СУРЕТТЕГІ СУРЕТ

Перизат Кәрімқұл
Суретші Ерден Зікібайдың Желтоқсан оқиғасы жайлы туындысы
Тәуелсіздік күніне орай түрлі басылым беттерінде, әлеуметтік желілерде Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген суреттер көп жарияланады. Солардың ішіндегі ең "танымалы" - шынтақ айқастыра қолтықтасқан жастардың бейнесі. Бұл сурет Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жарияланды. Алайда оны түсірген, жасырып қойған адамның кім екені белгісіз. Егер сурет сол кездегі "комитеттіктердің" қолына түскенде суреттегі жастардың тағдыры қалай болары тағы беймәлім. Суретші, аниматор Ерден Зікібайдың бұл сурет жайлы өз толғамы бар. Бір жыл бұрын ол осы суретке ремейк жасаған болатын.
Суреттегі сурет
Ерден Зікібай бұл суретпен бұрыннан таныс. Ал 2016 жылы суретшінің досы Қайсар Тұрсынқожа өзінің фейсбук парақшасында осы суретте өзінің әкесі де барын жазады. Суреттегі жастардың басым көбі Алматы зооветеринарлық институттың студенттері екен. Бұл дерек Ерденге қатты әсер етеді. Себебі оның нағашы атасы осы институтта сабақ берген. Желтоқсан оқиғасы кезінде Институт басшылығы ол кісіге "Студенттерің шеруде жүр екен, оларды қайтарып әкел" деп бұйырады. Осылайша Ерденнің атасы студенттерін іздеп, алаңға аттанады.
- Желтоқсан көтерілісіне байланысты көптеген құпиялар бар. Мысалы 1989 жылы Мұхтар Шаханов осы Желтоқсан оқиғасын зерттейтін және баға беретін комиссияны басқарған. Сол кезде олар бұрын әскери қызметте болған екі адаммен сөйлесіп, олардан 168 адам қайтыс болды деген мәлімет алады. Олардың 152-сі шеруге қатысқандар. Сондай-ақ Алматының сыртындағы Западное деген зиратта 58 белгісіз қабір барын анықтайды. Оларды МВД құпия түрде жерлеген деген ақпарат бар. Ал біз әлі күнге дейін қанша адам қайтыс болғанын білмейміз.
Белгісіз жандардың қабірі жайлы естіп-білгені суретшіге үлкен ой салады.

- Жыл сайын көктем келгенде Алматының шетінде көкнәр өседі. Адамдардың көбі сол кезде қала сыртына шығып, суретке түскенді ұнатады. Бала кезімде елін қорғап, шейіт болған батырлардың қаны жерге сіңіп, одан көкнәр өсіп шығады дегенді үлкендер жиі айтатын. Менің есіме сол аңыз түседі. Қыршын кетіп, құпия жерленген жандар көкнәр болып өсіп шыққандай елестеп, мен сол туралы сурет салғым келді. Сондай-ақ қазіргі әнұранымыз "Менің Қазақстаным" әнінде "Гүлің болып егілемін... " деген өлең жолдары бар. Бұл сөзді "Елім, сен үшін құрбан болуға дайынмын" деп түсінемін. Алаңда да осы ән айтылған ғой...
- 15 жасымда қолыма Коммунар Табейдің "Мұзда жанған алау" атты кітабы түсті. Сол кезде ғана туған қаламда осындай оқиға болғанын біліп, таң қалдым. Сонда соған дейін мектепте болсын, басқа жерде болсын Желтоқсан оқиғасы туралы ашық айтуға ешкімнің батылы батпайтындай көрінді. Тіпті қазіргі күні бұл оқиғаға ортақ баға берілмеген сияқты. Біз әлі күнге дейін Желтоқсандағы көтерілісті бөлек оқиға ретінде қарастыра алмай келеміз. Шеру болған кез Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіп, біз оған мереке ретінде қарай бастадық. Бірақ мен үшін бұл күн мереке емес, бұл боздақтарды еске алып, оң мен солымызды ойланатын күн.
Суреттегі сурет
Алматылықтар Ерденнің бұл туындысын "Дарақы әзілдер" («ARTMEKEN» галереясы) көрмесінде тамашалай алады.