Жаңалықтар

Қала аңыздары. Шымкент. «Жынды» үй

Қаланың қақ ортасында тұрған үйден қорқудың не жөні бар?
Қала аңыздары. Шымкент. «Жынды» үй
23.04.2018 09:12 20628

Айдалада саяқ тұратын жеркепелер мен үйлер - үрейді ұшыру жанрының әлімсақтан бергі сүйікті нысаны. Ел аузындағы алып-қашпа әңгімелер жын-перілер мен мыстандарды, әруақтар мен тылсым дүниенің басқа да өкілдерін әлдеқашан сондай жалғыз қараша «қуып тығып», маңдайына жалғыз тұруды жазып қойған. Бала кезімізде құла түзде тұрған сондай тамдардың күн сәулесі түспейтін бетіндегі терезесінен сығалап қараудың өзі ерлік еді. Ал есігін ашып кіріп көргендер көшеде тіпті «халық қаһарманына» айналатын.

Бірақ, қаланың қақ ортасында тұрған сондай үйден қорқудың не жөні бар?


©el.kz

Бұл үй - Шымкент қаласының ортасында, тура Дулати-Мәделі қожа көшелерінің қиылысында орналасқан. Бір қарағанда,  дәулеті тасыған кезде молынан салып алып, енді күй кеткен соң - жылуы мен жарығын да төлей алмай тастап кеткен үй сияқты. Ондай коттедждер қазақ даласында аз емес. 2008-дің дағдарысынан кейін қаншама сарайдай үйлердің қаңырап қалғанын көзіміз көрді.

Бірақ олар - қала сыртындағы, бизнеске тиімсіз жердегі ғимараттар еді. Ал мына үй орналасқан жердің өзінің нарықтық құны – жүздеген мың доллар! Шымкент сияқты іскер де ісмерлердің ордасында мұндай үй неғып қараусыз қалған? Себебі бар ма?

Үйде

«Қолдан келіп тұрғанда қоныштан басып» салынған үй екені көрініп тұр. Қазақ мұндай үйді «өзіме салдым» деп мақтанады. Жобасынан бастап, материалына дейін - қожайыны өзінің әрі қарайғы тағдырын осы үймен байланыстырғанынан хабар береді.

Айтпақшы, үй емес, үйлер деген дұрыс. Жанындағы бір қабатты үй де қаңырап тұр.  Өндіріс алаңы  әлде дүкен ретінде жобаланған сияқты.

Үш қабатты үйдің бірінші қабаты техникалық бөлмелер мен офис ретінде жалға беруге жобаланғанға ұқсайды. Шаршысы мен кескіні ұқсас 10 бөлме бар:


 ©el.kz

Екінші қабатқа көтерілетін баспалдақтарының инженерлік тұрғыдан қиыннан қиыстырылғаны эстетикалық және эргономикалық тұрғыдан қанағаттандырады. Себебі жауынгерше адымдауды талап ететін арзанқол баспалдақтар емес, адамның тізесінің бүгілуінің табиғи бітімін ескеретін жайлы баспалдақ. Бір сәтке  - алтынмен апталғандай ұстағышы елестегендей болды:


©el.kz

Үшінші қабаты да шамамен ұқсас. Тек төбесіндегі паркеттер назар аудартады:


©el.kz

Еденде шашылып жатқан әйнектер шағылған әйнектерден әлдеқайда аз. Ендеше бұл жерді сыпырып-жинап, жөндеп алмақ ниет болғаны анық. Бірақ әлденеге келгенде іркіліп қалып, кезекті қожайын да зытқандай әсер қалдырады. Неге екен...

I. Дыбыстар

- Бәрі біледі бұл үйдің сырын, - дейді бізді әкеп тастаған таксист, - оны дауыстап айта берген де жақсы емес...

- Осы жерде күзетте жұмыс істеді бір танысым. Түнде әйелдердің дауысы шығады екен, жын қағып кетермін деп, зытты. Содан кейін күзетші тұрақтамай қойды - дейді және бір таксист.

- Түн ауа кішкентай бала шыңғырып жылайды. Сосын оны жұбатқан әйелдің дауысы шығады. Оңай емес - дейді бір тұрғын.

Айтпақшы, әншейінде емен-жарқын шүйіркелесе кететін жергілікті тұрғындар бұл үйді әңгіме қылуға онша құлық таныта қоймады. Рас, бұл мінез -  жаманатты кез келген дүниеге байланысты көрсетілетін қазақы мінез ғой. Оның үстіне, «біз кетіп қаламыз, ал осы жерде өмір сүретін солар».

Бұл жерде зәреміз ұшып тұрса да, тылсым дыбыстардың табиғи болмысын ойлауға тырыстық. Туристерден арылмайтын шотланд қамалдарының бірнешеуінде әуесқойлар түнеп шығып, үрейлі дыбыстардың себебі кәдімгі - қабырғадағы саңылаулар екенін анықтаған. Тіпті саңылауларды уақытша бітеп көріп, дыбыстың үнін өшірген. Төрт құбыласынан жел азынап тұрған үйде әйтеуір бір дыбыс шығатыны анық. Егер әйнек бір - ыңғайы келіп шағылған болса, адамның дауысына ұқсайтын дыбыс шығаруы да ғажап емес. Бұған, «қорыққанға қос көрініп отырған» күзетшіні қосыңыз. Әйтпесе, тұтастай зауыттың қирандысын ондаған жылдар бойы күзеткендерді де көрдік қой. Жұмысына түнде  қуана аттанатын.

Айтуға оңай. Бір жағынан, елді ақымақ көру де дұрыс емес. «Халық айтса қалт айтпайды» деген бекер сөз емес қой...

II. Елестер

- Түн ауа түкпірде отырған  кішкентай баланың елесі шығатын көрінеді - деді бір тұрғын.

- Сағат екіде (түнгі - Е.О.)  басталады бәрі. Бөлменің ортасында адамның елесі пайда болады екен. Бірде әйел, бірде еркек, бірде жас бала.

- Өй, оны не қыласыз. Ел онсыз да білетін жер ғой...

Әнеки, осы сұраққа келгенде тағы да жақтырмаудың табын сездік. Сосын ба, «кезіп жүре ме, бір орнында пайда бола ма?» деп сұрау ұяттау болды. Олай сұрағымыз келгені, басымнан өткен бір жайт бар еді. 

Ертедегі бір жұмыс орнымда қонып қалып жүргенде, қабырғадан көрінетін адамның елесі зәремді ұшыратын. Себебі жалпақ емес, «3D» елес еді. Кейін елестің жаңбырлы күні көрінетінін аңғардым. Ал содан кейін... терезелер ауыстырылды да, елес сап тиылды. Төрт жағынан төрт машинаның жарығы түскен көшедегі адамның сұлбасы әлдеқалай сәтті шағылысып, бөлмеде елес емес, кәдімгі голограмма пайда болатынын сонда түсіндім (Интернет келіп, көзіміз ашылды). Әлде өзімді солай жұбатқан болармын, кім білген...

Не десек те, елдің пікіріне құрмет пен ізет керек қой...

III. Тылсым тіршілік

- Үйде ешкім тұрмаса да, әлдекім түнде терезені жауып алып, ертеңіне ашып қоятыны «қалай кетті»? - дейді бір тұрғын.

- Есіктер өзінен өзі ашылып-жабылып жатады екен - деді тағы біреу.

Жел азынаған кезде мұндай зәулім үйде «ыдыс-аяқ сылдырмалай» тұруы мүмкін емес. Әрі бұл үй жастардың «ерекше» көңіл көтеретін орнына айналғанға ұқсайды. Граффитилерден тіпті оккультті рәсімдердің таңбаларын байқауға тырыстық. «Ұқсатсаң ұқсата бересің» бірақ. Мысалы мына белгіні – Шайтан Шіркеуінің таңбасына ұқсаттым (теріс қарап тұрған крест):


©el.kz

Қиял ғана әрине. Былайынша, розетканың кабелі үшін ойып қойған деуге де болады.

IV. Нарықтық қатынастар

Жын-перілер бар деген нұсқамыз үшін басты себеп - миллиондық қаланың қақ ортасындағы үйдің, жарайды - жердің бос тұрғаны еді. «Шымкенттіктер әлдеқашан кәдеге жаратар еді ғой» дейміз баяғы.

Күтпеген тұспалды тағы да тұрғындардан білдік.

- Бұл үй бір емес, екі банкке кепілдікке қойылып, дауы бітпеген. Сондықтан ешкім жалға да, сатып та ала алмай отыр – деді біреу.

Біздің бюрократиялық процедуралардың айлап-жылдап созылатынын білеміз. Бірақ 4 жыл емес қой. Екі банк өзара келісетін уақыт әлдеқашан болған сияқты.

Тылсым ба, әлде табиғи құбылыстар ма, ақыры шешімін шығара алмадық. Бірақ ешкім жоламай отырған үй екені анық. Әлемде Лох-Несстен бастап, ұшатын табақша көрген мыңдаған адамдар әшкереленді. Біреуінің физикалық, біреуінің психологиялық түсініктемелері берілді. Бірақ.


©el.kz

Бірақ біз үйден шыққанда, есік алдында көліктер түйісіп қалыпты...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға