күллі әлем дәрігерлері жаппай вируспен , адамдар өмір үшін күресіп  жатқан уақытта тағы бір індет шыққан еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оған «инфодемия» деп атау берген болатын.

Сонымен, фейк ақпаратты ажыратуды қалай үйренеміз? Бұл сауалға медиатренер былайша жауап берді:

– Фейк – арам пиғылмен бұрмаланған жаңалық, факт, дерек, ақпарат. «Медиа және ақпараттық сауат» оқу құралында осындай анықтама берілген. Тексеру арқылы, детальдарға мән беру арқылы қалыпты ақпарат көпшілікке ақпарат беруді көздейді. Ал фейктің негізгі мақсаты – дүрліктіру, үрей тудыру, халықтың неғұрлым көп бөлігін адастыру, белгілі бір тұлғалардың немесе топтардың беделіне нұқсан келтіру. Фейкті осындай мақсатпен таратады. Фейктің мақсаты – манипуляция жасау, насихат жүргізу, фальсификация жасау және өтірік айту. Фейк таратушылар, сонымен бірге, маңызды мәселеден жұрт назарын басқаға аударуды көздейді. Қорқыныш, үрей, сенімсіздік тудырады. Адамдардың мінез-құлқына әсер етіп, оларды белгілі бір әрекеттерге итермелейді. Сонымен қатар жекелеген тұлғалардың, топтардың беделіне нұқсан келтіріп, оқиғаның белгілі бір топтарға тиімді нұсқасын қалыптастыруға талпынады.

Фактчекинг жасау барысында базалық ережелерді есте ұстаған жөн.

– Дереккөзге мән беру және ашық дереккөзден тексеру.  Тақырыбына және берілген иллюстрацияларға мән беру. Ақпарат беруді көздей ме, әлде назар аудартуды көздейтін «айғайлаған» тақырып па? Иллюстрация тура сол оқиғаға қатысты ма, әлде басқа оқиғаның суреті ме?  Ақпарат таратушының кім екеніне мән беру. Егер әлеуметтік желіде таратып отырса, парақшасына кіріп, бұған дейінгі жазбаларын қарау. Фейк аккаунт емес пе, соны тексеру. Сын тұрғысынан қарау.  Эмоциясына мән беру. Баяндау стиліне назар аудару, - дейді Жұлдыз Әбділдә.

Сондай-ақ медиатренер Жұлдыз Әбділдә пайдалы кеңестерімен де бөлісті.

– Кез келген хабарламаға күдікпен қарау және кез келген ақпаратты тексеру. Тексерілмеген, көзіңіз жетпейтін ақпаратты таратпаңыз. Егер бір хабарламаның өтірік екеніне көзіңіз жетсе, ол жөнінде ескерту. Фейк тарататын парақшалар мен жеке адамдарға шағымдану, оларды бұғаттау, - деп сөзін түйіндеді медиатренер әрі журналист Жұлдыз Әбділдә.



Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға