Жаңалықтар

Ән мен биі үндескен қойылым

Әлемдік деңгейдегі драматургия шыңы саналатын туынды
Ән мен биі үндескен қойылым
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 13.08.2021 12:06 7826

Кез-келген театр халыққа рухани жағынан азық сыйлайтын орта екені рас. Мұнда жиналған қалың көпшілік шынайы өмірді сахналаған әртістердің қойылымдары арқылы ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың ара-жігін тамашалап, ой түйіп қайтады. Сондай-ақ көрермен таңдауы бойынша өз керегін алып, көңіл сүзгісінен саралап өткізіп, керексізін кері ысырады. Жақында елордадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры Уильям Шекспирдің әлемге танымал әрі ән мен биге үндескен «Ромео-Джульетта» шығармасын сахналаған болатын.

Уильям Шекспирдің бұл туындысында көтерілетін басты проблемалар қай дәуірде болмасын адам баласына ой салу дәстүрін жалғастырып келеді. Көпшілікке мәлім, бұл туынды қос әулеттің көп жылдардан бері нүкте қоя алмай келе жатқан бітіспес дау-жанжалының салдарынан опық жейтін қос ғашық турасында баяндалады. Бұған дейін көптеген театрларда сахналанып жүрген трагедия елордада басқа қырынан қойылды.

 

«Кейіпкерім екеуіміз ұқсаймыз»

Әні мен биі үндескен «Ромео-Джульетта» қойылымында басты кейіпкер Джульеттаның рөлін жас талантты актриса Айдана Курашева сомдаған. Бұл рөлді арнайы кастинг арқылы бекіткенін айтады.

– Мен шамамен 12-13 жастағы қыздың рөлін сомдадым. Ол өмірде пәк махаббатқа сенеді.Оның бойында нәзіктік те, аңқаулық та, шешім қабылдайтын қасиет те бар. Осы жағынан кейіпкерім екеуіміз ұқсаймыз, - дейді жас актриса.

Ән мен биі үндескен қойылым

Айдана Курашева елордадағы Қазақ ұлттық өнер Университетінде «Музыкалық театр әртісі» мамандығы бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиевтің шеберханасында оқыған. Ал осы театрда бірінші курстан бастап қызмет етіп келеді.

Ән мен биі үндескен қойылым

Осы салаға бала кезден қызығушылық танытқан ол Б.Томастың «Чарлейдің әпкесі» музыкалық комедиясында – Элланың, Р.Киплингтің «Маугли» ертегісінде – бөрі, еліктің рөлдерін сомдаған.

Ән мен биі үндескен қойылым

Көбінесе жағымды кейіпкерлерді сомдауды ұнататын жас актриса былтыр Шабыт халықаралық фестивалінде «Көркем сөз» номинациясы бойынша үшінші орынды иеленген.

Айта кетейік, ол 1999 жылдың 12 мамырында Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Павлодар қаласындағы №20 лицей-мектебін 2017 жылы тәмамдап, кейін музыкалық колледжде бір жыл білім алған.

 

«Менің кейіпкерімнің жасы – 14-те»

Ақниет Жақсығали 1997 жылдың 4-шілдесінде Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы селосында дүниеге келген. Ол 2014 және 2017 жылдары аралығында Ақтөбе көпсалалы АГУ Тарлан колледжінің актерлік өнер факультетінде «Драма театр әртісі» мамандығы бойынша білім алған. Ал 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер Университетінде Сайлау Қамиевтің шеберханасында «Музыкалық театр әртісі» мамандығы бойынша оқуға түскен.

Ән мен биі үндескен қойылым

Ақниет Жақсығалидің бұл қойылымдағы сомдайтын рөлі – Монтекки әулетінен шыққан Ромео.

– Менің кейіпкерімнің жасы – 14-те. Ол азартқа беріліп кеткен. Әр күнін думандатып өткізеді. Джульеттамен кездескенше ойы басқа қызда болады. Ал оны көргеннен кейін соған ғашық болады. Бір айта кететін жайт, оның мінезі аздап тұрақсыздау. Өйткені қойылымдағы кейіпкерлердің әңгімесіне қарайтын болсақ, ол күн сайын қыздармен кездесетін жігітке ұқсайды. Ал Джульеттаны көргеннен кейін шынайы махаббатты сезіне бастайды, - дейді Ақниет Жақсығали.

Ән мен биі үндескен қойылым

Жас актердың кейіпкермен басты ұқсастығымыз қиялдың жетегінде жүретіндігіміз деп жауап берді. Айтуынша ол да әсіресе мектеп кезінде қиялға қатты ерік берген.

– Сахнада қойылымдағы рөлді сомдау барысында ешқандай ой болмайды. Қойылым көрермен көңілінен шықса да, өзімізге мін тағатын адамдармыз ғой. Менің ойымша, мұндай сезім кез-келген актердің басында болады. Әр қойылымнан соң актер өз-өзінің рөліне іштей қанағаттанса, онда өзінің актерлік мансабын сол жерден тоқтатады деп ойлаймын. Өйткені одан кейін алға жылжу, өсу, даму болмайды, - дейді актер.

Ән мен биі үндескен қойылым

Осы уақытқа дейін Ақниет Б.Томастың «Чарлейдің әпкесі» музыкалық комедиясында – Чарлейдің, Дулат Исабековтың «Әштен» комедиясында – музыкант, Р.Киплингтің «Маугли» ертегісінде – бөрі, Дулат Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» қойылымында ұрының рөлін сомдаған.

Жас та болса, талантты актер осы уақытқа дейін көптеген өнер байқауларында топ жарып келеді. Ол – Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Ақниет 2016 жылы Алмааты қаласында өткен К.Кенжетаевтың 100 жылдығына арналған студенттер арасындағы халықаралық «All-artтеатр» фестивалінде «Этюд» номинациясы бойынша Гран-при иегері атанған. Сондай-ақ ол Көкшетау қаласында өткен екінші республикалық эксперименталды лабораториялық театр фестивалінің дебютанты және былтыр Шабыт халықаралық фестивалінде «Көркем сөз» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленген болатын.

Ән мен биі үндескен қойылым

– Жалпы, өздеріңіз білесіздер, әртіс қауымының жалақысына өмір сүру қиын ғой. Менің ойымша, мұнда театрды жақсы көретін адам жүрмесе, ай сайынғы айлығымен бай боламын деген адам жұмыс істемейді. Мұнда мен 2018 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қойылымда ойнайтын рөлдерім, образдарым өзіме ұнайды. Бір айта кетерлігі, жағымды кейіпкерлерді сомдау аса қатты ұнамайды. Менің ойымша, әсіресе жағымсыз кейіпкерлерді сомдау кезінде адамның мүмкіндіктері, қыр-сыры жан-жақты ашылады. Алдағы уақытта ойнаймын деген үміттемін, - деп сөзін түйіндеді Ақниет Нұрлыбекұлы.

 

«Леди Монтекки –жігері мықты әйел»

Театр актрисасы Айбану Байболатова Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жаңатас қаласында дүниеге келген. Ол сол қаладағы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында үшінші сыныпқа дейін оқып, 2005 жылы отбасымен бас қалаға көшіп келеді. Мұнда жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы №4 қазақ мектеп-гимназиясында білім алады. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ Айбану Байболатова шығармашылық салаға қызығушылық таныта бастайды. Содан театр өнеріне ерекше ықыласы бар ол 2010 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайындағы театр үйірмесіне қабылданады. Мұнда оған Бақытжан Сәбитұлы жетекшілік етеді. Осылайша оның өнерге деген құлшынысы одан сайын арта түседі. Сөйтіп, 2014 жылы Айбану елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түседі.

Ал екінші курстан бастап оның өнер жолында алғашқы қызметі басталады. Яғни ол еліміздің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айгүл Иманбаеваның жеке музыкалық театрына жұмыс орналасады. Осылайша жас актриса оқумен театрдағы жұмысын қатар алып жүреді. Ал университетті бітірген соң кәсіби маман атанып, Петропавл қаласында орналасқан Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына ауысады.

Ән мен биі үндескен қойылым

Қазіргі кезде елордадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актрисасы «Ромео-Джульетта» шығармасында Леди Монтеккидің рөлін сомдайды.

– Театр репертуарындағы Р.Киплингтің «Маугли» ертегісінде менің Ана бөрі рөлім бар. Сол рөлден кастинг барысында кішігірім үзінді оқып берген едім. Содан режиссер Есләм Нұртазин аналық мейірімді байқаған болуы керек... Нәтижесінде маған осы Леди Монтеккидің рөлін берді. Кейіпкерім Леди Монтекки – бүтіндей бір әулетті басқарып отырған жігері мықты әйел. Бірақ та әйел заты болғандықтан оның да әлсіз тұсы бар. Әлсіз тұсы деуге бола ма әлде аналық сезімі деуге бола ма екен? Ол – жалғыз ұлына деген махаббаты, - дейді театр актрисасы Айбану Байболатова.

Айбану Байболатова осы кейіпкердің образына ену үшін дайындық барысында аздаған қиындықтар болғанын айтады.

– Дайындық барысында мінез жағынан қиындықтар болды. Өйткені мен өмірде кішкене нәзіктеу адаммын әрі тұрмыста емеспін. Бірақ та актриса болғандықтан кез келген образды аша білуге шебер болу қажет. Осыған қатысты біраз фильмдер тамашаладым, - деп сөзін түйіндеді Айбану Өскенбайқызы.

Айта кетейік, бұған дейін актриса У.Шекспирдің «Ричард» реквиемінде – королева Елизаветаның, Дулат Исабековтың «Әштен» комедиясында – дәрігер, шетелдік қыздың, Р.Киплингтің «Маугли» ертегісінде – Ана бөрі, М.Камолеттидің «Мерекелік меню» - Сюзаннаның, Ж.Шайхисламұлының «Қыз Жібек» шығармасында, Мұхтар Әуезовтың «Жас Абайдың» Ділдәсінің, Дулат Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» қойылымында Зейнептің рөлдерін сомдаған болатын.

 

«Күтуші рөлін бірінші рет ойнап тұрмын»

Театрдың жоғарғы санаттағы актрисасы Гүлмира Жакилина 1998 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының театр және кино факультетінің «Актриса» мамандығын қызыл дипломмен бітірген. Кейін Көкшетаудағы Ақмола облыстық Ш.Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында табан аудармастан тура он жеті жыл қызмет еткен.

Ән мен биі үндескен қойылым

Қазіргі кезде Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында қызмет ететін Гүлмира Тлебалдықызы бұл қойылымда күтушінің рөлін сомдайды.

– Бұл Уильям Шекспир шығармасындағы «Ромео-Джульеттадағы» менің сомдайтын образым – күтуші. Әлбетте, кіндік шеше болған ал күтуші біздің менталитетімізде болмаған. Ал Еуропа елдерінде анасы баласына көп уақытын арнамайды. Сондықтан көбінесе баланы туғанынан күтушісінің қарамағына тапсырмаған. Күтуші – кеудесіндегі сүтіне дейін беретін ана. Яғни ол – Джульеттаға ең жақын адам, - дейді Гүлмира Жакилина.

Себебі күтуші уақытының көп бөлігін Джульеттамен өткізеді. Оны үлкен өмірге дайындайтын да сол күтуші.

– Қойылым барысында да сүйіктісі Ромеодан хабар алу үшін де Джульетта күтушісін жібереді. Капулетти әулетінің мақсаты – қыздары 15-ке толған соң тұрмысқа беру. Өйткені леди Капулетти де осы әулетке солай келген. Менің театр сахнасында жүргеніме биыл 23 жыл болды. Бірақ осындай рөлді алғаш рет сомдап тұрмын. Әлбетте, ананың, өкіл ананың рөлдерін сомдаған шығармын. Алайда күтуші рөлін бірінші рет ойнап тұрмын, - дейді Гүлмира Тлебалдықызы.

Кейіпкеріміз кез-келген рөлге бекіткен уақытта іштей қобалжу сезімі болатынын жасырмады.

– Бір рөлді жасағаннан кейін де көп рөлдің бірі болып қалмау керек. Бірақ кей рөлдер актердің оң жамбасына келетіндер де болады. Менің ойымша, рөл неғұрлым қиын болған сайын соғұрлым адамға сол рөл қызықты болатын секілді. Әлбетте, басында аздаған қобалжу болды. Осы рөлді бекіткеннен кейін «Қалай болады екен?» деген сауал туындады. Өйткені күтушіның ішкі темпераменті әртүрлі ғой. Оның біресе махаббаты бар, біресе Джульеттамен екеуінің балалығы бар. Оған қоса, үй иелерінің алдында өз-өзің ұстауы бар. Осы рөлдегі образымды ашу үшін барынша дайындық жұмыстарын жүргіздік. Енді оның бағасын көрермен бере жатыр, - дейді актриса.

Ән мен биі үндескен қойылым

Кейбір театр әртістерінің сахнаға шықпас бұрын ұстанамы өзіндік дәстүрлері бар. Біздің кейіпкерімізде сондай дәстүрлердің бірін ұстанады екен.

– Мен күнделікті таңертең театрға келген уақытта міндетті түрде сахнаға амандасамын. Өйткені мұнда бұған дейін көптеген театр майталмандары қаншама образдар жасап кетті емес пе? Сол кісілерге өзімше тағзым ретінде мейлі қойылым болатын күн болсын, мейлі күн сайынғы дайындық болсын, әрдайым осы дәстүрді ұстануды әдетке айналдырғанмын, - дейді актриса.

Шығармашылық адамдары үшін қошеметтен артық құрмет жоқ. Өнер иесі үшін әрбір рөлдің өзіндік ерекшелігі бар.

– Кез-келген образды адам бойынан өткізгеннен кейін оның кейбір қасиеттері қалады. Яғни кейіпкердің жағымды тұстарын бойға сіңіріп, жағымсыз қасиеттерінен жиіркенетініміз бар. Кейде қатыгез образдарды жасаған кезе осындай адамдар да болады екен ғой деп таңырқап та жатамыз, - деп сөзін түйіндеді Гүлмира Жакилина.

«Көрерменге түсінікті етіп көрсетуге тырыстық»

Уильям Шекспирдің баршаға әйгілі «Ромео-Джульетта» трагедиясын қазақ сахнасында басқа қырынан түрлендірген танымал режиссер – Есләм Нұртазин.

Ән мен биі үндескен қойылым

– Әрбір театрдан әрбір актер ауысқан сайын Ромео мен Джульетта да өзгереді. Әуелбаста Ромео-Джульетта оқиғасын неге өткен ғасырдың бірінші жартысындағы кезеңге алып келмеске деген ой болды. Неге? Өйткені еуропалық, итальяндық үлгідегі сол дәуірдің эстетикасын, музыкасын барлық сипаттамасы өте әдемі еді. Оған қоса, сол заманда өмір сүрген адамдардың киген костюмдері де ерекше көз тартады әрі бізге де өте жарасымды болып келеді. Жалпы, өз басым сол кезеңді қатты жақсы көремін. Сол дәуірдің аурасын көрерменге қойылым арқылы жеткізуді мақсат еттік, - дейді режиссер.

Есләм Нұртазин еліміздегі көптеген театрлардың ішінен не себепті таңдау Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрына түскенін түсіндірді.

Ән мен биі үндескен қойылым

– Біз арнайы шақыртулар бойынша көптеген театрлардың шығармашылық ұжымдарымен кездесеміз. Солардың ішінде осы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының артистері идеяға дөп түсіп отыр. Өйткені мұндағы техника болсын, жастардың құрамы болсын барлығы сай келіп отыр. Оған қоса, олар барлығы қатарлас жастағы кейіпкерлерді ойнамайды ғой... Қойылымда олар өздерінің жасындағы рөлдерді сомдағаннан кейін барлығын өзімізге жақындатуға тырыстық. Өзіміздің ойымыздағы кейіпкерлерді іздеп табуға тырыстық.

Осылайша осы театр қойылымды қоюға барлық жағынан сай келетінін ескерген соң ұсынысты театрдың көркемдік жетекшісі әрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Қабатовқа айтқан. Ал ол кісі өз кезегінде бұл ойды қолдап, өз келісімін берген.

Режиссер мен шығармашылық құрамның ұсынған бұл қойылымның өз мақсаты бар.

– Уильям Шекспирдің ар жағында жатқан үлкен трагедиясы – қос әулеттің арасындағы қақтығыстың кесірінен ұлы махаббаттың жойылуы, жастардың қайтыс болуы. Бұл мәселе қазіргі күні де өз маңыздылығын жойған емес. Бұл тақырып адамзат бар кезде бұл проблема да болады. Біз, бүгінгі көрерменге түсінікті болатындай, қазіргі жастарды қызықтыра алатындай, олардың көңілінен шығатындай етіп көрсетуге тырыстық. Бұл – Әбіш Кекілбаевтың аудармасы. Біздің актерлік шеберлігіміз, мизансценаларымыз, режиссерлік, актерлік, хореографиялық, суретшілік шешімдеріміз барлығы бүгінгі елордамыздың архитектурасына, қазіргі заманның көрерменінің талғамына сай болатындай бағытта көрсетуге тырыстық, - дейді режиссер.

Ән мен биі үндескен қойылым

Қойылымдағы кейіпкерлердің сөздері өзгеріске ұшырамаған. Режиссер тек кейбір тұстарында қысқартулар болғанын айтады.

Кез келген театр көрерменге ненің жақсы ненің жаман екенін үйретпейді. Тек қана баяндайды әрі ой салады. Ал «бұл қойылым арқылы көрерменге қандай ой саласыз?» деген сұраққа режиссер келесідей жауап берді.

Ән мен биі үндескен қойылым

– Мұнда біз көптеген проблемаларды көтердік. Бірінші, қыз-жігіттердің әке-шешелерімен арасындағы мәселе. Неге? Өйткені сол қос ғашық өзінің ішіндегі қиыншылықтарын ата-анасымен бөлісе алмайды. Ал мәселесін айтқанмен, Ромео мен Джульеттаның ата-анасы қабылдамайтын еді. Бірақ олар неге қабылдамайды? Қос әулеттің арасындағы дау-жанжалдың кесірінен бірін-бірі сүйген екі ғашық махаббаттың құрбаны болады, - дейді Есләм Нұртазин.

Бүгінгі күні де қаншама қыз-жігіт үйленгеннен кейін ажырасып жатады. Режиссердің айтуынша, мұны тек жастардан ғана көруге болмайды. Оған қоғамның да қатысы бар. Ол қоғамның ішіне әулет те кіреді. Сол екі әулеттің арасындағы дау да бүгінгі күні көкейкесті болып тұр.

Ән мен биі үндескен қойылым

Есләм Нұртазин дайындық барысында қиындықтар кездескенін жасырмады.

– Бұл Әбіш Кекілбаевтың аудармасы болғандықтан мәтіні оңай деп айтуға болмайды. Оның ар жағында Уильям Шекспирдің көптеген ойы жатыр. Осы орайда бір айта кетерлігі, біздің актерлеріміз – кеше ғана оқуды бітірген қыз-жігіттер. Бірақ та олар осы рөлді қазіргі жаста ойнауы керек. Әлбетте, 25-30 жаста да ойнауға болады. Бірақ оларға сол кезде ойнау аздап қиындау болады, - дейді Еслям Нұртазин.

Режиссер қойылымда ойнайтын актерлік құрам кейіпкерлерімен бір жастағылар болғандықтан оларға аса қатты образға кіріп, ойнаудың қажеті жоқ екенін тілге тиек етті.

Ән мен биі үндескен қойылым

– Әлбетте, тәжірибе болмағандықтан актерлерге аздап қиын екені рас. Өйткені оларға кейіпкерлерінің сөздерін жаттау, оны есте сақтау оңай шаруа емес. Екіншіден, жас актерлердің қойылымдағы партнерлары өздерінен үлкен кісілер екенін айта кетейін. Қойылым барысында көптеген музыкалар ойналады. Соған сай сахнаны түрлі жарықтармен безендірдік, арасында микрофон қолданатын сәттер бар. Ал бұлардың барлығы актерді аздап ыңғайсыз жағдайға алып келеді, - дейді режиссер.

Қойылым барысында билер мен сайыстар көп болғандықтан энергия мен күшті көп қажет етеді. Ең бастысы адамның есте сақтау қабілеті жақсы болуы керек.

Ән мен биі үндескен қойылым

– Ал қойылымдағы актерлердің киім суретшісі – БақытгүлТоқтыбаева. Сол дәуірді көрсететіндей етіп костюмдерді таңдау үшін біз біраз ойландық. Ромео мен Джульеттаның өмір сүрген заманында киген костюмдердің кейбірін қайтадан өзгертуге тура келді. Қуантарлығы, осы қойылымның жұмысына жұмылдырылған қоюшы топтың барлығының атқарған еңбегін ерекше атап өтуге болады. Бұған атсалысқан адамдардың барлығының оң пікірлері ескеріліп, соған құлақ асып, жақсы дүние шығардық деген ойдамыз. Егер біз жетістікке жетсек, оған бәріміз бірігіп жетіп отырмыз. Біз ойымыздағы идеямызды, бойымыздағы күш-қуатымызды, қолымыздан келгенше, аянбай адалынан жасауға тырыстық.

Бұл қойылымға актерлер арнайы жүргізілген кастинг арқылы іріктеліп алынған.

– Басты критерий – адамның актерлік қабілеті, фактурасы. Оған қоса, дауысы, бойы, өмірге деген көзқарасы бар, мінезі болуы қажет. Бұл шығарманы оқу барысында пьесаны қиялында елестетіп отырасың. Әркімнің Ромеосы мен Джульеттасы бөлек болады ғой. Біреуінде толықша болуы мүмкін, ендібіреуінде әдемілеу болуы мүмкін. Тағы біреуінде қара торы, басқа біреуде сарылау болуы әбден мүмкін. Ал бізге келетін болсақ, театрдың шығармашылық ұжымы көбінесе жастардан құралған соң алғашында бір емес, үш Джульеттаға тап болдық. Тіпті қатарынан бесеуін де жасауға болатын еді, - дейді режиссер Есләм Нұртазин.

Қойылымдағы актерлердің ең үлкені шамамен қырық жаста екен.

– Бастысы жастар көп болғандықтан рөлдерді бекіту кезінде аса қатты қиындық болмады. Мәселен, Ромеоның рөліне актер таңдайтын кезде де Джульеттағыдай жағдай болды. Олардың арасында студенттер де болды. Олар бұл рөлді қазір ойнамаса, қашан ойнайды? Бұл олардың болашаққа жасаған алғашқы қадамдары деп ойлаймын. Осындай рөлден бастаған оларға біз алдағы уақытта үлкен үміт артып отырмыз. Өйткені олар осы театрда ғана емес, бүкіл Қазақстанға танымал мықты актерлер болып шығуына біз үлкен сеніммен қарап отырмыз.

Ал осы қойылымның қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов.

– Қанат Мақсұтовқа осы идеямызды жеткізгенде ол кісі қатты қуанды. Ол кісіге ұсынысымыз ұнады әрі қолдады. Содан бірнеше музыканы тыңдаттым. Әртістер қолдарына пистолет алатын және бокстың сахналары және т.б. бағытын түсіндірген соң өзі бір-екі әуен жазып берді. Арада он күн өткен соң қайтадан кездесіп, ақылдасып, сахнаның барлық ерекшеліктерін ескере отырып, осы шешімге келдік. Кейін бұл жұмысты басшылыққа, көркемдік кеңеске көрсеттік. Олар да бір ауыздан құптады. Сондай-ақ бұл шығармашылық ұжымға ұнады. Осылайша музыка мен хореография үйлесім тапты, - деп сөзін түйіндеді режиссер Есләм Нұртазин.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға