Жаңалықтар

Жаңа есім: «Мен қазақпын» әнінің композиторы – Жарасхан Төлебай

Ән әлеміне жас жүрегімен бойлаған талант
Жаңа есім: «Мен қазақпын» әнінің композиторы – Жарасхан Төлебай
28.10.2020 15:34 4990

Естеріңізде болса, былтыр 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қазақ даласын осы әуенмен тербеткен еді. Бұл «Мен қазақпын» әнінің челленджіне әскери құрылымдар, білім беру және денсаулық сақтау, БАҚ саласында жұмыс істейтін қызметкерлермен қоса, түрлі мамандық иелері, сондай-ақ балабақша бүлдіршіндеріне дейін үн қосқан болатын. Аталмыш ән шеруге қатысты ҚР Президенті Қ.Тоқаев өзінің Twitter желісінде: «Өте жақсы бастама! Қолдаймын! Бұл ән халықтың рухын көтеріп, патриотизмді арттыру үшін кең ауқымда дәріптелсе орынды болар еді. Осындай дүниелер елді бірлікке шақырады», - деп қолдау білдірді. Міне, осы бір әннің құдіреті ұлтты ұйыстырып, халықтың тұтастығын нығайтуға септігін тигізді және елдігіміздің баянды екенін көрсетті. Жалпақ жұрттың жүрегіне жеткен әнді күллі қазақ елі білгенімен, сол әннің композиторын әсте көбісі біле бермейді.

Жарасхан Төлебай – жаңа есім. Ол, жоғарыда айтып өткеніміздей, көпшіліктің көңілінен шыққан, әр қазақтың бойында қанын тулатқан, асқақ рухын сезіндіріп, өр кеудеге мақтаныш сезімін кернеткен жалпыұлттық сипатқа ие «Мен қазақпын» әнінің авторы. Жас талант иесі – Қызылорда облысының тумасы. Кішкентайынан өнерге жақын болып өскен бала бүгінде нағыз шығармашылық бабында. Өнер десе бәйгеге қосылуға, аламанда шабуға дайын тұратын Жарасхан әннің киесін ұғынады. Ән әлеміне жас жүрегімен бойлаған таланттың жеке өміріне аз-кем тоқталсақ.

Jaraskhan.jpg

Өнерге жақындық жақындарынан дарыған

Сырдың серісі – қазір жиырма бес жаста. Қызылорда облысының Қазалы ауданында, Лақалы деген киелі топырақта дүниеге келген. Сол жерде он бір жыл бойы №93 орта мектепте білім алған. Мектеп қабырғасында жүріп те, түрлі іс-шараларға белсене қатысқан, сол кезден бастап саханының көркін әнмен кіргізген. Көпбалалы отбасынан шыққан Жарасханның екі ағасы мен екі әпкесі бар. Үйдің кенжесі. Сері жігіт отбасын қуанышқа бөлеп, жақында отау құрғалы жатыр. Қармақшы ауданының Т.Көмекбаев (бұрынғы Жаңақала) атындағы ауылына Кетелер еліне күйеу бала болмақшы.

Жалпы, Жарасханның шыққан отбасы да өнерден құр алақан емес. Болатын баланың көпті көрген кісілерді көп жағалайтыны секілді, жас сазгер де өзіне көп адамды ұстаз санайды және олардан алған тәлімін айта жүреді. Алдымен, кішкентайынан, тәй-тәй басқан шағынан өнерге деген ынтасының ашылуына, соған қызығушылығының оянуына өзі шыққан шаңырақтағы бауырларының, әке-шешесінің ықпалы зор болған. Жарасханның айтуынша, басында ағалары да өнерге жақын болған, оқымаса да табиғи дарыны бар көрінеді. Сондай-ақ өзінің туған әпкелері де өнерден кенде емес екен. Соның ішінде Камила әпкесі екеуі кәсіби бағытта білім алып, оқу орнын бітіріп, осы өнердің жолына қызмет етіп жүрген жандар. Әкесі кішкентайынан үйде домбыра шертіп, үйдің сәнін әнмен кіргізіп отырған. Әкесінің дүниеден озған туған ағасы да керемет күйші болған деседі. Үш ағайындыдан шыққан әкесінің бауырлары өмірден өткен. Сол кісілердің ықпалымен өнерге деген қызығушылығы басталған. Онан соң мектеп қабырғасында жүргенде қанатының қатайып, өнердің алғашқы сатыларына жетелеп мінгізген, сол мектепте сабақ берген Серікбол Сансызбаев деген ұстазына алғысы зор. Шырақ көрсе жағуға тырысатын кәсібінің адал ұстаздың алдынан өткеніне бек қуанышты. Қазіргі таңда сол Серікбай ағайы мектепте директорлық қызметінде. Қолына домбыра ұстатып, дәстүрлі өнерге келуіне бірден-бір септігін тигізген осы кісі көрінеді. Жарасханның айтуынша, екінші сыныбынан бастап түрлі байқауларға апарып, жол көрсеткен ағайы орын алмай қалған сәттерінде шәкіртін жігерлендіріп, тыңғылықты дайындап, сол байқауға қайта қатыстырады екен. Еңбегінің еш кетпейтіндігіне сенімді ұстаз соның нәтижесінде Жарасханның талай Алғыс хат және Құрмет грамотасымен марапатталып, көптеген жүлделі орындарды иеленуіне себепші болған.

6c9bc028-6a16-4e0d-b643-1fa7d69bd.jpg

«Бозторғайдан» бастау алған өнер жолы

Жарасхан 2012 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне Дәстүрлі музыкалық өнер мамандығына оқуға түскен. Университет қабырғасында Шолпан Бейімбетова, Руслан Ахметов және Айбек Тәңірберген сынды оқытушылардың тәлімін алған. Жалпы жыраулық дәстүр бағыты бойынша жол сілтеген осы кісілер деп біледі.

Қазақтың қасиетті аспабы қара домбырадан кішкентай күнінен бастап үйренген сазгер, «жігітке жеті өнер де аз» деген қағиданы ұстанып, сырнай тартып, гитарада да ойнайды. Сырдың даласын бағзы заманда Қорқыт бабамыз қобызбен тербеді. Осы кенжелеп қалған дәстүрлі өнерімізді жалғаған Жарасхан қобызды да қатар алып жүреді. Бүгінде қобыздың сырын білетін, онымен жырлайтын елімізде азаматтарымыз аз-ақ. Соның ішінде қоңыр даусымен көпшілікке кеңінен танылған Марат Сүгірбаев секілді азаматтармен қатар өсіп, Мақсат Мұхаммеджанов деген ағайынан дәріс алуы, қобыз аспабының қыр-сырын меңгеруіне үлкен әсерін тигізген.

Өнер жолында кәсіби тұрғыдан дамуына және жетілуіне үлес қосқан жандар осы кісілер деп біледі. Сонымен қатар, жеке қызығушылығы ретінде музыкалық өнермен қатар ән шығару, сазгерлік-композиторлық қырлары да ашыла бастағанын айтады.

Жарасхан бала кезінен түрлі ән додаларынан бой көрсеткен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бастауыш сыныбынан бастап ән айтқан. Ең алғаш «Бозторғай» балалар шығармашылық байқауының сахнасында елінің тумасы Алтынбек атты кісінің «Ән салшы, балақан» деген әнін орындап шыққан. Содан кейін облыстық, республикалық конкурстарға қатысып, жүлделі орындар алған, жеңімпаз атанған. Сонымен қатар «Дәстүрлі ән-жыр байқауы» республикалық конкурсына, «Текті сөздің төресі – терме» атты байқауларға қатысқан. 2015-2016 жылдардан бастап ән жазуға деген құлшынысы оянған Жарасхан, «әртүрлі әннің шығуына бірден-бір себепкер дүние кезігеді» дейді. Соның ішінде қазіргі уақытта әндеріне табиғаттың әсемдігі, көңіл-күй, махаббат тақырыптарының арқау болып жүргендігін айтып өтті.

2e464e79-c8e2-40f0-a154-0c8e5d45f67c.jpg

Хит әндердің композиторы

Біздің Жарасханнан «Қазіргі уақытта қоржыныңда қанша ән бар?» деген сұрағымызға, кішіпейілдік танытып: «Нақты білмейді екенмін», - деп күлімсіреп жауап берді. Әрине, ақынның өз шимай-шатпақтарын санамайтыны, көңілі қаламаса жарыққа шығармайтыны секілді, жас сазгердің де жүрек қылын қозғалтқан бірнеше әуенді өмірге әкелгеніне сенімдіміз. Таңдаулысын ғана, талғамынан шыққанын ғана көптің назарына ұсынатыны белгілі. Солардың ішінде өзіне жақыны да сол дүйім жүрттің делебесін қоздырған, елдің аузынан түспейтін әніне айналып жүрген «Мен Қазақпын» атты туындысы.

Әншінің бағын ән ашатын болса, әнді жазған композитор мен ақын сол әннің «әке-шешесі» іспетті. Қазіргі уақытта Жарасхан жастардың сүйікті әншісі, эстраданың жарық жұлдызы Қуандық Рахыммен шығармашылық тұрғыдан тығыз байланыста. Оның «ә» дегеннен хитке айналған, тыңдармандарының жүрегін жаулаған «Шын ғашықтар», «Сегізінші кереметім», «Қазақтың ұлымын» атты әндерін осы Жарасхан Төлебай жазған. Талант иесінің нәзік талғамы көпшілікпен үндес болса керек, әп-сәтте ел арасына кеңінен тарала кетеді. Жарасхан Төлебай Қуандық Рақыммен бірге еліміздің бірнеше қалаларына барып, өнер көрсеткен.

Сонымен қатар жас сазгер талантты ақындармен де бірігіп жұмыс істейді. Жас ақын Елжас Әбділдамен шығармашылық жақындағы университетте оқып жүріп, басталған. Бұрыннан танитын жолдасы, бүгінде туған бауырындай болып кеткен Елжаспен бірігіп, бірнеше әндерді жарыққа шығарды. Жақсы дүниелер шығаруды студент кезінен жоспарлаған олардың бір кездегі армандарының біртіндеп орындап келе жатқандығын айтады. Қазіргі таңда белгілі әнші Қарақат Әбілдина орындап жүрген «Алғыс» әнінің әні мен сөзі Елжас екеуінің еңбектерінің жемісі. Көпшілік риза болған, алғысын жаудыртқысы келген адамына алдымен қазір осы әнді арнайтын болды. Сондай-ақ Қарақат Әбілдинаның қоржынындағы «Жақсы адамдарым» хит әнін де Жарасхан жазғанын қоса кеткен жөн.

Елжаспен қатар, Нұржан Өмірбай, Оразбек Кенбаев сынды біршама ақынмен бірге жұмыс істеген. «Өнерде шекара жоқ» демекші, Жарасхан тек қызылордалық ақындармен ғана емес, өзге өңірдегі талантты әріптестерімен де шығармашылық байланыста. Мәселен, шоқтығы биік «Мен қазақпын» әнін Семей өңірінің тумасы Нұржан Өнербай атты ақынмен бірлесіп отырып шығарған. Елдің жүрегінен орын тепкеніне, Мемлекет басшысының ықыласына бөленгеніне шынымен қуанышты екенін жасырмады. Бұл уақытта ҚР Қарулы күштерінің сарбаздары Жауынгерлік парадта тік тұрып, осы әнді орындағанында көзге еріксіз жас келді дейді. Бұл жағдайға Жарасхан ақынның немесе әннің құдіреті емес, бұл қазақ рухының биіктігі деп баға берді.

Сонымен бірге бүгінгі кейіпкеріміз ән жазған кезде көңілді қозғап, шабыттанып, кереметтей тылсым дүниемен әсемдесіп, әрлеп ән жазатынын айтты. Композиторлықтан бөлек, алдағы уақытта қалың елге әнші ретінде де танылғысы келеді. Жарасханның ән айтқанын көргендер «жанын жеп айтады» дейді. Яғни, ән айтқанда өзін ұмытып, әнмен бірге сол әлемге дендеп, сол әннің ішіне кіріп кетеді деп жатады.

Жас сазгер ән шығарған уақытта жаны тыныштықты қалайтынын айтты. Мұндай жағдайдың сол әнніңде шығуы кезінде маңызы зор болады дейді. Алдағы уақытта Жарасхан Төлебай қазақтың есті әндерін жандандырып, сапалы әндердің қатарын көбейтсек екен деген асыл арманын ашып айтты. Жарасханның сапалы әндер деген сөзіне қарап-ақ оның өнерге нағыз жанашыр екенін, кәсіби тұрғыдағы білімін дамытуға мүдделі талант иесі екенін аңғаруға болады.

Бөлісу:
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға