Жаңалықтар

Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра

Суретші керамист Айдана Тұрмұхамбетовамен сұқбат
Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 19.03.2021 11:45 18733

Қыш өнері көнеден бастау алған кәсіп түрі. Оның тарихы ғасырлар бұрын бастау алып, жасалу технологиясы жылдан-жылға күрделене түскен. Бүгінде қыш құю ісімен айналысатын шеберлер көп емес. Алайда өнімге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Саз-балшықтан құмыра жасау үшін қандай сазды пайдалану керек? Құмыра жасаудың денсаулыққа пайдасы мен гончарлық өнердің қыр-сыры туралы суретші, керамист Айдана Тұрмұхамбетова сұқбат барысында айтып берді.

Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра

Айдана Тұрмұхамбетова – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Көркем қыш мамандығы бойынша білім алған жас мүсінші он жылдан астам уақыттан бері қыш-құмыра жасау өнерімен айналысып жүр. Бүгінде жас керамист жеке студиясында саз балшықтан түрлі заттарды жасауды көпшілік қауымға үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп, жеке және топтық сабақтар өткізіп келеді.

– Көркем қышпен айналысып жүргеніме он бір жыл болды. Он алты жасымнан Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжіне оқуға түстім. Сол жерде үш жыл білім алдым. Колледжді тәмамдағаннан кейін, Академияда төрт жыл білімімді жалғастырдым. Содан кейін құрбыммен бірге Алматыдан ең бірінші қыш құмыра жасау студиясын аштық. Биыл сол студияның жұмыс істеп жатқанына төрт жыл болады. Ал Нұр-Сұлтан қаласынан ашылған шеберханамыз қазан айынан бері жұмысын жалғастырып келеді, – дейді суретші-керамист.

Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра

Айдана Ермекқызы – халықаралық конкурстардың жүлдегері. Қазақстан Республикасының Көркем Академиясының Жастар қауымдастығының мүшесі. Түрлі керамикалық бұйымдарға арналған көрмелерге қатысып тұрады.

Ең алғаш мектеп интернатта оқып жүргенде бізге білім берген ұстаздарымыз өнер саласындағы әр түрлі мамандықтар туралы мәлімет берді. Көркем қыш факультетінің шеберханасы, шеберлердің саз-балшықпен жұмыс істегені, гончарлық станок маған ерекше ұнады. Сондықтан мүсінші керамист мамандығын таңдадым, – дейді Айдана Ермекқызы.

Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра

Мүсіншінің кәсіби дамуына Қазақстан Республикасының Көркемөнер академиясының толық мүшесі, мүсінші Гүлшара Досмағамбетова, қыш ісімен айналысатын шебер, керамист Мариям Мырзағалиқызы сияқты ұстаздарының еңбегі сіңген. Олар жас мүсінші Өнер Академиясын аяқтағаннан кейін қыш-құмыра жасау шеберханасын ашуына қаржылай көмек берген.

 

Саз құмыра жасау техникасы

Құмыра жасаудың технологиялық тәсілдері әр түрлі болып келеді. Мүсінші керамист Айдана Ермекқызы қол мүсінімен және гончарлық шеңбермен (станокпен) жұмыс істейді.

Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра

– Қыштан жасалған шыныаяқтарды қол мүсінімен жасаймыз. Ең бірінші ыдыстың түбі одан кейін қабырғалары жасалады. Гончарлық шеңбермен құмыра ғана емес, табақ, түрлі формадағы шыныаяқтар, күл сауыт және үйге қоятын түрлі сәндік заттар мен бұйымдар жасауға болады. Негізінен саз-балшықпен жұмыс істеу үшін саздан бөлек кесіп-түзетуге қажетті құрал-жабдықтар керек. Құмыра жасайтын саз өте жұмсақ болуы керек. Құрғақ болған жағдайда жасаған зат саздың қаттылығынан кептіргеннен кейін тез сынып кетеді. Сазды қолдану сіз жасайтын заттың көлеміне байланысты. Сондықтан мен 500 гр-нан 5-6 кг-ға дейінгі көлемде саз қолданамын. Саздың бірнеше түрі болады. Біз қызыл және ақ саз-балшықпен жұмыс істейміз. Өйткені ең танымалы осы екі түс болып табылады. Саз-балшықтың құны қымбат емес, бірақ өте көп көлемде тапсырыс бергеннен кейін, жеткізу құнымен қосып есептегенде қымбатқа шығады.

Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра

Мүсінші саз таңдау мәселесіне бей-жай қарауға болмайтындығын айтты. Кез келген жерден сазды қазып алып, құмыра жасау үшін қолдана алмайсыз. Себебі ол саздың ішінде тас, қоқыс немесе шыны болуы мүмкін. Сондықтан егер қажеттілік туындаған жағдайда, арнайы елегішпен тазалып, пайдалануға болатындай қалыпқа келтіріп қолдануға болады.

– Мен негізінен саз бен құмды Алматы облысына қарасты Қапшағай қаласынан тапсырыс беремін. Өкінішке орай Қазақстанда арнайы бояулар шығарылмайтындықтан көркем қышқа арналған бояулар мен ақ сазды Ресейден арнайы тапсырыспен алдыртамын. Бояулардың құрамында зиянды заттар жоқ. Біз құмыра және ыдыстарымызды пештен шығарған соң, бояймыз. Содан кейін күйдіруге жібереміз. Дайын болған заттардан шай, су немесе тамақ ішуге болады,– дейді мүсінші.

Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра

Айдана Тұрмұхамбетованың айтуынша сазбен жұмыс істеуге қызығушылық танытатындардың қатары көбейіп келеді. Мүсінші керамистің шеберханасына негізінен 3-50 жас аралығындағы адамдар барады.

– Менің шеберханама балалар мен жасөспірімдер, кейде тіпті зейнеткерлер де келеді. Саз-балшықтан зат жасауды үйренгіңіз келсе бір рет келіп көрсеңіз болады. Кейбір адамдар қызығушылық танытып, бір айлық сабаққа қатысып жатады. Олар бір айдың ішінде гончарлық өнер мен қол мүсінінің негіздерін үйреніп шығады. Біз қыш пен саз-балшықтан заттар жасауды ғана емес,оны қалай күйдіру және бояу керектігін үйретеміз. Курс аяқталғаннан кейін олар жасаған заттарын өздерімен бірге алып кетеді,– дейді жас мүсінші.

Суретші керамист Айдана бір таба немесе құмыраны жасау үшін ең қысқа бір апталық уақыт кететінін айтты. Және де ең бастысы қандай да бір затты жасағаннан кейін міндетті түрде дұрыс кептірілуіне ерекше мән беру керек.

Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра

– Жасаған затты пешке салып күйдіруге бір күн кетеді. Пеште негізінен саз-балшықтан жасалған заттар 950 градуста күйдіріледі. Кез келген құмыра 12 сағатта сол градусты көтереді. Пештен шығарғаннан кейін, арнайы бояумен бояймыз. Одан кейін тағы да пешке саламыз. Бірақ екінші күйдіру жоғары 1150 градустағы темпиратурада болуы керек,– дейді керамист..

Құмыра қалай жасалады?

Құмыра әр түрлі техникамен жасалады. Ең басында саз балшықты гончарлық шеңберге ұстату үшін кішкентай ғана сазды шеңбердің ортасына қою керек. Одан кейін гончарлық шеңбердің ортасына сазды бар күшіңізді салып жапсырасыз. Саз-балшық қатты жабысу керек. Жұмыс кезінде, гончарлық шеңбер айналған кезде саз балшық дұрыс жабыспай ұшып кетсе, сіздің жасаған затыңыз дұрыс шықпайды. Саз балшық ортаңғы дәлдікте орнатылмаса, орнынан қозғалып шеңберден жылжып кетеді. Сондықтан айналмалы шеңберде құмыраның пішінін жасап, ол белгілі бір қалыпқа келгенде жылы жерде кептіреді. Оның беріктігін қалыптастыру үшін біраз уақыт пеште ұстаған абзал.

Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра

– Гончарлық өнердегі ең маңыздысы – шеңбердің орталық бөлігі. Одан кейін балшықпен конус жасаймыз. Құмыра жасау барысында үнемі суды қолданып отыруыңыз керек. Саз құрап кетпеуі қажет. Гончарлық шеңбер айналған сайын бір қалыпты деңгейде айналдырып, екінші қолыңызбен қалпын сақтап отырыңыз. Құмыра дайын болғанда шеңберді тоқтатып, дайын затты кесіп аласыз. Одан кейін өзіңізге қажетті үлгіде тегістеп сәндеуіңізге болады. Гончарлық шеңбер оңақайлар мен солақайлар үшін арнайы бөлінеді. Ерте кезде гончарлық шеңберлді аяқпен итеріп пайдаланған. Қазір жаңа үлгідегі шеңбердің түрлері көп.

Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра

Суретші керамист жасайтын заттардың бағасы оның материалына байланысты әр түрлі болатындығын айта кетті. Жас мүсінші мерекелерде кәдесый ретінде берілетін заттарды 5000 теңгеден бастап жасайды.

Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра

– Тапсырыс арқылы ыдыстар жасаймыз. Жақында үлкен қолтаңбамен табақ тапсырысқа берілді. Оның толық дайын болуына 2-2,5 апта кетеді. Тапсырыс шамамен әр ай сайын түсіп отырады. Көп адамдар үйлеріне сән үшін қоятын заттарға тапсырыс береді. Адамдар көбіне қолдан жасалған заттарды сыйға алғанды ұнатады,– дейді Айдана Ермекқызы.

  Құмыра жасаудың денсаулыққа пайдасы

Құмыра жасау – онкологиялық аурумен ауыратын балаларға қол маторикасын дамытуға, бала бойындағы ойлауды, тепе-теңдікті ұстауда үлкен пайдасы бар.

Қыш-құмыра жасау – көнеден жеткен мұра

– Бізде қол моторикалары дамымаған балаларға арнайы топтар бар. Ата-аналары біздің шеберханаға келгенде логопед, дефектолог мамандар жібергенін айтып жатады. Сумен, жұмсақпен, балшықпен жұмыс істеудің балаларға үлкен пайдасы бар. Ересек топтар келген кезде «Өте жақсы әсер алдық», «Барлық проблемамызды ұмытып, өнерден ләззат аламыз» деп жатады. Мен қышпен көп уақыттан бері жұмыс істеп жүргеннен кейін ол әсерді көп сезіне бермеймін.

Жас мүсіншінің шеберханасында шәкірттері де бар. Сонымен қатар Айдана Өзбекстанда, Түркия мен Египетте саз-балшықтан құмыра жасау өнерінен шеберлік сабақтарын алған.

– Өзбекстанда шеберлік сағатын гончарлық шеңбер арқылы үйретеді. Өзбекстанда сегізінші ұрпаққа дейін адамдар қыш жасаумен айналысады. Құмыра жасау олардың ата дәстүрі. Кейбір ауылдық аймақтарда нағыз шеберлер тұрады. Маған қыш жасаудан шеберлік сағатын 11 жасар бала көрсетті. Ал Түркия мен Египетте мүсіншілер тек туристер үшін ғана жұмыс істейді екен. Олар шеберлік сабақтарын өткізбейді.

Суретші керамист жасаған заттарына суреттерді өзі салады. Көрмелерге жиі қатысады. Елордамыздың 20 жылдығына арналған Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының президенті Амандос Ақанаевтың ұйымдастыруымен өткен көрмеге қатысқан. Халықаралық «Арт Самғау» байқауында көркем қыш өнері номинациясы бойынша бас жүлдені иеленген. Сөз соңында көнеден жеткен мұраны жалғастырып жүрген жас мүсінші Айдана Ермекқызының кәсібіне сәттілік тілейміз. Атамұрамыз жаңғыра берсін!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға