Жаңалықтар

Атадан қалған асыл сөз

Ел аузынан 
Атадан қалған асыл сөз
07.09.2018 14:38 7974

Қыпшақтан құн даулау

Қыпшақ Қарабалық Ізбастының қартайған шағы екен.

Жортуылда жүрген керей жігіті қыпшақтар қолынан қаза табады. Іздеп барған керейлерге бітім бермей қайтарады. Киікбай деген би Тоқсаннан үлкен екен, биліктен қалған кезі болса керек.

Тоқсан керей жігітінің құнын даулауға бел байлайды, Киікбайды шақыртады.

- Киеке, мен сізді шақырғанда қыпшақтарға бірге барайық деп едім, - дейді. Сөйтіп бұлар бір атқосшы ғана алып жүріп кетеді. Қыпшақтарға келе жатқанда қайда түсу мәселесін ақылдаса келіп, Ізбасты ауылын қалайды.

Бұлар келе жатыр деген хабарды алысымен қыпшақтар да Ізбастының маңына жиналады. Керейлер келіп түскен соң Тоқсан би мен Ізбасты би төс тақасып, көрісіп амандасады. Екеуі бұрын бірін бірі көрмеген. Тоқсанның бойы кішкентай адам екен. Құшақтарын жазғаннан кейін Ізбасты би:

– Тоқсан-Тоқсан дегенге қарай қалсам томаша торғайдай-ақ екенсің ғой, - депті ықтырып алмақ ниетпен. Сонда Тоқсан:

– Томаша торғай тоғыз табатын еді, біреуі бұлбұл болады. Сол бұлбұлы болармын, – дейді. Ізбасты шегініп барып қарайды да:

– Алыстау қарағанда өрмекшідей-ақ екенсің, - дейді.

– Ізеке, өрмекші он табады, бірі бүйі болады, соның бүйісі шығармын, – дейді Тоқсан.

– Сарыалақаз сияқты шаңқылдаған адам екенсің, - дейді Ізбасты сонда да тоқтамай.

– Саралақаз сегіз табады, біреуі құмай болады, соның құмайы шығармын, Қыпшақ, сен қасқыр едің, енді сенің алдыңа сол құмай келіп тұр, - дейді Тоқсан.

Ізбасты одан әрі үндемей қалады.

Сонда Киікбай:

– Уа, Қарабалық Ізбасты!

Сені неден құм басты?

Керейдің Тоқсан биі келгенде

Салсаң еді жанжалменен қиғашты! – депті.

Бірақ сөзге төрелік беретін би оған да селт етпейді. Тоқсанның неден болса да тайынбай келген қалпын байқаған кәрі би екі елді арандатпас үшін әділіне көшіп, құныкер екенін мойындағаны еді бұл.

Үйге келеді. Амандық сұрасып отырады. Біраз үнсіздіктен кейін Ізбасты:

- Уа, Тоқсан, - деп өзіне қаратып алады. - Өзің өте шешен көрінесің. Билік қара басыңа біткен бе, әлде арғы жағыңнан үзілмей келе ме? – деп сұрайды.

– Жеті атамнан бері билік үзілмеген. Көршілес отырған Атығайға ағалық, Қарауылға байлық, Уаққа батырлық, Керей – маған билік тиген, – дейді Тоқсан.

– Жоғың жортуылшы ма еді, жолаушы ма еді? – деп сұрайды Ізбасты.

– Жолаушы еді, - дейді Тоқсан.

Сөйтіп ердің құны жүз жылқыны алдына салып айдап қайтқан екен.

Тоқсан бидің әңгімесі

«Керей» атты рудың ішінде бергі руы «Алдай» деген елден тараған Жабай батырдың баласы Тоқсан би туады. Бұл – атақты Тоқсан би.

Шал ақынның немересі Бөгенбай деген кісінің үйінде мейман болып отырғанда халық жиналып келіп Тоқсаннан кеңес тыңдап отырады. Сол кезде Бөгембайдың Әшім деген баласы Тоқсанның алдына келіп шарт жүгініп отыра қалып:

– Би ата, сізден бір сөз сұрауға рұқсат болар ма екен? – дейді.

Тоқсан:

– Рұқсат – дейді.

Әшім:

– Би ата, сізді сөзден тоқтатқан кісі болды ма? – дейді. Тоқсан бұл сұраққа іле жауап бермейді. Әшім тағы да әлгі сұрағын екі рет қайталайды. Тоқсан жұртқа сөйлеп отырған сөзін аяқтағаннан кейін:

– Шырағым, Әшім, қайталап сұрай бердің ғой, енді айтайын. Мен сөзден үш рет тоқтадым – үшеуіне де себепкер әйел еді – дейді.

– Ең алдымен жеңілгенім өзімнің әйелім. Оның себебі: әкем Жабай маған қалың бермек болып бір жермен құда болды. Мен ол құда болған қызды ұнатпадым. Бір күндері әкем мені қалыңдыққа ұрын баруға жұмсады (ұрын бару деген жасырын бару). Әке сөзінен шыға алмай қызды менсінбесем де бардым. Жеңгелері оңаша отауға төсек салып, қызды менің қасыма әкеліп жамылып жатқан көрпемнің ішіне жатқызды. Мен теріс қарап жатырмын. Недәуір уақыт өткеннен кейін қыз маған:

– Әй, Тоқсан, бері қарап жат, - деп өзіне қаратып бұрып алды. Өзімнің денем шағын кісі қолында қаңбақтай ойнадым. Қыз былай деді:

– Адам шешеден ер бала болып туса, ер жетіп, жігіт болып есейгенде құдайдан сұрайтыны: – Әйелім көркем болса, ақылды болса деп тілейді, ал қыз – ерім ақылды болса, көрікті болса деп тілейді. Құдай сенің тілегіңді берген жоқ, менің тілегімді берді. Құдай тілегіңді бермеген өзіңнен көр де енді шіренуді қой, – деп мені бір ауыз сөзбен тоқтатып, күні бүгінге дейін бағындырып алды. Бұл бірінші оқиға еді.

– Қасымда он шақты кісі бар жол жүріп келе жатып, бір үйге сусын ішіп шығу үшін кірдік. Кіріп келсек төрде толық, мосқал бәйбіше отыр екен, амандық саулықтан кейін бір жігітті жұмсап бізге қымыз құйдырып берді. Біз қымыз ішіп болғаннан кейін бәйбіше орнынан тұрды. Түрегелгенде бәйбішенің ұзындығы мен көлденеңі бірдей екен. Қасымдағылар оны көріп күле бастады. Мен оларға «күлмеңдер» деп ишарат білдіргенімді тыңдамады.

Бәйбіше тыста біраз жүріп қайтып келіп отырғаннан кейін тыстан бір жігіт келіп, біздің қолымызға су құйды. Содан кейін алдымызға дастархан жайып, қойдың өкпе, бауыр, сирақ, тағы ішкі мүшелерін әкеліп қойып жатқанда бәйбіше:

– Шырақтарым, жаңа өздерің денемді көріп күлдіңдер ғой, сол денемен шаңыраққа бойым жетпеді, кебежеге қолым жетпеді, бұйырған тамақ осы болды, – деді. Дағдарысып қалғанымызда әлгі жігітке, «Бар, мүшелі асын әкеліп қой алдарына, – деп сойылған қойдың мүшелі еттерін әкеліп алдымызға қойғызды. Бұл – екінші әйелден жеңілгенім, - деді.

– Тағы да жол жүріп, бір көлдің жиегімен жағалай келе жаттық, Күн әлі шықпаған кез. Бір қыз келе жатқан бізге назар аудармастан шешініп суға түсе бастады. Тағы да жолдастарым маған қарап бірдеңе десейші, – деп болмады. Мен:

– Қамысы мына көлдің буын, буын –

Сөйлесем келтіремін сөздің нуын.

Құдаша, ерте тұрып таң сәріден,

Мұнша неге былғайсың көлдің суын? – дегенімде қыз бөгелместен:

Әрине, қамысы мына көлдің буын, буын –

Мен дағы келтіремін сөздің нуын.

Шешеңнің ұйытып қойған айраны емес.

Мұнша неге қызғандың көлдің суын? – деді. Міне, бұл үшінші тоқтағаным, – деп сөзін бітіріпті.

Кәрішалдың сөздерінен

Елуінші жылдарда Қостанайдың Ленин көшесінде, қаланың дәл орта тұсында өрт сөндірушілер командасы тұрды. Жанында биік мұнара бар еді. Сонда үнемі күзетте өрт сөндіруші адам тұратын. Кәкең соның жанынан өтіп бара жатып жоғары қарапты да қимылсыз, мелшиіп тұрған адамды көріп:

– Апырмай, өрт болмай мынаған жұмыссыз, қиын болып тұр екен, - депті.

***

Кәкең Қарашілік ауылында тұрғанда бір қыста аудан орталығы Сарыкөлге базарға барып қайтыпты. Ауылдағы ақсақалдар:

– Е,Кәке, қалада не арзан, не қымбат екен? – деп сұраса:

– Не арзан, не қымбат? – деп сұрағам жоқ, оншасын білмеймін, тек бір байқағаным – мұрынның боғы қымбат екен, - депті.

– О, қойыңызшы! – дегенге:

– Рас, базардағы қала тұрғындарының бәрі қол орамалдарына сіңбіреді де орап қалталарына салады, жерге тастаған бірі жоқ, - депті.

   ***

Соғыс кезінде тапшылық көріп жүрген Кәкең бір күні ауылындағы заготзерноның кілтшісі Базар дегеннің үйінің алдынан өтіп бара жатса, үй иесі қорада тауықтарына бидай шашып тұр екен. Жанына жақындап:

– Апыр-ай, Қанжығалының Кәрішалы болғанша Базардың әтеші болсамшы! – депті. Сонда кілтші:

– Ха-ха-ха, Кәке, кешке қап алып астық сарайына келе қойыңыз, - депті.

Кейіннен Базардың мойнына астық мініп, істі болып жатса Кәкең:

Базардың әтеші болмаған екем деп жүрсем, жұрттың тауығы болып, бидайын жеп қойыпты, - дейді. Сөйтсе Шоқан деген Кәрекеңнің тұрғыласы Базарға қызын берген екен. Бидайды жескен Шоқанды да өткір тілімен шағып өткен ғой.

***

Кейіннен алпысыншы жылдарда баласы Бақытжан облыстық газеттің меншікті тілшісі болып, Семиозерға көшіп келіп тұрады. Елін сағынған Кәкең Сарыкөл жаққа, еліне барып қайтыпты. Келген соң тұрғыластары:

– Кәке, еліңде қандай жаңалықтар бар екен? – деп сұрайды.

- Елде бір ғана жаңалықты аңғардым. Кемпір-шалдар босағаға ысырылып, қаңқайған жәшік-шкаптар төрге шығыпты, - деген екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға