Жаңалықтар

Түркістандағы дүбірлі той дүркіреп өтті

Шаһарға 23 елден қонақ келді
Түркістандағы дүбірлі той дүркіреп өтті
Фото: Фотосуреттерді түсірген автор 22.03.2017 08:00 8339

Биыл Ұлыстың ұлы күні, әз Наурызды түркістандықтар ерекше тойлап жатыр. Ерекше деп бөліп-жарып айтуымыздың себебі, күн мен түн теңесетін сәтте «Ер Түріктің бесігі» саналатын киелі шаһар 23 елден ат басын бұрған бауырластарға есігін айқара ашты. 

Алдымен жиналған қонақтар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасына жерленген қазақ хандары, абыз-әулиелері, билері мен батырларына арналған пантеонмен танысты. Құран оқыды, өткенге салауат айтты.

Ал «Есімхан» алаңындағы мерекелік шараны «алтын киім» киген батырлар бастады. Аттың құлағында ойнайтын, білекті жігіттер көк туымызды, одан соң, Түркі елдерінің туын желбіретіп ортаға алып шықты. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев келген жұртты Наурыз мерекесімен, «Түркістан қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы» болғанымен құттықтады.

«Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің таңында, түптің түбінде, әз Наурыздың түркі халықтары мен бүкіл адамзат үшін ортақ мейрамға айналатынына ерекше назар аударған болатын. Наурыз жаңалық пен жақсылықтың, мейрімі мен  имандылықтың, жаңару мен жаңғырудың, ерен еңбек бауырмалдық пен достықтың, ықылас пен ынтымақтың, береке басы бірліктің  мерекесі. Қадірменді халайық, ата-бабамыз аңсаған туыстар,  сіздерді «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шарасының ашылуымен құттықтаймын. Түркістан –  түркі халықтарының туы тігілген орта. Түркістан – түркі елдерінің түп қазығы», - деді өңір басшысы. 

Одан соң мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов сөз алып, ізгі лебіздерін арнады. Сондай-ақ, салтанатты шарада ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының «Баспасөз сыйлығы» иегерлерінің есімі анықталды. Оған 3 қазақстандық (жазушы Мархабат Байғұт пен Арман Сейітмамыт, Нұрперзент Домбай) және 12  шетелдік журналист ие болды.

Салтанатты шара ерекше көңіл күй сыйлайтын, әз Наурыздың лебін сезіндіретін қойылымға ұласты. Онда 500-ге жуық биші күн мен түн, жұлдыздар бейнесінде «Күн мен Түннің теңелуі және Табиғаттың оянуы» театрландырылған сазды-хореографиялық қойылымын көрсетті.

Сондай-ақ, Түркітілдес халықтарға ортақ ұлы тұлғалар - Арыстан баб, Яссауи, Әл-Фараби, Қорқыт ата образдарындағы көрініс сахналанып, ұлылардың ұлағатты сөздері қайта жаңғырды. Бұдан бөлек, «Сүйінші», «Шашу» көрінісі де халық назарына ұсынылды. Онда Ұлттық киімдегі  аттылы жаршылар «Наурыз» келгені  жөнінде сүйінші сұрап, шашу шашты. Алаңда Түркітілдес мемлекеттерге арналған 6 киіз үй көтеріліп, Түркітілдес мемлекеттердің «Наурыз» керуені келді. Керуенде 18 түйе, 30  ат, 4 арба және Түркітілдес мемлекеттерден келген 300-ге жуық мәдениет майталманы өнер көрсетті.

Аумағы ат шаптырым болатын «Есімхан» алаңына жиналған халықта есеп жоқ. Кесене маңынан тігілген 12 қанатты 33 ақшаңқан киіз үй көрік беріп тұр. Алтыбақанда тербелген қыз бен жігіттің әзілі, күші мен білегіне сенген балуандардың күресі, ұлтық өнерімізді дәріптейтін көріністер кез келген жанға көктемнің лебін, Наурыздың қуанышын сыйлағаны анық. Қорған үстінде найзасы мен қалқанын асынып, сап түзеген батырлар да ұрандатып, рух сыйлап тұр. 

Наурыз мерекесінде келген қонақтар мен қала тұрғындарына 1 тоннадан астам палау дайындалып, 1 500 литр Наурыз көже үлестірілді.

Бұдан бөлек, келушілер ежелгі қазақ ауылында қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптейтін түрлі шаралар мен ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарды тамашалады. Өңір басшысы Ж.Түймебаев, ҚР Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлы және «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейіновтер түркістандық Әлихан Асхат есімді балдырғанның тұсауын кесті.

«Тіршілік қайта түлейтін,  осы бір мерекені асыға күтеміз жыл сайын. Және Оңтүстікке келіп тойлауға тырысамыз. Өйткені бұл жақта Наурыз ерекше өтеді. Күн де жылы, салт-дәстүрге көп көңіл бөледі. Бүгінгі салтанатты шара қатты ұнады. Жер-Ананы, Көктем-қызды, қазақтың ойшылдары мен хандарын бейнеледі. Түркі елдерінен келген қонақтар өздерінің ұлттық киімдерімен көшпен жүріп өтті. Алған әсеріміз шексіз. Барша халықты Наурыз мерекесімен құттықтағым келеді. Берекелі, мерекелі жыл болсын», - деген ізгі лебізін білдірді Астанадан арнайы келген Әсел Сыдықова.

Кешкісін қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік Гала-концертке куә болмақ. Қазақстан, Татарстан Республикаларының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Болгариядан келген «Турксадер Родоп Эсинтилери» ансамблі, мажарстандық«Forras» ансамблі, чуваштық Вера Шуркина, гректер мен солтүстік Кипр өнер ұжымдары, румындықтар, саха-якуттар, Молдаваның Гагауыз елі, Македониядан келген өнер ұжымы, моңғолдықтар, өзбекстандық, тағы басқа елдерден келген әнші-бишілер Түркістанның аспанын ән-күйге бөлейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға