Жаңалықтар

Сәулет Жәнібек: "Өнер әлемді әдемі етеді"

Суретші мақсаты мен өнер туралы үзік ойлар
Сәулет Жәнібек: "Өнер әлемді әдемі етеді"
04.01.2019 20:09 10741

Оның туындыларындағы кейіпкерлер мистика әлемінен келгендей. Осылай ол адам жанының нәзіктігі, оның арманы мен үміті жайлы толғанады. Суретші Сәулет Жәнібек бізбен өнер, суретшінің мақсаты және "Құланшы" заманауи өнер орталығында өтіп жатқан "Arteriia" атты жеке көрмесі жайлы ой бөлісті.

Неге "Arteriia"?

Маған сөздің өзі ұнады, ол медициналық термин бола тұра, көрменің көңіл-күйімен үндеседі. Артерия - қанды жүректен ағзаға тарататын қантамыр. Ал жүрек пішіндес инсталляция көрмеде қойылған барлық жұмыстарды біріктіріп, ортақ концепцияны құрайтын нүктенің рөлін атқарады.

Мені әртүрлі мәдениет, дін және мифологиядағы мистика мен құпиялар қызықтырады. Ол жерде өзімді жайлы сезінемін. Картиналарымдағы кейіпкерлерді мистика мен жұмбақ әлемде бейнелеу арқылы содан өзімді көргендей боламын. Ал ол көрерменнің ойында да сақталып қалады.

Сәулет Жәнібек: "Өнер әлемді әдемі етеді"

Біздің қоғамда сурет өнері, оның ішінде заманауи өнер әзірге екінші орында қала беретін болар. Себебі адамдардың сұранысы басқа. Олар әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін тыным таппай жұмыс жасауда. Ал өнер бір сәт аялдап, алдыңда тұрған туынды жайлы ой қорытуды талап етеді.

Бұл картина "Қара" деп аталады. Он жыл бұрын бір картина салған едім. Оның өлшемі "Қара" сияқты үлкен болмаса да, онда дәл осындай алақан бейнеленген болатын. Тек алақанда эмбрион қалпында бүк түсіп, жылап жатқан кішкентай адам болған еді. Ол - сол кездегі менің жан-дүниемнің көрінісі тұғын. Қазір ол күйзеліс тарқаған, он жыл бұрын жегідей жеген ой енді мені мазаламайды. Солай менің картинамдағы кішкентай адам да жоғалды. Егер бұрынғы картинам арқылы мен айналамнан жылылық іздесем, бүгін ол жылылықты өзім беремін. Біреулер картинаны дінмен байланыстырады. Неге олай болмасқа? Әркім әртүрлі қабылдауға қақылы. 


Белгілі бір стильді ұстанамын дей алмаймын. Өзімнің дара стилім бар деп сенгім келеді. Картинамды бір жерде көріп қалған адамдар менің қолтаңбамды бірден танығандарын айтып жатады. Бұл марқайтпай қоймайды, әрине. Себебі көрерменге бір суретпен-ақ танылу әр суретшінің мақсаты деп ойлаймын. 


Кейіпкерлерімнің бетін әдейі жасырмаймын. Алғашында олардың беті толық көрінеді, бірақ жұмыс барысында олар боялып кетеді. Меніңше, бұл картинаға салмақ қосып, көрермен көкейінде сұрақ тудырады. 

Көп картинамда ақ, қара және қызыл түстерді қолданамын. Бұл түстер мені шабыттандырады. Жалпы айтсам, минимализм мен тазалыққа талпынамын. Әсіресе, жапон мәдениетіндегі минимализмге қызығамын.


Классик суретшілерден шабыт аламын деп айтпас едім. Бірақ үнемі заманауи суретшілердің шығармашылығын бақылап отырамын. Өнердің кез келген саласында креативті ұнатамын, мейлі ол сурет, инсталляция, перформанс немесе музыка мен кино болсын.

Ұлымның портреті баланың қолымен салынғандай әсер бергенін қаладым. Яғни барынша жеңіл қабылданатын, қарапайым әрі графикалық сурет салғым келді. Сондай-ақ картинада ұлымның есімі (Әли) жапонша жазылған. Иероглифтерді тікелей аударғанда, ол құмырсқа деген мағына береді. 


Отандық суретшілер өз картиналарында көбіне күнделікті өмір көрінісі мен ұлттық сарынды суреттейді. Бұл жақсы, әрине. Бірақ суретші белгілі бір қағидаларға байланбай, өз стилін қалыптастыруға тырысуы тиіс деп ойлаймын. 

Сәулет Жәнібек: "Өнер әлемді әдемі етеді"

Он жыл бұрын салған картиналарыма қазір күлкім келеді. Шығармашылық даму деген осы болар. 


Картиналарыма "бауыр баспаймын". Осылайша сатылған жұмыстармен "қоштасу" да оңайға түседі. Ал ол өз кезегінде жаңа ізденістерге жол ашады. 

Өнер - менің өмірім, тағдырым. Оның әлемді әдемі ететін күші бар. Ал суретші өнер адамы ретінде көрерменнің санасына әсер етіп, оған талғам дарытады.

Суреттер: Арман Мухатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға