Қандастар Ассамблея

Наурызбай Оразбай: «Отырардың тіршілігін қылқалам арқылы насихаттаймын»

Наурызбай Оразбай – ұлылардың отаны саналатын Отырардан шыққан жас суретші, республикалық, халықаралық сурет байқауларының жеңімпазы. Биыл Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірін бейнелеу өнері жəне сызу мамандығы бойынша аяқтап, қолына диплом алды. Ол сурет салуға, балаң ойын қылқаламмен ақ парақ бетіне түсіруге 3-4 жасынан бастап қызықты. Өйткені ата-анасы да шығармашылықты серік еткен жандар еді.

 

– Əкем ағаш ұстасы болатын. Өмірден тым ерте озды. Анам Ұлжан – суретші. Қазір дизайнер-тігінші болып жұмыс істейді. Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шəуілдір ауылында тұрады. Əкемнің ағашты жонып, түрлі бұйым жасайтынын, анамның қолына қылқаламын ұстап, картина бетіне жан бітіретінін кішкентайымнан көріп өстім. Менің де қолыма сурет салатын дəптер мен түрлі түсті қалам мен бояуды ұстатып қоятын. Шимай-шатпақ салып, оны бояп отыратыным əлі есімде. Ата-анам шығармашылықтың ләззатын түсінгеннен кейін бе, үйдің қабырғасын сызып, сурет салып тастасам да ұрыспайтын, қайта үнемі қолдап-қуаттап отыратын, – дейді Наурызбай.

 

Оқушы кезінен-ақ анасы мен ұстазынан бөлек, таланты мен талабын байқаған оны белгілі қылқалам шебері Əділхан Мəлік сурет өнеріне баулыды. Майлы бояумен жұмыс, түстер үйлесімділігін сол кісі үйретті. Түрлі сурет байқаулары мен шеберлік сабағына қатыстырды. Ал Наурызбай ауыл мен ұстаздарының мерейін үстем етіп, байқаулардан жүлдемен оралатын.


– Əділхан Мəлік – нағашы ағам. Мықты суретші. Мәскеу Халық өнері Университетінде білім алған. Түрлі ұсыныстардан бас тартып, ауылға оралды. Отырар аудандық Мəдениет үйінде жұмыс істейді. Бос уақытында «білсем, үйренсем» деген ынтасы бар балаларды жинап, сурет салуды тегін үйретеді. Маған да майлы бояумен күрделі жұмыстар салуды, түстерді шығаруды, сурет салу техникасы мен материалдарды қалай ажыратуға болатынын сол кісі тереңірек ұғындырды. Əділхан ағамның Отырар қорғаны, кітапханасы мен медресесі, гүлденген уақыты, бағзы замандағы тыныс-тіршілігін бейнелейтін, Отырардан шыққан тарихи тұлғаларды сипаттайтын суреттері ғажап, көрген жанды тарих əлеміне жетелеп, ойыңды сол заманға апарып тастайды. Галереяны тұтас толтырып тұрған суреттері бар. Осы өлкеде туып-өсіп, кішкентайымыздан Отырардың тарихын құлағымызға сіңіріп өскендіктен болар, маған да сол кезді, шапқыншылық, соғыс емес, гүлденген ғылым мен мәдениет, сауда-саттық өркендеген кезін бейнелеген ұнайды. Өркениеттің ордасы саналған Отырардың ортағасырдағы тіршілігін қылқалам арқылы насихаттасам деймін, – дейді Наурызбай.

 

Отырар ауданы – туристік аудан. Жыл сайын Арыстанбаб кесенесі мен Отырар қалашығына еліміздің əр аймағы мен шетелден келетін туристер көп. Екі-үш жыл бұрын Жапониядан келген саяхатшының бірі Наурызбай салған суреттің бірін ұнатып, сатып алып кетті. Студент Наурызбай үшін қомақты ақша еді. Табысты студент атанды. Ол сабақтан тыс уақытында пейзаж бен портрет жанрында салған суреттерін сатып, үй-ішіне салмақ салмады.

 

– Ең алғаш 5-6 сыныпта туған əпкемнің портретін айна-қатесіз салып шыққанмын. Оны көргеннен кейін сыныптастарым өздері ұнатып жүрген қыздарының бейнесін салдырып алатын. Мектеп асханасынан тəттілер, бəліш, тағы басқа заттар сатып алып береді. Немесе қолыма тиын-тебен ұстатады. Сол кезде-ақ портрет салып, ақша табуға болатынын білдім. Студент атанғаннан кейін тұрақты сурет салып, ақша таптым. Бір портретті – 20 мың теңгеге бағаладым. Бір суретте 4-5 адам болса, 80-100 мың болады. Бұл студент үшін қомақты қаржы. Сурет салуға қажетті құрал-жабдықтар алуға, жүріп-тұруыма, қалада өмір сүруіме жетіп тұрды. Анама да қаржылай көмектесіп тұрдым. Алдағы уақытта портрет салудан гөрі шығармашылық дүниелермен айналысуға көбірек көңіл бөлмекпін, – дейді жас суретші.

Наурызбайдың бағыты – реализм. Салған суреті жас пен кəріге бір қарағанда-ақ түсінікті, шынайы болса дейді. Аспанмен тірескен биік тау, жылға-жылғаны қуалай, сылдырап аққан бұлақ, моншақтай тізілген таңғы шыққа малынған көк шөп, ұлан-ғайыр атырап, төрткүл дүниені тұяғымен дүбірлеткен жылқылар, бәрі-бәрі жас суретшінің тақырып арқауына айналған. Наурызбай қолы қалт ете қалса, табиғат аясында серуендеуге құмар. Шабыт сыйлайды. Қасында үнемі асай-мүсейі жүреді. Жайлы орын тауып, көргенін дереу қағаз бетіне түсіруге кіріседі. Немесе фотоаппаратпен сол сұлулықты суретке түсіріп алады. Кейін қолмен салып шығады.

 

– Негізі бір көрген затты, құбылысты əрбір детальіне дейін есте сақтап қалған жақсы ғой. Бірақ менің есте сақтау қабілетім нашар. Көзімді алмай қарасам да, сурет салуға отырғанда ұмытып қаламын. Сол себепті қолымда фотоаппаратым жүреді. Табиғат болсын, басқа болсын, суретке түсіріп ала қоямын. Жақында ауылда, дарияның жағасына достармен серуендеуге бардық. Сол жерде түсі ерекше екі жылқы көрдім. Суретке түсіріп алдым. Қазір сол жылқыларды салып жатырмын. Əлі тақырып қоймадым, – дейді ол.


Наурызбай университет қабырғасында оқып жүргенде «Қазақстанның жəне ТМД- ның үздік студенті» атанды. Шымкент қаласы бойынша жастар арасында «Үздік суретші» номинациясының иегері. Қазір Шымкентте сурет салу мен құмыра жасауды үйрететін бір курстың бірінде сурет салу бойынша үйірме сабақтарын жүргізеді. Алдағы уақытта мектепке өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, алған білімін оқушылармен бөлісіп, осы кезге дейін жинаған тәжірибесін үйретуді жоспарлап отыр.

– Мектеп пəндерінен бейнелеу өнері сабағын негізгі пəн ретінде алып тастағаны өкінішті. Сурет салу баланы өз ойын жеткізуге, мейірімді болуға, айналадан сұлулықты, жақсылықты көруге сеп болады. Қазір мектептерден жұмыс іздеп жатырмын. Қосымша қаладағы сурет салу мен құмыра жасауды үйрететін курстардың бірінде дəріс беремін. Сурет салу да, құмыра жасау да адам бойындағы шаршауды, стрессті басады. Ерекше көңіл күй сыйлайды. Бізге келген адамдар салған суреттері мен жасаған құмыраларын кейін өздерімен бірге алып кетеді. Бұл оларға мотивация болады. Əсіресе, пандемиядан кейін адамдар өздерінің жақсы көретін бір іспен айналысқанын дұрыс деп тапқан сияқты. Жəне іштегі қалып кеткен арман-мақсаттарын орындағысы келеді. Сол себепті бізге қазір оқушылардан бөлек үлкен кісілер де көп келеді, – дейді Наурызбай.

Фотосурет автордікі жəне Наурызбайдың жеке мұрағатынан алынды

Ұқсас материалдар