Жаңалықтар

Әскердің тәртібі темірдей қатты

Жазылар кітапқа, шырқалар әнге, түсірілер фильмге қойылатын талап біреу болған
23.04.2018 14:31 4044

Генерал-майор Алдабергенов Әділбек Қалибекұлы

Өмірбаян беттерінен

1961 жылы 6 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Кеңес әскері сапында мерзімді қызметте болған. 1984 жылы Рязань жоғары әскери-десант училищесін, 1996 жылы Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген. Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеген. Әуе-десант әскерлерінде взвод командирінен бастап барлық қызметтерден өткен. Арнайы мақсаттагы жасақтарда қызмет еткен. Бригада командирі, Ұтқыр Күштердің штаб бастығы, Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, «Шығыс» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарда штаб бастығы, 14776 әскери бөлімнің командирі болған. Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы. «Красная звезда» ордені және бірқатар медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

***

Әділін айту керек, Кеңес заманында идеология құралдары мен өніміне басты назар бөлінді. Жазылар кітапқа, шырқалар әнге, түсірілер фильмге қойылатын талап біреу болған. Социалистік реализмді көрсете отырып, патриоттық тәрбие беру. Қай салада болсын, қандай жұмыс атқарсын, совет адамы басқалардан бір бас жоғары тұрып, бір қадам алда жүруі керек еді. СССР-да туып, білім алған азамат ретінде мәлімдеймін, бұл істе совет идеологтары алдына жан салмады. Мектеп қабырғасында жүрген кезімде Кеңес экрандарына «В зоне особого внимания» деген фильм шықты. Басты рөлдердің бірін сомдаған актер Михай Волонтир арқылы мыңдаған жасөспірім балалар ВДВ-ның қандай күш екенін көріп десантшы болуды армандады. Талайы осы арман жетегінде өмір жолын тапты. Десантшы – ержүрек, батыл, сөздің емес істің адамы. Және десантшы мұртты болуы керек. Кинодан алған әсер осы. Сондай қатты әсер алған мыңдаған бозбалалардың бірі – генерал Алдабергенов те болса керек деп топшылаймын.

Десантшылар бригадасының штаб бастығы болған кезден білемін. Ержүрек, батыл, сөздің емес істің адамы екені бірден байқалған. Десантшыға тән мұрты бұл байқауымды толықтырып, айғақтап тұрды. Ауған жерінде интернационалдық борышын абыроймен өтеп келгенін кейінірек білдім. «Сарбаздарым-сарбаздарым» деп безек болып, өзі жайлы тіс жарып айтпаса не істейін. Әрине, бұл ақтау бола алмайды. Сөйлемеген ол емес, сөйлете алмаған мен кінәлі шығармын. Кейінгі жылдары суреттеме жазамын деген оймен оқталып, 3-4 рет жолықтым. Бәрі нәтижесіз болды. Азаматтық БАҚ-тан қызығушылық танытқан әріптестерімді жібердім, нәтиже өзгеріссіз қалды. «Мені қайтесіңдер, жазуға лайық офицерлер толып жатыр ғой», - деп жылы жымияды да қояды.

Бұл оқиғаның басы-қасында болғаным жоқ. Болған, сенуге тұрарлық офицерлерден естігенім. 2000 жылдар. Әділбек Қалибекұлы бірер досымен (десантшылар деп ойлаймын) мейрамханалардың бірінде көңіл көтеріп, мәдени түрде дем алып отырады. Көршілес отырған азаматтармен болмашы нәрсеге келіспей қалады. Намыстанған жігіттер жұдырықтасады. Қазіргі жастардың тілімен айтқанда қарсыластарды «сындырып» тастайды. Ең қызығы, қарсыластардың саны көп болған және олар да белгілі арнайы мақсаттағы жасақ мүшелері екен. Әрине, бұзақылықты дәріптемеймін, бірақ жігіт ретінде десантшылар үшін орнымнан тұрып, шапалақ ұрамын.

Танымал сыған – Будулайды сомдаған актердің мықтылығы кинода, генералдыкі боямасыз өмірде.

Генерал-майор Быков Евгений Владимирович

Өмірбаян беттерінен

1951 жылы 25 наурызда Көкшетау облысында дүниеге келген. 1972 жылы әскери штурмандардың Челябинск жоғары әскери авиациялық училищесін, 1984 жылы Гагарин атындағы әскери академияны бітірген. Әскери қызметін Германиядағы кеңес әскерлері тобы сапында бастаған. Ауғанстан жерінде арнайы тапсырмалар орындаған оперативті топтың қатарында интернационалдық борышын орындаған. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе Қорғанысы күштерінің бас штурманы болған. Әуе кеңістігін бақылау және пайдалану бойынша Бас қолбасшының орынбасары лауазымдарын атқарған. «Айбын» ордені және бірқатар медальдармен марапатталған.

***

Осыдан ширек ғасыр бұрын, курстас екі бірдей қызымыз араға шамалы уақыт салып, тұрмыс құрды. Студенттік жатақханада дүркіретіп той жасадық. Курстың «күйеу балалары» – әскери-авиация училищелерінің курсанттары. Сөз сөйлеген старостамыз: «Әуедегі әскери ұшақтың ішінде ғана емес, жердегі бақытты отбасыларыңның да білікті штурманы бола біліңдер», - деп ақ тілек айтқан еді. Шынымен де, «штурман» деген командирдің оң қолы. Әлбетте, штурман теңіз кемесінде де, спорттық автокөлікте де бар. Бірақ, әскери ұшақ штурманының жөні бөдек деп білемін. Себебі, ол басқадан бөлек физика, математика тәрізді нақты ғылымдармен «жақын дос» болуы керек. Жалпы, есеп-қисапқа мейлінше жақын болуы шарт. Генерал Быков сондай білікті мамандардың қатарынан деп ойлаймын. Еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің бас штурманы қызметін абыроймен атқарған азамат.

Әскери шеру өткізу оңай шаруа емес. Кімге болса да. Біздің әскер бұл жауапты әрі мемлекеттік маңызы бар шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға төселіп алды. Басқаларды үйрететін дәрежеге жетті. Қуанамыз, әрі мақтан тұтамыз. Шаттықты шараның ең бір тамсандырар тұсы – аспандағы шеру екені белгілі. Дыбыстан жоғары жылдамдығы бар әдемі де, азулы жауынгерлік ұшақтардың жоғары пилотаж элементтерін асқан кәсібилікпен орындауы өзінше, араларына 40-45 секунд салып ұшып өтуі еріксіз таңдай қақтырады (армиялық және транспорттық авиацияны есепке қоса алыңыз). Міне, басқа міндеттеріне қоса, осы бір уақыт дәлдігіне жауап беретін де бас штурман.

Әскери ұшу аппараттарының қатысуымен өтетін шараларға БАҚ өкілдері көп жиналады. Ол түсінікті де. Операторлар мен фототілшілерге әдемі «картинка», қалам ұстағандарға әсер керек. Форма кигендіктен болар, азаматтық саладағы әріптестеріміз көргеніне қатысты түсініктеме алу үшін бізге жүгіреді. Алдын-ала мамандардан бірдеңе сұрап біліп алмасақ, жарытып түсіндіре де алмаймыз ғой. Міне, сондай қысылған сәтте бірнеше рет генерал «көмекке» келген. Тактика-техникалық сипаттамасынан бастап, жаттығулардың орындалу тәсіліне дейін түсінікті де сапалы «комментарий» бергені бар. Журналистер қажетті мәлімет алғанына риза, біз жағдайдан абыроймен шыққанымызға риза дегендей. Бұндай жақсылықты қалай ұмытуға болады.

Айтқандайын, курсымыздың «күйеу балалары» бүгіндері полковник шенінде сол Әуе қорғанысы күштерінде жоғары лауазымды штурмандар. Евгений Владимирович тәрізді генерал болсын деп тілейміз.

Генерал-майор Құдайбергенов Сәбит Бейсенұлы

Өмірбаян беттерінен

1960 жылы 15 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1997 жылы Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірген. Әскери қызметін Германиядағы Кеңес әскерлері тобында взвод командирінен бастаған. Азаматтық қорғаныс саласында полк командирінің орынбасары болған. Орталық аппаратта Құжаттық қамтамасыз ету департаментінің бастығы, ТМД елдері үйлестіру штабында өкіл болған. Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары лауазымын атқарған. Құрлықтағы әскерлер әскери институтын басқарған. Ұлттық қорғаныс университеті бастығының орынбасары. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған.

***

«Қазақстан сарбазы»-«Воин Казахстана» газеті тарихын тақыр жерден бастады десек те, оның да аға ұрпағы болды. 1969 жылы Орта Азия әскери округінің құрылуына байланысты, мерзімді басылымы — «Боевое Знамя» газеті шыға бастаған. Ол да тұп-тура 20 жыл өмір сүріп, округтің қысқартылуына байланысты 1989 жылы қызметін тоқтатқан. Соңғы жылдарға дейін аталмыш басылымның түлектері «Красная звезда» тәрізді тарихы бай беделді газеттердің басшылық құрамында болып келді. Шығармашылық потенциалын осыдан-ақ байқауға болады. Газет жабылғаннан кейін араға 3 жыл салып біздің басылым дүниеге келгенде зейнеткер болып жүрген бірталай ағаларымыз көмекке келді. Полковник Совет Сеитов, подполковник Александр Бавтуто әскерге қайта шақырылды. Басылымға 7 жыл бас редактор болған талантты журналист ағам, әрі әріптесім полковник Сапар аға Жагыпаров та сол бір тарихи басылымның сапында қызмет еткен. САВО-да қызмет еткен аға ұрпақ басылымды сыйлаған. Солардың бірі Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында қызмет еткен Бейсен аға болды. Талай көмектесті, бірнеше рет: «Офицерлерің кезекті әскери атағын алды», - деп телефон шалып, сүйінші сұрағаны бар. Аға қайсыбір сөздерінің арасында баласының да әскер сапында қызмет етіп жүргенін айтып, мақтаныш сезіміне оранып қоятын. Генерал Құдайбергенов сол ақсақалдың ұлы. Демек, ұлы үшін әкенің мақтанарлық жөні бар.

Ресейдің полигонында ірі халықаралық жаттьпу ойындары өтті. Қазақстандық делегацияны генерал бастап барды. Офицерлер де, сарбаздар да әдеттегідей жақсы қырынан көрінді.

Өзбекстан әскери делегациясымен бір казармада тұрдық. Жексенбі күні мини-футболдан жолдастық кездесу өткізейік деп қолқа салды. Белгіленген уақытта «бас жүлде» – бір жәшік сыра үшін алаңға шықтық. Қарсыластарымыз әбден дайындалса керек. Біркелкі спорттық киімдері өздеріне жарасып-ақ тұр. Ережеге сай өткен ойынның алғашқы кезеңі біз үшін көңіл көншітпеді. Үзілісте генерал келіп, намысымызды жаныды. «Басқадан жеңілсек те, футболдан жеңілуге болмайды. Қазақ жұртының спорттық намысын жоғары ұстаған «Қайрат» «Пахтакордың» алдында тізе бүкпеген, сендердікі не?», - деп сілкіледі. Уақтылы айтылған сөздің құдіреті болса керек, екінші таймда намысқа тырыстық. 3-2 есебімен жеңдік. Генералдың арқасында ел спортының жалауы жоғары желбіреуіне шамалы болса да үлес қостық.

Өзбек ағайындар, сұйыққандылық танытты, сөздерінде тұрмады. «Матч-реванш» деп тайқып кетті. Бапкеріміз генерал болғандықтан, алаңға шығудан қашпадық. Өздері шықпай қалды. Бір жәшік сыраны өзіміз алдық.

Генерал-майор Рысбаев Василий Несіпқазыұлы

Өмірбаян беттерінен

1959 жылы 31 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. Кеңес әскері сапында мерзімді қызметін өтеген. 1983 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1996 жылы Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген. Киыр Шығыс әскери округінің кіші мамандар даярлайтын оқу-жаттығу орталығында взвод командирінен бастап бірқатар қызметтерде болған. Тәртіп баталъонының штаб бастығы қызметін атқарған. Кіші мамандар даярлайтын оқу орталығының бастығы болды. Құрама командирі, Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары, «Астана» өңірлік қолбасшылықта штаб бастығы міндетін атқарды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған. 1 баланың әкесі.

***

Журналистика факультетінің студенттеріне көп нәрсе үйретеді. Этикадан бастап, екі сөзден бір әдемі, түсінікті сөйлем құрауға дейін. Ең бастысы материалды секретариатқа уақтылы тапсыруға үйретеді. «Нөмірден қалдым дегенше, өмірден қалдым» деген ұранның жетегінде болу керек. Қазір білмеймін, бізді солай оқытты. Басқаша оқытуы да мүмкін. Қазақстанда журналист мамандығын дайындайтын 26 жоғары оқу орны бар екен. Біздің кезімізде біреу ғана еді. Әскери орта бұл принциптерді қайрап, жетілдіре түспесе, кері бастырған жоқ. Әскер тәртіпке тәуелді, демек, сапта тұрған «танкист» те, «экономист» те, «журналист» те тапсырманы бұлжытпай уақтылы орындауы шарт. Шамамыз жеткенше тырысып бақтық.

Алматының іргесінде бірнеше әскери полигондар бар. Соның бірінде, жыл сайын Қазақстан-Британия әскерлерінің қатысуымен «Дала қыраны» атты бірлескен жаттығу ойындары өтеді. Салтанатты ашылу рәсімінен репортаж беруіміз керек. Халықаралық деген мәртебесі болғандықтан өте жауапты шара. «Рәсімге Қазақстандағы Англияның елшісі және Алматыға арнайы ұшып келген мәртебелі Королеваның немересі принц қатысады, бір сағат бұрын сол жерде болыңдар», - деген бастықтардың нұсқауы бар. Фототілші екеуімізге бөлінген көлік қаладан шықпай тұрып сынды. «Принц қайдасың», - деп полигонды беттедік, «авто-стоппен». Қанша асыққанымызбен, кешігетін түріміз бар. Бірталай жерді жаяу жүрдік. Такси ұстайық десек, жүріп жатқан жеңіл көліктер тіпті аз. Оның үстіне полигон аумағына оларды кіргізбейді. Шара өтетін жерге бір жарым шақырым қалды. Уақыт тіпті қалмады. Келген жеріміз осы шығар деп ойлағаным сол еді, әлгінде ғана басып озған «УАЗик» айналып келіп тұра қалды. Құтқарушымыз – генерал Рысбаев екен. Таяуда ғана Аэроұтқыр әскерлеріне ауысып келген екен. Алғашында танымай қалғанын айтып жатыр. Біз сағатқа қарап, есіміз шығып барады. Үлгердік. Суретімізді түсіріп, репортажымызды уақтылы жібердік. Генералдың арқасында принцтің алдында ұятқа қалмадық, бастықтарымыздың алдында абыройға бөлендік. Оперативті жұмыс жасағанымыз үшін. Күннің ыстығынан емес, кәсіби міндетіміздің орындалуы қыл үстінде тұрғандықтан, қысылып терлегенімізді ешкім білмеді. Василий Несіпқазыұлы: «Бір жаққа жете алмай кешігіп жатсаңдар, хабарласыңдар, танкімен жеткізіп саламын», - деп әзілдеп жатты.

Ең қызығы, содан жарты жыл бұрын Аякөз гарнизонында сол біздің жұбымызды, тағы бір кешіккен жерімізге генерал жеткізіп тастаған болатын. Әрине масштабы әртүрлі. Ол – провинция, ал мынау – ханзада.

Генерал-майор Тасболатов Асқан Тұрарұлы

Өмірбаян беттерінен

1968 жылы 22 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1989 жылы Ташкент жоғары танк командалық училищесін, Фрунзе атындағы Әскери академияны, 2011 жылы РФ ҚК Бас иипабы әскери академиясын бітірген. Взвод, рота, жеке батальон командирі болған. Полк командирі, құрама командирінің орынбасары, бригада командирі қызметтерін атқарған. ҚР ҚМ ШБК Жауынгерлік дайындық және әскерлер қызметі департаментінің бастығы, «Батыс» өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары-штаб бастығы лауазымдарын атқарды. Құрлықтағы әскерлер әскери институтының бастығы. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған. 3 баланың әкесі.

***

15 жыл тарихы бар әскери газеттің сапында, 5 жыл бірге Аңыз адаммен бірге қызмет еткенімді мақтан қыламын. Ол – Виктор Афанасьевич Дубровченко. Әскери фотожурналистиканың корифейі. 50 жылдан астам уақыт бойы әскердің фото шежіресін жасаған жан. Түркістан әскери округінде бастаған кәсіби жолын Орта Азия әскери округінде жалғастырған. Округ құрылған күннен, қысқартылған сәтіне дейін сапта тұрған. 1969-1989 жылдар аралығында. Табаны күректей 20 жыл. Фотообьективі небір тарихи тұлғалар мен сәттерді кескіндеген. Юрий Гагарин сарбаздар арасында, Ауған жеріндегі этюдтер, Чернобыльдағы апат болған реактордың дәл төбесінен тікұшақтан түсірілген кескіні ... Айтқан сөздері қандай кесек еді марқұмның. «Мені алдауға болады, министрді алдауға болады. Фотообьективі алдай алмайсың», - дегені неге тұрады. Соңғы сапарына шығарып салғанымызда Сағадат ақсақалдың келіп, сөз сөйлегені әлі есімде.

Міне, сол Афанасич алғашқы жылдары Шонжы гарнизонына өте жиі баратын. Себебін сұрағанда: «Ол бөлімнің командирі жақсы жігіт. Капитан Тасболатов деген. Бұл есімді жаттап ал, болашағынан зор үміт күттіретін офицер, генерал болатын азамат», - деуші еді. Өмірлік тәжірибесі мол Афанасич қателеспеген екен.

2007 жылы Қорғаныс министрлігінде үлкен өзгерістер орын алды. Креативті ойлайтын жаңа билік әскери журналиске форма киюдің қажеті шамалы деп, газетті қысқартып, азаматтық ортаға берді. Бір күнде, отырған жерімізден қуып шықты деуге болады. Уақыт талабынан туындаған дұрыс шешім де шығар. Бірақ әскер үшін ешқандай еңбек сіңірмеген арамтамақ басылым тәрізді қуды. Алғыс айтып, адамша шығарып салмағаны жанға қатты батты. Шығармашылық ұжым тарыдай шашылып, жұмыс іздеуге кірісті. Сол тұста Орталық аппаратта екі бірдей жаңа департамент «шаңырақ» көтеріп жатты. Білім және ғылым департаменті қол ұшын созып, 3 журналисті қатарына қосты. Мен де бардым. Ғылыми атағың жоқ деп, «есікті тарс жапты». Келесі қабатта бой түзеген екінші жаңа департаментке бас сұға салдым. Жауынгерлік дайындық департаментіне бастық болып енді ғана тағайындалған Асқан Тұрарұлы құшақ жая қарсы алды деуге болады. Генералдың ниетіне деген ризашылығым күні бүгінге дейін жүрегімде. Менен қайдағы «боевик» шықсын, айналып келіп өзімнің «родной» департаментім – тәрбиешілердің ортасына қондым. Қыр-сырымды жақсы білетін таныс офицерлер «Сәке, қалай ғана тәрбиеші болып жүрсің, сенің өзіңді тәрбиелеу керек» деп әзілдеген болатын.

Генерал-майор Сатылғанов Диханбек Жанқоразұлы

Өмірбаян беттерінен

1954 жылы 7 мамырда Жамбыл облысында дүниеге келген. 1975 жылы Москва КСРО Азаматтық қорғаныс әскери училищесін, 2000 жылы ҚР ҚК Әскери академиясын бітірген. КСРО Азаматтық қорғаныс саласы бойынша взвод командирінен батальон командирі аралығындағы барлық буындарда қызмет еткен. Бауыржан Момышұлы есімін алған полктің командирі болған. Қорғаныс министрлігіне қарасты бөлімдерде 1998-2004 жылдар аралығында қызмет етті. Құрама командирінің орынбасары, әскери техниканы сақтау базасының командирі болған. КК Құрылық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары лауазымын атқарған. Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылуына орай қызметін ауыстырған. «Даңқ», «Знак почета» ордендері, бірқатар медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

***

Әскердің тәртібі темірдей қатты. Оны бәріміз білеміз. Ол – аксиома. Дәлелдеуді қажет етпейді. Кез келген буындағы командир жетістікке қол жеткіземін десе, алдымен тәртіптілікті күшейтуі керек. Тізгінді уыстан жіберіп алдым дегенше, қарьералық өсуім тоқтады дей беріңіз. Бұның дұрыстығын уақыт әлдеқашан дәлелдеген. Әрбірден кейін қару ұстаған әскер әркімнің көңіліне бір қарайтын балабақша емес. Әскер – ер-азаматтардың ортасы.

Совет Армиясындағы жағдай да осы еді. Қатып қалған иерархия. Генерал-офицер-прапорщик-солдат. Әркімнің «күші жететін» өз тобы бар. Үлкен штабтарда жағдай шамалы, өзгешелеу болар, ал әскерлерде бұл қалыпты, үйреншікті көрініс еді. Бұл жазылмаған заңдылықты жақсы біліп алған пысықтар «хлеборез», «банщик», «каптерщик» тәрізді жұмсақтау жерге жақын жүретін. Суретке, музыкаға, көркем жазуға қабілетіңіз болса, тіпті тамаша, бағыңыздың жанғаны. Ротаның намысын қорғайсың, қала берді, «ленкомнатаны» безендіресің. Замполиттердің өздері-ақ жанына тартып алады. «Сен тимесең, мен тимен» қызмет. Пысықтығымыз да шамалы, өнерден де құралақан болғандықтан, 2 жыл бойы офицер-прапорщиктердің боқтық айғайын естумен болғанмын. Турасын айтайын, одан жаман болғаным жоқ.

Офицерлердің бәрі бірдей емес екен. Солардың бірі гене- рал Сатылғанов деп білдім. Рас, Диханбек Жанқоразұлы генерал атағын Қорғаныс министрлігі бөлімдері сыртында алды. Бірақ, көзім көрген бір оқиға жадымда ұзақ сақталып қалды. Офицердің сарбазға деген шынайы әкелік қамқорлығының үлгісі деп қабылдадым. Оны айналып өте алмаймын.

Отар полигонында әскерлер кезекті бақылау сынақтарын тапсырып жатыр. БМП-дан түнгі атыстар. Тәуліктің қараңғы уақытында өткізілетін бұл емтихан өте күрделілер қатарынан саналады. Сынақ тапсырушылар – мерзімді қызметтің сарбаздары. Атыс жолағына шығатын кезекті үш экипаждың әрқайсысына жеке барып, жеке-жеке нұсқау беруде. «Балам», «бауырым» деп тіл қатуы бойыңды елжіретеді. Жас офицерлер мен кезекші медбикелердің де жылы сөзбен көңілін көтеріп қояды. Сарбаздардың басым көпшілігі ауылды жерлерден шақырылса керек, орысшаға шорқақтау екен. Генералдың ана тілімізде берген ақыл-кеңестері жүректеріне жол тауып жатты. Атыстар сәтті аяқталды. Тілшінің алдында қойылған көрініс, жасандылық па деген күдік те болды, жасырмаймын. Күдігім негізсіз екен. Сарбаздар да, офицерлер де генералдың үлкен жүректі мейірімді жан екенін бірауыздан қуаттады. «Балам-бауырым» деген қазақтың әдемі қаратпа сөздерін генералдың аузынан кейінгі жерлерде де жиі естідім.

Қойбақов Талғат Мамыртайұлы 

Өмірбаян беттерінен

1963 жылы 2 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. 1985 жылы Алматы жогары жалпыәскери командалық училищесін, РФ ҚК Бас штабы әскери академиясын тәмамдаған. Кеңес әскерлерінің Оңтүстік әскерлер тобында қызмет еткен. Взвод, рота, батальон буындарының бәрінен өткен. Республикалық Ұлан сапында жауапты қызметтер атқарған. ҚР ҚМ Оперативті жоспарлау департаментінде қызмет еткен. «Астана», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарда қолбасшының орынбасары, ШБК жауынгерлік дайындық және әскерлер қызметі департаменті бастығы лауазымдарын атқарған. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

***

Кәсіби ынтымақ деген керемет күш қой. Өмірде ешқашан кездеспеген, мүлдем бөтен жандарды табыстырады. Кез келген жерде, жағдайда адамдар арасындағы ортақ әңгіменің арқауы бола алады. Журналистер бас қосса – газет-журналдарды талқылайды, мұғалімдер жиналып қалса – білім саласындағы кезекті реформа сөз болады, дәрігерлерге тап болсаң – небір аурулардың аттарын естіп, көзің ашылып қалады. Сыра зауытында істейтіндер «Жигулевскоенің» «Холстеннен» ұтымды қасиеттерін айтып, шахтерлер көмірдің сапасын талқылайтыны сияқты. Бір сөзбен айтқанда, ортақ әңгіме құруға тақырып тауып береді.

Бұл ретте, әскерилердің басқосуы басқалардан еш айырмашылығы жоқ. Бар болғаны кез келген сәтте бөлім бойынша кезекші офицердің «дабыл» деген белгісін естіп, бөлімге қарай «ұшуға» әзір отырғаны болмаса. Кейде кезекші офицер емес, екі қолы алдына сыймайтын бастығың телефон шалып, «жет» дейді. Тағы «ұшасың». Алыстасың ба, жоқ көрші бөлмедесің бе, қуанышты шарада отырсың ба, жоқ, кешіріңіздер, моншада рахаттанып арқаңды ысқызып жатырсың ба, ол бастығыңа әсте қызық емес. Қысы-жазы, күндіз-түні. Бар болған шамалы айырмашылығы осы ғана. Басқа тұстарында ешқандай өзгешелік жоқ. Тек, әңгіменің тақырыбы әскер, шеңбері – Қарулы Күштер.

Досым үйіне қонаққа шақырды. Әскери академияны бітіріп келгенін атап өту керек. Асыл парыз. Қонақтардың саны шамалы. Негізінен офицерлер. Бірнешеуі бірге оқыған «однокашниктері» екен. Ішінде генерал Қойбақов та бар. (ол уақытта подполковник). Әскердің соңғы жаңалықтарын бөлісіп жатырмыз. Анау ана жаққа ауысты, мынау мына қызметке тағайындалды дегендей ұсақ әңгіме тым созылып, әйелдердің мазасын қашырып, жалықтыра бастаса керек. Байқағаным, Талғат Мамыртайұлы соны сезіп, әңгімені басқа сүрлеуге бұруға тырысып, күш салып отырды. «Басқа әңгіме құрып қалды ма, аманшылық болса, біз де бір төбеге қол жеткізерміз, әскердің әңгімесін әлі айтып үлгерерміз», - дегендей әсер қалдырды. Жиналғандардың бәріне бірдей көңіл бөле білуі, ортақ әңгімеге үн қосып, қажет кезде дұрыс бағытқа бұра білу қасиетіне, мінезіне тәнті болдым. Білікті басшыға тән мінез қырларын көрдім. Қызып алған офицерлердің әскери қызметтен басқа қандай ортақ әңгімесі болуы мүмкін. Бұл – кәсіби тақырып. Жалпы, мінезі өте қарапайым, дүниетанымы кең офицердің бейнесін көрдім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға