Жаңалықтар

«Қазбаттың Ирактағы бітімгершілік миссиясы» туралы көрме өтті

«Қазбаттың Ирактағы бітімгершілік миссиясы» туралы көрме өтті
27.05.2022 17:49 3095

Бүгін Қарулы Күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде «Қазбаттың Ирактағы бітімгершілік миссиясы 2003-2008» атты көрменің ашылуы өтті. Шара БҰҰ-ның Халықаралық бітімгершілік күштері күніне орай ұйымдастырылды.

«Қазбаттың Ирактағы бітімгершілік миссиясы» туралы көрме өтті

Көрме 2005 жылы 9 қаңтарда Ирактағы миссия кезінде ерлікпен қаза тапқан қазақстандық офицер, капитан Қайрат Құдабаевты еске алып, бір минуттық үнсіздікпен басталды. Жиынға офицер Қайрат Құдабаевтың бауырлары мен отбасы қатысты.

«Ирактағы бітімгерлік миссияға қатысқан әрбір сарбаздың қызметі ерлікпен тең. Әр қазақтың қанында бар қасиет – ол ананы мен баланы, туған жерді қорғау. Менің бауырым сияқты қаншама сарбаз бейбітшілікті қолдап қолдарына қару ұстап, көмекке асықты. Осындай батырларымызды ұмытпай, еске алып жатқандарыңызға рахмет», деді Сайран Құдабаев.

«Қазбаттың Ирактағы бітімгершілік миссиясы» туралы көрме өтті

Ирактағы бітімгерлік миссияны үздік орындағаны үшін Қайсар Зейдалиев, Мұқан Дюсекеев, Марат Қанатов сынды әскери мамандар ҚР Қарулы Күштеріне 30 жыл естелік белгісімен марапатталды. Сондай-ақ әскери қызметін үздік атқарған өзге де әскери қызметшілерге алғыс хат пен медаль табысталды.

Көрмеге Ирактағы бітімгерлік миссия кезінде табылған пышақтар, қару-жарақтар мен оқ-дәрілер, жасақтардың киген киімі мен қорғаныс құралдары және дәрігерлердің медициналық құрал-жабдықтары экспонат ретінде қойылған.

«Қазбаттың Ирактағы бітімгершілік миссиясы» туралы көрме өтті

Айта кетейік, Қазақстанда бітімгерлік қызметтің тарихы 2000 жылы басталды. Ел Президентінің Жарлығымен қазақстандық бітімгерлік батальоны құрылды. Ал 2003 жылы қарқынды дайындықтан кейін, «Қазбат» әскери қызметшілері АҚШ пен НАТО қолдауымен Иракқа бостандық операциясына кірісті.

2003-2008 жылдар аралығында миссияға барлығы 270-тен астам әскери қызметші қатысты. Қазақстандық мамандар Иракта 4,5 миллионнан астам түрлі оқ дәрілерді жойып, 6718 текше метр су тазартты. Қазақстандық әскери дәрігерлер америкалық «Дельта» базасы медициналық тобының құрамында жұмыс істеді. Олар негізінен террорлық шабуылдардан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.

Материалды әзірлеген Миражан Махан

Суреттерді түсірген Абат Абенов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға