Жаңалықтар

«Қазақ тілін бала күнімнен білемін»

Қазақ тілін жетік меңгерген Рустамжан Абдуллаев туралы
«Қазақ тілін бала күнімнен білемін»
27.10.2020 11:52 6352

Ежелден бір-біріне етене жақын, бауырлас, бірлігі бекем қазақ пен өзбек халықтарының достығы жыл санап артып келеді. Осы орайда el.kz порталы өзбек халқы туралы қызықты ақпараттармен бөлісіп, екі халықты тең көретін өзбек жігіті Рустам Абдуллаевпен жүргізген сұхбатты жариялауды жөн санады.

«Қазақ тілін бала күнімнен білемін»

«Туған ауылымда бірде-бір қазақ отбасы болмады»

Рустамжан Тойчибекұлы Түркістан облысының Сайрам ауданында орналасқан Қарабұлақ ауылының тумасы. Ұлты – өзбек. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында он жылдан бері тұратын жас кәсіпкер қазақ тілін туған тілінен де артық біледі.

– Балалық шағым ауылда өтті. Менің кіндік қаным тамып, дүниеге келген Қарабұлақ ауылында тек өзбектер тұрады. Бірде-бір қазақ отбасы жоқ. Біздің жеті атамыз да осы қазақ жерінде туып-өсіп, тіршілік еткен. Сондықтан да біз өзімізді қазақстандық өзбектер деп атаймыз, – деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.

Рустамжан өз Отанының, туған жерінің тарихын жақсы біледі. Ол елордамыздағы алдыңғы орындағы білім ордаларының бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі.

«Әрбір Қазақстандық қазақ тілін білуі керек»

Қазақстанда туғаннан кейін әрбір Қазақстан азаматы қазақ тілін білуі керек деп санайтын Рустамжан қазақ тілін ес білгелі білетіндігін жеткізді.

«Қазақ тілін бала күнімнен білемін»

– Алғаш мектеп табалдырығын аттағанға дейін қазақ тілін толығымен білетін едім. Менің бала күнімде ешқандай қазақ достарым немесе қазақ көршілерім болған емес. Бірақ неге екенін білмеймін, мен қазақ тілінде сөйлейтінмін. Мүмкін қанымызда бар болғаннан, қазақ жерінде туып-өскеннен болар деп ойлаймын. Бізде мектепте оқып жүргенде бір аптада бес күн сабақ болатын болса, сол бес күннің төрт күнінде қазақ тілі, бір күнінде әдебиет болатын. Сондықтан да болар, менің қазақ тілін жетік меңгеруіме көп мүмкіндік болды. Және де сабақ беретін мұғалімдеріміз қазақ ұлтынының өкілдері еді. Біз олармен тек қана қазақ тілінде сөйлесетінбіз. Сондықтан шығар бүгінде мен қазақ тілін қазақтардан да жақсы білемін.Сол үшін ұстаздарыма үлкен алғыс білдіремін, – деді Рустамжан Абдуллаев.

Кейіпкеріміз қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын сүйіп оқиды. Бар қазақтың данасы мен дарасына айналған Абай Құнанбайұлының, Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын жатқа білетін Рустамжан сұхбат кезінде қазақша өлең шумақтарын да оқып беріп, екі ұлттың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдеріне тоқталып өтті.

«Арманым – қазақ тілін дамыту»

Рустамжанның арманы – болашақта қазақ тілін дамытып, еліміздің өркендеуіне қаржы саласы бойынша өз үлесін қосу. Жас болса да бүгінде шағын қаржылық орталықтың басшысы болып отырған кейіпкеріміз өз саласы бойынша көмек сұрап келетін жандарға тек қазақ тілінде қызмет көрсететіндігін мақтанышпен айта кетті.

«Қазақ тілін бала күнімнен білемін»

Бүгінгі таңда менің барлық достарым қазақтар. Себебі өзбек достарымның барлығы ауылда қалып қойды. Біз достарымызбен тек қазақша сөйлесеміз. Орысша сұрақ қойғандарға қазақша жауап беремін. Күнделікті өмірде, қоғамдық ортада қазақша сөйлесемін. Ауылға барғанда ата-анама өзбекше сөйлеуге тырысамын. Бірақ бәрібір де арасында қазақша қосылып кетеді, – деп кейіпкеріміз өзінің қазақ тіліне деген ерекше құрметін білдірді.

Қазақ тілін жетік меңгерген өзбек жігіті әңгіме барысында өзбек пен қазақ халықтарының аспаптарының ұқсастықтары мен айырмашылықтарына тоқталып кетті. Рустамжанның сүйікті ұлттық аспабы – қазақтың қара домбырасы. Ол бос уақытында, достарымен бас қосқанда домбырамен ән салып, көңілді кештер өткізгенді жақсы көреді.

Мен қазақ халқы туралы көп мәліметтер білемін. Ұлттық музыкалық аспаптар да жаныма жақын. Өзім өнерге жақын болмасам да көпке таныс сырнай, жетіген, сазсырнай туралы біршама хабарым бар. Қазақтың сырнайын біздерде «сурнай» деп атайды. Сурнайды өзбектер мерекелік кештерде, тойларда көп қолданады. Мен қазақ пен өзбекті ешқашан бөлмеймін. Ұлттарды бөлу деген мен үшін жат әрі жоқ нәрсе. Бір еллде туып-өскеннен кейін, бір шаңырақ астында тұрып жатқандықтан, мұндай нәрсе болмаса екен деймін. Мен қазақ жерін құрметтеймін, қазақ тілін үнемі ардақтап өтемін ,– деп әңгімесін аяқтады кейіпкеріміз Рустамжан.

Өзбек халқы туралы маңызды мәліметтер

Өзбектер – Өзбекстан Республикасының байырғы тұрғындары. Өзбектердің арғы ата-бабалары соғдылар, хорезмдіктер, бактриялықтар, ферғаналықтар болып табылады. Олар ирантілдес халықтардың құрамына кіреді. Өзбектердің түріктермен араласуы қазіргі Өзбекстан территориясына VI ғасырларды түрік тайпаларының келуінен бастау алды. Одан ары қарай түрік, сосын артынан моңғол тайпаларының келуі толастамады. Өзбек халқының қалыптасу процесі XI-XII ғасырларда басталып, XIV-XV ғасырларда аяқталды. Өзбектердің бірігу тенденциясы Әмір Темір мен оның ұрпақтары билеген кезеңмен тұспа-тұс келеді. «Өзбек» атауының пайда болған уақыты XIV Алтын Орданың билеушісі болған Өзбек ханмен байланысты.

«Қазақ тілін бала күнімнен білемін»

Тарихқа көз жүгіртсек XIX ғасырдың екінші жартысында қазіргі Өзбекстан территориясында үш хандық қалыптасты: Қоқан, Хиуа және Бұхар хандықтары. Қоқан хандығын ХІХ ғасырдың 60-жылдары Ресей әскерінің басып кіріп, жойып жіберді. Оның орнына Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды. Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығы империя билігіне бағынышты болып қалды.

Бұхара мен Хиуадағы хандық билікті қызыл армияның тұрақты бөлімі 1920 жылы құлатты. Олардың орнына Хиуа және Бұхар халықтық Кеңес республикалары болып жарияланды. 1924 жылы бұрынғы үш хандық та Өзбек КСР-іне біріктірілді. 90-жылдардың басында КСРО-ның тарауымен Өзбекстан өз тәуелсіздігін жариялады.

Қазақстандағы өзбектердің қысқаша тарихы

Өзбектер сан ғасырдан бері қазақтармен бейбіт қатынаста өмір сүріп келеді. Қазақ халқының тайпалық құрамына кіретін рулардың көпшілігі өзбектердің тайпалық құрамында да кездеседі. 1924 жылы республикалардың шекарасын бөлген кезде өзбектердің біраз бөлігі қазіргі Қазақстан территориясының оңтүстік аумағында қалып қойды. 1939 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 121 мың өзбек болған. Осыдан бері өзбектер саны ұдайы өсіп отырды. Айталық, 1959 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 135 мың өзбек этносының өкілі тұрса, 1979 жылғы санақ бойынша 263 мың адамға жеткен. Соңғы жылдары өзбектер Қазақстанға еңбек мигранты ретінде келеді.

Қазақстандағы қоныстану және саны

1924 жылғы Орта Азияны ұлттық территориялық межелеуден соң өзбектердің біраз бөлігі қазіргі Қазақстан территориясының Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының аумағында қалып қойды. Өзбектер бүкіл Қазақстан халқының 3%-ын құрайды. Олар Республика халқы құрылымының үлестік салмағы бойынша төртінші орынды алып отыр. 1999 жылғы санақ бойынша елімізде 370 мыңға жуық өзбек болған. Өзбек ұлты өкілдерінің 90%-дан астамы Оңтүстік Қазақстан аумағында өмір сүреді.

«Қазақ тілін бала күнімнен білемін»

2000 жылдан соң еңбек миграциясының таралуына байланысты этникалық өзбектер Қазақстанның өзге де қалалары мен аймақтарына тарала бастады. Ол аймақтарға Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда облыстары жатады. 2009 жылғы санақ бойынша өзбектер Қазақстан халқының 2,8 % құрады. 2014 жылғы мәліметтер бойынша Қазақстандағы өзбектер саны – 521,2 мың адам. Соның ішінде Ақмола облысында – 1,2 мың адам, Ақтөбе – 1,2 мың, Атырау – 1,3 мың, Алматы – 4,6 мың, Батыс Қазақстан- 543, Жамбыл - 26.5 мың, Қарағанды – 4 мың, Қызылорда – 1,4 мың, Маңғыстау – 2 мың, Түркістан облысы – 45,4 мың, Павлодар – 1,2 мың, Солтүстік Қазақстан – 486, Шығыс Қазақстан – 1,4 мың, Нұр-Сұлтан қаласында 8,7 мың, Алматы қаласында – 8,8 мың адам болды (2014). Ал 2016 жылдың қорытындысы бойынша республикадағы өзбектердің саны – 548 841 адамды құрады.

Тұрмыс ерекшеліктері

Ерте заманнан өзбектердің шаруашылығының негізгі түрі егіншілік болды. Жер ирригациялық каналдар арқылы суарылды. Мал шаруашылығы жем-шөптің жетіспеуінен қосымша шаруашылық болып қалды. Өзбек этносының дәстүрлі кәсібі қолөнер мен сауда еді. Олар қыштан түрлі бұйымдар мен ыдыс жасап, тасқа, ағашқа өрнек жасаумен айналысты. Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Орта Азия халқына сыйластықпен қарап, олар туралы былай деген: «Олар өсіре алмаған өсімдік жоқ. Олар жасай алмаған зат жоқ. Сарттың саудагері бармаған ел жоқ».

Тіл және жазуы

Өзбек халқының мәдениеті мен өзбек тілінің шығу тарихы өте күрделі. Көптеген диалектілері бар. Ол үш тілдің – қыпшақ, оғыз және қарлұқ-ұйғыр тілдері негізінде қалыптасты. Әдеби тілі де осы үш тілдің негізінде қалыптасты. 1927 жылға дейін жазуы араб графикасымен жазылды. 

«Қазақ тілін бала күнімнен білемін»

Сосын латын әрпіне ауысты. Ал 1939 жылы – кириллицаға көшті. Өзбек халық музыкалық шығармашылығы әр түрлі бейнелік жанрлардан тұрады. Олардың ішінде ән айту өнерінен кошук (шумақтап айтылатын тұрмыстық ән), лапар (диалог ән), ялла, дастан (эпикалық жырлар) тағысын тағылар бар. Өзбекстанның халық билері аймақтарына байланысты бір-бірінен ерекшеленеді. Ферғана биі жұмсақтығымен, ырғақтылығымен, айқын қозғалыстарымен ерекшеленеді. Ал Бұхара мен Хорезмде ежелден қайрақтармен билейді. Салт-дәстүрлеріне келер болсақ Рамазан айт, Құрбан айт сияқты діни мерекелер бар. Сондай-ақ Наурыз мерекесін өзбектерде ежелден бері тойланады.

Дәстүрлі тағамдары мен ұлттық киімдері

Өзбектердің тағамы май, сүт, ет өнімдерінен тұрады. Ең сүйікті тағамдары – палау. Жемістер мен көкөністер, жүзім, қауын-қарбыз маңызды қолданысқа ие. Басты сусыны – шай, көбіне көк шай.

«Қазақ тілін бала күнімнен білемін»

Өзбек ұлтының ерлері мен әйелдерінің киімдері кең балақты шалбар мен көйлектен, сосын халаттан (мақтадан сырмалы немесе астарлы халаттан) тұрады. Халаттың белін кушакпен (немесе орамалмен) буатын болған немесе желең жамылған. Ерлердің бас киімі – тақия, киіз қалпақтар, шалма, теріден жасалған бас киімдер, әйелдердікі – орамал.

Этномәдени орталықтары

Қазақстан өз тәуелсіздіген алғаннан соң бірқатар қалаларда өзбек ұлттық орталықтары құрылды. Осы бірлестіктердің жұмыстарын үйлестіріп, бағыттап отыру үшін 1996 жылы «Достлик» ассоциациясы құрылды. Бұл бірлестік өзбектердің білім алу және мәдени сұранысын қаматамасыз етіп, туған тілін үйренуге жағдай жасауға бағытталған белсенді жұмыс жасап жатыр. «Достлик» еліміздегі Өзбекстан Елшілігімен, Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігімен ынтымақтастық орнатқан. «Достлик» жиі-жиі қазақ және өзбектен шыққан мәдениет, ғылым қараткерлерімен, кәсіпкерлермен кездесулер өткізіп тұрады. Жыл сайын өзбек мәдениеті, тілі және дәстүрі күнін өткізуді дәстүрге айналдырды. Республикамыздың территориясында ондаған өзбек тілінде білім беретін мектеп бар. Сайрам ауданында өзбек драма театры жұмыс істейді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде өзбек тілі мен әдебиеті мамандарын даярлап шығарады. Ал Түркістан гуманитарлы-техникалық колледжінде өзбек мектептеріне мұғалімдер даярлайды. Қазақстанда 139 өзбек мектебі, 2 ұлттық театр бар, өзбек тілінде оқулықтар, газет-журналдар (10 шақты) шығарылады.

 

Бөлісу:
(Суреттер: Артем Чурсиновтікі) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға