Жаңалықтар

Тарих толқынындағы он бесінші қараша

Бүгін қандай күн?
Тарих толқынындағы он бесінші қараша
15.11.2017 09:59 6760

15 қараша күнін қазақ жұрты «Теңгенің туған күні» деп білгелі биыл 24 жыл. Ширек ғасырға жуық уақыт бойы ұлттық валютамыз ретінде айналымда жүрген теңгенің талай рет түрленгені де көз алдымызда. Десе де, бүгін, яғни, 15 қараша көшіріп басу жағынан айтарлықтай деңгейде қорғалған, әлем бойынша үш рет үздік валюта атанған теңгеміздің «туған күнінен» бөлек түрлі оқиғалармен тарихта қалды.

15 қарашада Бейімбет Майлин дүние есігін ашқан

Бейімбет Майлин – қазақ әдебиеті мен ағарту ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірегей тұлғаларымыздың бірі. Бір жасында-ақ әкесінен, алты жасында анасынан айырылып, жетімдіктің тауқыметін тартса да, тағдырдың қатал сыны оның зерек болып өсуіне тосқауыл бола алмады.

Жасынан ескіше хат танып, ауыл молдасына шәкірт болған Бейімбет Майлин 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы «Уәзифа», Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде және Қостанайдағы қазақ-орыс орта мектебінде білім алған. 21 жасында мұғалімдікке кіріскен ол шығармашылықпен де айналыса бастайды. Тырнақалды туындылары «Қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Садақ» журналдарында жарық көрді. «Социалистік Қазақстан» газеті (қазіргі «Егемен Қазақстан») де оның қалың оқырманға кеңінен танылуына септігі тиген-тін. Өзі өмір сүрген дәуір мен ортаның әлеуметтік жағдайы Мырқымбай сынды ең атақты жиынтық образ арқылы шығармаларынан көрініс тапты. Оның шоқтығы биік шығармалары ретінде «Шұғаның белгісі», «Раушан коммунист» повестері мен «Азамат Азаматыч» романын ерекше атай кеткен жөн. Одан бөлек, Бейімбет Майлин замандасы Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» аңсаған Алаш арысы. Тұлғаның өмірін зерттеген жандар болмаса көпшілік оның сауатсыздықты жоюға барынша атсалысып, сауаты төмендерге арналған оқулықтарды құрастырғанын біле бермейді. 1929 жылы «Сауаттылығы төмендерге арналған оқу кітабын», 1930 жылы «Күш» атты сауаттылығы төмендерге арналған оқулықты және «Жаңаша оқы және жаз» оқу құралын 1931 жылы құрастырса, Ғ.Мүсірепов және А.Ситдықовпен бірге «Сауатсыздарға арналған әліппені» 1936 жылы жазып шығарды. Ұлты үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткен Бейімбет Майлин заманының зиялы қауымдары секілді 1938 жылғы қуғын-сүргін құрбаны болып кете барды.       

Мәлік Ғабдуллин өмірге келген

Бейімбет Майлиннен дәл он бір жасқа кіші тағы бір қазақ жазушысы, әдебиет зерттеушісі Мәлік Ғабдуллин де 1915 жылы 15 қарашада өмірге келген.

Қарапайым шаруа әрі кедей отбасында дүниеге келсе де  ғалым, академик дәрежесіне дейін көтерілген М.Ғабдуллин еңбекқор, білімге құштар болып өскен. 1941-1945 жылдары өткен Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласындағы өмір үшін күресті оқырмандарға «Менің майдандас достарым», «Майдан очерктері» арқылы таныстырған оның Кеңес Одағының батыры деген де атағы бар. М.Ғабдуллин И.Панфилов бастаған атақты 8-гвардия сапында болып, сұрапыл соғыстың куәгері болды. Оның майдан шебіндегі көзсіз ерлігін орыс жазушысы Борис Полевой өзінің «Эпостың тууы» очеркінде баяндайды. Мәлік Ғабдуллин – қазақ ауыз әдебиетін тынбай зерттеген бірегей тұлға. Сөзімізге оның «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты күрделі монографиялық еңбегі дәлел бола алады. Батырлар жырынан бастап мақал-мәтел, жұмбақтарға дейін жасаған ғылыми талдаулары бүгінгі және болашақ әдебиеттанушылар үшін құнды мұра десек қателеспейміз.

Бразилияда Республика күні, Палестинада Тәуелсіздік күні

Оңтүстік Америкадағы алпауыт мемлекет Бразилияны әлем жұрты әйгілі футболшыларымен арқылы жақсы таниды. 1822 жылы 7 қыркүйекте Португалиядан өз тәуелсіздігін алған Бразилияда «5 қараша – Республика күні» деп белгіленген. Аталмыш Президенттік Федеративті Республиканың атауы биоалуантүрлілігімен ерекшеленетін Латын Америкасында ғана өсетін «бразиль» ағашымен байланысты десе, Ирландияның көне ескі аңыздарында Атлант мұхитында аралдар «бразиль» деп аталған деген де тұжырымдар бар. Бір айта кететіні, Бразилия Қазақстан Республикасының сырты сауда байланысындағы маңызды әріптестерінің бірі. Биыл қос мемлекеттің дипломатиялық байланысына ширек ғасыр толып отыр.

Сондай-ақ, бүгін – Палестинаның тәуелсіздік күні. 1988 жылы 15 қарашада Израильден өз тәуелсіздігін алған Таяу Шығыстағы бұл мемлекет билігі әлі күнге Уақытша әкімшілік қолында. 1964 жылы Палестинаны азат ету ұйымын құрып, Израильдің басып алған жерлеріне бостандық туын тігу үшін әйгілі Ясир Арафаттың көп еңбек сіңіргені баршаға айдан анық. 2015 жылғы жағдайға сәйкес БҰҰ құрамындағы 193 елдің ішінде 136 ел ғана Палестинаны тәуелсіз мемлекет деп таниды.

Әлемнің өзге мемлекеттерінен бір ерекшелігі – палестиналықтар екі валюта, израиль шекелі мен иордан динарын пайдаланады. Бұл елдің де Қазақстанмен дипломатиялық байланыс орнатқанына биыл 25 жыл толса, алғаш рет 1992 жылы Алматыда Палестина елшілігі ашылған еді.

Түркиядағы лаңкестік әрекет

Стамбулдың Шишли мен Куледиби аймағындағы иудей синагогтарына қарсы ұйымдасқан лаңкестік шабуыл 2003 жылдың 15 қарашасында болған еді. Жанкешті лаңкестер қос бірдей синагогтың жермен-жексен болуына мина қойылған автокөлікті пайдаланса, сұм әрекеттен жазықсыз 25 адам қайтыс болып, 300-ден астам тұрғын ауыр жарақат алды. Дегенмен, бұл «жалғыз» шабуыл емес. Арада бақандай 5 күн өткен соң Стамбул тұрғындары тағы да аса қауіпті жарылыстардан зардап шекті.

Алдымен, британдық HSBC банкінің штаб-пәтері жарылысқа ұшыраса,  екінші оқиға британ елшілігінің ғимаратында орын алды. Осы жарылыс кезінде Ұлыбританияның Түркиядағы елшісі Роджер Шорт қаза тапса, үшінші жарылыс Metro City сауда орталығы маңында және тағы екі жарылыс Израиль дипломатиялық өкілдігіне жақын жерде жасалған еді. 28 адамның өмірін қиған, 450 тұрғынның ауыр жарақат алуына себеп болған аталмыш лаңкестік шабуылдарды халықаралық «Аль-Каида» лаңкестік ұйымы мен «Ұлы Шығыс ислам басқыншыларының фронты» өз мойнына алған болатын.

Неміс драматургі Герхарт Гауптманның туған күні

1862 жылы 15 қарашада дүниеге келген Герхарт Гауптман – неміс ұлтының шоқтығы биік драматургтерінің бірі. 1912 жылы реалистік көзқарастағы драматург әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленді.

Бала кезінен замандастарына қарағанда өзгеше ойлы болып өскен Г.Гауптманның өмірден өткеніне жетпіс жылдан асса да оның атақты пьесалары әлем сахналарынан түскен емес. Басқасын былай қойғанда еліміздің тарихи өнер ошағы, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының репертуарындағы «Ымырттағы махаббат» спектаклі он бес жылдан бері өз көрерменін жоғалтпай, өткен маусымда ғана 100-ші рет қойылыпты. Дайындығының өзіне сегіз ай кеткен әрі қазақ театр және кино өнерінің майталманы Асанәлі Әшімов басты рөлді сомдайтын драманың ел ықыласына осыншалық бөленуінің өзі заңды секілді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға