Қандастар Ассамблея

ҰҒА академигі: Бұл ұсыныс ғалымдар тарапынан қолдау тапты

03.06.2022 258

Бұдан былай Білім және ғылым министрлігі екі ведомствоға бөлінеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының мүшелерімен өткен кездесуде айтқан болатын, - деп хабарлайды El.kz.

Осыған қатысты Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Сейдумановтың пікірін білген болатынбыз.

«Мемлекет басшысының Білім жəне ғылым министрлігін екі ведомствоға бөлу туралы ұсынысы көптен бері жұртшылықтың көкейінде жүрген ой еді. Бұл ғылымды кешенді дамытуға, оның бəсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге барынша назар аударғандығының айғағы. Бұл салалық ведомстволардың жеке-жеке қаржыландырылуына, бұдан əрі қарай білікті мамандар дайындау, əлемдік ғылым саласының базасына ену сияқты кешенді міндеттердің іске асуына барынша ықпал ететін болады. Сонымен бірге Президент ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыруға айрықша тоқталды. Бұл отандық ғылыми журналдардың беделін өсіруге, халықаралық индекстерге тіркелу жағына көңіл бөлуге мүмкіндік беретіні сөз. Демек, осыдан кейін отандық ғылымның болашағы жарқын, өзінің даму үрдісін арттыра түсетіні ақиқат. Елімізде қоғамдық-гуманитарлық салаларды, атап айтқанда, философия, саясаттану, дінтану, әлеуметтану ғылымдарын дамыту мəселесіндегі ауқымды міндеттер отандық ғылымды өркендетіп, бəсекеге қабілеттілікке жол ашады деген сенім зор», - деді Философия, саясаттану және дінтану институтының Бас директоры Серік Сейдуманов.

Сондай-ақ Президент ғылымға шынайы берілген азаматтарды қолдап, жағдайларын жасау керегін айтқан болатын.

«Мемлекет басшысы әлеуетімізді арттырып, үздіксіз алға басу үшін әрдайым іздену керегін қадап айтты. Алдымызға асқаралы, биік мақсаттар қойып, жаңашылдыққа ұмтылып, жұмыстың тиімділігін арттыру қазіргі заманның талабы. Президент отандық ғылымда түйткілді мәселелер әлі де жеткілікті екеніне назар аударып, оларды кезең-кезеңімен шешу үшін Академияның мәртебесін өзгерту, университеттердің ғылыми әлеуетін күшейту, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау жүйесін жетілдіру маңызды екеніне барынша тоқталды. Бұл ғалымдар арасында қызу талқыланып, қолдау тапты», - деді Серік Сейдуманов.

Айта кетейік, биыл Ұлттық ғылым академиясына 75 жыл толып отыр.



Ұқсас материалдар