Жаңалықтар

ТОП-10. Қазақстандағы ағылшын жылқылары

Ағылшын тұқымдас тұлпарлар несімен ерекше?
ТОП-10. Қазақстандағы ағылшын жылқылары
25.07.2019 10:29 15338

Елімізде ең арзан ағылшын тұлпары 2-3 миллион теңге тұрады. Ғаламтордағы баға осылай деп тұр. Ал бәйгеде алдына қара салмайтындарының құны айтпаса да түсінікті шығар?! Ат баптау ісінен хабары жоқ адамдар үшін бұл өте қымбат болып көрінуі мүмкін. Алайда таза қанды ағылшын жылқысын бағып-қағып, оны өсірудің машақаты көп. Оның үстіне, бұл тұқым жаратылысынан жылдам келеді. Тегінің тазалығы мен әлемдегі ең таңдаулы тұқым саналатындықтан да құнды. Осы орайда, El.kz интернет-жобасы Республикалық зауыттық жылқылар тұқымдарының палатасымен бірлесе отырып, еліміздегі ағылшын тұқымдас тұлпарлардың рейтінгісін назарларыңызға ұсынады. Сонымен бірге, жүйрік жылқылар жайында тың деректермен де таныса аласыздар.

Қалай пайда болған?

Ағылшын жылқылары XVII ғасырдан бастап өмір сүреді. Олар шығыстың араб, варвар, түрік, түрікмен және еуропалық неополитан, испан тұлпарларымен шағылыстыру нәтижесінде пайда болады. Жаңа тұқымды шығару барысында жүйрік әрі төзімді жылқылар таңдалынады. Содан болар, ағылшын жылқысы жылдамдық бойынша кез-келген тұқымдағы жылқыны басып озады. Олар аталық жағынан үш айғырдан тараған деген деректер де бар. Тарихта 1683 жылы болған Вена түбіндегі қырғында австриялықтар мен поляктардан ойсырай жеңілген түріктер Бейерлей-Терк атты араб жылқысынан да айрылып қалады. Жүйрік жылқылардың арғы тегі осы жылқыдан бастау алса керек. Сонымен бірге, ортаазиялық жылқы Дарлей-Арабиан Алепо қаласында сатылымға шығарылып, кейіннен Англияға 1710 жылы жеткізіледі. Ал үшінші айғыр солтүстік африкалық жылқы Годольфин-Арабиан дейді зерттеушілер. Әлемді аузына қаратып, дүбірлі додада топ жарып жүрген ағылшын тұлпарлары осы үш жылқыдан таралған көрінеді. Айғырлардан 1748 жылы Матчем (Годольфин-Арабианның немересі-авт.) атты жылқы туылса, араға он жыл салып Херод (Бейерлей-Терктің шөбересі-авт.), сондай-ақ, 1764 жылы Эклимпс (Дарлей-Арабианның шөбересі-авт.) айғырлары алынады. Осыдан кейін жылқыларды бір-бірімен қосып, ағылшын жылқысының тұқымын көбейту шаралары өз жалғасын табады. Англияның оңтүстігінде оларды қолдап шағылыстырса, ал солтүстікте үйірлік шағылыстыру тәсілі қолданылады.

Жаратылысынан жүйрік келетін жылқы тұқымы тек XVIII ғасырдың соңғы жылдарында ғана сыртқа шығарыла бастайды. Оның өзінде оларға француздар мен американдық ат зауыттарының ғана қолы жетті. Кейінен барып күллі Еуропаға тарала бастайды.

Ерекшелігі неде?

Негізі, жылдам жүретін жылқылар шығару идеясы ағылшын әскерилеріне тиесілі. Яғни, соғыс уақытында діттеген жерге дереу жеткізіп, ұрыс кезінде тайсалмайтын тұлпарларға қажеттілік әлемде жаңа тұқымды жылқының тууына ықпал етті. Тың бастама өз нәтижесін бергенін әлі күнге көз көріп жүр. Себебі, кез-келген бәйгеде ағылшын жылқылары өзінің шапшаң әрі ширақ қимылымен ерекшеленеді. Тіпті, күні бүгінге дейін ағылшын жылқылары әлемнің барлық елдерінде өзінің жақсы нәсілдік қасиеттері үшін жоғары бағаланады. Бұл тұқым жылқы атаулының ішінде ең жылдамы ғана емес, ұзақ өмір сүретіндігімен де ерекше. Қазіргі таңда, асылтұқымды ағылшын жылқысын шығарушылар оны ат спорты үшін арнайы өсіреді. Өзінің батылдығымен бөлектеніп тұратын бұл тұлпарлар ат жарысындағы кез-келген бәйгеде алдына қара салмайды деуге негіз бар. Сұңғақ бойлы келетін олар 165-170 см болса, ересектерінің салмағы 450-600 келі тартады. Туабітті ұзындығы 100 см шамасында. Көбінесе қоңыр, торы, сұр, қызыл және қара түсті келеді. Ұрғашылары 20 жыл адамзат игілігіне қызмет етсе, айғырлар 25 жылға дейін өмір сүре алады. Оның желдей жүйткитіні сонша сағатына 60 км қашықтықты еркін еңсереді әрі осы қарқынын ұзақ ұстап тұра алатын төзімділікке ие.

Жарыс үшін туылған тұлпарлар аң аулауға да қолайлы. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ұлыбританияда әскери жорықтарға да ағылшын жылқысы пайдаланылған. Себебі, бұлшық еттері қатты, жүрегі мықты, тыныс алуы мен қан айналымы жақсы дамыған бірден-бір жануар осы – ағылшын жылқысы. Тағы бір айта кетерлігі, бұл тұқым жылқыларының ұзын күшті аяқтарымен қоса, тізе буындары мен тұяқтарының сіңірлері кез-келген ауыр қызметті орындауға қауқарлы. Бұған қоса, қарсы танытылған реакцияға жылдам төтеп бере алады. Иесін қауіп-қатерден сақтап, тығырықтан батыл түрде алып шығатын сенімді сәйгүлік те осылар.

Бір кездері ағылшын жылқысы бай-қуатты адамдардың байлығының көрсеткішін көрсететін жануар саналды. Ақсүйектер оларды үнемі «еркелетіп», ешнәрседен шектемей өсіретін болған. Себебі, олар қаншалықты жүйрік әрі психологиялық қайратты болса, соншалықты денсаулық жағынан аурушаң келеді. Сүйектері жұқа келетіндіктен кез-келген ерсі әрекет пен жарақат оның өміріне қауіп төндіреді.

Қалай күтіледі?

Ағылшын жылқысы өзінің «қалыпқа симайтын» мінезімен де танымал. Бойында бірбеткейлігі басым. Оны қолға үйрету мен бағындыру үшін атбегілер біраз тер төгеді. Атқа мініп көрмеген адамдар үшін ағылшын жылқысы ең қолайсыз саналады. Себебі, күтпеген жерден секем алса, жылдам шауып, құйындай тулап кететін әдеті бар. Бұдан бөлек, олардың осал тұсы ылғал мен суыққа төзбейтіндігі. Имун жүйесі де өте әлсіз келеді. Сондықтан оны үнемі жылы әрі құрғақ жерде бағады. Сондай-ақ, ат қораның жарық әрі желдеткішпен қамтылуы қатаң ескерілуі тиіс. Бұл тұқымдағы тұлпарлар тазалыққа да ерекше көңіл бөледі. Айналасы лас болса тамақ пен жарыстарға зауқы соқпай қалатын мінезі де бар. Олар тамаққа да аса талғаммен қарайтын қасиетке ие. Адамдар сияқты тәулігіне 3 мезгіл қоректенеді. Азығының көп бөлігін көк шөп құрайды. Сонымен бірге: сұлы, қара бидай, жүгері, жасымық және бұршақ оның негізгі асығы. Ал жем мен сәбіз, қызылша, алма, картоп күнара беріліп отырады. Минералды және дәруменді қоспалар ретінде балық майы мен ашытқы да тамағына араластырылып беріледі. Сіңімді аспен қоректенген олар күн сайын физикалық күштерін жаттығулар арқылы шығарып отыруы шарт. Себебі, бойындағы күш-қуатты сыртқа шықпаса сәйгүлік стресске түсіп, ашушаң әрі мазасыз күйге түседі.

Ең үздік жетістіктер

Бұл тұқымдағы жылқылар өздерінің ептілігімен қатар икемділігімен де таңдай қақтырады. Мысалы, тегіс жерде 3 шақырымды 3 минутта еңсерсе, конкурс кезеңінде (әртүрлі кедергілер қойылған сайыс-авт. ) 200-1100 метрді еш қиындықсыз өте алады. Мұнда кедергілердің биіктігі бір метрдей болады. Жалпы, тұлпарлардың жылдамдығы мен сезгіштік қасиетін сынау бағытындағы байқаулар өте көп. Айталық, үш жылдық жылқылар қатысатын «дерби» ойыны, қиылыстарға толы «стипль-чез», командалық «ат тобы», «түлкі аулау», «үш сайыс» сияқты түрлері бар.

Қиын әрі кедергілерге толы аталмыш додалар талай тұлпардың бағын ашты. Мәселен, әлемдегі ең қымбат саналатын «Шариф Дансер» (Shareef Dancer-авт.) 1983 жылы 40 миллион долларға сатылды. Бұл жылқы бәйгелерде алдына жан салмайтын, өзінің барлық күшін сарқа пайдаланатын ағылшын жылқысы ретінде тарихта қалды. Ол да көшбасшы қылқұйрықтар сияқты чемпиондардың ұрпағы болып табылады. Сонымен қатар, айғыр өзін Англиядағы бәйгелердің барлық жетекші сайыстарын ұтқан. 1983 жылы өткен аукционда оған рекордтық ақша тігіліп, 40 млн. долларға Эмир шейх Мактум бин Рашид есімді бақуатты ақсүйек сатып алған.

Колин атты ағылшын жылқысы да әлі күнге көптің есінде. Оның жұлдызды сәті 1907-1908 жылдары жанды. Ол осы уақыт аралығында мүмкін болған 15 стартты жеңіп алған. Ол ешқашан жеңіліс дәмін сезінбеген біртуар жылқы қатарында Ал Истребитель есімді жылқы секіру сайыстарының шебері атанған. Ол 100 жарыстың 50-ін жеңіп алған. Ал «Шоколад солдат» лақап аты бойынша әлемді мойындатқан Экуипоис – 1930 жылдары 51 старттың 29-ын жеңсе, лақап атты ерекше сұлулығы үшін берілген. Мено Вар болса, өзі қатысқан 21 жарыстың 20-сында айқын басымдылықпен жеңіске жеткен. Әлемнің үш дүркін чемпионы Каунт Флит өзінің спорттық мансабында қашықтыққа шабу бойынша 25 бәйгеде бағы жанған.

ТОП-10

1. Пpeсанeлла (Presanella) – еліміздегі ағылшын жылқыларының көшін бастап тұрған сәйгүлік. Таза қанды жылқы Ирландияда туған. Қазір 8 жаста. Қазақтың «Байтал шауып бәйге алмас» деген мәтелін жоққа шығарып жүрген жүйрік. Оның жеткен жетістіктері де ауқымды. Соның ең негізгісі – Тараз қаласында «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай өткізілген бәйгеде артына қара салмай, оқ бойы озық келуі. Павлодарлық бие бұған дейін Ресейде өткен жарыста да көзге түскен болатын. Шетелде бір жарым миллион рубльді ұтып, жаттықтырушысының қанжығасын майландырғаны да көптің есінде. Айта кетейік, Пресанелла Мәскеуде 2,4 шақырымдық жарыста барынша жылдамдығын көрсетіп, жеңімпаз атанған болатын. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесін, айғырлар мен биелерге арналған ең маңызды жарыстардың бірі «Дерби» сайысын төрт рет жеңген. Одан 15 таза қанды жылқы туған.

(Суретте: Пресанелла атты сәйгүлік)

Аты: Пpeсанeлла (Presanella)

Туған жылы: 10.04.2011 жыл

Тұқымы: Таза қанды ағылшын

Түсі: Қара торы

Жынысы: Бие

Аталығы: Экселлент Apт

Аналығы: Эpоикa

Иесі: «ҚAЗ-AT» спорты клубы

Бапкері: П.Каpабeльников

Туған жері: Ирландия

2. Медео айғыры – Қазақстандағы ағылшын жылқылары рейтингінің арасында 2-орында. «Гестёт Иттлинген» атты неміс жылқы зауытында туған ол ұзақ жылдар Чехияда өзінің алғашқы жетістіктерін көрсете бастаған. Қазір одан тараған жылқылар да ат спортында ерекше өнер көрсетіп, жетістіктерге жетіп жүр. Солардың бірі Мандарин атты сәйгүлік. Өзі қатысқан 7 сайыстың екеуінде жеңімпаз атанса, 4 сайыста қомақты жүлдені қанжығаға байлаған.

(Суретте: Таза қанды ағылшын жылқысы - Мeдeo)

Аты: Мeдeo (Medeo)

Туған жылы: 06.05.2004 жыл

Тұқымы: Таза қанды ағылшын

Түсі: Жирен

Жынысы: Айғыр

Аталығы: Moнзун

Аналығы: Cакуэйс

Иесі: A.Әмірқұлoв

Бапкері: A.Әмірқұлoв

Туған жері: Ирландия

3. Қазақстанда туған Тангир атты тұлпар 9 рет сайысқа түсіп оның бесеуінде айқын басымдылықпен жеңген. Оның ат спортындағы ең үлкен жетістігі – Алматы ипподромында өткен 2400 шақырымдық байқауда бірінші топта өнер көрсетіп, «Элит» сыйлығын еншілеуі.

(Суретте: Tангир атты тұлпар) 

Аты: Tангир (Tangir)

Туған жылы: 2006 жыл

Тұқымы: Таза қанды ағылшын

Түсі: Торы

Жынысы: Айғыр

Аталығы: Teмиpкaнoв

Аналығы: Нaзифa

Иесі: «Aзем ат шаруашылығы» ЖШС

Бапкері: А.Мaнкиев

Туған жері: Казақстан

4. Мэйк Меморис. «Филлипс Рэйсинг Пapтнеpшип» жылқы зауытында туған. Бүгінге дейін 12 сайысқа қатысып, соның сегізінде жеңіске жеткен. Оның табысы – 13 666 000 теңгені құрайды. Биыл Алматы ипподромында Алматы қаласының мәслихатының ұйымдастыруымен өткен 2400 шақырымдық жарыста бірінші топта өнер көрсетіп, 4-орынға тұрақтаған. Былтыр Тұңғыш Президент сыйлығына орай ұйымдастырылған сайыста 1-орынды иеленіп, 4 млн 250 мың теңгені қанжығалаған.

(Суретте: Мэйк Мемориc)

Аты: Мэйк Мемориc (Make Memories)

Туған жылы: 2014 жыл

Тұқымы: Таза қанды ағылшын

Түсі: Жирен

Жынысы: Айғыр

Аталығы: Стpит Kpaй

Аналығы: Уинтер Mемориc

Иесі: А.Шынайдарoв

Бапкері: Д.Сaбaтбекoв

Туған жері: АҚШ

5. Желқабыз біздің рейтингте үздік бестікті түйіндейді. Қазірге дейін 12 рет  додаға түсіп, оның жетеуінде жеңіске жеткен. Спорттағы қаржылай жүлдесі 11 млн 460 мың теңгені құрайды. Ол осыдан төрт жыл бұрын «Құлагер» ипподромында «Болашақ» жүлдесі үшін ІІ топта сайысқа түсіп, 1600 шақырымды еркін еңсерген жалғыз жүйрік. Бұл додада ол 500 мың теңге қаржылай жүлде алған. Сондай-ақ, 2015 жылы Астана күніне орай өткізілген 1200 шақырымдық бәйгеде 2-ші болып келген.

(Суретте: Желқaбыз атты жылқы)

Аты: Желқaбыз (Zhelkabyz)

Туған жылы: 2013 жыл

Тұқымы: Таза қанды ағылшын

Түсі: Торы

Жынысы: Айғыр

Аталығы: Эфлит Экспрeсс

Аналығы: Би Уиз Ми

Иесі: «Балтабек» жылқы фабрикасы

Бапкері: Н.Шаpшенбаев

Туған жері: АҚШ

6. Байсанғұр осыған дейін 14 жарысқа қатысып, соның тоғызында жетістікке жеткен. Оның табысы – 7 млн 130 мың теңгені құрайды. Әлем чемпионатында хоккейден Ресей құрамасының жеңісіне орай ұйымдастырылған 2000 шақырымды еңсеріп, 1 орынды иеленген. Бұл додада жеңісі үшін 10 мың Ресей рублін алған. Сондай-ақ, дәл осы жылы Чемпиондар кубогы үшін өткен сайыста бірінші топта қатысып, мәреге екінші болып жеткен.

(Суретте: Байсанғұр)

Аты: Байсанғұp (Baysangur)

Туған жылы: 23.02.2004 жыл

Тұқымы: Таза қанды ағылшын

Түсі: Торы

Жынысы: Айғыр

Аталығы: Брaмс

Аналығы: Mэджик Пeнcил

Иесі: «Дибек» жылқы клубы

Бапкері: Н.Укeшoв

Туған жері: АҚШ

7. Экстaйм спорттағы мансабында 9 рет бәйгеде бақ сынап, алтауында жүлдегер болған. 2009 жылы Ресейде өткен бәйгеде топ жарып, ұйымдастырушылардың арнайы сыйлығына ие болған. Алматы ипподромында өткен гандикап (жарыста күшті теңестіру үшін әлсіз жаққа берілетін тиімді шарттар-авт.) бәйгеде 3-орынды иеленген.

(Суретте: ағылшын жылқысы Экстaйм)

Аты: Экстaйм (Extime)

Туған жылы: 12.04.2005 жыл

Тұқымы: Таза қанды ағылшын

Түсі: Жирен

Жынысы: Айғыр

Аталығы: Гилдeд Taйм

Аналығы: Xoкccи

Иесі: «Ақсай» жылқы шаруашылығы

Бапкері: Е.Aлыбаeв

Туған жері: АҚШ

8. Бремен 8 сайысқа қатысып, оның бесеуінде де жетістікке жеткен. Спорттық жарыстардан 5 млн 365 мың теңге көлемінде қаржылай жүлдеге ие болған. Ол 2016 жылы «Құлагер» ипподромында 2-топта өнер көрсетіп, 2000 шақырымдық байқауда бірінші орынды иеленсе, Ресейде өткен Мәскеу қаласының батыры жүлдесінде 2400 шақырымды жүріп өтіп, алғашқы болып мәре сызығын кесіп өткен.

(Суретте: желдей есетін Бpемен)

Аты: Бpемен (Bremen)

Туған жылы: 11.04.2009 жыл

Тұқымы: Таза қанды ағылшын

Түсі: Торы

Жынысы: Айғыр

Аталығы: Лeмон Дроп Кид

Аналығы: Бpод Пикчe

Иесі: «ҚАЗ-АТ» ат спорты клубы

Бапкері: П.Kaрaбeльников

Туған жері: АҚШ

9. Обригада ат спортындағы 5 сайысқа қатысып, оның төртеуінде өзінің мықтылығын танытқан. Оның табысы 5 млн теңгеден асып жығылады. Ол жарыстарының көбісін Алматыдағы ипподромда өткізген. 2018 жылы «ОКС» жүлдесінде 1 орынды иеленіп, 2 млн 500 мың теңге ақшалай жүлде алған. «Мисс Қазақстан-2018» байқауында І топта сайысқа түсіп, 2400 шақырымды алғашқы болып еңсерген.

Аты: Oбригада (Obrigada) 

Туған жылы: 2015 жыл

Тұқымы: Таза қанды ағылшын

Түсі:Торы

Жынысы: Бие

Аталығы: Уоpтадд

Аналығы: Облайдж

Иесі: «ҚАЗ-АТ» ат спорты клубы

Бапкері: П.Kapaбeльникoв

Туған жері: Ұлыбритания

10. Мырза Торы бұған дейін 18 рет бәйгеде бағын сынап, оның тоғызында жеңімпаз болған. Ал 3 сайыста жүлдегерлер қатарынан көрінген. Қазірде оның қоржынында 11 млн 445 мың 200 теңгедей ақшалай жүлде бар. Оның ең үлкен жеңістерінің бірі – 2018 жылы Алматы ипподромында өткен «Алтын Миля» байқауынан бірінші орын алуы.  

(Суретте: Mыpза Тоpы)

Аты: Mыpза Тоpы (Myrza Tory)

Туған жылы: 2013 жыл

Тұқымы: Таза қанды ағылшын

Түсі: Торы

Жынысы: Жеребец

Аталығы: Aфтep Mapкeт

Аналығы: Хауc Оф Хьюмop

Иесі: И.Мырзaхaн

Бапкері: Р.Caхтaпбepгeнoв

Туған жері: АҚШ

Қосымша. Сондай-ақ, үздік жылқылар қатарына Мистeри Bумэнді де қосуға болады. Ол ат спортындағы мансабында 4 сайысқа қатысып, оның бірінде ғана топ жарған. Алматыда «ОКС» жүлдесінде бірінші орынды иеленсе, «Алматы Дерби» бәйгесінде екінші орынды місе тұтқан. Жүлдесі аз болса да, бұл тұлпар өзінің төзімділігі мен бойындағы батылдығымен ерекшелене түседі.

(Суретте: Мистeри Bумэн)

Аты: Мистeри Bумэн (Mystery Woman)

Туған жылы: 2010 жыл

Тұқымы: Таза қанды ағылшын

Түсі:Торы

Жынысы: Бие

Аталығы: Холи Ромэн Эмпеpоp

Аналығы: Пapвеню

Иесі: А.Әмірқұлoв

Бапкері: А.Иceмбaй

Туған жері: Ирландия

Міне, ағылшын жылқысы осындай қасиеттерге ие. Енді ат жарыстарына бара қалсаңыз, біздің рейтингтегі жылқылардың шабысын байқап қойыңыз.

(Суреттер: Иппадром.ру сайтынан алынды, авторы: Владислав Цой)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға