Жаңалықтар

Ақтөбедегі киелі орындар

Исатай мен Едіге батырдың мүрделерін іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр
Ақтөбедегі киелі орындар
19.07.2019 18:48 24003

Ел егемендігін алғалы бері халықтың жігерін жанып, рух беретін бірталай іс тындырылды. Солардың бірі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын» құру болатын. Мыңжылдықтарды қамтитын тарихымызды түгендеп, өткенді өшірмеуге бағытталған идеяның маңыздылығы жоғары. Сол үшін заман көшіне ілескен еліміз ұлттық құндылығымызды қалқан етіп, иммунитетін қалыптастыруға көшті. Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «…Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек» деген болатын. Міне, байыпты бастама араға жылдар өтсе де қарқынды жүріп жатыр.

Суретте: Исатай Тайманұлының кесенесі

Құс қанаты талатын даламыздың әр тасы тарихқа тұнып тұр. Сондықтан келешекке бағдар алу үшін өткенді електен өткізіп, зерделеу міндет. Тың бастама өз деңгейінде жүргізілер болса, бұл кейінгі ұрпаққа баға жетпес мұра болғалы тұр. Естеріңізге салайық, аталған жобаны іске асыру үшін негізгі үш мәселені қамту көзделген болатын. Алдымен киелі орындар жайында оқу-ағарту шараларын ұйымдастырып, содан соң елдегі туризм саласын киелі жерлер картасы негізінде дамытуға басымдық беруді айтты. Сондай-ақ, мәдени мұралар тізіміне енген мекендерді ақпараттық қолдауға көп көңіл бөлінуі тиіс деген еді. Осы орайда, Ақтөбе өңіріндегі мәдени-тарихи ескерткіштерге тоқталып, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының осы бағыттағы жұмыстарына тоқталуды жөн санадық.

Еліміздің солтүстік-батысында орналасқан бұл өлке білім мен ғылымның ордасы саналады. Ұлттың ірі мәдени орталығы деген атау да осы өңірге тиесілі. Расында Әйтеке би мен Әбілқайырдай, Қазанғаптай күйші мен Қобландыдай батырды тудырған мекенге қандай мақтау айтса да жарасып жатыр.

Қасиет қонған 80 мекен

Сондықтан болар, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында бұл өңірден республикалық маңызы бар киелі орындар тізіміне 23, ал жергілікті маңызы бар қасиетті орындар тізіміне 57 нысан енген. Тіпті, осыдан 10 мың жыл бұрын Төлеубұлақ үңгірінен табылған петроглифтерді де археологиялық ескерткіш ретінде енгізу жоспарланған. Тасқа қашалған белгілердің 40 мың жыл бұрын пайда болуы мүмкін деген де деректер айтылуда. Егер ғалымдар пікірі дәл келсе үңгірдегі жазулар Орталық Азиядағы ең көне ескерткіш қатарына енеді. «Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ-ның мәліметтеріне сүйенсек, өңірдегі маңызды орындар қатарын 80 нысанмен шектеп қалмай, іздестіру жұмыстары жасалып жатқан көрінеді. Сонымен бірге, Жаманшың метеорит кратері мен Доңыстау үстірт аймағын зерттеу шаралары ерекше қарқын алған. Ал Есет пен Исатай батырдың мүрделерін іздестіру бағытындағы жұмыстар нәтижесі 3 жылдың бедерінде белгілі болмақ. Қазір жергілікті археологтар қызу жұмысқа кірісіп кеткен.

Өлке тарихы толықты

Аймақта тарихи-мәдени мұра нысандарының картасын, облыстың туристік мүмкіндіктерін жан-жақты ашып көрсете алатын бейнебаяндар түсірілді. Бұдан бөлек, халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми орталықтар мен оқу орындармен бірлесе отырып, жүйелі жүргізілген ғылыми зерттеулердің қорытындысы бойынша өңірдің 12 ауданынының археологиялық ескерткіштер жинағы шығарылды. Қазіргі таңда, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын» құру аясында ауқымды жұмыстар атқарылып, оң нәтижесін беруде. Аймақтың көрікті жерлері мен тарихи-мәдени маңызы бар орындарын қайта қалпына келтіру бойынша нақты шаралар қолға алынды. Былтыр аймақтағы археологиялық ескерткіштерді ғылыми-зерттеу, Байғанин және Шалқар аудандарындағы тарихы тереңде жатқан мұраларына арналып «Ескерткіштер жинағы» құрастыру мақсатында, талдап-тексеру, аудандарда бірлесе отырып археологиялық және этномәдени жұмыстарын іске асыру үшін 9,5 миллион теңге қаражат бөлінген. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен осы өңірден шыққан тарихи тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері жайында энциклопедия шығарылды. Жинақ кітап өлкетанушылар мен ғалымдардың дәлелді деректері негізінде жасалды,- деді «Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ-ның басшысы Нұрхан Кәдірбай.

Суретте: Есет батырдың кешені

Аймақта атқарылған іс көп. Солардың негізгісі - Ойыл ауданының маңындағы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысына тұспа-тұс келетін қазақтың жерлеу орындары мен мешіттеріне зерттеу жұмыстарының жасалғаны.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғалымдарымен бірлесе облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы Ойыл өзенінің маңайындағы Тілепмола, Ботакөз батыр кесенесі, Жауымбаймола, Балапан, Егізқара бейіті, Темірмола, т.б. кесенелер мен қорымдар, тастан салынған қоршаулар, әулиелік діни мекендер зерттелді. Арнайы құрылған топ Қобда мен Мәртөк аудандарындағы зираттар, сондай-ақ, діни орындарға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасады. Осының нәтижесінде Мәртөкте Сынтау мешіті толығымен зерттелсе, Родниковка ауылындағы қорымдарда жаңа деректер пайда болды. Ал Тамды және Батпақты өзендерінің аңғарлары мен Шошақ мола, Ақшат, Ақсай сияқты қорымдар анықталды. Бұл жерлер бұрын зерттелмеген киелі жерлер қатарында. Атқарылған жұмыстар өлке тарихы үшін үлкен жұмыс деп санаймыз, - дейді басқарма басшысы.

Киелі орындарға апарар жол

Аймақта «Қасиетті Қазақстан географиясы» жобасы бойынша киелі орындарға апаратын жолдар тақтайдай тегіс қалыпқа еніп, енді қасиетті мекендерге еш қиындықсыз бара аласыз. Әсіресе, Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне жүйткіп жете алатын мүкіндік туды, ал Абат-Байтақ, Исатай Тайманұлы ескерткішіне баратын жолдардың жоба-сметалық жұмыстары жасалып, жұмыс басталуға жақын. Ал Әйтеке би ауданы мен облыстық жол басқармасы «Хан моласы» мемориалдық кешеніне апаратын 80 шақырым ұзындықты қамтитын автожол құрылысын қолға алған. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне енген нысандарға жол белгілерін орнату да жоспарда.

Қазіргі таңда, Абат Байтақ және Исатай батыр ескерткіштеріне апаратын жолдардың жоба-сметалық құжаттамалары әзірленді. Жол салу жұмыстары 2020-2021 жылдары басталады деп жоспарланып отыр. Ал 104 шақырымды құрайтын Қобыланды батыр ескерткішіне апаратын жол 2012 жылдан бері жөндеуден өтуде. Алдағы уақытта да киелі жерлерге апаратын жолдардың жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, жөнделеді, - деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Жұбатов.

Жойылып кету қаупі бар қасиетті орындар

Қазір Ақтөбеде тарихи-мәдени маңызы бар нысандарға инфрақұрылым жүргізу, киелі жерлер аумағын абаттандыру бағытында да атқарылған іс көп. Мәселен, былтыр Қобыланды батыр мемориалдық кешенінің маңында қонақүй құрылысы қарқын алса, жойылып кету қаупі бар ескерткіштер қайта қалпына келтірілуде. Бұл қатарда Алға ауданындағы Шәкен ишан мешіті мен Абат-Байтақ қорымындағы «Қыз әулие» кесенесіне ұзақ мерзімді сақтау үшін жөндеу жұмыстары жасалған. Сондай-ақ, Керуен сарай тарихи-архитектуралық кешені де жаңғыртудан өтті.

Суретте: Абат-Байтақ кесенесі

Абат-Байтақ - еліміздегі ең таңдаулы тарихи ескерткіштер қатарында. Тарихы тым тереңде жатқан бұл қорым жанындағы «Қыз әулие» кесенесі күмбезіне консервациялау жасалды. XVIII ғасырдан бері бар бұл ескерткіш әбден ескергендіктен осындай шаралар жасалып отыр. Бұл ретте, «Керуен сарай» тарихи-архитектуралық кешеніне де баса назар аударылғанын айта өткен жөн. Бұл жер XIX-XX ғасырларда ең үлкен базар қатарында болса, қазір мәдениеттің ең озық үлгісі ретінде саналады. Бұл қазақ жерінде болған жәрмеңкелердің ішінде сауда орындары қалған орындардың бірі де, бірегейі. Сол себепті «Көкжар» жәрмеңкесі өткен бұл маң ішкі туризмнің бір орталығына айналуы қажет, - дейді басқарма басшысы.

Бір қызығы, ғұн-сармат тайпаларының дәуірімен тұспа-тұс келетін мәдени орындарды күллі әлемге таныту мақсатында мультимедиялық құралдар пайдаланылуда. Бағзыдан бері жойылмай, бүгінге дейін сақталған ғұн-сармат дәуірі ескерткіштерін бақылау мақсатында GPS навигациялық құралдары қосылады. Демек, геоақпараттық жүйелер көмегімен көмегімен аталмыш тарихи нысандардың картасын жасау көзделген.

Ескі ескерткіштер

Өңірде киелі жерлер қатарына енген және тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштер көп. Солардың ең негізгілеріне тоқталып өтуді жөн санадық. Бұл ретте, алдымен XVIII – XX ғасырлар басында бой көтерген Абат-Байтақ қорымын айтуға болады. Өңірдегі Қобда ауданына қарайтын Талдысай ауылынан 12 шақырым қашықтықта жатқан бұл нысан өзінің тарихилығымен құнды. Бұл жерде шикі кірпіштен тұрғызылған мазар, 200-ге тарта құлпытастар бар. Биіктігі 16 метр болатын мовзолей жылдар өте шөгіп, 14,5 метр шамасына дейін төмендеген. Киелі орын жайында жергілікті тұрғындар түрлі аңыз айтады. Кезінде «жер кіндігін» іздеген Асан Қайғының баласы Абат батыр төрт түліктің өрістеуіне ыңғайлы мекен іздеп, осы маңда желмаядан құлап өлген-ді. Кейіннен батырға арнап осы ескерткішті салған деген ел арасында әңгіме бар. Тағы бір аңызда оның жомарт адам болғандығы, кедейлерге қол ұшын созған жауынгер екендігі айтылады. Сондықтан қарапайым халық оның есіміне кең, шексіз деген сөзбен ұғымдас «Байтақ» сөзін тіркеген. Міне, содан бері Абат есіміне «Байтақ» сөзі қоса айтылады.

Суретте: Қобыланды батырдың мавзолейі

Тік бұрышты, «төртқұлақты» қоршау кейпіндегі Бопай бейіті жайында да түрлі аңыз бар. Ақтөбенің Әйтеке би ауданына қарасты Кілемжайған ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан бұл мазар өңделмеген кірпіштен қалануымен ерекше. Алайда жылдар өткен сайын бейіт өз қалпынан айырылып, қабырғалары құлап жатқан көрінеді. Бопай қазақ хандығының соңғы ханы Кенесарының қарындасы, Қасым сұлтанның қызы деген дерек бар. Ал Темір ауданындағы Шұбарқұдық ауылынан 5 шақырымда орналасқан Досжан ишан мешіті де өзінің архитектурасымен таңғалдырады. Діни орынның ұзындығы 28 метрге шамалайды, ал ені 11, биіктігі 5 метрді құрайды. Мешіт алты бөлмеден, ал терезелері адам бойынан биік орналасқан. Айта кетерлігі, бөлмелерде ешбір тіреуді кезіктірмейсіз. Терезелерінің ешбір жерінде қиық жоқ. Күмбез өзінің бұранда кейпінде жасалуымен ерекше. Досжан ишан көзі тірісінде діни мешіттер ашуға ықпал жасап, елдің діни сауатын ашуға көп еңбек сіңірген қажы ретінде таныс. Оның күмбезінде айшық орналасса, іші ою өрнектермен безендірілген, Ал терезелерден түскен жарық күмбезді нұраландырып тұр деуге толық негіз бар. Ал ішкі қабырғалардағы аят хадистері қызыл оюмен боялған. Діни орынның алдыңғы бетінде үй мен азан айтатын мұнара болғандығын растайтын белгілер бар. Ал тақуа мүрдесі мешіттің күншығыс бетінде жатыр.

Ақтөбеліктер Жаманшың метеорит кратерімен ерекше мақтанады. Өйткені, бұл нысан жаугершілік заманда қазаққа пана болған бірден-бір орын саналады. Ырғыз ауданынан 40 шақырым жерде орналасқан Жаманшың осыдан 075-1,1 млн жыл бұрын ірі метеориттің жерге қиғаштап құлауынан пайда болады. Бұл ойпат 5-6 шақырым диаметрді алып жатыр. Табаны жайпақ, ал жан-жағы көлбеу, жерден түбіне дейін 700 метрдей ұзындықты алып жатыр. Негізі, Жаманшың атауына байланысты алып-қашпа әңгіме көп. Бірі оны жәндік жоламайтын, өсімдік өспейтін жер болғандықтан осылай атап кеткен десе, енді бірі қуғын-сүргінге ұшырағандар келіп жан сақтаған деп санайды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ойпатта құпия әскери бөлім болған. Үлкен көліктер, қару-жарақтың мыңдаған түрі, оқ-дәрілер мен әскери ұшақтар қонатын жер болған. Тіпті, ТМД елдері ішінде тектиттер алғаш осы жерден табылған. Бұл заттан бұрындары түрді бұйымдардың әзірленгенін ғалымдар дәлелдеп отыр.

Облыстағы қасиетті орындар қатарында Ойсылқара қорымы да бар. Жерлеу орны Хромтау қаласынан 35 шақырым жерде жатыр. Киелі орын ірі мемориалды-діни кешен ретінде танымал. Түйе атасы қорымның негізгі эпонимі саналады. Кешен XVIII-XX ғасырларда пайда болған. Мұнда 150-ге тарта бейіт бар. Жалпы, Ойсылқара әулие VII-VIII шамасына өмір сүрген деген деректер жиі айтылады, кейбір деректерде оның ислам дінін насихаттаушы тұлға екендігі айтылады.

Құлаған қорғандар

Алға ауданындағы Бестамақ ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан Есет батыр Көкіұлының мавзолей кешені 1992 жылы қайта тұрғызылып, ұлутас блоктарымен қапталған. Сонымен бірге, біздің заманымызға дейін VІ-V ғасырларда ежелгі көшпенділер заманынан қалған археологиялық қорған қалдықтары мен ХІХ ғасырларға тиесілі құлпытасты тас қоршаулар да құрылыс кезінде пайдаланылған көрінеді. Мовзолейге келушілер Есет батырдың рухына тәу етіп, қасиетті жер деп біледі. Кезінде Ресей патша үкіметінің «Тархан» атағын алған ол жоңғарлармен ұрыста өзінің жауынгерлік қырын ерекше көрсеткен батыр ретінде белгілі. Жауынгер «Ақтабан шұбырынды», Бұланты шайқасында берекесі кеткен халықты ұйыстырып, дұшпанның бетін қайтарған ер ретінде мәңгілік ел жадында қалады.

Ал Есет - Дәрібай кесенесі Шалқар ауданындағы Байқадам ауылынан 10 шақырымда орналасқан. Осыдан екі ғасыр бұрын өмір сүрген халық батыры Есет Көтібарұлының құрметіне ең алғаш 1890 жылы төртбұрышты шикі және күйген кірпіштен күмбез тұрғызылады. Жылдар жылжыған сайын күмбездің іргетасы сөгіліп, қабырғалары құлай бастайды. Мұның себеп-салдарын түсіндіріп жатудың өзі артық. Табиғат әсерінен ескірген күмбез 1993 жылы қайта салынды. Қазіргі таңда күмбез сәулет өнерінің айшықты үлгісі ретінде танылып отыр. Кесененің оң жақ тұсында інісі Дәрібайдың, ал сол жағында Есет Көтібарұлының кесенесі орналасқан. Аталған екі кесененің ортасында биіктігі 16 метр болатын ұзын шырақ мұнара тұрғызылған. Мұнараның мрамор тақтасына сол уақыттың танымал тұлғаларының есімдері жазылған. Сонымен бірге, құлпытастар да орнатылған. Жергілікті халық күмбез маңына қол жаймай өтпейті.

Суретте: "Хан моласы" қорымы

Бұл ескерткіштің киелі орындар қатарына қосылуының себебі айтпаса да түсінікті. Жаугершілік заманда қазаққа қырғидай тиген дұшпанның бетін қайтарған батыр «Исатай Тайманұлы» ескерткіші Ақтөбедегі Кобда ауданына қарасты Шейтісай жерінде тұр. Батыр кесенесі 2014 жылы жөндеуден өтіп, қайта тұрғызылған. Кесене биіктігі 10,5 метр, ені 6 метр. Кесене ішінен батыр бейнесі және оның ұлы Оспанның өмірі жазылған. Ал әкесінің жауынгердің жанына жерленген. Ел арасында 1814-1815 жылдар аралығында Бөкей баласы Жәңгір ханды Астраханға білім алуға апара жатып, Исатай батырдың ауылынан түскен деседі. Батырдың қонағы бола отырып «Балам менен де мықты хан болады» - десе, Исатай «Жәңгір хан болса қара қазақтың жағдайы не болмақ» - депті. Бұл сөзге таңырқап қалған Бөкей хан батырдан сөзінің төркінін сұрайды. Сонда ол «Балаңның алды қан, арты шаң ғой» - деген екен. Көреген Исатайдың айтқаны келіп, ел оны аузы дуалы тұлға ретінде де құрметтеген. Сонымен бірге, Қобыланды батыр мемориалдық кешені де қайта жаңғыртылған өңірдегі бірегей нысан. Қобда ауданы, Жиренқопа ауылында орналасқан кешен батыр сүйегі қайта жерленген мавзолей мен «Даңқ» залынан, белгі тастарынан тұрады. Кешен батыр қалқанының үстіне қойылған дулығасына және соның қасында жатқан садақ кейпінде салынған. Батырға арналған ескерткіш дуалдары Ресей елінде күйдіріліп жасалған қызыл кірпіштен тұрғызылған. Жалпы биіктігі 7 метрді құрайды. «Хан моласы» қорымы да күрескер тұлға, қазақтың ханы Әбілқайырдың құрметіне қайта салынған нысан. Ол Әйтеке би ауданының Толыбай ауылынан шығыс бетіне 90 шақырымдай маңда тұрғызылған. Қазір қорымда 1000-ға тарта бейіт пен 40-тан асып жығылатын құлпытас бар екендігі анықталып отыр. Ел билеушісінің тарихи тұлғасына ашу мақсатында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары өз нәтижесін беріп, қазба жұмыстары кезінде табылған сүйектер байырғы орындарына қайта жерленіп, 2011 жылы тастан белгі қойылған. Кешенде ақшыл граниттен істелген биіктігі 25 метрді құрайтын, ішкі жағы қазақтың ру таңбаларымен бедерленген кесене тұрғызылған. Кейбір деректерде, ханның жерленген орнына баласы Нұралы қыпшақтардың ескі дәстүрімен 12 терек отырғызып, оның біреуі ғана көктейді. Жайқалған талды кейіннен найзағай ұрып, жанып кеткен деседі. Беріге дейін сол ақ талға кие тұтып, хан жерленген орын деп зиярат етушілер көп болған.

«Көтібар батыр» кесенесі де өңірдегі тарихи орындардың бірі ретінде белгілі. Халықтан шыққан батыр тұлғаға колониализмге наразылық білдірген тұлғаға Көктөбе шаһарынан 100 шақырым жерде кесене салынған. Нысаның биіктігі 12 метр болса, ғимараттың ішкі бөлігі мен сырты әшекейлермен сәнделген. Күмбез маңындағы үш тас Кіші жүз қазақтарының бірлігін білдіреді. Сондай-ақ, тастарда негізгі үш негізгі тайпалық қоғамның 29 ұрпағы белгіленген. Кесене алдында батырдың жолдастары мен әріптестерінің есімдерімен танысуға болады. Мемлекет қорғауындағы кесенеге 2000 жылы жөндеу жасалған.

Әйтеке би өсиетін қалдырған, Қазанғап күйімен әлдилеген, Қобыланды батыр рухымен жігерлендірген өлкенің қасиет қонған жерлерін бір мақалаға арқау ету мүмкін емес. Дегенмен, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын» құру жобасы аясында бұл нысандардың барлығы мемлекеттік деңгейде қорғауға алынады деп сенеміз.

(Суреттер Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға