Жаңалықтар

Жанайдар Сәдуақасовтың мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі қызметі

Елі үшін қызмет еткен Алаш арыстарының еңбегін біле жүріңіз
Жанайдар Сәдуақасовтың мемлекеттік тіл саясатын  жүргізудегі қызметі
27.08.2018 16:30 6973

Бүгінде ХХ ғасыр басында өз өмірлерін тәуелсіздік жолында құрбан еткен қазақ қайраткерлерінің ұлт мүддесін, әсіресе, ана тілін сақтауға қатысты батыл қадамдары мен ерен еңбектерін тарих беттерінде таңбалау, ұрпаққа таныту мақсатында игі істерге бетбұрыс жасалды. Мемлекет және қоғам қайраткері, 1937 жылғы саяси репрессияның құрбаны - Жанайдар Сәдуақасов (1898-1938жж.) Қазақстанның әлеуметтік – экономикалық және мәдени дамуына зор еңбек сіңірді. Ол әр жылдары Қазақ Орталық Атқару Комитетінің (әрі қарай - ҚОАК) жауапты хатшысы, Әділет Халық Комиссары және Республика Прокуроры, Қаржы Халық Комиссарының, Халық Комиссарлары Кеңесі (әрі қарай - ХалкомКеңесі) төрағасының бірінші орынбасары, Қазақ өлкелік партия комитетінің мәдениет-насихат бөлімінің меңгерушісі және т.б жауапты қызметтерді атқару барысында қазақ тілін дамытуға үлес қосты.    

1923 жылы ҚОАК жауапты хатшысы Ж.Сәдуақасов ҚОАК жанынан «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Орталық Комиссияның» құрылуына атсалысып, оның алғашқы төрағасы болып тағайындалады. Сол кездегі орыстандыру саясатына байланысты республиканың мемлекеттік органдары мен халыққа қызмет көрсету орындары өзге ұлт өкілдерінен жасақталған еді. Осыған орай, қазақ тілінің қолданылу аясы тарылып, орыс тіліне басымдық беріле бастаған тұста қазақ зиялылары қазақ тілін сақтап қалуға қатысты нақты істерді жүзеге асырды. Соның бірі – қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Орталық Комиссияның құрылуы еді. Ж.Сәдуақасов Орталық Комиссияның төрағалығына кездейсоқ келмеген еді. Осы кезеңде ол қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген қызметкер ретінде ғана емес, тілін құрметтейтін, еліне қалтқысыз қызмет ететін қайраткерлік қырымен танылған болатын. Сондай-ақ, 1922 жылы ҚОАК Президиумының шешімімен құрылған Аудармашылар Алқасының да мүшесі еді.

Алдымен елдегі мемлекеттік органдарды қазақ қызметкерлерімен жасақтау туралы мәселе көтерген Ж.Сәдуақасов өз баяндамасында: «грамотных казахов можно найти и среди бедноты, но им нужно дать подготовку. Для этого безусловно необходимы средства, а в некоторых случаях и продление срока для проведения намеченного плана. Но дело не ждет и его нужно сдвинуть с мертвой точки», - дей келе бірқатар өткір же өзекті мәселелер көтереді. Ол өз сөзінде Ақмола губерниясының кейбір аймақтарында, Семей губерниясының Зайсан уезінде 1921 жылдары да қазақ тілінде іс жүргізілгендігін айта келіп, қазақ тілін іс жүргізуге енгізуге байланысты барлық іс-шараларды жоспарлы түрде, мемлекеттің тікелей қолдауымен және заңды құжаттар негізінде жүзеге асыруды талап етеді.

Ж.Сәдуақасов аталған Комиссияға төрағалық ету барысында ең алдымен аймақтардан материалдар жинап, соның негізінде «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жоспарын», «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Декреттің жобасы» мен «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Орталық Комиссия туралы ережені» әзірлеуге атсалысады.

Қазақ тілінде іс жүргізудің стратегиялық маңыздылығына аса мән берген Ж.Сәдуақасов қазақ тілінің іс жүргізуге енгізілуін тарихи оқиға ретінде бағалайды. Ол туралы өзінің тарихи баяндамасында: «...Следует отметить, что введение казахского языка в делопроизводство на равных правах с русским, как работа совершенно новая, впервые появляющаяся узаконенной Правительством не только в истории казахского народа, но, пожалуй, и в истории России и Европы, вообще – открыла перед собой целый ряд перспектив, возможностей, а больше всего и безусловно представила затруднений и потому требовала тщательного исследования, изучения и кропотливого осторожного проведения в жизнь», - деп атап өтеді.

Комиссия төрағасы Ж.Сәдуақасов ең алдымен, Халық Комиссариаттары (әрі қарай - Халкомдар) мен Өлкелік мекемелердің штаттарын қазақ қызметкерлерімен жасақтау, орталықта және губернияларда қазақ қызметкерлерін даярлау курстарын ашу мәселелерімен айналысады. Мемлекеттік органдардағы қазақ қызметкерлерінің аздығына қынжылған Комиссия төрағасы қазақ қызметкерлеріне арналған курстарда білікті қазақ мамандарын даярлап, оларды мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналастыруды ұсынады. Сонымен қоса, қазақ қызметкерлеріне арналған қосымша штаттар белгілеу туралы шешім қабылдайды. Осы мақсатта, әр Халкомда қазақ қызметкерлерінің қосымша штаттық бірлігінің контингенті белгіленеді. ҚКСР-да қазақ қызметкерлерінің контингентін 10%-ға арттыру туралы шешім қабылданып, Мәскеудегі Орталық Комитетке ұсыныс жасалады.

Алайда, ұлттық идеологиямен ұштасатын ұсыныс Орталық тарапынан қолдау таппайды. Ұсыныстары жүзеге аспаған Ж.Сәдуақасов мемлекеттік органдарды қазақ қызметкерлерімен жасақтаудың өзге тиімді жолдарын қарастырады. Оның келесі ұтқыр ұсынысы - штаттағы орыс қызметкерлерін қазақ тілі мен жазуын білетін қазақ қызметкерлерімен алмастыру еді. Туған тілінің мүддесін басты орынға қоя отырып, бұл мәселеге саяси астар бере білген Ж.Сәдуақасов мемлекеттік мекемелерге орыс қызметкерлерін қазақ тілі мен жазуын білетін азаматтармен алмастырмайынша, ҚОАК-нің 1923 жылғы 22 қарашадағы басты декретті орындау мүмкін еместігін түсіндіреді. Сонымен қоса, олардың жергілікті комитеттер мен мекемелерге сәйкес нұсқау берулерін талап етеді.

Комиссия төрағасы Ж.Сәдуақасовтың басшылығымен 1924 жылы ақпанда Халкомдар мен өлкелік мекемелердің жауапты және техникалық орыс қызметкерлеріне қазақ тілін оқытуға арналған курс ұйымдастырылады. 3 топқа бөлінген тыңдаушылардың бірінші және екінші топтары Халкомдар мен өлкелік мекемелердің жауапты қызметкерлерінен, ал үшінші тобы тек техникалық қызметкерлерінен құралады. 1924 жылы 1 наурыздағы Орталық Комиссияның шешіміне сәйкес, барлық губернияларға болыс хатшыларын даярлауға арналған курстар ұйымдастыру, бір болысқа кемінде бір қазақ қызметкерінен дайындау, барлық желі бойынша әр аймақта 338 адамға арналған курстар ашу жоспарланады. Ал, 1924 жылы 15 шілдеде Орынбор қаласында қазақ тілінде іс жүргізетін өлкелік инспекторлардың курсы ашылады. Ж.Сәдуақасов өзі төрағалық еткен кезеңде  курстарды көбейтуге күш салуға және оған уақытша емес, тұрақты сипат беруге тырысады. Алайда, бюджеттегі қаражаттың жетімсіздігінен жоспары толық жүзеге аспайды. Соған қарамастан, Ж.Сәдуақасов төрағалық еткен 1923-1924жж. мұндай курстар Бөкей, Қостанай, Ақмола және Семей губернияларында нақты жұмыс істейді.

Ж.Сәдуақасовтың 1924 жылы 16 маусымдағы 4 шақырылымдағы ҚОАК ІІ сессиясында жасаған баяндамасына сәйкес, барлық болыстық аткомдар қазақ тілін іс жүргізуге енгізуді толық аяқтап, уездік және губерниялық орталықтармен қазақ тілінде хат алмасады. Ал, уездік және губерниялық аппараттар керісінше болыстық аткомдармен орыс тілінде хат алмасады. Кейбір аймақтар тіпті қазақ тілін іс жүргізуге енгізуді аудармашылар институтын қалыптастыру деп қабылдайды. Мысалы, Семей губерниясының барлық мекемелерінде аудармашылар  қарастырылады. Сондықтан, Ж.Сәдуақасов аудармашылар штатын қысқартып, оны жою туралы аймақтарға  нақты тапсырмалар береді.

Ж.Сәдуақасов Орталық Комиссияның төрағасы ретінде мемлекеттік органдарды қазақ мамандарымен жасақтаудың тағы бір жолы ретінде сауатты қазақтарды есепке алуды көздейді. Ол кемінде 2 сыныптық білімі бар, сондай-ақ барлық білім беру ұйымдарында оқитын оқушыларды есепке алуды, оларды толық анықтағаннан кейін, кеңестік аппаратқа жұмысқа тартуды ұсынады. Алғашқыда,  бұл жұмыстарды Орталық Статистика басқармасы арқылы жүзеге асырмақ болғанмен, кейін оны жергілікті аппараттар мен комиссиялар арқылы жүргізеді.

Ж.Сәдуақасов Орталық Комиссияның жұмысын оңтайлы ұйымдастыра отырып, әр Халкомның штатын қайта қарастыру  барысында, олардың жұмыс ерекшелігін ескеруге шақырады. Осыған орай, ХалкомКеңесі мен Қаржы Халкомының штаты қайта қарастырылып, қазақ мамандарына қосымша лауазымдар белгіленеді. Комиссия төрағасының ұсынысына сәйкес Еңбек Халкомы еңбек биржасына ең алдымен, қазақ тілі мен жазуын білетін қазақтарды жұмысқа алу және осы талаптарға сай тіркелген адамдарды есепке алу жөнінде циркуляр әзірлейді.

Жанайдар Комиссия төрағасы ретінде әр баяндамасында қазақ тілін іс жүргізуге жеңіл әрі тез енгізуді жоспарлап, қысқа мерзімдер белгілеген басшыларға бұл жұмыстың іс жүзінде өте күрделі екендігін дәлелдеумен болады. Ол туралы 1924 жылы 16 маусымдағы 4 шақырылымдағы ҚОАК ІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «...бұл мәселенің өте қиын екендігін тәжірибе дәлелдеп берді. Оны декретте көрсетілген мерзім ішінде орындауға болмайды және бұл мәселемен жүйелі, жоспарлы түрде айналысу қажет», - деп атап көрсетеді.

Қорытындылай келгенде, Ж.Сәдуақасов 1923-1924 жылдары қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Орталық Комиссияға төрағалық ету барысында, сол кезеңдегі орыстандыру саясатына қарамастан, қазақ тілінің аясын кеңейтуге күш салады. Небәрі 2 жылға жуық уақыт ішінде қазақ қызметкерлері мүлдем жетіспейтін кейбір аймақтарды ескермегенде, қазақ тілін барлық болыстардың іс жүргізуіне енгізеді. Қазақ тілін әлеуметтік – экономикалық және саяси жағынан кешенді түрде дамыту қағидасын ұстанады. Алайда, сол кездегі саясатқа байланысты, оның кейбір ұсыныстары жүзеге асырылмайды. Жалпы, Кеңес үкіметі Қазақ республикасының ұлттық мүддені көздейтін кез-келген бастамасына шовинистік саясат ұстанып, оны жүзеге асыруға қарсылық білдіріп, барлық жұмысты тек социалистік идеяны насихаттауға және партиялық позицияны жүргізуге жұмылдырған. Еліміз КСРО құрамынан шығып, тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдары да бұл империялық шовинистік саясаттың қазақ халқының тілі мен діні, мәдениеті мен басқа да рухани қазынасына қатысты кейбір келеңсіз көріністері байқалып отырады. Ал, Ж.Сәдуақасов сол күрделі кезеңде қазақ тілін іс жүргізуге енгізу барысында, аудармашылар институтының қарқынды іске қосылуына қарамастан, оны жоюды ұсынады. Ол қазақ тілін өркендетіп, оны іс жүргізуге кедергісіз, үйлесімді енгізу үшін аудармашылар қызметіне жүгінудің қажеті жоқ деп санайды. Барлық педагогикалық техникумдар мен кәсіптік техникалық оқу орындарының бағдарламасына қазақ тілін міндетті пән ретінде енгізу туралы бастама көтеріп, ол 1924-1925 оқу жылынан бастап жүзеге асырылады. Ж.Сәдуақасовтың әр түрлі қоғамдық – саяси және мемлекеттік қызметтерімен қатар, қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Орталық Комиссиядағы жүргізген жұмыстары оның ұлт жанашыры болғандығын айғақтайды және кешенді зерттеуді қажет етеді. Бүгінгі таңда тіл саясаты мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналып отыр. Сондықтан, қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оны Қазақстанның рухани-мәдени өмірінің өзегіне айналдыру мәселесін оңтайлы шешуде ХХ ғасыр басында қызмет еткен Ж.Сәдуақасов сияқты қазақ зиялыларының ұстанымдарын бүгінгі күнде пайдалану әлі өзектілігін жойған жоқ.  

Авторы: Перизат Сәдуақас

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға